Қазақстан Республикасынның Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев ислам әлемімен үнқатысу орнату жөніндегі АҚШ Президентінің арнайы өкілі –америкалық “Кордоба Инишиатив” ұйымының төрағасы имам Файзл Абдула Рауфты қабылдады, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында халықаралық қауіпсіздікті нығайту саласындағы рухани көшбасшылардың рөлі, дінаралық үнқатысуды дамытудың болашағы талқыланды. Осыған орай, Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Ислам әлемі мен Батыс арасындағы сенім мен өзара түсіністікті нығайтуға қосқан қомақты үлесі ерекше аталды. Астанадағы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу жөніндегі Қазақстанның бастамасы дүние жүзінде дәл осы сарында ұғынылады. Бұл ретте дінаралық негіздегі шиеленістерді төмендету, өзге ұлттардың мәдениеттері мен дәстүрлеріне деген құрмет пен төзімділікке тәрбиелеу қажеттігі атап көрсетілді. Әсіресе, әлемдегі ислам рөлінің күшеюі тұсында, ұлттық және діни ерекшеліктеріне қарамастан, басты моральдық құндылықтардың барша адамзатқа ортақ екендігі аса маңызды.
Қ.Саудабаев: “Біз Ислам әлемімен үнқатысу орнату жөніндегі АҚШ Президентінің арнайы өкілінің ғаламдық және ұлттық деңгейлердегі дінаралық және ұлтаралық үнқатысу орнату жолындағы игі ісін, оның Қазақстанның ИКҰ-ға алдағы төрағалығы аясындағы дінаралық үнқатысу мәселелері бағытындағы ынтымақтастығын қолдаймыз”, – деп мәлімдеді.