Баршаға аян, Нұрағаңмен бір әке-шешенің тәрбиесін көрген бауырлары – өзінен кейінгі інісі, бүгінде марқұм Сатыбалды, одан соң қарындасы Әнипа мен кенже інісі Болат. “Тар қолтықтан оқ тисе, тартып алар қарындас” деген, Елбасының анасынан кейінгі тілеулес, тілеуқор ең жақын адамдарының бірі Әнипа ӘБІШҚЫЗЫ бауыры жайында көпшілік біле бермейтін қызықты естеліктерімен қарындас көңілімен бөліскен еді.
– Әнипа Әбішқызы, Нұраға он жасқа толғанда дүниеге келіп, ол кісі мектеп бітіріп кеткенде жеті жаста екенсіз. Жеті жастағы баланың есінде де талай нәрсе қалса керек, балалық шағыңыздағы ағаңыздың бейнесін көз алдыңызға әкеліп көріңізші.
– Мен бес жасқа келгенде, аға 15-те ғой, сонда әкем қазір Болат інім тұрып жатқан аулаға кірпіштен үй соқты. Ол кезде ұйымшылдық керемет. Ауылдың балалары, ағаның жолдастары, кластастары орысы бар, қазағы бар жиналып келіп, арықтағы суды тоғандап, топыраққа шелекпен су тасып, сабан шашып араластырып, лайды жалаңаяқ таптап, ағаш қалыппен есіктің алдына кірпіш құйды. 3-4 күннен соң кепсін деп бір-біріне әлкестіріп, шошайтып жинап, үй тұрғызғандары бар. Тағы бір есімде қалғаны, ылғи орыстың қыздары келіп, ағадан сабақ сұрайтын. Аға ерінбей отырып түсіндіріп жататын.
Шешеміздің ісмерлігі сонша, күртеше, костюмге дейін тігетін. Аға соларды киіп, аяғында хром етік, жейдесінің жалпақ жағасын костюмінің сыртынан жіберіп қоятын. Мен мектепке барғанда аға 10-шы класты бітіріп, Теміртауға кетті де, тек жылына бір рет жазда келетін. Шамамен екінші класты бітірген көктемгі каникул кезі ғой деймін, үйдің жанындағы аласа жоталар дегдігенмен, жер аяғы кебе қоймаған. Күніге ұлдармен екі таяқтың ұшын үшкірлеп, төрт бұрыштап шұңқыр қазып, шілік ойнаймыз. Бірде ойнап жүргенмін, біреу “Әнипа” деп дауыстады. Артыма қарасам, аға досымен келе жатыр. Ойынды тастай салып, жүгіріп алдынан шықтым. Құшақтап бетімнен сүйді де, қолымнан ұстап: “Әнипа, есіңде болсын, шілікті қыз бала ойнамайды, бұл ұлдардың ойыны”, деді. Міне, сол сөзден кейін шілікті де, асық ойнауды да қойғаным бар. Ал 5-ші класты бітіргенде Украинадан аяғыма тәпішке, ақ жағасы бар алжапқышымен форма әкеліп берді. Сондағы қуанғанымды айтпаңыз. Өйткені, бірінші рет дүкеннен сатып алған форма кидім. Оған дейін апам қолдан қоңыр, қара саржадан форма, сәтеннен алжапқыш тігіп беретін.
Біздің бала кезімізде оқу бітіргендердің дені жан-жаққа кететін. Ол кездегі жастар өжет еді ғой. Білімнің соңынан қай жақ болса да барып, қолы жеткен оқуларына түсуге тырысатын. “Пәленше Ригадан келіпті” десе, соны қызық көреміз. Ал Риганың қайда екенін білмейміз, әйтеуір жердің түбі, алыс шығар деп ойлаймыз. Қалай дегенде де, ауылдың баласының шет жаққа барып оқығаны киген киімінен, сөйлеген сөзінен, өздерін ұстағандарынан білініп тұратын. Өз қатарларына қарағанда бір саты биік, ана жақтағы көргендері мен ауылдағы өмірді салыстырып айтып отырғанда ойын баласы болсақ та құлағымыз түрік жүретін. Шынында да, басқа елдің жерін, табиғатын, мәдениетін, дәстүрін көрген балалар өзгеше еді. Соны біз мақтан тұтатынбыз. Аға келгенде мен де қасынан шықпай, қолынан ұстап қыдырғым кеп, ал амандаса келген үлкен кісілердің балаларының басынан сипай қалса, соны қызғанатынмын. Мен ойлаймын, үлкенге, бауырға деген балалық сезім сол шығар деп.
Зады, көп балалы отбасындағы бір үйде қатар өскен үйелмелі-сүйелмелі балалардың ұйымшылдығы білініп тұрады. Ал біздің отбасында ата-анамыз ағаны кеш көрген соң, арамыз алшақ – менімен – 10, Сатыбалдымен – 7, Болатпен арасы – 13 жас. Сөйтіп, ол кісі ертерек есейіп, ұядан ұшып кеткендіктен, тек кішкене кезімізді ғана білді, ал жетіліп өстік пе, жетпей өстік пе, біздің өмірге деген талпынысымыз қандай болды, ол жағы ағаға беймәлімдеу шығар. Ал ағаның кезінде әке-шешеміз жас болды.
Бір қызығы, ағада жас балалардағыдай өзіне тән бір керемет сәби иісі болатын. Сатыбалды марқұм: “Мың кісінің ішінен ағаңды тап десе, бас киімін иіскеп табар едім”, деп айтатын. Мектепте оқып жүргенде Украинадан демалысқа келіп, кететін күні таңертең анам: “Әнипа мектепке кетіп бара жатыр, ол келгенше сен кетіп қаласың ғой”, деген соң, келіп қоштасып, бетімнен сүйіп иіскегенде, сол жұпар иісі мұрнымды жаратын. Шынында да, сол бір хош иісі өзімен бірге жаратылған ғой деймін. Ағаның да, менің де құлағымызда ен сияқты ине өтетіндей тесігіміз бар (көрсетіп еді, шынында да солай). Ал желке жағындағыдай қал немерем Ақеркеде бар.
– Теміртау – Нұрағаңның нағыз бозбалалық, жігіттік, сақалық жастық шағына куә қала ғой. Сол жылдары іргесін бекітіп, шаңырағын орнықтырған, тіршілік талқысында ысылған, қоғамдық ортада берік орын теуіп танылған, өмір шыңына көтерілген алтын баспалдағы болған қаладан аттап өткеніміз болмас. Нұрағаң Теміртауда біраз жыл аялдады. Ендеше, болат қаламен сіздердің байланыстарыңыз қалай болды, қанша рет жолдарыңыз түсті?
– 1961 жылы, онда мен 11 жастамын, алғаш Теміртауға әке-шешем, Болат төртеуміз бардық. Аға ол кезде үйленген жоқ, жаңа жатақханада тұратын. Қазақстан Магниткасына жолдамамен келген комсомол-жастар бригадасында жұмыс істейтін – Сатыбалды Ибрагимов, Ғабидолла, Төкен Сүлейменов, Алтай ма, Асқар ма, әйтеуір төрт жігіт бірге жатты. Біз төртеу болып бардық та, ағаның қасындағы жігіттер орын босатып, өздері басқа бөлмедегі балалармен жатып жүрді. Сондағы темір төсектері әлі есімде. Әкемнің ондағы барған шаруасы баласының қандай жұмыс істейтінін өз көзімен көріп қайту еді. Ертесіне-ақ әкем шыдамай, ағамен бірге жұмысқа кетіп, бір ауысым қасында тұрып, бәрін байқаған ғой. Басында киіз қалпақ, қолына көсеу ұстап от көсеген баласын көргенде, ойы неше саққа жүгірген. Пештің ішкі жағының температурасы 2000 градусқа жетіп, от ұшқындары жарқылдап жарқ-жұрқ етіп бет қаратпаған жалыннан өзі де қорыққан. Ал шойын ағызу басталғанда, тіпті, есі шыққан. Баласының үстінен тер шүмектеп ағып, шойынның лебінен жүзі алаулап, қызарып кеткен. Әсіресе, балқып жатқан болатты көргенде: “Ойбай, балам-ау, түнгі ауысымда қалғып кетіп, мына оттың ішіне түсіп кетсең, сені қайдан табамыз. Бүйткен жұмысың құрысын, таста. Мұндай ауыр да қауіпті жұмыстың керегі не саған?” деп кемсеңдеп жылағаны есімде. Аға болса күліп: “Бұл жұмысты өзім қаладым емес пе, жоқ, тастай алмаймын. Оның үстіне “қазақтардың қолынан қой баққаннан басқа келмейді” деп ойлайды, соны да дәлелдеуім керек. Аға, қорықпаңыз, құламаймын да, ұйықтамаймын да”, деп айтқаны бар.
Онан кейін Теміртауға бірнеше рет бардық. Екінші рет аға бізді Сара тәтемен таныстыратын болып, шешеймен бірге мен бардым. Онда Жандосов ауылындағы Намазбаев деген кісілер Теміртауда тұратын, сол кісінің үйіне түстік. Сөйтіп, тәтені таныстыруға әкелді. Ол кезде тәте де жас, орысша оқыған, қаланың қызы, танысуға кеудесі ашық, жолақ түсті, төменгі жағында үлкен екі қалтасы, үлкен түймелері бар кимоно көйлек киіп келді. Ауылда тұрып ондай ашық-шашық көйлекті көрмеген шешем жақтырыңқырамай, аздап наразылығын баласына білдірді. Содан ертесіне әкей самолетпен ұшып келді де: “Әлжан-ау, баланың бетінен қақпа, сен бір күнге келесің де кетесің. Келінмен сен тұрмайсың ғой, өзі таңдап, қалаған екен, бақытты болсын, батамызды берейік”, – деді. Содан ертесіне Алпыс құданың үйіне бұрынғының жөн-жоралғысымен құда түсіп барды.
Содан үйлену тойы болды. Қазақстан Магниткасы құрылғалы алғашқы үйленген жастар болғандықтан, комсомол тойын жасап, аға мен тәтеге екі бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті. Тойда тәтенің ата-анасы, аға-жеңгесі, туған-туыстары, ал біз жақтан үшеуіміз ғана болдық. Есімде қалғаны той “Комсомолец” дәмханасында өтті. Комсомолдық той болған соң тәте қысқа көйлекпен басына фата киіп отырды. Шешем келіні басына орамал салғанын қаласа, тәте салғысы келмеді. Тәтемнің Тұрсын деген жеңгесі қазір де бар: “Саражан, ұят болады, анау үлкен кісілер отыр, орамал сал”, деп жеп-жеңіл орамалды басына салса, ұмыттырып барып, ақырын иығына түсіріп қояды. Ол кезде тәте жап-жас, әдемі, көз алмай қызығып қараймын. Шаш түйген мода, оған кейін шешем күлетін “бір бастан бір бас шығарған” деп.
Ағалар үйленген соң да әке-шешеміз жиі барып тұрды. Сатыбалды 8-ші класты Теміртауда оқыды. Тәтенің Дариғаға аяғы ауыр кезінде Сатыбалдының аға екеуімен түскен суреті де бар. Мен де 9 кластың қысқы каникулында Теміртауда оншақты күн болып қайттым. Әкей қыста соғым апарса, күзде картошкасын мөшекке салып, пойызға отырып, ертесіне қайтып келетін. Жазда өзі өсіретін алма бағынан бізден тығып, құрты жоқ, апорттың әдемісін таңдап, посылканы көп салды. Қысқа дейін әкем үйде алма сақтайтындықтан, немерелеріне жаңа жылға қарсы тағы жіберетін. Тәтенің де ата-анасы бақуатты тұрды. Ол кісілер де соғымдарын сойып, жастарға көмектесіп тұрды.
Бір жылдан кейін алғашқы немерелері Дариға туғанда, әкей мен шешейдің қуанғанын айтпаңыз. Қуанышты хабарды естісімен немересіне жолда алып жүргенге ыңғайлы болсын деп, атасы ағашты иіп, қолдан кішкене ғана бесік жасады. Шешей: “Самолетпен әкелеміз ғой” десе көнбей: “Сендер самолеттің ішінде баланың жаялығын ашып құрғатқанда, суық тигізіп аласыңдар. Бесікке бөлеп әкелсек, тап-таза болып жатады, әрі ешкім бетін көрмейді” деп, ақыры болмай шешеме жабдықтарын тіккізді. Сөйтіп, Дариғаны бесікке бөлеп, самолетпен әкеліп, қырқынан Шамалғанда шығарды. Оған қоса келінін қалжалап, сорпалап, моншаға түсіріп, әкемнің шекпенін кигізіп, шілде терін шығарды. Жаздың күні онсыз да ыстық, тәте кимеймін десе: “Жоқ, киесің, терлемесең, шілде терің шықпаса, мына бетіңдегі ноқтаң қалып қалады” деп оған қоса емшек сүтімен сүрткізіп жататын. “Сорпа ішпеймін” десе: “Жоқ, ішесің, ішіңдегі желің кетеді. Буын-буының, тісіңнің түбі бекіген жоқ, аузыңды жауып жүр, жел кірмесін”, деп көрген-білгенін жасап, келінін де күтті. Сол кезде Сара тәтенің сессиясы басталатын болды ма, әйтеуір қырқынан шығарған соң, баланы алып қалды. Ал тәте: “Қалай болады екен, тым кішкентай ғой”, деп Дариғаны қимай жылағаны есімде. Сөйтіп, ай сайын Дариғаны суретке түсіріп, поштамен жіберіп отырдық. Дариғаның бір жасында плюш пальтомен қаз тұрған суреті болатын. Содан немерелері 1-ші класты бітіргенше ауылда атасы мен апасының қасында жүрді. Дариға өте жақсы оқыды, тәте болса: “Ата, сіз барып мұғалімдерге айтып немереңізге “бес” қойдырып жүрсіз”, деп сенбейтін. Кейін Дариға жақсы оқитынын дәлелдеді. Әрине, немеренің алды болған соң өте еркелетіп өсірді. Қарағандыға барған соң аға мен тәтенің тәрбиесіне шыдамай Дариға хат жазатын көрінеді. “Апа, мыналар мені бұрышқа тұрғызды, көп жұмсай береді...” деп. Содан шешем қолындағы Болаттың келіншегі Гүлжанға хат жаздырады. “Сұлтан, Сара. Менің баламды неге жұмсайсыңдар...” деген сияқты ұрсып, соңынан “айтқан Әлжан, жазған Гүлжан” деп, өзі апарып поштаға салатын көрінеді. Анам айтатын: “Бәріңнің бір-бір балаларыңды бағып беремін, ал екіншілерін өздерің үшін туыңдар” деп. Алла тағала ниетін қабыл алып, ағаның Дариғасын, Сатыбалдының Қайратын, менен Эльмираны, Болаттан Гүлмираны қойнына салып, бағып берді.
– Баяғыда жаугершілік заманда бір әйел жаны олжа болып, соншама қырғыннан аман қалады. Жалма-жан тұрып, жақындарын іздей бастағанда, оқ тиіп ыңыранып жатқан күйеуін, босағада жылап отырған баласын, үй айнала бере жараланған бауырын көреді. Қайта шапқан жау жаман деген, бір кезде қыр астынан атойлап шауып келе жатқан жаудың дауысын естиді. Әйел амал іздеп, жан-жағына қараса, осқырынып ауыздықпен алысып тұрған ерттеулі атты байқайды. Ең болмаса біреуін артыма мінгестіріп әкетсем, аман қалар деген ой келеді. Бірақ, қайсысын – үшеуі де қимайтын ет жақындары. Уақыт аз, қалайда бір шешімге келуі керек. Сонда “Алла тағала өмір берсе бай табылар, бала да берер, ал бірге туған, артымнан іздеп-сұрайтын бауырды қайдан табармын” деп шырылдап жатқан баласына, қиылып қараған күйеуіне қарамай, бауырын қолынан тартып мінгестіріп, шаба жөнелген екен. Басқа халықты білмеймін, қазақтың әйелдері өте бауырмал. Оны өмір көрсетіп те жүр. Әнипа тәте, өзіңіз де біраз жасқа келдіңіз, талай өмірді көрген ана, әжесіз. Ендеше, қарындас ретінде ағаңыз жайында бүгін не айтар едіңіз. Сіздің көзіңізбен ол кісі қандай адам?
– Дүниеге аяқ-қолың бүтін, дені-қарның сау болып туғаның үшін, алдымен Аллаға шүкіршілік ету, екіншіден, “тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмай”, кемтар етіп өсірмей, дұрыс тәрбие беріп, осындай дәрежеге жеткізген ата-анаға рахмет айтуымыз керек шығар. Бір отбасындағы баланың бәрінің бірдей болуы мүмкін емес. Әр адамның тағдыры әртүрлі болатыны секілді, отбасындағы әр баланікі де әр қалай. Мен ойлаймын, аға біздің арамызда Алланың нұры жауған, Жаратқанның шын сүйген құлы. Сондықтан да, жаратылысы ерекше жаралған жан. Ол кісіден үйренетін қасиеттер көп: адамгершілігі, ұстамдылығы, шешендігі, көсемдігі, энциклопедиялық білімі, т.б. қасиеттері толып жатыр. Ең бастысы, көп оқығаны өз алдына, соны тоқып, терең ұғынып, өзін жан-жақты дамыта, өзін-өзі тәрбиелей білген адам. Кейде теледидардан көзінің алды ісініп, шаршап жүргені білініп тұрады, кейде аудиторияда сөйлеген кезде көзі отша жанып, жалындап, жігерленіп кетеді. Сөйлегенде де қарапайым, түсінікті тілмен, әрі дәлелді, зердеңе қонатындай етіп жеткізеді. Ал ондай адам кемде-кем шығар.
Аға мен тәтеге ата-анамыз қайтыс болғаннан кейін әке орнына – әке, шеше орнына – шеше, аға орнына аға болуға тура келді. Бұғанға дейін әрқайсымыз әр түрлі талаппен жүрдік те, жолдарымыз әртүрлі болды. Құдайға тәубе, жаман жолға түспедік, қатардан кем қалмадық. Бірінші Алланың, екінші халықтың қолдау-сенімімен аға Президент болып сайланды. Біздің ағаны меншіктеуге қақымыз жоқ. Аға халықтың, елдің адамы. Артында жалғыз қазақ емес, қаншама ұлт тұр. Ал бірге туған бауырлары үшін ол кісі – мақтаныш, мерей, мият.
Мәскеулік телеарнадан келіп, ағаның 70 жылдық мерейжасына орай 40 минөттік фильм түсіріп жатыр едік деп, сұхбат алды. Сонда: “Сіз бауырыңызды жақсы көресіз бе?” деп, сондай да сауал қойды. “Қандай адам бауырын жек көреді” деп көңілім босасын. Адам туысты таңдамайды, оны Алла тағала бермей ме? Сондықтан Болатқа: “Қандай болмасын дүниеге бауыр екі оралып келмейді” дегенім бар. Алла тағала маңдайыма үш бауыр жазыпты, оларға да мен сияқты, жақсы, жаман болайын, біріне қарындас, біріне әпке берді. Ол кісілер мені, мен ол кісілерді таңдамадым. Ал осындай аға, осындай бауыр – бізге құдайдың берген сыйы.
– Үлкен кісілер баласының атқа мінгенін, қызығын көре алды ма?
– 1971 жылы әкей қайтыс болғанда аға қалалық партия комитетінде, 1977 жылы шешей қайтқанда Қарағандыда партияда екінші хатшы еді. Шешейді аға Қарағандыдағы дәрігерден дәрігер қоймай қаратқанымен, жазылмайтын дерт болған соң, ұшақпен ауылға әкелдік. Көктемде қайтыс болды. Дегенмен, анамыз баласының қызығының шет жағасын көрді. Аға жаңадан көтеріліп, съездерге делегат болып жүргенде газеттегі фамилиясының астын сыздыртып қоятын. Сосын көршілерін шақырып, “Сұлтаным газетке шығыпты” деп, шай беретін. Ол кезде делегаттардың суретін газетке жариялайды, жыпырлаған адамның ішінен ағаны айнытпай табатынбыз. Ал баласына барса, шамаданын толтырып артынып-тартынып келеді. Сұлтанымның арқасы деп, ол кезде жұрттың бәрінің қолы жете бермейтін қытайдың жеңіл тонын жарқыратып киіп шығатын.
– Анаңыз баласы Нұрағаң жайында не айтатын еді? Кейде ата-аналар да балаларын бағалап, бір-бірімен салыстырып жататын еді ғой...
– Ағаның біздің отбасында орны ерекше бөлек-тін. Өйткені, оңды-солдарын танып, бірнеше жыл отасып, зарығып жүріп көрген перзенттері болған соң да әкеміздің де, анамыздың жандары сол баласының үстінде еді. Өзектері талып зорға жеткендегі балалары олардың аналық, әкелік сана-сезімдерін оятты. Бір өкініштісі, соншама бейнет көріп, жылап-сықтап, Райымбек бабаның басына барып құлшылық етіп, Алладан жалбарынып сұрап, ата-анасының соншалықты сүйіспеншілігінен жаралған балаларының осындай дәрежеге жеткенін бір күн болса да, бір сағат болса да көре алмай арманда кетуі. Бұл жақсылықты тәтенің анасы көріп кетті. Оған да шүкіршілік.
– Әнипа Әбішқызы, Президенттің қарындасы болу оңай ма? Бір жағынан ол да мәртебе емес пе?..
– Президенттің қарындасы болу – бір жағынан, мақтаныш, екіншіден, жауапкершілік, басқа жақтары да бар. Туған қарындасы, бауырына қарап, ағаға да баға беріп жатады. Мен ойлаймын, адамның өзіне бір ұстамдылық керек. Мәртебесі өз алдына, бірнеше миллиондаған халықтың ішінен біздің отбасына назары ауып отырғаны, тағы да айтамын, алдымен Алла тағаланың ісі. Екіншіден, мәңгілік адам жоқ, мәңгілік Президент жоқ. Егер ағамыз осындай адам деп, жұртты менсінбей, біреудің есігін теуіп ашып, дөрекі сөйлесек, онда біздің кім болғанымыз, адамгершілігіміз қайда? Ең бастысы – Президент біз емес, аға ғой. Президенттің отбасы – ол кісінің зайыбы, балалары, немерелері. Біз туыстары, ол кісіге жақын ғана адамдармыз. Бізді қара шал мен қара кемпірден жаралып, бір құрсақта жатып, бір емшекті емген, бір нанды бөліп жеген, бір тәрбиені көрген, сол отбасынан шыққан деп ағаның құрметіне сыйлауы мүмкін. Ондай сыйға рахмет. Біздің бар міндетіміз – ұятқа, сөзге қалдырмай, ертең ағаның бетіне біз де тура қарауымыз керек. Одан басқа бізде ешқандай мақсат жоқ. Ал маңдайыңа жазылған өмірді адам сияқты дұрыс сүру – әр адамның парызы.
Бұл жерде айта кетерім, ең бастысы, ата-анамыз бізге дұрыс тәрбие берді. Әкеміз айтатын: “Кеуделі, көкіректі болмаңдар, қашан өздеріңе өздерің келіп, бір нәрсеге қолдарын жеткенде барып, оның үстіне көрсететін және көрсетпейтін жері бар. Менменшіл болмаңдар”, дейтін. Болатты алып қараңыз, аңқылдаған, жүрегі ақ, адамға бір жаманшылық істейін деп ойламайды, қолынан келсе көмектесіп, қолұшын беріп жатқаны. Өзіміздің мінезімізге, істеген қылығымызға қарай Алла тағаланың да көзі түзу шығар деп ойлаймын. Өйткені, қарапайым халық не ішіп-жесе, біз соны ішіп-жеп жатырмыз. Олар жұмыс істесе, біз де жұмыс істеп жатырмыз. Біздікі де елдің жасап жатқан жұмысы. Олардан соншалықты артық тұрып, керемет болып жатқан жеріміз жоқ.
Егер менің бауырларымда болса, мен де сыртта қалмаймын. Бұл – өзімнің қағидам. Жоқтан гөрі, не нәрсенің болса да бары жақсы. Бауырдың болғаны жақсы. Қанша айтқанмен бір бүйрек тартып тұрады. Ал қыздың бауырмашылдығы ананың сүтімен беріледі. Алла тағала қыз баланы ер балаға қарағанда болашақ жар, ана, біреуге апа, біреуге қарындас, біреуге әже, жеңге, қайынсіңлі болатындай бауырмал қасиеттерімен табиғатында бірге жаратса керек.
– Ағаңызбен жиі кездесесіздер ме?
– Жиі, дамыл-дамыл кездесеміз деп айта алмаймын. Ол кісінің уақыты болғанда кездесіп, орайы келгенде өзі телефон соғып: “Не жағдай, денсаулығың қалай?” деп хабарласады. Тәте де телефон шалып, хал-жағдайымызды сұрап тұрады. Соған ризамыз. Кейде бір жағдай бола қалса да, ағаға айтпауға тырысамыз. Өйткені, ол кісінің бізсіз де шешетін мәселесі жетіп-артылады.
– Ал ағаңыздың бауырмалдығы қалай?
– Осыдан 4-5 жыл бұрын осы сөзді ағаның өзіне де айтқаным бар. Әкеміз қайтыс болғанда шешеміздің арқасында ол кісінің жоғы білінбеді. Ал анамыз қайтқанда мен – 26, Болат – 23, Сатыбалды – 30 жаста. Анамызды жер қойнына беріп, елдің бәрі тарқаған соң аға, тәте, Сатыбалды, Света, мен, Болат пен Гүлжан – төрт көзіміз түгел отырғанда айтқан сөзі әлі күнге есімде. “Бұл дүниеге адам болып келіп, өсіп, үйленіп, бала сүйдіңдер ме, енді ары қарай өз күндеріңді өздерің көрулерің, отбастарыңды өздерің арқалауларың керек. Сендерге материалдық көмек бермеймін, бірақ моральдық жағынан қашанда қолдаймын”, деді. “Енді сендерде әке де, шеше де жоқ, он екі мүшелерің сау, өмірге өздерің талпынып, тырмысыңдар” деп бізді қамшылағаны екен. Бұл сөзді негізінен інілеріне қаратып айтса керек. Өйткені, мені алты айдан кейін Қарағандыға көшіріп әкетті. Екі айдан кейін қызметі жоғарылап, Алматыға кетті. Ал мен сол қалғаннан 20 жылда осы жаққа әрең жеттім. Жұмысқа тұрып, жатақханадан бастап, ол кезде өкіметтің заңы қатал, бір бөлмелі пәтер алдым. Өмірде бос болмай, ел қатарлы тырысып өмір сүріп, бала сүйіп, оны оқытып жеткізуде, немере сүюде өз басыма ағаның сондағы айтқан сөзі үлкен сабақ болды. Сатыбалды көлік апатынан қайтыс болғанда, баласы Қайрат қатты жылап күйзелгенде аға: “Жылама, Қайрат, мен саған әке боламын”, деген еді. Аға сол сөзінде тұрып, әкелік парызын өтеді, жеңгеміз Света да, Қайрат та, Сатыбалдының аруағы да риза.
– Жақсы жеңге де шешенің орнын алмастырып жатады емес пе? Жеңгелеріңізбен қалайсыз?
– Жеңгенің де жеңгесі болады. Сен біреудің тәрбиесі бөлек отбасына барасың. Соларға кірігіп, сол үйдің балаларына бас-көз болуың керек. Яғни, жеңге бола білуің де керек. Көре алатын жеңге, көре алмайтын жеңге деген бар. Жеңге жақсы болса, қайынсіңлі де жақсыға қарай тартылады. Кім өзін “айналайын қарағым” деп басынан сипап отырса, төсіне шауып теппейді ғой. Құдайға тәубе, екі жеңгеміз бар. Әрқайсысының өз орны, өз жөні бар. Адамның жаманы болмайды, өзің жақсы болып, тіл табыса, жақындаса білсең. Шешем: “Әй, қыз, тыныш кел де тыныш кет. Шыққан қыз шиден тысқары, бұл үйге келген келін – менің адамым” деп отыратын. Бет жыртысып ұрсысып, бірімізге біріміз жаман сөз айтқан жеріміз жоқ. Екі жеңгеме де рахмет, ағаларыма аналарынан кейінгі жақын адамдар солар. Ер-азаматтың атқа мініп жүргені үйіндегі берекеге, тілеуін тілейтін зайыбына да көп байланысты. Сол үшін Сара тәтеге рахмет. Света жеңгем Сатыбалдының атын да, түтінін де өшірмей, өзі болмаса да көзіндей артынан ерген екі ұлды жақсы тәрбиелеп, азамат етіп өсірді. Ол кісіге де алғысымыз шексіз. Құдай берген бір келінім бар. Болаттың үйіндегі Гүлжан бүгінде қарашаңырақта анамның орнында отыр. Салмақты, салиқалы, біртоға жан. Болаттың барына да, жоғына да шыдап, бүгінде 6-7 немере сүйіп отырған аяулы әже.
– Әнипа Әбішқызы, үш ұлдың ортасында бір тал қыз болып өсіпсіз, өзіңіз де ерке болған шығарсыз...
– Әкем екі көзінен айырылғанша 8-ші класқа дейін еркекшора болып өстім. Көбінесе әкемнің қасында жүргенімнің пайдасы көп тиді. Өйткені, Сатыбалды әскерге кетті. Болат апа-атасының қолында өсіп, біздің үйге көп қарамайтын. Шешей ауру, екеуінің ортасында жүремін. Біресе, малдың астын тазалайсың, шөбін саласың, суарасың, біресе есіктің алдының қарын күрейсің. Таңертең тұрып мектепке кетердің алдында шайын жасап, тамағын дайындап қоямын. Қыз баланың еркелігі тұрмысқа шыққанша ғой, одан ана, одан әже болдық. Енді балалар саған еркелейді.
– Өзіңіздің мамандығыңыз қандай? Қазір не істейсіз? Қанша немереңіз бар?
– Есепшімін, көпшілігінде есеп-қисап жағында жұмыс істедім. Қарағандыдағы кондитер фабрикасында, ет комбинатында, австрия-венгриялық өндіріс орнында қызмет істедім. Қазір кәсіпкермін. Бетіне қарап отырған Эльмирам мен Азаматым – заң қызметкерлері, олардан Ақерке, Азел, Алуа деген үш немерем өсіп келеді.
– Байқаймын, өзіңіз де қара жаяу емессіз. Екі тілге бірдейсіз. Кейде сөйлегенде шешен болып кетесіз... Осы қасиеттер кімнен дарыған?
– Ата-анамның екеуінен де көп үйрендім. Шешеміз адуынды кісі еді. Аздаған суырып салма ақындығы, әншілігі, әзіл-қалжыңға жақындығы бар. Содан да шығар, әкеміз шешеміздің айтқанын екі етпей істейтін. “Шешелерің айтса, дұрыс айтады” деп соны орындататын. Ауыл қариялары, әйелдері, ер-азаматтар болса да шешеміздің айтқан сөзінен аспайтын. Шешемсіз ауылдың бір тойы, не асы өтпеген. Өйткені, ол кісі сөз салса сөзін, жөн салса жөнін өткізетін, қолынан да, аузынан да келетін, өзін сыйлата да, кісіні сыйлай да білетін. “Ағаларың оқыса, ағаларың өссе, сендер де жерде қалмайсыңдар, сендерге де көмектеседі” деп отыратын жарықтық. Сол сөзі рас болды.
– Әнипа Әбішқызы, әркімнің маңдайына Нұрағаңдай бауырды жаза бермесі хақ. Меніңше, сіз бауырыңызды сағынбайтын шығарсыз. Өйткені, Нұрағаңды күнде теледидардан көріп, газет-журналдардан оқып тұрасыз ғой...
– Аға Қайратты бір көргенде: “Әнипаның жасы ұлғайған сайын анамнан аумай бара жатыр” деп айтыпты. Менің де аға мен тәтенің бір-біріне жарасымды қалжыңдарын, отыра қалып қосылып ән салғандарын естігенде, ата-анам көз алдыма келеді. Сұрағыңыз қызық екен, теледидардан көргенде амандығын көріп, “қыз тілеуі – Қыдыр тілеуі” дейді, тілеуін тілеймін. Болмаса қауышып, дидарын көріп, өткенді еске алып отырғанға не жетсін. Сағынбайсыз ба дейсіз, әрине, сағынамын. Сағынғанда қандай? Әсіресе, ағаның домбыра шертіп, қоңыр дауыспен ән салғанын, шын ниетімен ақ жарылатын жарқын күлкісін “ажарлы күлкі” деймін, сол күлкісін сағынамын...
– Бүгінгі мүмкіндікті пайдаланып, ағаңызға қандай тілек айтқан болар едіңіз?
– Бірінші байлық – денсаулық, Алла тағала ғұмырын ұзақ қылсын. Елім, халқым деп жарғақ құлағы жастыққа тимей, жастар өссе, Қазақстаным гүлденсе деген ниетін Алла тағала қабыл етсін. Бұл кісіні таныған, танымаған елі бар, орысы, қазағы, қаншама өзге ұлт бар, солардың ағаға деген көзқарастары, ниеттері түзу болса деймін. Бүтін бір ұлт, ел-жұрт бетіне қарап отырған соң алдына қойған мақсаттарына жетсін. Бас аман, бауыры бүтін болсын. Отбасында барлығы дұрыс болып, ол кісі де абзал әке, аяулы ата – балалары, немерелерінің қызығын, рақатын көруге жазсын. Ал біздің сыйлығымыз – ол кісінің атына кір келтірмей, дұрыс жүріп-тұрғанымыз. “Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар” деген, жағам жайлауда болып, тынысым тарылмасын...
– Әңгімеңізге үлкен рахмет.
Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.