Зауыттың өндірістік бөлімі бастығының орынбасары Ғалымжан Қуатов жұмыс барысын таныстырып өтті. Өндіріс орнында шикізат өңдейтін зауыт бой көтеріпті. Осының арқасында қазір кварц құмы мен доломитті өздері өңдеп отыр. Ақтөбеден жеткізілетін құм әуелі кептіріліп, магнитті желі арқылы өткізілгенде құрамындағы темір алынып қалады. Өйткені шикізат құрамында темір көп болса, өнімнің мөлдірлігі кеми бермек.
«Қазір шыны зауытының қуаттылығы 91 пайызға жетті. Жобалық құны тәулігіне 600 тонна болатын болса, осы күні 530 тонна шығарып отырмыз. Жетпіс пайыз өніміміз ішкі нарықта қалса, қалғаны Орталық Азия, Ресей, Әзербайжан мен Грузияға жөнелтіліп жатыр», дейді.
Бастапқыда 40 млрд теңге шетел инвестициясы салынған зауыт қазір аумағы 50 гектар болатын алып кешенге айналған. Онда үш ауысым бойынша 400-ге жуық адам жұмыс істейді. Дені – жергілікті азаматтар. Оларға бұрын-соңды елімізде болмаған өндірістің қыр-сырын қытайлық мамандар үйретеді.
Зауыттағы басты нысан – балқыту пеші. Оған 7 түрлі қоспадан құралған шикізат үздіксіз жетіп тұр. Мұндағы қалыпты температура 1 550 градус екен. Қызудың 1 градусқа төмендегені де өнім сапасына айтарлықтай әсер етеді. Мамандар пеш 8-10 жылға дейін үзіліссіз жұмыс істеуі керектігін айтады. Сондықтан қосымша газ жеткізетін желі қарастырылып, резервке қойылған. Ал балқыған сұйықтықты сыңғырлаған әйнекке айналдыратын желі бойындағы қондырғылардың барлығы дерлік Италия, Финляндия, Германия, Түркия мен Қытайда шығарылған заманауи үлгідегі технологиялар.
Желі бойында әйнек формасын қалыптастыратын арнайы қондырғы тұр. Шынының көлемін автоматты қондырғылар белгілейді. Әйнектің шетінен кесілген бөлігі бірден шикізатқа қайта жөнелтіліп жатыр. Дәл осы жерде қабаттап жинағанда жабысып қалмауы үшін арнайы ұнтақ себіледі. Осыдан кейін қоймадағы роботтар неміс қондырғысы берген нұсқау бойынша табақша шыныларды маркасына қарай жинайды.
Қойма жанында зауыт тапсырысымен дайын өнімге жәшік дайындайтын серіктестік бар. Қалада жылына 197 мың тонна өнім шығаратын өндіріс сұранысын өтеу үшін осындай 5 компания жұмыс істеп жатыр екен. Қоймаға теміржол тұйығы арқылы кіретін вагондарға тонналаған әйнектерді аспалы крандар тиейді. Сұранысқа ие өнімнің бірі – джамбо-әйнек. Ұзындығы – 6, ені 3,2 метр болатын шыны да қоймада ұқыпты жиналып тұр.
«Orda Glass LTD» серіктестігінің биылғы табысы – энергия үнемдейтін шыны өндірісі. Жалпы құны 6,7 млрд теңге болатын дәл осы жоба бойынша жылына 5 млн шаршы метр өнім шығарылады.
«Бұл әйнектердің жылу сақтаудағы тиімділігі әлдеқашан дәлелденген. Сапаны ескеріп, қазір М0+ маркасын шығарып жатырмыз. Шілде айының соңына дейін 170 мың шаршы метр күннен қорғайтын және жылу үнемдегіш әйнек өндірдік», дейді өндірістік бөлім бастығының орынбасары Ғалымжан Қуатов.
Мамандар шыны зауытының іске қосылуы шикізаттық емес секторды дамытып, ілеспе өндірістерді құруға мүмкіндік беретінін айтады. Өңірдегі индустрияландыру бағдарламасының негізгі жобасы саналатын зауыттың іске қосылуына «Kazakh Invest» ҰК» АҚ қолдау танытыпты. Акционерлік қоғамның өңірдегі өкілдігінің жетекшісі Мұрат Балабаев өндірістік аймақта шыны кластерін қалыптастыру бастамасы қолға алынғанын айтып өтті. «Kazakh Invest» ҰК» АҚ мен облыс әкімдігінің бірлескен жұмыстары арқасында Германия технологиясымен шыны бөтелкелер шығаратын өндіріс өз жұмысын бастайды. Қытай мен Беларусь инвесторларымен автокөлік терезелерін шығаруға келісім жасалды. Шыны талшықтарын өндіру бағытындағы жобалар да пысықталып жатыр.
«2021 жылы еліміз сырттан 260 млн долларға әйнек алдырған екен. Оның басым бөлігі – құрылыста кеңінен қолданылатын осы табақша шынылар. Ал Қызылордада компания іске қосылғалы бері өнім бағасы төмендеп, сыртқа тәуелділіктен арылдық. Қазір кәсіпорын өнімі ішкі сұранысты толық өтеп, экспортқа да шығарылып жатыр», деді өңірлік филиал директоры.
ҚЫЗЫЛОРДА