
Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
Ол кеңестік әміршіл-әкімшілік жүйенің небір өткелегінен өтіп, тұлға ретінде қалыптасты. Әлеуметтік-ағартушылық, ғылым мен жоғары білім, дипломатия салаларында басшылық қызметтер атқарды.
Жастай жетім қалып, әу баста кісі қолында, кейін Арыстағы балалар үйінде тәрбиеленген Төлеген оқушы күнінен зерек қасиетімен көзге түсіпті. Бұл туралы біраз уақыт тәлім берген Иван Кабановтың естелігінде аз-кем дерек бар. Сонымен бірге ол жасынан скрипка үйреніп, классикалық өнерге ықыласы ауады. Қай істе де маңдай тердің маңызын ерте аңғарады. Ерік-жігерін шыңдап, қорғансыз адамға көмектесуге де дағдыланады. Ең бастысы, алдына ұлт жоғын жоқтауды, игерілмеген саланы меңгеруді мақсат етіп қояды. Өйткені ол халық қайғысының (ішінде өз жетімдігі де бар) себебін бозбала күнінде-ақ түсінген секілді.
Талапты Төлеген 1928 жылы Шымкент педагогика техникумын үздік бітіреді. Педагогикалық кеңестің шешімімен осы оқу орнында математика және география пәнінің оқытушысы болып қызметке қалдырылды. Бұл шешімде техникум директорының орынбасары, көрнекті қаламгер, қазақша тұңғыш «Психология» оқулығының авторы Жүсіпбек Аймауытұлының рөлі ерекше деп ойлаймыз. Жас маман бірден алғырлығымен, қайсарлығымен, біліктілікке деген ұмтылысымен көзге түседі.
1931 жылы Төлеген Тәжібайұлы Мәскеудегі Н.Крупская атындағы коммунистік тәрбие академиясына оқуға жіберіледі. Бұл академия сол кезеңдегі идеологтер даярлайтын кәсіби жоғары мектеп еді. Ол осында ғылымға ден қояды. Академияны үздік аяқтаған соң, профессор Б.А.Ананьевтің жетекшілігімен аспирантураға қабылданады. Ленинград университетінде психология мамандығын қоса меңгеріп, білімін жетілдіруге келген ақын-жазушылар мен партия қызметкерлеріне дәріс оқиды. Осында 1939 жылы «К.Д.Ушинский – Ресейдегі педагогикалық психологияның негізін салушы» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Кейін осы бағытты тереңдетіп, 1948 жылы «Психология және К.Д.Ушинскийдің педагогикалық психологиясы» атты монография жариялайды.
1940 жылы Төлеген саяси қызметке шақырылды. 30 жастағы азамат әуелі Халық ағарту комиссарының орынбасары, араға екі жыл салып осы сала комиссары (министрі) қызметіне тағайындалды.
Т.Тәжібайұлының ұйымдастырушылық таланты осы тұста айқын байқалды. Республикамызда орта және кәсіби білім орындары көптеп ашылды. Мысалы, 1928 жылы әр мың адамға шаққанда бар болғаны 87 адам тартылса, 1939 жылдың аяғында бұл көрсеткіш 185 адамға жетті. 1941–1942 оқу жылы 225 мектеп-интернатында 9400 бала оқыса, келесі оқу жылы олардың саны 11000 жуықтады. Осы жылдарда еңбектен қол үзбей оқитындар (рабфак) саны артты. Рабфак жанынан шеберхана ашылып, олар қорғаныс саласының тапсырысын орындай бастады.
Төлеген Тәжібайұлы фашизмге қарсы соғыс жылдары Қазақстан аумағына көшірілген Балалар үйінің қызметін жүйеледі. Педагогикалық училище мен техникумдарды бітірген жастар түгелдей білім ісіне тартылды. Жергілікті педагог-әйел кадрларын даярлау бағдарламасы қабылданды. Осы бағдарлама негізінде 1944 жылы Қазақ қыздар педагогикалық институты ашылды.
Қайраткер өнер саласына жіті назар аударды. 1941 жылы Қазақстанда түңғыш кинофестиваль ұйымдастырды. Оған Күләш Байсейітова, Шолпан Жандарбекова бастаған танымал әртістер қатысты.
Соғыс кезінде адами капиталды айтпағанның өзінде КСРО көлемінде 334 жоғары оқу орны жартылай немесе толықтай қирады. 1946–1950 жылдарға арналған бесжылдықта осы мәселені шұғыл түрде қалпына келтіру жұмысы басталды. 1946 жылы Жоғары және орта арнаулы білім министрлігі құрылды.
Бұған дейін Төлеген Тәжібайұлы Халық ағарту комиссары қызметін Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары (қазіргіше вице-премьер) қызметімен бірге атқарды. Бұл соғыстың қайнап тұрған кезі еді. КСРО Жоғары білім министрінің 1948 жылы 15 наурыздағы бұйрығымен Төлеген Тәжібайұлы С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың ректоры болып тағайындалды. Төкең университетті басқарған жылдары қазақ студенттерінің саны артты. Мысалы, мұнда 1940 жылы 995 студент оқыса (соның ішінде 133-і қазақ баласы), 1949 жылы студенттер саны 2263 адамға жетті. Соның ішінде жергілікті ұлт өкілдері 840 адамға өсті. Жаңадан филология факультетінің ғимараты салынды. Биология факультетінің жанынан биостансасы ашылды. Жаратылыс мамандықтарында тұңғыш рет қазақ тобы пайда болды. Жастардың жан-жақты дамуы үшін спорт кешендері соғылды. Жеке қалашық тұрғызу жоспары да жасалынды. Сонымен қатар жаңадан философия-экономика факультеті ашылды.
Төлеген Тәжібайұлы университеттің ғылыми бағытын өзі жүйелеп бақылап отырды. Мысалы, 1948 жылы 13 аспирант кандидаттық диссертация қорғаса, 1949 жылы бұл цифр үш есеге артып, 36 аспирант ғылым кандидаты атанды. 10-нан астам ұстаз орталық қалаларға докторантура мен аспирантураға жіберілді.
1950–1951 оқу жылы университеттің профессор-оқытушы құрамы 285 адам болса, оның 18-і профессор, 58-і доцент, 27-сі ғылым кандидаты еді. Бұл сан жылдан-жылға артты.
Төлеген Тәжібайұлы ректор кезінде Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин, Мәлік Ғабдуллин секілді тұлғаларды шақыртып, студенттерге дәріс оқытты. Өйткені ол 1954 жылы Ғылым академиясының академигі болып сайланып, зиялылар ортасында беделі зор еді. Дәл осы сияқты дәрістер жаратылыстану факультеттерінде де жүріп жатты.
50-жылдары елімізде саяси жағдай едәуір қиындады. «Космополиттермен күрес» науқаны басталды. Соғыстан кейін интеллигенция сәл де болса еркін демалып, шығармашылық ізденіс үстінде болатын.
Дәл осы кезеңде тарих ғылымдарының жас докторы (кейін Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі), университеттегі Қазақстан тарихы кафедрасының ұйымдастырушысы әрі меңгерушісі Ермұхан Бекмахановтың басына қара бұлт үйірілді. Парасатты Төлеген Тәжібайұлы әйгілі Хан Кенені зерттеушіні арашалап қалуға тырысты.
1950 жылы 26 қазанда бір топ «белсенді ғалым» «Правда» газетіне «Ректор саяси жағынан саяз, тарихшы Е.Бекмахановты қолдайды» атты көлемді мақала жариялайды. Бір қызығы, осындай арнайы тапсырыспен жазылған мақалалар екі жыл бойы толастамайды. Артынша дискуссия басталып, 1952 жылы 5 қыркүйекте Ермұхан Бекмаханов 25 жылға тұтқынға кесілсе, артынан 1953 жылы 23 ақпанда одақтың жоғары білім министрі В.Столетовтің бұйрығымен Т.Тәжібаев қызметінен босатылды.
Төлеген Тәжібайұлы шынында жан-жақты іскер басшы еді. Республикамызда Сыртқы істер комиссариаты ресми 1944 жылы 13 сәуірде құрылған деп саналады. Бірақ іс жүзінде ол тек сауда-саттық мәселесімен айналысып, құзыреті көршілес Моңғолия мен Қытайдың автономиялық өңірі арасында ғана жүрді. Сондай-ақ СУАР-да консулдық қызмет көрсетумен ғана шектелдік. Яғни шетелмен толыққанды дипломатиялық қарым-қатынас орнату КСРО Сыртқы істер комиссариаты құзыретінде қалды. Десек те Қазақстан Сыртқы істер министрлігі тарихын осы датадан бастау ақылға сыйымды. Қайраткер Төлеген Тәжібайұлы осы министрліктің жүйесін, құрылымын, қызметін өзі үйлестіргені – тарихи шындық. Архив деректерінде Т.Тәжібаев 1944 жылы
27 қазанда сол кездегі үкімет басшысы Дінмұхамед Қонаевқа барып, министрлік штатын (12 адамдық) бекіту туралы ұсыныс түсіріп, жүзеге асырғаны хатталған.
Осы лауазымында Төлеген Тәжібайұлы ерекше көзге түсті. Республика тарихына енетін бір оқиға: 1944 жылы 17 маусымда Алматыға алғаш рет АҚШ-тың вице-президенті Генри Уоллес келеді. Оның қасында Мексиканың кеңес одағындағы елшісі Луис Кинтанилья дель Валье және басқа да шетелдік ресми қонақтар болады. Делегацияны күтіп алу мен Қазақстанды таныстыру жұмыстары халықаралық хаттамаға сай жоғары деңгейде ұйымдастырылады. Қазақ республикасы тарапынан оларды үкімет басшысы Нұртас Оңдасынов пен басқа да халық комиссариаты мүшелері, сондай-ақ КСРО Сыртқы істер министрлігінің Қазақстандағы өкілі Ғаббас Әміров күтіп алады. Осы кездесуге академик Қаныш Сәтбаевтың қатысқанын атап өту керек. Кездесу негізінен мәдени-ағарту саласында ақпарат алмасумен ғана шектеледі.
Төлеген Тәжібайұлы Сыртқы істер министрі кезеңінде Монғолия, Қытай, Ауғанстан, Үндістан, Иран мемлекеттерімен мәдени-ағарту байланыстарды жүйелі жолға қойды. Осы елдерде тұрып жатқан қандастарымыздың өмірі, саны туралы құнды ақпарат жинады. Сондай-ақ осы елдерден бүгінгі тілмен айтқанда инвестиция тарту жұмыстарын іске асырды.
Тағы бір айрықша факт: Төлеген Тәжібаев – адамзат тарихында ерекше орны бар 1945 жылы Потсдам конференциясына қатысқан тұлға. Осы конференцияға дайындық пен қатысу барысында соғыстан кейінгі Германия тағдыры туралы КСРО мен Батыс мемлекеттері өткізген секцияда білікті маман-сарапшы ретінде көріне білді.
Қайраткер әр жылдары (1950, 1955, 1956) КСРО делегация құрамында БҰҰ жиындарына қатысты. Ол Бас ассамблеяның қамқоршылық комитетінің төрағасы болып сайланып, дамушы елдердің саясатын қорғауда аса табандылық танытты. Сонымен бірге ол Қазақстан Республикасы атынан БҰҰ өкілі ретінде де қызмет атқарды. Т.Тәжібаев министр ретінде Қытай Халық Республикасымен халықаралық байланысты жандандырып, бейбіт саясат орнатуға сіңірген еңбегі – өз алдына бір тақырып.
Төлеген Тәжібайұлы – біртуар қайраткер Нәзір Төреқұловтан кейін қазақтан шыққан төтенше және өкілетті елші лауазымындағы саяси тұлға. Ол Үндістанда елшілік қызметте жүргенде КСРО мен Үнді мемлекеті арасындағы мәдени-экономикалық және саяси байланыстар қарқындап дамыды. Қайраткер 1958 жылы үнді-кеңес мәдени орталығын құрды. Орталық екі ел арасында мәдениет пен білім саласындағы ықпалдастықты жақтады. Әртүрлі деңгейде маңызды мәдени іс-шаралар ұйымдастырды. Дипломаттың тікелей бастамасымен 1960 жылы бір топ үнді әйелі Мәскеуге келіп, Үндістан мен КСРО-ның бейбітшілік жолындағы қарым-қатынасына атсалысып қайтады. Осы сапарында үндінің белгілі публицисі үлкен мақала жазып, Т.Тәжібаевты «елінің тамаша патриоты, нағыз қарапайымдылық пен кісіліктің үлгісі» деп сипаттайды.
Қайраткер қысқа өмірінің соңына дейін ғылымнан қол үзбей, «Жалпы психология» атты қазақша алғашқы салалық оқулық, «Абай Құнанбаев жастарды тәрбиелеу туралы», «Философские, психологические и педагогические взгляды Абая Кунанбаева», «Просвещение и школы Казахстана во второй половине ХІХ века», «Педагогическая мысль в Казахстане во второй половине ХІХ века» атты зерттеу кітаптарын жазып кетті.
Төлеген Тәжібаев қай қызметте жүрсе де елінің мүддесін бірінші кезекте қорғады. Халықаралық саясатта бейбітшілік пен қарусыздандыруды насихаттау қағидатын берік ұстанды. Оның есімі Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Нұртас Оңдасынов, Ермұхан Бекмаханов секілді ұлтымыздың көрнекті тұлғалары қатарында айтылады.
Президент Қ.К.Тоқаев киелі Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда: «Отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс» деп атап көрсеткені мәлім. Ойлана қарасақ, қиын да күрделі кеңес заманында өмір сүріп, қызмет еткен министр, академик, дипломат Төлеген Тәжібайұлының болмыс-бітімінен осындай айрықша өнегелі қасиет аңғарыла түседі.
Биыл туғанына 115 жыл толуына орай тарихи елшіл қайраткердің еңбегін елімізде және шетелде лайықты насихаттау, мұрасын халықаралық білім мен ғылым бағытында жаңаша зерттеу, деректі және көркем фильмдер шығару – маңызды міндет деп санаймыз.
Зұлфухар Ғайыпов,
Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы
Басқару институтының директоры,
Ұлттық құрылтай мүшесі