Қоғам •

Қай қалаларда нан қымбат?

3 мин
оқу үшін

Бірінші сұрыпты ұннан дайындалатын бидай нанының бағасы бір жыл ішінде 4,2%-ға өсті. Ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының орташа қымбаттауы 2,9% болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қай қалаларда нан қымбат?

Маусым айының соңғы аптасында , бірінші сұрыпты ұннан дайылдалатын нанның бағасы өзгеріссіз қалса, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы орта есеппен 0,1%-ға төмендеген.

Былтыр бірінші сұрыпты ұннан пісірілетін бидай нанының жылдық баға өсімі қазіргі көрсеткіштен де жоғары болып, 5,4%-ға жеткен. Сонымен қатар сол кезеңде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы бағасы бір жыл ішінде 9,3%-ға қымбаттаған. Сондықтан 2026 жылғы көрсеткіштерді салыстырмалы түрде қолайлы деп бағалауға болады.

Биыл 1 шілдедегі жағдай бойынша бірінші сұрыпты ұннан пісірілетін бидай наны еліміздің барлық аймағында қымбаттаған. Тек бір қалада ғана баға төмендеген.

Қазақстанда бір аптада бірқатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары арзандады

Бағаның ең жоғары өсімі Семейде тіркелді – 13%. Одан кейін Павлодар (12,9%) мен Ақтөбе (12,5%) орналасқан. Республика бойынша орташа көрсеткіштен жоғары өсім Жезқазғанда (9,1%), Алматыда (7,4%), Ақтауда (6,9%), Петропавлда (5,8%) және Қонаевта (5,7%) байқалды.

Қалған қалаларда баға өсімі біршама баяу болып, 1%-дан 3,3%-ға дейінгі аралықты құрады. Баға ең аз қымбаттаған қалалар – Қарағанды (1%), Орал (1,1%) және Қостанай (1,4%).

Ал әлеуметтік нан бағасы арзандаған жалғыз қала – Көкшетау. Мұнда бір жыл ішінде баға 8,7%-ға төмендеген.

Ең жоғары баға Қонаев қаласында тіркелді – 347 теңге. Одан кейін Алматы (308 теңге), Жезқазған (281 теңге), Семей (266 теңге) және Ақтау (253 теңге) орналасқан. Сондай-ақ Павлодарда (244 теңге), Талдықорғанда (239 теңге) және Көкшетауда (231 теңге) әлеуметтік нанның бағасы республикалық орташа көрсеткіштен жоғары болды.

Ал бірінші сұрыпты ұннан пісірілетін бидай нанының ең төмен бағасы Оралда тіркелді – 185 теңге. Бағасы ең қолжетімді қалалардың қатарына Шымкент (187 теңге), Петропавл (196 теңге), Тараз (198 теңге) және Қостанай (199 теңге) да енді. Қалған зерттелген қалалардың барлығында әлеуметтік нанның бағасы 200 теңгеден жоғары болды.

Қазақстанда темекінің бағасы тағы да қымбаттауы мүмкін

Айта кетерлігі, елорда Астанада әлеуметтік нанның бағасы 212 теңге болып, республикалық орташа деңгейден төмен қалыптасты. Дәл осындай жағдай Ақтөбеде де байқалды. Алайда бұл қала бағаның ең жоғары өсімі тіркелген өңірлердің үштігіне кірді. Ал баға өсімі бойынша көш бастаған Семей мен Павлодарда әлеуметтік нанның құны республикадағы орташа деңгейден едәуір жоғары болды.

Соңғы жаңалықтар