Спорт •

Мундиаль рекордтары жаңарды

2 мин
оқу үшін

Даңқты Пеленің 56 жыл бойы мұрты бұзылмаған рекордын жаңартуға Франция құрамасының жартылай қор­ғаушысы Майкл Олисе­нің жақ­сы мүмкіндігі бар.

Мундиаль рекордтары жаңарды
  • Бразилия­ның аты аңызға айналған фут­болшысы 1970 жылғы әлем чемпионатында өз әріптестеріне алты нәтижелі пас берген еді. Ал Олисе биылғы доп дода­сында бес ассист жасады. Енді алдағы матчтарда 24 жас­тағы франциялық вингер өз көрсет­кішін жақсартса, «футбол коро­лімен» теңесіп қана қоймай, одан асып түсуі де мүмкін.
  • 1/16 финалда Франция Швецияны ұтқаны белгілі. Бұл – Дидье Дешамның бас бапкер ретіндегі әлем чемпионатындағы 17 жеңісі. Сөйтіп, тағы бір рекорд жаңарды. Бұған дейін 1964–1978 жылдар аралығында Германия Федеративті Республикасы құрамасын (ГФР) жаттықтырған Хельмут Шен 16 рет жеңіс то­йын тойла­ған еді. Ал одан кейін француздар Парагвайды жеңді. Сөйтіп, Дешамның жеңіс саны 18-ге жетті.
  • Германия құрамасының бас бапкері Юлиан Нагельсманнға кәсіпқой футболшы болу бақыты бұйырмаған екен. Ол жастар арасындағы жарыстарға қатысумен ғана шектелді. Есесіне Юлинан бапкер ретінде танылды. Кезінде 38 жастағы неміс маманы «Хоффенхайм» (2016–2019), «Лейпциг» (2019–2021) және «Баварияны» (2021–2023) жаттықтырды. Бұл ретте Нагельсманн несібесіз емес. Ол Бундеслига чемпионы (2021), ел суперкубогінің екі дүркін иегері (2021, 2022), «Германияның жыл бапкері» (2017) атанды. Бірақ биылғы әлем чемпионаты немістерге сәтсіз аяқталды. Сол себепті де Юлиан қызметінен кетті.
  • 2022 жылы Қатарда өткен жарыста Испания Жапониядан 1:2 есебімен ұтылғаны белгілі. Содан бері мундиальда Унаи Симон өз қақпасына бірде-бір гол жіберген емес. Кейіннен пиренейліктер Марокко (0:0), Кабо-Верде (0:0), Сауд Арабиясы (4:0), Уругвай (1:0), Аустрия (3:0) және Португалиямен (1:0) күш сынасты. Бұл бәсеке­лер­де Симонның қақпасынан саңылау табу мүмкін болмады. Сөйтіп, ол 1990 жыл­ғы мундиальда бес ойынды «құрғақ» өт­кізген Италияның атақты голкипері Вальтер Дзенганың көрсеткішінен асып түсті.