Басылым •

Тұлғалар түлеген басылым

7 мин
оқу үшін

Қазақ баспасөзінің бастауында тұрған «Қазақ» газеті ұлтымыздың төл энциклопедиясы тәрізді. Халқымыздың арман аңсарын, ұлт зиялыларының ой-кенін, уақыт үнін тарихқа таспалаған басылым қилы заманның қыспағында жұртқа жолбасшы болды. Тарихымызды түгендеп, өткенімізге көз тастағанда іздегенімізді содан тауып, онда басылған әр мақаланы үңіле парақтайтынымыз да сондықтан.

Тұлғалар түлеген басылым

Коллажды жасаған – Гүлмария ӘШІМХАНҚЫЗЫ, «EQ»

Басылым бетінде ұлт мұратын ту еткен тұлғалардың қалам ізі, ой қайраты, күрескерлік жолы сайрап жатыр. Алаш арыстарының арман-тілегін тоғыстырып, үлкен саяси күшке айналуына тұғыр болған тағдырлы басылым туралы сөз қозғағанда Әлихан Бөкейханның тіл, дін, жер, саясат, теңдік тақырыптарын арқау еткен мақалаларын айналып өте алмаймыз. Қайраткердің «Қа­зақ» газетіне жарияланған дүниелерін то­­лық жинақтап, 1994 жылы алғаш оқыр­­­­­манға ұсынған – академик Мәмбет Қойгелді.

Ә.Бөкейхан қолтаңбасы арқылы қазақ қоғамдық ойының даму деңгейін, сол ойдың өрістеуіне Бөкейханның қосқан үлесін оқырманға жеткізген құрастырушы автор кітап кіріспесінде: «Ә.Бөкейханов 1913 жылдан бастап Орынбордан шыға бастаған «Қазақтың» негізін қалап, бағыт-бағдарын анықтаушылардың бірі болып қана қойған жоқ, сондай-ақ газеттің ыстығына күйіп, суығына тоңған ең белсенді және өндірімді авторлары­ның қатарында болды. 1913–1918 жылдар аралығында ең алдымен белгілі үштік, яғни А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатовтардың табан ет, маңдай тер еңбегінің арқасында жалпыұлттық басылым деңгейіне көтерілуімен бірге, ұлт-азаттық қозғалыстың баспа үніне айналды», деп жазады.

Замана келбетін айшықтаған жазбалар қарт тарихтың сарғайған бетінде көмескіленіп қалмау үшін ғалым үлкен ізденістерге барған. М.Қойгелдінің Әлихан мұрасын оқырманмен қауыштыру­дағы жанкешті еңбегі жайында марқұм Талас Омарбеков былай деп естелік қалдырыпты: «Алаш» қозғалысын зерттеген Мәмбет Құлжабайұлы бұл тақырыпты зерделеудің ең маңызды мәселесі Алаш зиялыларының саяси лидері болып есептелінетін «Атынан ат үркетін Әлиханның» шығармашылығы екенін бірден аңғарды. Бұл істі қолға алу үшін ол араб қарпімен жазылған «Қазақ» газетін түгел оқып шығуы керек еді. Кітапханаларда оның нөмірлері тұтас сақталмағандықтан газеттің кейбір даналарын Қырғызстаннан және осын­дағы жеке адамдардың қорынан іздестіру­ге тура келді. Екінші бір ауыр мәселе – мақалаларын бүркеншік атпен жазған Әлихан Бөкейхановтың шығармаларын осы газет беттерінен сұрыптап, жеке шығару қажет болды. Көз майын таусып, шаң-тозаңның арасында жүріп жасаған жанкешті еңбегі менің көз алдымда. 1994 жылы «Қазақ» газетіндегі Әлекеңнің мақалаларын жеке кітап етіп жариялады. Қазақтың кейінгі ұрпағы Бөкейхановтың кім екенін білмейтіндіктен бұл кітапқа ол, «Алашорда», «Алашорда және Қоқан автономиясы», «Алаштың Әлиханы» деген атаулармен кіріспе ғылыми мақалалар жазды. Бұл – үлкен еңбек».

«Қазақ» газетінің беттерінде Ә.Бөкейхан ұлт тағдырына қатысты өткір де өзекті мәсе­­­ле­лерді көтеріп отыр­­ды. «Қыр баласы», «Ғали хан», «Түрік баласы», «Арысұлы» деген бүр­кеншік есімдермен газеттің бір санында бірнеше жазбасы қатар жарияланып, оның қаламынан туған әдеби сын, фольклорлық зерттеу, ашық хаттар, көркем аудармалар, пікірталастар мен үндеулер ауқымды тақырыптарды қам­тыды. «Қазақ» газетінің алғашқы саны­нан соңғы 265-ші санына дейін 300-ге тарта мақаласы жарияланған Ә.Бөкейхан: «Есік алдында дауыл, үй артынан жау келді. Алаштың баласы, Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұламадан соң, 200 жылда басы­ңа бір қиын іс келді! Ақсақал аға, азат іні, отбасы араздық дауды қой; бірік, жұрт қызметіне кіріс! Алаштың басын қорғауға қам қыл!» деп халық рухын оятты.­

­­Әлихантануды жаңа деңгейге көтеруде осы тақырыпта тұңғыш диссертация қорғаған, бірегей тұлғаның «Таңдамалы»  мес кітабынан 15 томдық жинағына дейін шығарған Сұлтанхан Жүсіптің еңбегі ерекше. Көптомдықтағы материалдардан Алаш көсемінің журналистік соқпағы туралы мол мәлімет табуға болады.

Академик Шерубай Құрманбайұлы тұғырлы тұлғаның баспасөздегі қолтаңбасы жазба тілін жандандырып, көптеген терминдерді қазақшалағанын айтады. Бұл да Әлихан Бөкейхан мен «Қазақ» газеті туралы сөз қозғағанда айтпай кетуге болмайтын дүние. Тілші ғалым бүгінгі тілдік қолданысымызға енген айыпкер, әкім, әкімші, әкімшілік, баспасөз, даяшы, жарнама, жауапкер, жолбасшы, көшбасшы сынды көптеген атау оның аудармалары мен мақалалары арқылы кең өріс алғанын айтады. Ендеше, Ә.Бөкейханның тұңғыш ұлттық баспасөзге жариялаған дүниелері арқылы сол кезеңде жасалған талай сөздің қолданысқа еніп, сөздік қорымызды байы­туға үлес қосқаны даусыз. Ә.Бөкей­ханның негізгі көзқарастары «Қазақ» газетінде еркін жазылып, бостан­дық күресінің идеологиясына қызмет етке­ні шүбәсіз.

«Ұлт тарихында дәл «Қазақ» газеті секілді қазаққа жаны ашып, сол жолда шығарушы азаматтармен бірге репрессия құрбаны болған бірде-бір басылым жоқ. Оның идеясы да, авторлары да қитұрқы саясаттың құрбаны болды. «Қазақ» газеті өзіне де, өзгеге де мейірімсіз саяси жүйемен арпалысты күрес жүргізе отырып, қазақ өмірін тура түсініп қорыту, сол арқылы ұлттың ендігі міндеттерін анықтау және белгілеу ісін фундаменталды тұрғыда концептуалды деңгейге көтерген басылым. Біз оны жай ғана газет деп түсінсек қателесеміз. Оның ауқымы кең. «Қазақ» газеті – қазаққа ұстаз. Ұлтқа жол көрсетіп, етек-жеңін жиғызды. Бір басылым бүтін бір мемлекеттік орган істей алмайтын жұмысты атқарды, дейді М.Қойгелді.

Ғалымдар қазақ баспасөзінің алтын қазығы болған басылымның айналасында әлі де терең зерттеп-зерделеуді қажет ететін дүниелер барын алға тартады. Ұлттық сананы жаңғыртудың айнымас бағдары болып, ұлттық мүдде һәм теңдік пен бостандық күресінің, тарих пен мәдениеттің, халық тіршілігінің айнасы бола білген «Қазақ» газеті – өткеннің өсиетін бүгінге жеткізген тарихи тұғыр.