Ең қысқа әңгіме • 10 Шілде, 2024

Базар адамдары

113 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шығыстық ұғымда «базар адамдары» деген тіркес бар. Бұл қандай адам? Неге басқаның емес, базардың адамы? Мұның түп-тамыры таным-түсінікке барып тіреледі.

Базар адамдары

Ясауидың «Пәни мен ба­қи айтысы» дегеніндей, ба­ба танымында бұ дүние – пәни дүние. Яғни жалған дүние. Бақсақ, қазақ әу бас­тан жалған дүниеге елікпей, байлық жиюға, бағалы тас­тар сақтауға қызықпаған. Сон­дықтан да болар, Шал ақын­нан бастап көптеген шайыр­да кәрілік туралы, опасыз дүние туралы өлеңдер көптеп кезігеді. «Жігіттер, жалған дүние бізден қалар, бір күні ажал келіп жаныңды алар. Жан бітіп, дүниеден көшкеннен соң, артыңда қатын-балаң, бәрі қалар». Яғни базар адамы – пәни жал­ғанға құмартып, болмашы қызыққа бой алдырған адам. Бабалар тілімен айтқанда, сағымға алданған адам.

Философ Фридрих Ниц­шенің «Заратуштра солай деген» кітабында «Базар шыбындары туралы» деген жазба кездеседі. «Жалғыздық біт­кен жерден базар басталады. Ал базар басталған жерден ұлы комедианттар шуы, улы шыбындардың ызыңы басталады», дейді ой алыбы. Ницше тұлғаның тек жалғыздыққа құлаш ұруын, сол арқылы рухани өсуін, асқан адамға айналуын көксейді. Өзгелермен қарым-қатынас мінезді бұзатынын жеткізеді. «Өз жалғыздығыңа қаш! Сенің улы шыбындарға таланғаныңды көріп тұрмын. Дымқыл жел, таза ауасы бар жаққа қарай қаш! Жалғыздығыңа қаш! Сен ұсақ, сөйлесуге тұрмайтын пенделермен тым жақын өмір сүрдің! Олардың көрінбейтін өштігінен қаш! Олар – есепсіз көп, шыбын ұшыратын шашақ болу сенің үлесің емес! Оларға сен әр кез күмәнді боп көрінесің!». Ницше үшін тірліктің мәні – көпке ілесу емес, көпке жол сілтер бірегей тұлғаға айналу. Ол бірде басқалар қоқыс, қалдық, күл шашса да, қалыпты арнасымен емін-еркін аға беретін теңізге ұқсауды бұйырады. Бір­де «аңдар арасында жүр­ген­­нен, адамдар арасында жүр­­ген қауіптірек» деп шорт кеседі.

Батыстық кейбір ұғым-на­сихаттар ұлттық танымымызға сай келе бермейді. Бірақ кө­бігін қалқып, маңызын алар дүние мол. «Базар адамдары» термині Батыста көбіне тобыр деп қолданылады. Ал тобыр – я адамдық мұратпен, я ұлттық мұратпен ісі жоқ пенделер.