«Мынау Шекспир деген өзі қандай адам? Өз-өзіме келе алар емеспін! Онымен салыстырғанда Байрон-трагик қандай ұсақ адам еді!» дейді ұлы Пушкин. Ал Бернард Шоу болса, «Шекске қарсы Шоу» атты шығармасын жазып, алып тұлғаны өзіне бәселекелес санайды, кейде жоққа шығарады. Нобель сыйлығының лауреаты Шекспирді біресе ақымақ, біресе ұлы ақын деп, шамасы, «Мен де Шекспирден бері емеспін!» деген ішкі қуатын білдіреді. Данышпан Гете алғашқы таң-тамаша әсерін жеткізе отырып: «Шекспир шығармасының алғашқы бетін оқып-ақ мен оған тәнті болдым. Ал шығарманы оқып біткенде өмірге соқыр болып келіп, Құдайдың құдіретімен көзі ашылған адамдай халде болдым» деген болатын.
«Бақылап тұрдым, алаулап күннің жанары,
Мейірін төгіп, мәпелеп тауға қарады.
Күлкісі ойнап шабындықтардың үстінде,
Ақ беті судың алаулап жанып барады».
Шекспирдің пьесалары ғана емес, сонеттері де айдай әлемге қанат жайып сала берді. Алайда осындай сом тұлғаға шабуыл жасаушылар да бірде-бір рет толастаған емес.
Шекспирге қарсы сөздің ең танымалы – Толстой сөзі еді. Титан тұлға ағылшын драматургиясының атасына адамдық ізгіліктен жырақ, жақсылықтан тысқары пьесалар жазды деп сынға алды.
Лев Николаевич: «Шекспирді бірінші оқығаннан бастап таңғалғаным есімде. Мен үлкен эстетикалық ләззат аламын деп күткенмін. Бірақ оның ең жақсы деген «Король Лир», «Ромео мен Джулетта», «Гамлет», «Макбет» шығармаларын бірінен соң бірін оқып, ләззат алудың орнына, қайта жиіркенішті сезіндім... Біздің заманымыздың кез келген адамы, егер ол осы драма кемелдіктің шыңы дегені болмаса, егер шыдамдылық танытып, соңына дейін оқып шықса, бұл тек кемелдіктің шыңы ғана емес, сонымен қатар өте нашар, көлбеу жазылған шығарма екеніне көз жеткізер еді, оларда біздің арамызда жексұрындықтан басқа ештеңе жоқ екенін көресіз», дейді Толстой.
Толстойдың Шекспирге тыжырына қараған, аяусыз сынаған тұстары тек жазбаларында ғана емес, замандастарының естеліктерінде көрініс табады. Соның бірі Антон Чеховтың естелігінде. «Оған біз секілді ергежейлілерді мақтай салу түк емес. Ал Шекспирдей алып оның жынына тиеді», дейді Чехов өзінің бір пікірінде. Тағы бірде өмірінен мысал келтіреді: «Білесіз бе, мен жақында Гаспрде, Толстойда болдым. Ол төсегінде жатып әртүрлі тақырыпта және мен туралы да біршама сөз қозғады. Ақыры қоштасып қайтуға бекіндім. Ол қолымнан ұстап: «Мені сүйіңіз», деді. Мен сүйдім, соңыра өте шапшаң түрде құлағыма былай деп сыбырлады: «Бәрібір сіздің пьесаларыңызды оқуға менің шыдамым жетпейді. Шекспир нашар жазған, сіз одан да өтесіз!» дейді әйгілі Чехов.
Толстойдың Шекспирге шүйлігуінің басты құпиясы – Толстой ұлы гуманист болса, Шекспирде кейде кекке, кейде зұлымдыққа мас болған кейіпкерлер жетерлік. Сонымен бірге Лев Толстой «Король Лир» трагедиясын ұсқынсыз диалогтерден құрылғанын, кейіпкерлер шынайылықтан ада, жасанды екенін алға тартады. Кейіпкерлері қарапайым адамдар тілінен алыс, кеудеде кек, өкініш, реніштен басқа ештеңе тудырмайтынын жазады.
Әрине, қос алыптың тартысына нақты баға беру қиын. «Ханның басын хан алады» дегендей, салмақты ой патшаларына төреші болу үшін сен де алыптыққа маңайлауың керек. Жазушы Дулат Исабеков бұл тартыс хақында бүй дейді: «Ұлы адамдардың бір-біріне деген көзқарастары әртүрлі болған шығар. Өйткені ол «мұнда қанды оқиға көп, спектакль соңында бәрі «қырылып қала береді» деген ойда болып, оны ұнатпаған болуы керек», деген пікір түйеді.
Шекспир – көпқырлы тұлға. Оның биігіне қарай отырып бас айналады, бой тіксінеді. Жемісі құнарлы ағашқа қашанда тас атушылар көп. Бірақ қашанда тау, тау қалпында...