Халқымыз “Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ” дегендей, өмір ұрпақ жалғастығынан тұрады. Табиғаттың кемелдігі сол, егер елде баласы да, жасы да, егдесі де, қарты да, қысқасы, барлық буын өкілдерінің тепе-теңдігі сақталмаса, үндестік пен үйлесімділік заңы бұзылады.
Соңғы екі жылда балалардың құқығын қорғауға қатысты бірнеше заң қабылданды. Атап айтқанда, Біріккен Ұлттар Ұйымының адамдарды, әсіресе, әйелдер мен балаларды сатудың алдын алу мен жолын кесу және ол үшін жазалау туралы хаттамасын бекітуді қарастыратын заң қабылданды. Сол секілді “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйлері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңда жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған интернаттық білім беру ұйымдарының жанынан дербес мекеме ретінде жасөспірімдер үйлерін ашу мәселесін заңнамалық тұрғыдан реттеу қарастырылған.
Сондай-ақ еліміз “Қазақстан Республикасының Балаларды қорғау және баланы шетелдік асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы конвенцияға қосылуы және оны ратификациялауы туралы” Заң қабылдады. Мен осы заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобының жетекшісі болдым.
Енді балалар үйінде тәрбиеленушілер жөнінде ой қозғау үшін бірқатар деректерге назар аударсақ. Нақты мысалдарға сүйенсек, бүгінгі таңда Қазақстанның барлық өңіріндегі қалаларда орналасқан балалар үйінде 15 мың 116 бала тәрбиеленуде. Солардың 8 мыңнан астамын асырап алуға болады. Ал Қазақстан азаматтары асырап алған балалар саны 28 мың 829-ға жеткен. Шетелдік азаматтардың асырауға алғаны 8 мың 169 бала екен. Шетелге кеткен балалардың қатары 2009 жылы 2008 жылға қарағанда 40 балаға азая түскен.
Дегенмен де, асырап алу мәселесінде де толық шешімін таппаған түйткілдер бар. Сондықтан балалар құқығы туралы конвенцияның баптары негізінде ұлттық заңнамамызды жетілдіре түскеніміз жөн. Қазір Мәжілісте “Неке және отбасы туралы” кодекстің жобасымен жұмыс істеу аяқталып келеді. Осы кодекске Парламент депутаттары жаңа баптар енгізді. Яғни, баланы асырап алатындарға талап күшейтілді. Айталық, дәстүрлі емес жыныстық қатынасқа бейім адамдарға, отбасында әкесі не шешесі болмаған жағдайда, бұрын сотталғандарға, 50 жастан асқандарға, материалдық жағдайы көтермейтіндер мен тұрғын үйі жоқ әулеттерге балаларды асырап алуға тыйым салынып отыр. Бұл дұрыс шешім деп есептеймін. Өйткені, әр бала ынтымағы жарасқан, берекелі отбасында мейірімге бөленіп, бағы жануы тиіс. Онсыз да қамкөңіл балалардың жүрегі жараланбағаны жөн. Кейін оның құқығын қорғап жүргеннен гөрі, ондай жағдайдың алдын алғанымыз абзал. Осы кодексте баланы асырап алу үдерісін жүргізу қызметін көрсететін агенттік құруға рұқсат ететін жаңа бап болмақ. Өйткені, заңды түрде осы мәселемен айналысатын, нақты жауап беретін агенттік қажет.
Баланы асырап алудың үш түрлі негізі қарастырылған. Қамқорлыққа алу, патронат (күтімге алу) және асырап алу. Патронатқа ғана жәрдемақы төленеді. Ай сайын бала күтіміне 10 АЕК көлемінде ақы беріледі. Тәрбиешіге 14 мың теңге шамасында еңбекақы қарастырылған. Патронаттық тәрбиеге 2009 жылы жергілікті бюджеттен 605 млн. теңге бөлінген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 170 млн. теңгеге көп.
Әлі де бала асырап алғысы келетін Қазақстан азаматтары баршылық. 2010 жылғы 1 қаңтарда есепке алынған мәлімет бойынша, бала асырап алғысы келетін өз азаматтарымыздан түскен 1195 өтініш бар екен! Барлық ата-ана да дені сау баланы асырап, алғысы келетіні жасырын емес. Сонымен қатар, балалардың ұлттық тегі мен жас ерекшелігіне де қарайтыны белгілі.
Білім және ғылым министрлігінің есептеуі бойынша, ай сайын бала күтіміне төленетін 10 АЕК ақыны назарға алсақ, ел бюджетінен 4 млрд. теңге бөлінуі тиістігі белгілі болып отыр. Егер осы мәселе таяу келешекте шешімін тапса, көздері жаутаңдаған жетім балалардың басым бөлігі дұрыс тәлім бере алатын, мейірімді шуағымен қарсы алатын отбасында тәрбиеленетін болады.
Келесі мәселе – балалар үйінің түлегі. Жыл сайын балалар үйінен екі мыңнан астам жасөспірім түлеп шығады. Яғни, қаттырақ айтқанда, шығарылады. Әрі қарай олар өз күндерін өздері көреді. Бірі оқуын жалғастырса, екіншілері жұмысқа орналасады. Балалар үйінен шыққандарға өте қиын екені ешкімге де жасырын емес. Өйткені, тұрғын үй жоқ, бұрынғы кездегідей оқу орындары мен кәсіпорындардың жатақханалары жоқ. Қамқор болатын туыстары да жоқ, олар көбіне жұмыс таба алмай қиналады. Депутаттар алдында ондай жасөспірімдерді әлеуметтік және құқықтық қорғау саласында мемлекеттік кепілдікке ие болатындай заңдық негізді қалап беру міндеті тұр.
Парламент Мәжілісінің депутаттары “Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйлері туралы” Заңға және “Тұрғын үй қатынастары туралы” Заңға толықтырулар енгізді. Соған сәйкес енді ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалға үй алу құқығы берілетін болды. Бұған құқығы бар жетім балалардың жасы 23-ке дейін ұзартылды.
Жыл сайын пәтерлер көбірек бөлінсе де, ең қиыны балалар үйі түлектерінің мәселесі болып тұр. Мәселен, 2009 жылы 100-ден астам балалар үйінің түлектері тұрғын үймен қамтылған. Айта кету керек, Батыс Қазақстан облыстық әкімдігі балалар үйінің түлектеріне 42 пәтер бөлген. Сол секілді Ақтөбе – 20, Қостанай – 18, Атырау – 9, Қарағанды облыстық әкімдігі 8 жасөспірімді үймен қамтамасыз еткен. Осы орайда аталған өңірлердің басшылығына игі істері үшін ризашылығымызды білдіреміз. Мұның сыртында елімізде жасөспірімдердің 27 үйі жұмыс істейді. Онда 1300-ден астам балалар үйінің түлектері тұрып жатыр. Алайда, әлі де көптеген тәрбиеленушілер тұрғын үймен қамтамасыз етуді қажет етеді.
Қоғамдағы келесі бір өзекті мәселе – тұрмыстық зорлық-зомбылық. Өткен жылы “Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы” Заң қабылданды. Осы заңға 2009 жылы 5 желтоқсан күні Мемлекет басшысы Н.Назарбаев қол қойды. Бұл заң біздің қоғам үшін өте қажет. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынас саласында құқық бұзушылыққа барған 30 мыңнан астам адам есепте тұрады. Әр отбасында балалар бар. Мәселен, Алматы қаласында тұрмыстық зорлыққа ұшырағандардың телефон шалуы үшін “150” қызметі жұмыс істейді. Соңғы жылдарды есепке алғанда, осы қызметке 25 мыңнан астам адам шағымданған. Оның ішінде 5 мыңнан астамы балалардың құқығы бұзылуына байланысты болып отыр. Жаңа заңға сәйкес бүгінде балалардың құқығын бұзған адам заң алдында жауап беріп, тиісті жазаға тартылады.
Адамның ең қызықты шағы балалық кезі ғой. Халқымыз “Адамның балалық шағы – патшаның тағы” деген. “Бала – адамның бауыр еті” деп те тегін айтпаған. Сондықтан, әр баланың әкесі мен анасы қасында болып, бақытты өмір сүруін тілеймін.
Бағила БАЙМАҒАМБЕТОВА, Мәжіліс депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты.