Облыс әкімінің орынбасары өңірдегі тілдерді оқыту орталығы жұмысының нәтижесінде кейінгі жылдары «Тыңда! Түсін! Тіл үйрен!», «Қазақ тілін кинофильмдер арқылы оқытуға арналған жаттығулар жинағы», «Қазақ тілін меңгертуге арналған мәтіндер жинағы» атты әдістемелік құралдар баспа жүзін көргенін атап өтті. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы дәстүрлі республикалық байқауда 2 жыл қатарынан орталықтың мемлекеттік тіл оқытушылары бас жүлдені иеленді.
Тіл орталығының жанындағы ғылыми кеңес мүшелерінің қатысуымен «Мемлекеттік тілдегі ас мәзірі мен тағам атаулары: қазіргі жағдайы, проблемалары» атты монография-анықтамалық пен «Тағам атаулары» сөздігі жарыққа шықты. Бұл әдістемелік құралдар кәсіпкерлердің ас мәзірлерін мемлекеттік тілде сауатты жазуы үшін Кәсіпкерлік палатасына, қала, аудан әкімдіктеріне және осы сала мамандарын даярлайтын арнаулы орта оқу орындары мен кітапханаларға таратылды.
«Қазіргі цифрландыру дәуіріндегі басты мақсат тілімізді цифрлық кеңістікте өркендету екені белгілі. Бұл бағытта «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы бірнеше жобаны қолға алғанын да білеміз. Біздің өңірде де облыс әкімінің қолдауымен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жанынан «Жасанды интеллект» институты ашылып, өңір жастары жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және информатика мамандықтарын игеріп жатыр. Алдағы уақытта жас мамандар жасанды интеллект арқылы мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейте түседі деген сенімдеміз», деді облыс әкімінің орынбасары.
2001 жылы республикада алғашқы болып мемлекеттік мекемелерде іс қағаздар жүргізуді мемлекеттік тілге көшірген өңірде бүгінде бұл көрсеткіш 99,6 пайызға жетіп отыр.
Жиында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Нұрсәуле Рсалиева «Қазақ тілі пәні – тілдегі өзгерістерді еңсерудің басты тетігі» атты хабарлама жасады. Тілді бөтен сөзбен былғаудың жастарға әсерін түрлі мысалмен түсіндірген ғалым қазір көп мемлекет осы мәселеге бас ауыртып отырғанын айтады. Бұл бағытта тілі халықаралық қарым-қатынас тілдері қатарында тұрса да оны қорғап, дамытуды жан-жақты жүргізіп келе жатқан француздардан үлгі алуға болады. Әлемде 130 миллионнан астам адам сөйлейтін жапон тілінің жағдайы жар шетінде тұр деп айта алмаймыз. Сөйте тұра жапондар оның тазалығына ерекше талап қояды, дұрыс қолдануын қатты қадағалайды.
«Жақында ғана Жапонияда телеарналардың бірі бағдарламасында ағылшын тілін көбірек қолданғаны үшін мемлекетке үлкен айыппұл төледі. Бұл – тілді қорғау үшін жасалған амал. Тіл тазалығын сақтайтын бірден-бір орын – мектеп. Сондықтан да бала тіліне бастан мән беру керек», дейді ғалым.
Ғалымның айтуынша, осыдан 10-15 жыл бұрын ешкім «мен ойлаймын» деп сөз бастамайтын. Осы күні кейбір журналистер осылай сөз саптайтын болып жүр. Елге білім үйрететін мұғалім мен ғалымдар «мен ойлаймын» деп сөз бастап, «үлкен рахметпен» пікірін түйіндеп жатқанда, басқаларға не айтамыз? «Менде шар, сенде қуыршақ» деп жүрген баланың, «айту керекпіз, бару керексіздер» деп сөйлейтін ересектің тілін бүгін түземесек, ертең кеш болады.
Конференцияда «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Лиза Есбосын «Жасанды интеллект өзегі – тіл», осы орталықтың ғалым хатшысы Гүлшат Түсіпова «Қазақ тілін оқыту әдістемесі» тақырыбында баяндама жасады.
Іс-шара барысында тіл жанашырлары мемлекеттік тілдің қолданыс аясын жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныс айтты.
Конференция соңында облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов аймақтағы тілдерді оқыту орталығының құрылғанына 15 жыл толуына орай өңірдегі тіл жанашырларын марапаттады.
Қызылорда