Кеше еліміздің бас қаласында өтіп жатқан ІІІ Астаналық экономикалық форум шеңберінде “Мемлекеттік-жеке меншік әріптестігі – мемлекет пен бизнес әріптестігінің инновациялық тәсілі” тақырыбында мемлекеттік-жеке меншік әріптестігі орталықтарының конференциясы және “Мемлекеттік-жеке меншік әріптестігінің іс-тәжірибелік қырлары” тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Конференция жұмысына Франция, Корея, Жапония, Ресей Федерациясы, Польша, Түркия, Голландия, Германия сынды әлемнің 30-дан астам елінен мемлекеттік-жеке меншік әріптестігі орталықтарының, халықаралық қаржы институттарының, жеке сектордың және мемлекеттік құрылымдардың басшылары мен өкілдері қатысып, пікір алмаса келе МЖМӘ әлемдік институттарының Қауымдастығын құру жөнінде ұйғарым жасады.
Қазақстанның бұл бастамасына оң баға берген Францияның қаржы және экономика министрлігі МЖМӘ орталығының Бас хатшысы Франсуа Бержере, өз елінің МЖМӘ саласында әлемдік озық моделін қалыптастырғандығын баяндап берді. Бүгінгі күнге дейін Францияда 20 мыңнан астам концессиялық жоба іске асырылып жатыр. Германия қаржы министрлігінің МЖМӘ бөлімінің басшысы Берхард Мюллер өз баяндамасында әлемдік және неміс тәжірибесінің ғылыми-методологиялық қамтамасыз ету, жобаларды жоспарлау және іске асыру туралы ойларымен бөлісті.
Форум шеңберінде қоғамдық маңызды жобаларды іске асыруда біртұтас алаң ретінде қызмет ететін және мемлекеттік-жеке меншік әріптестігі саласында тәжірибе алмасып отыратын Халықаралық институттар қауымдастығын құру туралы резолюция қабылданды. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының заңнамасы шеңберінде әлемдік МЖМӘ орталығының офисін Астана қаласында ашу туралы шешім қабылданды.
Өз кезегінде, қауымдастық халықаралық іс-тәжірибеде мемлекеттік жеке меншік әріптестігін жүзеге асыру туралы мәліметті қатысушыларға жеткізіп отыруға, заңнама мен институционалдық негіздерді үйлестіру және мемлекеттік-жеке меншік әріптестігі жобаларын іске асыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу жұмыстарын жүргізіп отыруға міндеттенеді.
Құрылуы жоспарланған порталда қатысушы елдердің барлық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жобалары туралы ақпарат енгізіліп отыратын болады. Мұндай кең көлемді ақпарат көзі өз кезегінде МЖМӘ жобаларын қаржыландыруға ниет танытқан инвесторлар үшін де, жоба иелері үшін де тиімді болатыны дау тудырмаса керек. Сондай-ақ, жобалар бойынша ақпараттарды мемлекеттік органдар да, МЖМӘ мәселелерімен шұғылданатын маманданған ұйымдар да орналастыра алатын болады.
Әлемдік экономиканың дағдарыстан кейінгі кезеңінде орнықты дамуына ықпал ететін тетіктерді анықтау және пысықтау мақсатында форум бағдарламасы ғылыми және практикалық бағыттағы іс-шараларды да қоса қамтуды қолға алмақ.
Қауымдастық қызметі барлық мүшелерге тең дәрежеде құқықтар мен міндеттер қамтамасыз ете отырып, заңдылық, объективтілік, тәуелсіздік қағидаттарына негізделген түрде жүзеге асырылатын болады.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.