29 Қазан, 2010

Табыстылыққа тілектестік

428 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
27 қазанда Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзірбайжанның Қазақстандағы елшісі Закир Ариф оғлы Гашимовты қабылдады, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі. Кездесу барысында Төраға елшіні тағайындалуымен құттық­та­ды және дипломатиялық миссияны жүзеге асыруда табысты болуға тілектестігін білдірді. Халықаралық саясаттың ауқымды саласындағы, экономикалық ынтымақтастық және саяси байланыстарды бел­сен­ді дамытуда көзқарастар ортақты­ғын атап өте келіп, Қ.Тоқаев Қазақстан Әзірбайжанмен екіжақты қатынастарды одан әрі нығайтуға мүд­делі екенін айтты. Парламент­аралық өзара іс-қимылды белсен­ді­лендіруді жақтай келіп, Төраға Әзірбайжан Республикасы Милли Меджлисінің төрағасы О.Асадовқа ізгі тілектестігін білдірді және оған қолайлы уақытта Қазақстанға ресми сапармен келуге шақыруын нақтылады. Қ.Тоқаев Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету бастамасына қол­дау білдіргені және Президент Нұр­сұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша құрылған түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясын дамытуға қомақты үлес қосқаны үшін әзірбайжан жағына ризашылық білдірді. Төраға сондай-ақ ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы, ТМД ПАА аясын­да­ғы парламентшілердің өзара табысты іс-қимылын атап өтті. Қа­зақстан алдағы жылы Ислам Кон­ференциясы Ұйымына төрағалық етеді, ол Төрағаның айтуынша, “екі елдің бұл Ұйым аясындағы өзара іс-қимылына оң ықпал ететін болады”. Елші З.Гашимов Сенат Төраға­сына оның әзірбайжандық әріп­тесінен ізгі тілектестігін жеткізді және ғасырлар бойғы тарихи, мәдени және рухани тамырлас екі халықтың арасындағы екіжақты қатынастарын одан әрі нығайту жайында айтты.