26 қазанда Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің жанындағы Сарапшылар кеңесінің үшінші отырысы болды. Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Марат Тәжин төрағалық еткен отырыстың күн тәртібі Каспий өңірінде еліміздің ұлттық мүдделерін ілгерілету проблемаларын, сондай-ақ жалпыұлттық деңгейде экономикалық қауіпсіздіктің өлшемдер жүйесі мен мониторингін жасау мәселелерін қарастыруды қамтыды.
Жетекші ғалымдар, талдамашылар, ғылыми-зерттеу орталықтары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мүшелері болып табылатын Кеңес сарапшыларының пікірі бойынша, Қазақстан Республикасының Каспий өңіріндегі ұлттық мүдделерін ілгерілетудің маңызды қырлары Каспий өңірі елдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ теңіз жағалауындағы мемлекеттердің қоршаған ортаны қорғау саласындағы бірлескен шараларын күшейту болып табылады.
Қазақстанның мемлекеттік органдары мен ведомстволарының өкілдері де қатысқан отырыста жалпыұлттық деңгейде экономикалық қауіпсіздіктің өлшемдер жүйесі мен мониторингі мәселесі жан-жақты талданды. Отырысқа қатысушылар экономикалық мониторингтің жолға қойылған жүйесі ұлттық және әлемдік экономикадағы аласұрушылықтың келеңсіз салдарын айтарлықтай төмендететінін, жаңа қатерлер мен тәуекелдерге жедел және тиісінше үнқатуға мүмкіндік беретінін жеткізді.
ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің жанындағы ғылыми-консультативтік орган болып табылатын, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында ғылыми-экономикалық ұсыныстар әзірлеу мақсатымен сарапшылық зерттеулер орындайтын Сарапшылар кеңесінің отырысын қорытындылай келіп, оның төрағасы Марат Тәжин аталған проблемаларды жан-жақты және кешенді талдаудың, сондай-ақ осы мәселелер бойынша ұсыныстар әзірлеу үдерісіне ғылыми-сарапшылық қоғамдастықтың өкілдерін белсендірек тартудың қажеттігін атап көрсетті.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша талқылаудың барысында Сарапшылар кеңесі нақты ұсыныстар берді, олар еліміз Қауіпсіздік Кеңесінің және оның ведомствоаралық комиссияларының алдағы кездегі жұмыстарында пайдаланылатын болады.
“Егемен-ақпарат”.