Тұсаукесерге елімізде аккредиттелген шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың елшілері, Парламент депутаттары мен мемлекеттік органдардың, Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдары мен ғылыми қоғамдастық өкілдері қатысты. Көптің арасында дефектолог, тифлопедагог Әділ Оралбаев та бар. Маман елордадағы №10 мектеп-гимназиясында көзі нашар көретін балаларға кеңістікті бағдарлауды үйретеді. Ол іс-шарада Брайль қарпімен шығарылған Конституцияны алғашқылардың бірі болып оқып көрді.
– Маған Ата заңды Брайль қарпімен басып шығарғаны ұнады. Оқуға өте ыңғайлы. Әрі еліміздің Конституциясы барлық азаматқа қолжетімді болуы керек. Біз осылайша өз құқығымызды біліп қана қоймай, қорғау тетіктерін пайдаланып, өмірде өз мақсаттарымызға заң аясында қол жеткізе аламыз. Осы тұрғыда Конституциялық сот маңызды әрі үлкен қадам жасап отыр, – деді Әділ Оралбаев.
Қазақстан Республикасының Конституциясын Брайль қарпімен шығару –ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесі мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асқан бірлескен жоба. Конституциялық соттың төрағасы Эльвира Әзімова қолжетімді ортаны құру барлығының заң алдындағы теңдігі мен сот төрелігіне қол жеткізуінің конституциялық кепілдігін беретінін атап өтті.
– Әр адамның заң үстемдігіне, құқығын қорғауға және басқа да дүниелерге қол жеткізуге толық құқығы бар. Кез келген елдің Ата заңында осы сұрақтардың жауабы болады. Біздің ең басты мақсатымыз – Конституцияның әр азаматқа қолжетімді болуы. Конституциялық сот Конституцияға және Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына сәйкес әрбір адам үшін теңдік, қадір-қасиет және әділдік қағидатын ілгерілетуді жалғастырып жатыр. Конституция мәтінін Брайль қарпімен басып шығару – мемлекеттің адам құқықтары мен бостандығын қамтамасыз етуге және кемсітпеуге бейілділігін растайтын «Әділетті Қазақстан» саясатын ілгерілетуге қосқан үлесіміз, – деді Э.Әзімова.
ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесінің басшысы Фолькер Фробарттың пікірінше, Қазақстан Конституциясының мәтінін Брайль қарпімен басып шығару қазақстандық конституциялық бақылау органының құқық қорғау құндылықтарына және ақпаратқа тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге толық қауқарлы екенін көрсетті.
Қазақстан – БҰҰ-ның «Мүгедектердің құқықтары туралы» конвенциясының қатысушысы. Құжатқа сәйкес еліміз мүгедектігі бар адамдарға ақпаратқа, білімге қол жеткізуді, заң алдындағы теңдікті және тең құқықтық қорғауды, сондай-ақ сот төрелігіне қол жеткізуді қамтамасыз ету арқылы адам өмірінің барлық аспектілеріне жан-жақты қатысуы мақсатында тиісті шаралар қабылдайды.
– Конституцияға сәйкес еліміз өзін әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады. Әркімнің заң мен сот алдындағы теңдігі қағидаты баянды етілген. Халықаралық міндеттемелерді орындау, қоғамның әртүрлі салаларында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдайлар жасау мақсатында бірқатар шара қабылданып жатыр. Басым бағыттардың бірі – қоғамның құқықтық мәдениетін қалыптастыру. Брайль қарпімен шығарылған Конституция мәтінінің басылымдары 56 мекемеге, соның ішінде республикалық және аймақтық кітапханаларға, оқу орталықтары мен мамандандырылған мектептерге беріледі, – деді Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов.
Айта кетейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес елімізде көру қабілеті нашар 160 мың адам тұрады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттарына үңілсек, республикада 85 мың зағип адам, 4 мыңнан астам көзі нашар көретін балалар бар. Олардың 350-ге жуығы – зағип балғын.