Олимпиада • 12 Қыркүйек, 2024

Ауыл олимпиадасына іріктеу басталды

265 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық пәндік ­олим­пиадаға іріктеу басталды. Өтініштерді қабылдау 20 қыркүйек­ке дейін жалғасады. Қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған білім бәсекесі биыл екінші рет ұйымдастыры­лып отыр.

Ауыл олимпиадасына іріктеу басталды

Олимпиадаға ауыл мектеп­­­те­рінің 9-11 сынып оқушылары қатыса алады. Мұндағы мақ­сат – еліміздің шалғай елді мекен­де­рін­дегі дарынды және талантты балалардың қабілетін анық­тап, білімін шыңдау, халық­аралық олимпиадаларға қаты­суға ынталандыру. Сайыс қағи­да­ларының барлығы ең беделді әлемдік «IMO», «IPhO», «IChO», «IBO», «IGeO», «IOI», «IOL» олимпиадаларының ережелеріне сүйеніп жасақталған.

«Ауыл мектептерінің оқушы­ларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық олимпиада алғаш рет өткен оқу жылында Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен өткізілді. Білім жарысының былтырғы қорытындысына көз жүгіртсек, ауыл оқушыларының жүлделі орындарға ие болу көрсеткіші сегіз есеге артқанын анық аңғарамыз.

Өткізу қағидаларына сәй­кес олим­пиада 13 пән бойын­ша, нақтырақ айтсақ, жаратылыстану-математика бағытындағы 6 пән, қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы 7 пән бойынша өткі­зіледі және 3 кезең­нен тұрады. Былтыр сайыстың бірінші кезеңіне 78 404 оқушы қатысып, 24 122 оқушы келесі кезеңге өтті. Ал респуб­ли­калық кезеңде 740 оқушы бақ сынады. Қоры­тынды кезеңде 335 жеңімпаз Оқу-ағарту министрлігінің дип­ломына, 69 түлек жоғары оқу орындарының білім грантына ие болды», деді «Дарын» респуб­ликалық ғылыми-прак­тикалық орта­лы­ғының директоры Ғаждембек Тұрсынов.

Пәндік олимпиада – оқушы­лардың санасында алғашқы ғылыми ізденістерге жол салатын, болашақ ғалымдарды шабыттандыратын, ғылыммен еркін айналысатын жастар тобын қалыптастыратын ең ауқымды бағдарламалық сайыс екені анық. Айта кетейік, аталған жарысқа қатысуға барлық ниет білдірушілер «auyl.daryn.kz» сайтына тіркелу қажет. Ал сайыстың өткен жылғы жеңімпаздары таңдаған пәндері сәйкес келсе, биылғы білім бәсекесінің республикалық кезеңіне конкурс­тан тыс қатыса алады.

«Бұл олимпиада – біз секілді ауыл балаларына өте үлкен мүмкіндік. Мен өзім Ақтөбе облысы, Шалқар ауда­ны, Тоғыз ауылының тумасымын. Былтырғы ауыл оқушыларына арналған білім сайысына «Қазақстан тарихы» пәнінен қаты­сып, жеңімпаз атандым. Нәтижесінде, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетіне грант ұтып алдым, одан бөлек бірнеше бағалы сый­лыққа да ие болдым. Бұл ғылымға деген қызығушылығымызды одан сайын арттырды. Жарысқа дайындықты 10-сыныптан бастаған едім. Осы жылғы олимпиада қатысушыларына да ертерек қам­да­нуды ұсынамын. Өйткені еңбегіңе сай нәтиже көрсетесің. Алдағы уақытта өзім де халықаралық олимпиадаларға оқу­шы дайындап, білім саласына жақсы ық­пал етуге ұмтыламын», дейді ауыл олим­пиа­дасының жеңімпазы Едіге Мадияр.

«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орта­лы­ғының әдіскері Серікжан Дамыс­хан­ұлының айтуынша, олимпиа­да «бір компьютер – бір оқушы – бір камера» қағидаты бойынша өткізіледі.

«Қыркүйекте байқаудың бастапқы, қазанда аудандық, қарашада облыстық, ал желтоқ­санда республикалық кезеңі өтеді. Әрбір кезең қорытындысы орталық­тың «daryn.kz» сайтында жариялана­ды. Айта кетейік, іріктеу онлайн-платформада жүзеге асады. Олимпиада­­ның IV республикалық кезеңіне жара­ты­лыстану-математика ба­­ғы­­тындағы 9-11(12) сынып оқу­шылары, ал қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы 10-11(12) сынып оқушы­лары қатысады. IV кезең­нің жеңімпаз­дары алдағы зияткерлік жарыстарға дайын­далу үшін оқу-жаттығу жиындарында білімдерін шыңдайды», дейді С.Дамысханұлы.