27 Тамыз, 2010

Ең маңызды форумға дайындық мәселесі қаралды

445 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Сәрсенбі күні Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың төрағалық етуімен Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мәселелері жөнін­дегі Мем­ле­кеттік комиссияның отырысы болды. Басты мәселе Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 16 тамызда Ақордада 1-2 желтоқсанда Астана қаласында болатын ЕҚЫҰ Саммитіне дайындық мәселелерін қарастырған кеңесте берген тапсырма­ларын орындау барысына арналды. Отырыста сөз сөйлеген Қанат Сауда­баев: біздің ЕҚЫҰ-ға төр­ағалық етуіміз және Ұйым Сам­митін Астана қаласында өткізуге барлық мүшелердің бірауыздан дауыс беруі – әлемдік қоғамдас­тықтың Қазақстанның тәуел­сіздік алған жылдарда әлеумет­тік-эко­номикалық және қоғам­дық-саяси дамуда қол жеткізген толымды табыс­тарын толық мойындай­ты­нын көрсетеді, деді. Бүгінгі күні Қазақстан табысты мемлекет ретінде ғана қалып­та­­сып қойған жоқ, сонымен бірге, ол жаһандық қауіпсіздік пен ын­тымақтастықты қамтама­сыз етуге сүбелі үлес қоса алатын беделді аймақтық держава­ға ай­на­лып отыр. Осының бәрі жаңа Қазақ­станның құрылысшы­сы және архитекторы болып отыр­ған Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тың қайраткерлік істерінің тама­ша жемісі және оның әлем­дік ауқымдағы лидер ретінде таны­луының дәлелі, деді Қ.Саудабаев. Осыдан әрі ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы ретінде Қанат Саудабаев Ұйымның қазіргі ахуалы туралы айтты. Ол қазір жаһан­дық қауіптер мен дағдарыс­тық кезеңдерді бастан кешуде. Сондықтан да Саммит өткізу уа­қыт тудырған аса өзекті қажеттілік болып табылады, дей келіп, оның Қазақстанда өткізілуі біз ғана емес, бүкіл ТМД елдері үшін мақтаныш екеніне екпін түсірді. Астана Саммиті – дайын ше­шімдердің саммиті болмайды, мұн­да, ең бастысы, біз жалпы­адам­заттық құндылықтарды бас­шылыққа ала отырып, бір тоқтам­ға келуіміз керек. Соның ішінде ЕҚЫҰ-ның жауапкер­шілік ай­мағында біртұтас және бөлінбейтін қауіпсіздігі бар қауымдастық құру жолында стратегиялық бағдарлар мен “жол картасын” анықтауымыз қажет, деді шешен. Сөзінің соңында ол Мемле­кеттік комиссияның негізгі мін­деті Елбасының Ақордада 16 тамызда болған кеңесте берген тап­сыр­ма­ларын бұлжытпай орын­дауды қамтамасыз ету еке­нін атап өтті. Осыған байланыс­ты оты­рыста Астана Саммитін өткізуге байла­нысты тиісті мемлекеттік орган­дарға нақты тапсырмалар берілді. Саммитке Ұйымға мүше барлық 56 елдің лидерлерімен қатар, ЕҚЫҰ-ның 12 әріптес елдерінің басшы­лары да қатысады деп күтілуде. Сондай-ақ барлық беделді халық­­аралық ұйымдардың жетек­шілері де болатыны сөзсіз. Оның үстіне барлық мүше елдер­мен қатар, көп­теген қызығушы­лық таныту­шы ел­дердің БАҚ өкілдері де Астана қала­сына  келері анық. Бір сөз­бен айтқанда, бұл тәуел­сіз Қа­зақ­стан топырағында осы заманға дейін болып көр­меген ең маңызды әлемдік шара болғалы отыр. Жақсыбай САМРАТ.