Ақын, сатирик Ш.Смаханұлы мектепте жүріп-ақ зерек те сергек, өжет те өршіл рухымен танылып, ақиқатқа жақын, шындық жүзіне тура қарап, өмірге құштар, өлең-өнерге сүйіспеншілігі зор болғанын былай деп еске алады: «Әсте сатирик болсам деп армандамадым десем, өтірік айтқан боп шығар едім. 5-6 сыныпта-ақ қабырға газетінде тәртібі нашар, сабаққа үлгермейтін балаларды сынаған өлендерім үзбей шығып тұратын. Бірде Талас ауданы «Тамды» орта мектебіне Асқар Тоқмағамбетов келді. Мен ол кісінің өлеңдерін түгелге жуық жатқа білетінмін. Кездесуде Асқар ағаның өлеңдерін өзіне оқып бергенімде, ол қайран қалды. Байқасам, шебер қиысқан өлеңдерді жаттауым жай әуесқойлық емес, өнерге шын қызығушылық екен. Кейін мұғалім болып жүріп те өлеңнен қолымды үзгенім жоқ. Жазғандарым республикалық газет-журналдарда да көрініп жүретін» (Ш. Смаханұлы. Күлкі көбейсін. – «Қазақстан пионері», 1984. -– 11 қазан). Бұдан басқа, «Айға ұшамын» кітабына (1971) енген «Нағашы» атты балладасында балалық-жастық кезеңін, «Сүрінсең де жығылма» хикаятында – алапат аштық көріністерін ел-жермен, жеке өмірімен, тағдыр-талайымен байланыстырады. Қоғам, заман шындығы, адам мұраты кең орын алады.
Ш.Смаханұлы шығармашылығы, оның ішінде сатиралық поэзиясы тақырыбы мен жанр жүйесі жағынан әр алуан. Атамекеннің қадір-қасиеті, адам әлемі мен мұраты, ата-ананың орны, балалық шақ, жастық кезең, еңбек болмысы, өмір-тұрмыс сырлары сынды тақырыптардағы өлең өрімдерінен жан жылуы, көңілдің нұры мен шуағы, көркемдік-эстетикалық қуаты көрінеді. Қоғам-кезең көріністерін, өмір-уақыт сырларын бар шындық сипаттарымен тартымды өрістетіп, сенімді суреттейді. Адам мен оның еңбегі, мінезі мен көзқарасы, әрекеттері арқылы әр қырынан ашылып, артық-кем тұстары айқын, бедерлі беріледі. Аң-құс, жан-жануарлар әлемі, олардың өзіндік белгі-ерекшеліктері, ортақ сипаттары салыстырылып, қысқа-нұсқа үлгіде жеткізіледі. Ең негізгісі, сатираның сын садағы – әзіл-күлкі, сын-сықақ, мысқыл, мысал, шымшыма, шаншыма негізінде адамдар арасында, өмір-тұрмыста орын алған кемшілік-кедергілерді қоғадай жапырып, қырғидай тиіп, тиісті тұста тамыршыдай тап басып, ақиқат алдында тізе бүктіреді.
Ақын-сатирик шығармашылығындағы сықақ өлеңдер қоғам, кезең көріністерін, өмір-уақыт талаптарын, адам әлемі мен еңбегін, жақсы мен жаман арақатынасын, жастық пен жастар сырын, әке мен шеше, бала мен немере ерекшеліктерін, мейірім мен қатігездік сипатын, жалақор мен парақорды, арызқой мен маскүнемді, қысқасы қалың көпшілікке таныс және бейтаныс жайттардың баршасын ақиқат алдында, шындық жүзінде әзіл-әжуамен, сын-сықақпен мінеп, түйрейді (мысалы, «Мақтампаздар», «Құбылма жеңгей», «Жомарт келіндер», «Қомағай сөздер», «Хрусталь-мрусталь», т.т.) .
Сатиралық прозасы өзінше бір әлем. Ол «Сандықтан шыққан сайтан» (Алматы: Жалын, 1977), «Елпекбайдың телпегі» (Алматы: Жазушы, 1987) сынды сатиралық әңгімелері мен бірқақпай, шымшымалары мен фельетондары енген кітаптарынан терең танылады. Осындағы – «Әдейі ертіп келгенде», «Немере әзілі», «Мінез», «Моншада жоғалған әке», «Соқырішек», «Шылбыр», «Жетім бота», «Операция алдында», т.т. қоғамдағы, өмірдегі келеңсіз құбылыс-көріністер, адам бойындағы, мінезіндегі жат әрекет, кемшіліктер кеңінен көрсетіліп, кемел сөз етіледі. Айталық, «Әдейі ертіп келгенде» атты туынды отбасылық өмір, ерлі-зайыптылардың үлкен қалаға келгендегі өзара әрекет, сұхбаттарына құрылған. Автор дала мен қала, оның адамдарын, өзіндік іс-әрекеттерін салыстыра көрсету негізінде отбасылық өмір, мәдени-рухани талап-тілектер, көзқарастар қақтығысы, т.т. кең көлемде сөз етеді. Әңгіме табиғатынан ауыл-қала көріністері, адам өмірі мен еңбегін қатар баяндау желісі айқын аңғарылады. Автор осы жайттар арқылы адам әлемін, ішкі-сыртқы көріністерді жүйелі, көркем көрсетеді. Ал «Мінез» әнгімесінде адам мен оның еңбегі, іс-әрекеттері, өмірдегі орны, үлесі кеңінен көрінеді. Қаладан ауылға барған картақұмар әрекеті, ойын үстіндегі адамдардың өзара қарым-қатынасы, ішімдік үстінде айтылатын былапыт, дөрекі сөздер, т.т. негіз болады. Автор адамдар қарым-қатынасын карта ойыны үстінде бар қырынан ашады. Әр алуан мінез, көзқарастар қақтығысын да өзара байланыс, іс-әрекеттер арқылы нанымды бейнелейді.
«Сақалын жұлған» – адалдық пен әділетсіздік, парасаттылық пен парықсыздықтың текетіресі, ең негізгісі адам санасындағы кертартпалық, кереғарлық, тоғышарлық сынды жағымсыз жайттар баяндалады. Әңгімедегі Дәуірбай ақсақалдың баласын оқу орнына алып келуі, ондағы жең ұшынан жалғасқан – Томар, Кежен, Масан, сондай-ақ Нартаев, Жолшиева, Сұрқылтаев сынды кейіпкерлер арасындағы параға байланысты диалогтер қоғамда, өмірде орын алған жайттарды бүкпесіз-боямасыз алға тартады. Автор пара беру мен алу ісіндегі сыбайластық, жемқорлық жайлы тамыры тереңге тартқан «әңгімені» өмір оқиғаларына, әрекет-қимыл, тартысқа құру арқылы қоғам шындығын, адам әлемін айқара ашады.
«Үміт жұлдызы» повесінде өткен дәуірлерде өмір сүрген ата-бабаларымыздың тағдыр-талайы, азаттық, тәуелсіздік жолындағы биік мұраттары, ерен ерліктері суреттеледі. Ел-жерге адалдық, адамдық, азаматтық парыз-қарыздан туған кәделі, сауапты әрекеттер – Бөлтірік шешен, Сұраншы батыр, Сүйінбай ақын, сондай-ақ повестегі танымал тұлғалар – Жанай, Ұлжан, Ұлдар, т.т. төңірегіндегі оқиғалар өмірден өрбіп, өнегелі-ғибратты ұлт мұратын, тәуелсіздік талаптарын кең көлемде көрсетеді. Повестегі басты тұлға – Жанай төңірегіндегі оқиғалар мен ел-жер тағдырына қатысты табанды әрекеттерден азаттық, теңдік жолындағы елдік пен ерлік үлгілері, ұлт мұратына байланысты көзқарас, қимылдар кеңінен көрінеді. Қазынабай ауылының тыныс-тірліктері, Әспет бай мен Қадыр болыс әрекеттері өмірден өрбіген оқиғалар шындығын, адам мұратының асқақ тұстарын, уақыт тынысын терең танытады.
Жалпы алғанда, ақын-сатирик Шона Смаханұлы азамат-қайраткер ретінде ұлттық мұрат пен ұрпақ қамын бар асылдан да биік қойып, осы мақсат-міндетті орындау жолына саналы өмірін, ақыл-парасатын, білім-білігін батыл бағыттап, арнады. Ақынның сын-сықақтары қоғам, кезең көріністерінен бастап, өмір-тұрмыста кең етек алған кереғар жайттарды, адам мен оның еңбегіне қатысты ұнамсыз тұстарды, аң-құс, жан-жануарлар әлеміндегі пайдалы, зиянды белгі-ерекшеліктерін мінеп, содан арылу жолдарын нанымды, тартымды көрсетеді. Ақын-сатирик мұрасы өзіне дейінгі тақырыптарды әр қырынан байытып, жанрлық-көркемдік тұрғыдан, ой-сөз жүйесімен, сыр-сезім шынайылығымен, рухани-эстетикалық қырларымен жетілдіре түсті. Ақын мұрасы өмір-тұрмыста жиі кездесетін кереғар көріністерді сынап-мінеу арқылы содан арылу жолдарын, тәлім-тәрбие тағылымдарын, дәстүр-өнеге үлгілерін кең көлемде көрсетеді. Осы орайда, әдебиет зерттеушісі Ж.Дәдебаев ойлары мен толғаныстарының маңызы зор: «Шона Смаханұлының әдеби мұрасының басты саласын сықақ, мысал жанрында жазылған шығармалар құрайды. Акынның сықақ өлендері негізінен, белгілі бір ғана ой айналасына құрылады әрі етек-жеңі жинақы, көлемі жағынан шағын болып келеді. Олардың қай-қайсысында да адам бойындағы кемшілікке, қоғамдағы олқылыққа сын айтылады. Ақын айтқан сынның өзі бірде әжуа, бірде мазақ, бірде келеке түрінде келіп, әлденеше құбылып отырады да көркемдік-эстетикалық тұрғыда мейлінше әсерлі. Ақынның сыншыл ойы көбінесе өсек-өтірік, мақтаншақ, еріншек, жалақорлық пен пәлеқорлық, қулық пен сұмдық секілді кісі бойындағы оңбаған қылықтарды аяусыз әшкерелеп, адам болам деген азаматты олардан аулақ болуға, абай болуға шақырады» (Атыңнан айналайын. — Алматы: Нұрлы әлем, 2002. – 236 бет).
Тұтастай алғанда, ақын-сатирик Ш.Смаханұлының шығармашылық мұрасы жан-жүрекке, көңіл толқынына кері әсер етер жат та теріс көріністерді, жағымсыз-ұнамсыз тұстарды тамыршыдай тап басып, иненің ұшына іліп, желдің өтінде ұстап, шоқ тілмен түйрейді. Елдік мүдде-мұратқа кереғар, қайшы келетін келеңсіз жайттардың бәрі-баршасын көз дүрбісіне түсіріп, қорғасын жебелі сын садағына алады. Сатираның қарулы күші асқақтай түседі. Ел ардағына айналып, сатира саңлағы атанған ақын-сатирик Ш.Смаханұлының мәнді қыры, сырлы әлемі, шынайы шындығы осы.
Рақымжан ТҰРЫСБЕК,
филология ғылымдарының докторы, профессор