Сол кезде тәрбиеміз өте жақсы болды ма, болмаса «жоғары курста осы кісідей болады екенбіз» деп шамаладық па, «старшагымызға» зор құрметпен қарап, ықыластана жауап бере бастадық. Өзара қысыр қалжыңымызды дереу тыйып, ағамызға нән шаһарға бой үйретіп, университет атмосферасын сезініп қалғанымызды айтып жатырмыз. Сонда Талғаттың бір сөзі есімізде қалыпты: «Ең алдымен, ұстаздарды сыйлау керек», деген. Өзімізден үш курс қана жоғары оқитын адам бізге сонша ересек көрініп еді сол кезде.
Ара-тұра университет дәлізінен көре қалсақ, Тәкеңдер қатысқан КВН-ды, онда көтерілген мәселелерді, ұтқыр әзілдерді айтып рақаттанамыз. «Үлкен курстың студенттері Желтоқсан көтерілісі туралы «Аллажар» фильміне түсіп жүр екен» деген сөзді естігенде тіпті есіміз кетті. Тәкеңдер «массовкада» жүрсе де, тура Қайрат Рысқұлбековтің бейнесін сомдағандай сыйлайтын болдық.
Одан кейін Тәкеңді «Заман-Қазақстан» газетінің редакциясынан көрдік. Қазіргі студенттерде мұндай әдет жоқ: біз әр күні таңертең дүңгіршектен газет сатып алатынбыз. Біріміздің алғанымызды екіншіміз әкелген емеспіз. Сабақ үстінде болса да, үзілісте де көз қиығымызбен газетке қарап отыратын едік. Қазіргі телефонға телмірген жасөспірімдер сияқты. Жақсы материал болса жарыса оқып, пікірталасқа тақырып етіп, әйтеуір абыр-сабыр болатынбыз да жүретінбіз. Сондықтан сол кезеңде шыққан газеттердің қайсысы оқылымды, қайсысында қандай мәселелер көтеріледі, қайсысында жастар көбірек сөз алады – бәрін білетінбіз.
Сол кезеңде мүлде жаңа бағытта шығып, ұйқыдағы қазақ баспасөзін селк еткізген «Жас Алаш» пен бірнеше журналистің қолтаңбасы айқын танылған «Заман-Қазақстанды» оқу сәнге айналды. «Заманды» апта сайын сатып алып, Дидар Амантай, Күлпара Жұмағали және Талғат Ешенұлының мақалаларын, Тұрсынжан Шапайдың сатиралық бағанын құныға оқимыз. Күні кеше сенбілікте күрекке сүйеніп тұрып терең әңгіме айтқан Талғат ағамыз тегін жігіт болмады. Ол кезде Алматының жаңа алаңындағы Тәуелсіздік монументі әлі толық орнатылмаған. Талғат күндердің күні Тәуелсіздік туралы мақала жаза келіп: «Ағалар, Тәуелсіздік монументін тезірек тұрғызыңыздаршы. Күнде бас иіп, тәу етіп жүрейін», деген рухта тамаша түйін жасапты. Денемізді тоқ соғып өткендей дір ете қалдық. Апыр-ай, адамның санасын қопарып тастау үшін осындай сөз керек екен-ау... Содан монументтің бітуін біз де асыға күттік. Талғат ағамыз байқамай, біздің де аңсарымызды мақалаға қосып жібергендей.
Осы күні Тәуелсіздік монументінің қасынан өтсем, Талғат ағаммен бірге біз де соны тұрғызуға үлес қосқандай сүйсінемін, жаным рақаттанады. Біз тым жас болсақ та, Тәуелсіздік таңын бабаларымызбен бірге үш-төрт ғасыр күткен ұрпақ екенбіз-ау!.. Ешенұлы соны ескертіпті, сол рухты түртіп оятыпты.
Одан кейін Талғатты «Жас Алаштан» көрдік. «Заман-Қазақстандағы» ұстазы Жұмабай Шаштайұлы қалай көзі қиып жіберді екен?» деп әңгіме етеміз. «Жас Алаштың» тынысын ашқан Нұртөре Жүсіп те Ешенұлының ерен арынына тосқауыл қойған жоқ. Аптасына үш рет шығатын газетте де Талғат тамаша мақалаларымен көрінді.
Күндердің күні бір іш пыстыратын сабақта отырып, оқытушы ағайларға арнап эпиграмма жаздық. Қанаттың қолы сиқырлы, ағайлардың образын дәл келтіріп сурет салады. Сондай эпиграмманың бірі ұлы ұстазымыз Темірбек Қожакеевке арналып еді. Сөзбе-сөз есімде жоқ, бірақ ағайымыздың, Зейнолла Қабдолов сипаттағандай, мық шегедей болмысын асыра суреттеп, артық кетіппіз. Сол қағаз әйтеуір бір себептермен жоғары курстардың қолына тиіпті. Талғат бізді кең дәлізде жолықтырғанда біраз нәрсе бүлдіргенімізді бірден сездік. «Мыналарың үшін сендерді сотқа бере аламын», деді сол кезден-ақ қою қара мұртының артынан ашу төгіп. Басымыз салбырап тұрмыз, басқа не істейік? Бірақ былай шыға бере «аман құтылғанымызды» олжа көрудің орнына, «екі туып, бір қалғаны сияқты, профессорды сонша ақтағаны несі?» деп күңкілдедік.
Бәрін кейін түсіндік қой. Қазір ұлы ұстаздарымызды да, олардың өткен дәрісін де, алған емтиханын да ерекше сағынамыз. Тіпті сол кісілердің бар кереметін, бар білімін ала алмай қалғандай өкінеміз. Сондайда ағайды ерекше қадірлеген, бізден де соны талап еткен Талғат сияқты көкірегі ояу жігіттер бәрін ерте түсінгендей, бәрін ерте түйсінгендей, іште бір құрмет сезімі бой көтереді.
Сөйтіп жүріп, біз кейбір мықты жігіттерді аға тұтып, солардай білім іздеп, жол табуға болатынын сезіндік. Талғат Ешенұлы одан кейін қандай қызметке барса да іштей тілеулес болып жүрдік. Журналист ретінде ғана емес, ақын ретінде де ерекше сыйлайтын болдық.
– Алматы вокзалы.
Жол – тарау, терісайырық.
Түн.
Шойын рельстер тыншыған.
Тыншыған дүниенің көкірегін қарс айырып, перронда ән айтты бір сыған, деген өлеңін сол кездегі жастар керемет сүйсіне жаттады. Көрінбейтінді көріп, сезінбейтінді сезініп, байқамайтынды байқап қоятын ақынның тамаша жырларын кейде өзінен де қызғанатынбыз. Сыртқы түрі кейде тым ызбарлы көрінетін ағамыз әлемге осынша ғажайып мейіріммен қарайтынына сенбейтін де сияқтымыз ба, қалай? Жоқ, бір бұл ғана емес, басқа жырларында да Тәкең өзіндік сүрлеуден, үннен танған жоқ. Осы күнге дейін Талғат Ешенұлының тоқсан сайын топтама өлең беріп жатқанын көрген емеспін. Бірақ бәрібір әдеби орта, оқырман қауым оның өлеңдерін іздейді. Бұл тұрғыда Талғат Ешенұлы қазынасын жасырып жүрген қарапайым жанға ұқсайды. Темекісін тұтатып қойып, Әмірхан Балқыбекке өлең оқытатын Тәкең жұрттың жырына да ерекше сүйсінетін оқырман екенін кейін қызметтес болғанда байқадық қой.
Содан... жолымыз тоғысты. 2004 жылдың соңында Талғат Ешенұлы отызға толғаны бар, толмағаны бар, бір топ журналисті «Жас қазақ» газетіне шақырды. Аш қасқырдай құныға кірісіп, апталық газетті жаңа сапада шығаруға кіріскен күндер қандай ғажап еді! Алғашқы нөмірдің бірінші бағанына бас редакторымыз Т.Ешенұлы «Біздің доктрина» деп мақала жазып, жаңа басылымның бағытын өзімізге де, оқырманға да керемет түсіндіріп берді. Алғашқы нөмірді редакцияға Сәкен Сыбанбай ағамыз құшақтап кіріп, көз алдымызда сәбидей тербеткені естен кетпес! Сол «Жас қазақ» қазақ баспасөзіне үлкен тыныс әкелді. Аз уақытта басылымды сұратып оқитындар көбейді. Мүйізі қарағайдай авторлар өзі бет бұрып, ең жақсы жазбаларын біздің газетке жариялауға асығатын-ды. Тәкең болса, біздің бір-бір бет қана жүргізуімізге қанағат білдірмей, ай сайын бір рет білім, экономика, халықаралық қатынас тақырыбындағы газет ішіндегі газет дайындауға жұмылдырды. Сол кезде Тәкең отыздың айналасындағы жігіт екен. Бірақ білімі, өзіне сенімі бізді де ерекше қанаттандырды. Бір кейіпкерден сұхбат алсақ, озық батыс басылымдарындағыдай сұрағымызды «Жас қазақ» деп бастайтын болдық. Төртінші бетте міндетті түрде әлемдік баспасөз беттеріндегі үздік мақалалар аударылып басылады. «Мына ғаламшарда өзіміз ғана өмір сүріп жатқанымыз жоқ, басқа жұрттың баспасөзі не жазып жатыр?» дегенге керемет бетбұрыс еді бұл.
Менің ойымша, Талғат Ешенұлы сол кезде қарамағында қызмет істеген Сәкен Сыбанбай, Әмірхан Балқыбек, Жанарбек Әшімжан, Гүлзат Нұрмолдақызы, Айдын Қаба, Нұрболсын Мелдебеков, Еренғайып Қуатайұлы, Нұрғиса, т.б. журналистердің әлеуетін толықтай ашты.
– Әбеке, – дейтін Тәкең езуіне жылы күлкісін жиып, – сіздің редакцияда мақала жаза алмайтыныңызды, кешкілік Мархабат жеңгемнің қою шайын ішкен соң шабытыңыз ашылатынын білем. Бірақ күндіз редакцияда болыңыз. Құрылтайшылардан ыңғайсыз болмасын.
Әмірхан Балқыбек марқұм: «Әй, Тәке, дұрыс байқапсыз. Мен түнде ғана жазам ғой», – деп көзінің оты жарқ етіп риза болып қалатын-ды. Біз редакцияда мақала жазып отырсақ, Әмірхан аға келген қонақтармен сөйлесіп, кітабын оқып, ара-арасында терең әңгіме бастап, сосын компьютерде сәл ойын ойнап қоятын. Еренғайып екеуміз кейін интернеттің тереңіне сүңгуді үйреткендей болдық. Әдеби порталдарды қызыға ашып, арасындағы елең еткізер жаңалықтарды дауыстап оқып, Әбекең балаша қуанатын. Тәкеңнің осынша зор сенімі Әбекеңе қанат бітірді. Әр бейсенбі күні таңертең Әмірхан Балқыбек сарғыш қағаздарға жазып әкелген төрт-бес беттік мақаласын оператор Кәмшат апайға дауыстап, «диктовка» жасауға кірісетін. Оның Гілгәмеш туралы, Рюноске Акутагава, Аристотель туралы ғажап мақалалары осылай туды. Кейін «Қасқыр Құдай болған кез» кітабына бір тарау болып енді. Талғат Ешенұлы сенім артпағанда, соның барлығы қазына Әбекеңнің ішкі әлемінде ақтарылмай қала берер ме еді, кім білсін...
Редакция жігіттері жиылып, әр сейсенбі және бейсенбі күндері футбол ойнайтынбыз. Тәкең мынау деген шабуылшы. Бірақ алаңда қарсылассың ба, бастық я бағынышты емессің. Ақ тер, қара тер болып, артынан бір үйдің баласындай жиыла қалып шай ішетініміз де керемет болатын. «Жас қазақ» журналистер арасындағы турнирлерде талай рет топ жарды. Тіпті сол кезде атышулы бір министрдің қазақ баспасөзіне қысастығын көзбен көрген соң, оның командасын ойсырата жеңгеніміз де бір тарих. Министрдің көмекшісі Тәкеңнің құлағына сыбырлап: «Министр бір доп соқсыншы, қорғанысты ашып тастаңыздаршы», деп өтінгенде, мырс етіп қойғанбыз. Қайдағы соқтырған?
Талғат редактор ретінде өзі де өткір болды, бізден де өткір мақалалар талап етті. Алғашқы күннен-ақ ол мақалаға қол тигізу сақа журналист үшін сын болатынын сездірді. «Жас қазақ» шыққан алғашқы айларда редактор алдына кеткен мақалаларға бірді-екілі ескерту ғана жасалып шықса, қатты қуанатынбыз. Осылайша, өзі де тәрбие көрген, бізді де тәрбиелеген Тәкең сөзге аса жауапты қарауды үйретті. Ал жақсы мақаламыз шыға қалса, редактор бізден артық қуанатын. «Мына Ескеңнің бүгінгі мақаласы ғасырға жүк болып тұр» дейтін атымызды тура атамай. Мына жақта езуімізге келген мақтаныш күлкісін жасырып біз тұрамыз. Еңбегіңнің ақталғаны емей немене!
Сонымызға қарамай, редактормен қалжыңдасамыз. Бір күні Еренғайып Тәкеңді өз көлігімен әлдебір жиынға алып жөнелді. Алматының кептелегі қандай, уақыт болса тар, Тәкең «ана жолмен жүр, мына жолға бұрыл» дей берсе керек. Сонда Еренғайып: «Тәке, мен сізге моңғол халқының бір мәтелін айтайын ба?» депті. «Айт» деп елең ете қалыпты Тәкең. «Бастық қайда баратынын біледі, көшір қалай апаратынын біледі» дейді екен» деп тұжырыпты Еренғайып. Тәкең осы тәмсілді содан кейін сүйсіне айтып жүрді. «Осы күні қайда баратынымызды ғана білеміз, қалай баратынымызда шаруамыз жоқ» деп күлгенінде, арғы жағында бәрімізге деген құрметі де аңғарылмай қалмайтын.
Талғат Ешенұлының тікелей тапсырмасымен сол жылдары Әбілсейіт Айханов, Жәнібек Сауранбаев, Мәлік Шамузов, Сейілдә Байшақов, Вениамин Солдатенко, т.б. қазақ спортының қайраткерлерінен сұхбат алғанымды көңіліме медет тұтамын. Солардың ішіндегі бір детальдарды таба алғандай, айтқыза алғандай арқаланамын. Кітаптарыма да еркін қостым.
Кейін жолымыз бөлінді. Тәкең өрледі. Аса жауапты қызметтер атқарды. Осы күні де «Айқын-Литер» серіктестігінің басшысы ретінде қазақ баспасөзінің ыстық-суығына төзіп жүр.
Жастық шағы көз алдымызда өткен, жастық жалынын Тәуелсіз мемлекеттің буынын қатайтуға арнаған ағамыз ер жасына келіп қалыпты. Жасқанбай, бұғынбай, тығылмай, айтарын айтып, жазарын жазып еркін жетіпті. Өзімізден үш-төрт жас қана үлкен болса да, нағыз ағадай қамқор болыпты, жол нұсқапты, жетістігімізге сүйініпті, сәтсіздігімізге күйініпті. Жолыққанда жүрегін алақанына ала амандасып, арғы жағынан баяғыша бақылап жүретінін аңғартыпты. Біз әлі күнге ағамыздың алдында қатардағы жауынгердей қалт тұра қалады екенбіз. Сонымыз екі жаққа да жарасымды, өте жарасымды сияқты.
Есей Жеңісұлы,
«Ақ желкен» журналының бас редакторы («Қазақ газеттері» серіктестігі)