Мәселен, қазір әлеуметтік желіде Петропавл қаласының риэлторлары биылғы алапат су тасқынынан кейін жеке үйлері кісі тұруға жарамсыз болып қалғандығы себепті мемлекет тарапынан төленген қомақты өтемақыға жайлы пәтер сатып алмақшы болған тұрғындар саны күрт көбейгендігін пайдаланып, өздері көрсететін қызмет бағасын тым қымбаттатып жібергендігі қатты сыналып жатыр. Тіпті пәтерін сатқан адамнан – 400 мың теңге, ал сатып алушыдан 100 мың теңге сұрап, бір тұрғынжайды сатып алу- сату шартынан ғана 500 мың теңге табыс тапқан риэлтор бар болып шықты. Мұндайда «Жау жағадан алғанда бөрі етектен алады» деген мақал еріксіз еске түседі...
Ал риэлтор атын жамылған алаяқтар аңғал жандарды алдап-арбап, жаңадан салынған көппәтерлі тұрғын үйдегі бір пәтерді бірнеше клиентке құрылыс салушының атынан сатқандығына байланысты қозғалған қылмыстық істер де бар. Бұл ретте құрылыс компаниясы мұндай алаяқтық әрекеттер туралы білмей де қалып жатады. «Қара риэлторлар» атанған осындай алаяқтар, әсіресе тұрғынжай қымбат тұратын Алматы, Астана, Шымкент сияқты ірі қалаларда жиірек кездеседі екен. Мамандардың айтуынша, «қара риэлтордың» қармағына түсіп қалмау үшін өз қызметін ұсынған риэлтордың «Қазақстан риэлторларының өзін-өзі реттейтін біріккен қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің тізімінде бар-жоғын білу және тиісті шартты сенімді нотариус арқылы жасау қажет екен. Өйткені «қара риэлторға» алданып қалудың бір себебі – ол әзірлеп әкелген шарттың әдейі ұсақ қаріппен жазылған мәтінін мұқият оқымастан, қол қоя салу, яғни құқықтық сауаттылықтың жеткіліксіздігі.
Азаматтар риэлторлар қызметінің бағасы тым жоғары екендігі, олардың көрсетпеген қызметтері не сапасыз көрсетілген қызметтері үшін шығын шегетіндігі және өз құқығының қорғалмағандығы туралы шағымданып жатады. Оның үстіне, жасалған шарттарда риэлторлар өз қызметінің сапасы үшін ешқандай кепілдік бермейді және жауапкершілік алмайды.
Шынтуайтында, елімізде риэлторлық қызмет заң жүзінде жеткілікті реттелмеген болып шықты. Риэлторлардың қызметін бақылаудың нақты тетігі болмағандықтан, олардан зардап шеккен азаматтардың құқын қорғауды толық қамтамасыз ету мүмкін емес.
Қазір риэлторлық қызметпен ерінбегеннің бәрі һәм арнайы біліктілігі жоқ, тіпті жеке тұлғаға және мүлікке қарсы қылмыстары үшін соттылығы бар адамдар да айналысып жүр. Сондықтан да риэлторлар тарапынан бұзушылықтар көп. Бұл ретте біреудің ала жібін аттамайтын адал риэлторлар да мемлекеттің қорғауы мен қолдауынан тыс қалып отыр.
Еліміз басты бағдар тұтып отырған Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше мемлекеттердің тәжірибесі риэлторлық қызметті қатаң мемлекеттік реттеу, оны лицензиялауды енгізу, риэлторларды оқыту және жеке басын, яғни қылмыс жасаған-жасамағанын тексеру қажеттігін көрсетіп отыр. Бельгияда, Нидерландта және Ұлыбританияда риэлторлардың қызметін кәсіби ұйымдар мен одақтар реттейді. Норвегия мен Францияда риэлторлардың кәсіби жауапкершілігін сақтандыру міндетті шарт болып саналады.
Біздің елдегі құқықтық сауаттылық деңгейінің төмендігін ескере отырып, риэлторлық компаниялар мен жеке риэлторлардың барлығы үшін бір типтік шарт жасау қажет сияқты. Мұның өзі, әсіресе «қара риэлторлардың» алаяқтығына тосқауыл қояр еді.
Жуырда Парламент Мәжілісінің депутаты Олжас Құспеков еліміздегі риэлторлық қызметтің толғағы жеткен мәселелері жөнінде Премьер-министрдің орынбасары – Үкімет аппаратының басшысы Ғалымжан Қойшыбаевқа депутаттық сауал жолдаған болатын. Оған берілген ресми жауапта қазір Үкімет риэлторларға сенімсіздік ұлғайғанын, олардың қызметінің бағасы қымбаттығын және осы салада алаяқтық фактілеріне жол берілгендігін ескере келіп, риэлторлық қызметті заңнамалық реттеу мәселелерін қарастырып жатқандығы мәлімделген. Олардың ішінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі заңнамаға риэлторлық қызметті реттеу бойынша өзгерістер енгізу, қолданыстағы «Жылжымайтын мүлік нарығындағы риэлторлық қызметтер» ұлттық стандартының базасында «Кәсіби риэлтор» үшін өлшемшарттар әзірлеу, адал риэлторлардың ашық электрондық тізілімін әзірлеу, риэлторлардың қызметін Yandex taxi-ге ұқсас платформалық жұмыспен қамту бойынша Қаржы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің қанатқақты жобаларына қосу сияқты ұтымды шаралар бар. Осы шаралар кешені созбаққа салынбай әрі дәйекті түрде іске асырылатын болса, риэлторлық қызмет саласында тәртіп орнатылып, азаматтар құқы сенімді қорғалатын күн алыс емес.