Кино • 30 Мамыр, 2024

Ең үздік фильм

125 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Отандық көркем туынды Лондонда өткен Еуразиялық фильмдер фестивалінде лау­реат атанды. Режиссер Камила Сағынтқанның шы­ғар­­масы «Ең үздік қысқа­ме­трлі фильм» аталымында үздік шықты.

Ең үздік фильм

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Тәуелсіздік күні құтты болсын» фильмі сүйген жары бақи­лық болып, өмірдің мәнін жоғалт­қан орта жастағы ер кісінің тағды­рын суреттейді. Мараттың жаңа қоғамға көңілі толмаса да, түрлі кедергіге қарамастан тығы­рықтан шығудың жолын іздейді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, отандық фильм сарапшылар мен көрермендердің жоғары бағасына ие болған.

«Фильмнің көркемдік шешімі әрі қызықты мазмұны, қысқа уақыттың ішіне біраз маңызды дүниені сыйғыза алғаны ұнады. Экс­перименттік элементтері де кө­ңілден шықты. Байқауға қатысушы басқа бәсекелестеріне қарағанда оқ бойы озық болды», дейді қазы­лар ал­қасының мүшесі Тимур Ахмед­жанов.

«Еуразиялық шығармашылық гильдиясы» коммерциялық емес ұйымы ұйымдастырған кинофестиваль биыл алтыншы рет өткізіліп отыр. Оған қатысуға 100-ге жуық үміткер ниет білдірген. Ішінен 20-сы іріктеліп алынып, бақ сынасты.

«Орталық Азия киногерлері сенімі нығая түскені сезіледі. Олар шығар­ма­шы­лықтарын шыңдап, Батыс көрер­меніне бір қадам жа­қындай түсті. Өмірімізге басқа қыры­нан қарауға мүмкіндік бергені қуан­тады», дейді сарапшы Джон Фарндон.

Кинофестиваль жыл сайын жүз­деген талантты режиссер, актер, продюсер, сценарийстердің басын қосады. Іс-шараны өткі­зудегі мақсат – еуразиялық киноны ағылшынтілді кеңістікте насихаттап, Орталық Азия және посткеңестік киноиндустрия өкілдерін дүниежүзінен жиналған кәсіпқойлармен таныстыру.

«Ұлыбритания халқы бұл фильм­дерді ешқашан көрмес еді. Өйткені бізде Орталық Азия өнер туындылары үшін нарық қалыптаспаған. Біз бұл ол­қылықтың орнын толтырғымыз келеді. Шығармашылық адамдарын әлем­нің түкпір-түкпірінен жинай алға­нымызға ризамыз», дейді фестивальды ұйым­дастырушы Спенсер Хоукен.

Марапаттау салтанатының сыйлы қонақтары қатарында Лондондағы Хаверинг ауданының мэрі, ТМД мемлекеттері елшіліктерінің өкілдері болды.

Айта кетейік, жуырда Бурабайда қысқаметрлі киноның үшінші халық­аралық байқауы өтеді.