03 Шілде, 2010

БІРЛІГІ ЖАРАСҚАН ЖҰРТЫМ БАР

561 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Кеше Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы Ғылыми-сараптық кеңес “Нұрсұлтан Назарбаев: бейбітшілік және қоғамдық келісім идеясы” және “Қазақстан халқы Ассамблеясы: тарихи очерк” кітаптарының тұсаукесерін өткізді. Аталған кітаптар Қазақстан халқы Ассамблеясының 15 жылдығына орай жарыққа шығып, елорда күні мерекесіне арналды. Ұжымдық монография ретінде жарыққа шыққан “Нұрсұлтан Назарбаев: бейбітшілік және қоғамдық келісім идеясы” кітабында Қазақстан Республикасының Президенті – ҚХА Төрағасының Ассамблея сессияларында (1995-2009 жж.) сөйлеген сөздері негізге алына отырып, бейбітшілік және қоғамдық келісім идея­сының қалыптасуы мен оның даму эво­люциясының әдістемесі баяндалған. Этнос­аралық қатынастар саласының жаңару-даму бағыттарына, қоғамдық келісімді қалыптастыру кезеңдеріне жан-жақты талдау жасалған ең­бектің тұсаукесеріне ҚХА жанындағы Ғылыми-сараптық кеңестің мүшелері, мемлекеттік органдар мен жоо ұстаздары, этномәдени бірлестіктер мен БАҚ өкілдері қатынасты. Тұсаукесерді ашқан ҚХА Төрағасының орынбасары –Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов алдымен монографияның авторлық ұжымымен көпшілікті таныстыра келіп, кітап­тың әрбір тарауындағы очерктерде Елбасының ел алдындағы ерекше еңбегі ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерделенгенін айтты. Қазақ еліндегі этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісінің идеясы мен оны нақты іске асыруға дейінгі жұмыстардың осы еңбекте ғалымдардың пайымдауларымен көрсетілгеніне тоқталып, сондықтан бұл еңбек­тің қоғамтанудағы маңызы зор деп бағалады. Қазақстан бір күнде көпэтносты мемлекет бола қойған жоқ, осы жол қалай қалыптасты, Қазақстандағы ұлттық келісімнің негізі – конфессияаралық диалог пен толеранттылық, мәдениетаралық диалог – жаңа қазақстандық азаматтықты қалыптастыру негізі, этнотілдік нысанды ой елегінен өткізу және жүзеге асыру, халықаралық-аймақтық еуразиялық ықпалдасу сынды еліміздің бүгінгісі мен келешегі үшін мағынасын жоймайтын мәселелер кеңінен зерттелінді, деді. Мұнан соң еңбек жайында кітап авторлары өз ойларымен бөлісті. Философия ғылым­да­рының докторы, профессор Владимир Ко­ченов: “Бернард Шоу бірде “Біз құстар тәрізді ұшуды үйрендік, балықтардай тереңге жүзе де аламыз, ал енді адамша жер бетінде өмір сүруді үйренгеніміз жөн”, деген. Шынында да жер бетінде нағыз адамша өмір сүру жайы талай философтардың, қоғам, әлеуметтанушылардың бас қатыратын мәселесіне айналып келеді. Адамша өмір сүру дегеніміздің өзі бір-бірімен ұғынысуда жатқандай, ал біздің еліміздегі бүгінгі түсіністік мемлекетіміздің басты байлы­ғы болып табылады”, – деді. Кітап қосымшасында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХV сессиясы материалдары, этносаралық толеранттылықтың отандық үлгі­сі­нің тізбесі көрсетілген, сондай-ақ Қазақ­стан­ның Ел бірлігі доктринасы жарыққа шыққан екен. Аталған кітапта шетелдік қоғам қайраткер­лері мен ғалымдардың Қазақстандағы ұлттық саясаттың даму үдерісіне, этносаралық толе­рант­тылық пен қоғамдық келісім үлгісіне қа­тыс­ты айтқан ой-толғамдары мен түсінік­темелері берілген. Түсініктемеде қазақстандық үлгіні қалыптастырудағы басты қозғаушы күш ретінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі ерекше аталған. Ал “Қазақстан халқы Ассамблеясы: тарихи очерк” кітабы қазіргі заманғы көптілді Қазақ­станның қалыптасу тарихын тұжырымдамалық тұрғыдан қарастырған алғашқы еңбектердің бірі болып табылады. Очерк қазіргі Қазақстанның саяси және азаматтық тірегі – қазақстандық толеранттылықтың дүниеге келуінің күрделі және көпқырлы үдерісіне тарихи тұрғыдан баға беруге тырысқан. Кітап авторлары мұрағат құжаттары мен өзге деректерді зерттей отырып, Қазақстан неліктен көпэтносты азаматтар еліне айналғанын зерделеп, этносаралық келісімнің айрықша үлгісінің қалыптасу үрдісі туралы сыр шертеді. Аталған еңбектің құндылығы – барлық оқиғалар тарихи тұрғыда бағаланған, ұлттық бірлік пен ұйысудың елдікті нығайту­дағы рөлі ашып көрсетілген. Кітапта Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы мен іс-қимылы жан-жақты көрсетіліп, біртұтас Қазақстан халқын құраған барлық этностардың мүдделерін жүзеге асыру жолдары айқындалған. Ассамблеяның даму тарихы – нақты стратегия мен мәселелерді шешу жол­да­рын іздеуден тұрады деген тұсаукесерге қаты­сушылар Қазақстан Республикасының Прези­денті Н. Назарбаев жүргізген сауатты ұлттық саясаттың нәтижесінде тәуелсіздік алған жыл­да­ры еліміз жүріп өткен этносаралық толерант­тылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі әлі де талай зерттеудің нысаны болады деген ұйғарымға тоқтасты. Бүгінгі таңда Қа­зақстанда еліміздің әрбір азаматының нәтижелі еңбек етіп, сындарлы дамуына барлық жағ­дай­лар қарастырылған. Қазақстанның этносаралық қатынастар саласындағы оң тәжірибесі әлемдік қоғамдастық тарапынан мойындалып, ХХІ ғасырдағы ұлттық саясаттың төл үлгісіне айналып отыр, деді тұсаукесерге қатысушылар. Шара аяқталарда ҚХА кеңесінің үндеуі жария етілді. Онда: “Біз барлық қоғамдық күштерді бейбітшілік пен ауызбіршілікті бағалауға, татулықта тұрмыс кешіп, айтылған әрбір сөз бен атқарылған іске жауапты болуға, Қазақстан халқының басты құндылығы–бейбітсүйгіштік, төзімділік пен өзара қолдау қасиеттеріне ұқыпты қарауға шақырамыз. Біз Қазақстан халқын Ұлт Көшбасшысы, бейбіт­шілік пен қоғамдық келісім кепілі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жанына ұйысуға шақырамыз” делінген. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.