«Ауыл халқының әл-ауқатын жақсартып, әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған жоба аясындағы 2,5%-дық жеңілдетілген несие жұмыссыздықты азайтуға мүмкіндік береді. Бағдарламаның оң нәтижесі көз алдымызда. Өткен жылы республикалық бюджеттен 3 млрд теңге қаралып, 406 жобаға несие ұсынылды. 713 жұмыс орны ашылды. Биыл 4 млрд 600 млн теңге қаржы бөлініп отыр. Осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, ауыл халқының табысын арттыруда жоғары көрсеткіштерге жетуіміз қажет. Бұл ретте ауыл әкімдеріне зор жауапкершілік жүктеледі», деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Ералы Тоғжанов ауыл тұрғындарының табысын арттыратын бағдарлама аясында өндіруден бөлек, өнімді өткізу мәселесі шешілетінін де айтты. Бұл, ең алдымен, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік жасайды. Әр өңірдің ерекшелігіне қарай өндірістік жобаларға басымдық беріледі.
«Ауыл аманаты» жобасын іске асыруда 1 томат пастасы цехы, 34 жылыжай ашылып, 671 асылтұқымды мал алынған. 21 сүт және ет өнімі өндірісі іске қосылып, 66 ауыл шаруашылығы техникасы әкелінген. 14 балық шаруашылығы, 18 құс шаруашылығы құрылды. Жоба қатысушыларының арасынан 38 адам кондитер және нан өнімдерін пісірумен айналысып, 3 гидропоника, 7 жиhаз, 34 пластикалық өнімдер мен кұрылыс материалдары өндірісі, 98 қызмет көрсету орны ашылған.
Жоба игілігін көріп отырған 106 елді мекенде 51 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, 33 кооператив 716 млн теңгеге қаржыландырылыпты. Биыл 575 жобаны жүзеге асырып, 610 жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.
Қызылорда облысы