Жәдігер • 31 Қаңтар, 2025

Танымал отбасының сыйы

43 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қыш құман қазақ халқының көне дәуірден келе жатқан асханалық ыдыстар тобына жатады. Сұйық тағамды (сусындар, сүт, т.б.) тасымалдау және сақтауға арналған қыш ыдыс бүгінде «Анаға құрмет» музейінің «Ыдыстар эволюциясы» экспозициясында көрмеге қойылған.

Танымал отбасының сыйы

Қыш құманды музей қорына қазақ кино және театр саласында ерекше қолтаңбасын қалдырған танымал өнер тұлғасы Әмина Өмірзақованың отбасы (немерелері) табыстаған. Бүгінде музейдің қосымша қорына тұрақты сақтауға алынған жәдігер Әмина апамызға кезінде сыйға тартылған көрінеді. Ал қыш ыдыстың өзі Сырдария өңіріндегі ортағасырлық Сауран қаласынан табылған деседі.

Бүйірі шар тәріздес көне бұйым­ның су ағар мойыны бүйі­рінен шығарылған. Ал ыдыстың қақ ортасынан қиғаш шыққан тұтқа суағар мойнына барып жалғасады. Құман ернеуінің диаметрі – 2,8 см, тұтқасына дейінгі биіктігі – 18,5 см, түбінің диаметрі – 8,1 см, шар тәріздес бүйірінің диаметрі – 13,2 см және иығына дейінгі жалпы биіктігі – 12,3 см. Бүйірінен жоғары қарай айнала өсімдік стилінде қызыл-қоңыр түсті ангобпен өрнек түскен. Бірқатар өрнек арабша жазуға да келеді.

Қыш құманның тарихи-археологиялық параллельдері еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі ортағасырлық ескерткіштерде кездеседі. Мысалы, Е.И.Агеева мен Г.И.Пацевичтің зерттеулерінде осыған ұқсас құмандар табылған. Алайда бүйіріндегі өрнектері сызық түрінде түскен. Авторлар қыш құман тарихын VIII–X ғасырлармен безбендеп, қарлұқ кезеңіне жатқызады.

Т.Н.Сенигова зерттеулерінде ежелгі Тараз қаласынан да осы­ған ұқсас құмандар анық­талған. Алайда тараздық құмандардың ернеулері үлкен болуымен ерекше­ленеді. Т.Н.Сенигова құман­дарды VIII–XI ғасырларға тиесілі дейді.

Е.А.Смағұловтың Қаратөбе (ежелгі Сауран) қаласындағы зерттеулерінде біздің қарасты­рып отырған құманға ұқсас ыдыс­тар табылған. Ғалымның зерттеулерінде қарастырылған құманның өлшемі біздің зерттеп отырған құманға өте жақын. Сонымен қатар мұндай құманды мұсылман қауым­ның діни ғұ­рып­тық амалдарды орындау алдында жуынуға пайдалануы мүмкін деп көрсетеді. Алайда осы тектес құмандар Орта Азияда көп таралмағанын және пайдалану мақсаты тек жуынуға ғана емес, асханалық мақсат­та да қолданылға­­нын тілге тиек ете­ді.

Олай болса, «Ана­ға құрмет» му­­­зейінің экспозиция­сы­нан орын алған қыш құ­манды архео­ло­гиялық ұқсастықтары­мен сәйкес­тендіріп, алдын ала болжам бо­­йын­ша VIII–X ғасырларға мерзімдеуге бо­лады. Құманның өз заманында қандай мақсатта қолданылғанын қазір дөп басып айту қиын. Алайда ғалымдардың зерттеулерінде асханалық ыдыс немесе арнайы жуынатын құман ретінде пайдалануы мүмкін деген пікірлерге қарап әрі құманның арнайы шарықта өте сапалы жасалғанын ескере келе, орта ғасырдағы дәу­летті отбасының асханалық немесе тұрмыстық жағдайларында қолданған болуы мүмкін деп тұжырымдаймыз. Құманның бүйіріндегі жазудың араб графикасына () сәйкес екені байқалды. Араб тіліндегі аталған сөз – «білетіндер» немесе «біледі» деп аударылады. Де­генмен құ­ман­дағы жазу әлі де те­рең зерт­теуді қажет ететіні анық.

 

Балгүл ТІЛЕУБЕРГЕН,

«Анаға құрмет» музейінің экскурсия жетекшісі