29 Қазан, 2010

Су мәселесіне сындарлы көзқарас

581 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Елбасы халыққа Жолдауында ауылдық жерлерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарын әрі қарай жалғастыру жөнінде Үкіметке тапсырма бергендігі белгілі. Осы мақсатқа орай  Үкіметтің көшпелі мәжілісінің бірі Оңтүстік Қазақстан облысында өтетін болып белгіленген. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев бастаған үкіметтік делегация екі күндік жұмыс сапарының алғаш­қы күнін Көксарай су реттегіші­нің жұмысымен танысудан бас­тады. Қазір дүние жүзінде су мәселесі өткір күйінде қалып отыр. Кей өңірлерде құрғақшылық болып, астық шығымы төмендеп кетті. Ал, оның ел экономикасына қатты әсер ететіндігі белгілі жәйт. Салыстырмалы түрде алсақ, Шардара су қоймасы салынғаннан бері Қазақстан өзіне тиесілі суды ұстап тұра алмай Арнасай арқылы Өзбекстанға бір Аралдың суын берген. Көксарай су реттегіші ар­тық судан құтыла алмай, жазда егіс­­тікке су жеткізе алмай пұшай­ман болып жүретін күндерді артта қалдырды. Көксарайда Ө.Шөкеевке “Қазселденқорғау” ММ-нің бас­тығы Т.Баймолдаев стратегиялық нысанда атқарып жатқан жұмыс­тар­ды баяндады. Әзірге 1 млрд. текше метр су қабылдаған су рет­те­гіштің негізгі құрылысы 1 жел­тоқ­санда аяқталмақ. Сонда көк­тем­де 3 млрд. текше метр су жинауға мүм­кіндік бар. Премьер-Министр­дің бірінші орынбасары су ретте­гіш­те жасалынып жатқан жұмыс­тарға ризашылығын білдірді. Сөз ыңғайында облыс әкімі Асқар Мырзахметов Қызылордаға жібері­ле­тін судан бөлек 800 млн. текше метрдей су қалдырылса деген өтіні­шін айтты. Сонда облыстағы 20 мың гектар алқапты сумен қам­та­масыз етуге мүмкіндік туар еді. Оңтүстік Қазақстан – халқы ең көп облыс. Суармалы жерлерді кө­бейту арқылы егін, мақта, көкөніс, бау-баубақша сияқты ауылшаруа­шы­лық салаларын әбден көтеріп алуға болар еді. Оңтүстіктің бұл са­лада ілгерілеуі солтүстік облыс­тар­дың сырттан тасымалдайтын азық-түлік мәселелерін республика ішінде реттеуге мүмкіндік тудырды. Көксарай су реттегішінде ше­шілмеген проблемалар бар. Құры­лыс басталғалы Арыс-Шардара, Қожатоғай-Шәуілдір бағытындағы жолдар ауыр жүк мәшинелерінің тоқтаусыз жүруінен істен шықты. Стратегиялық нысан болғандықтан су реттегіш Мақтааралдағы Сыр­да­рия көпірі сияқты күзет қызметіне алыну керек. Өмірзақ Шөкеев бұл мәсе­ле­лерді шешуге болатындығын айтты. Сол күні түстен кейін Үкімет де­легациясы “Су ресурстары-Мар­кетинг” ЖШС-інің тиімді жұмыс­тары­мен танысты. Траншеясыз әдіс бойынша су құбырларын жүргізу­дегі жетістіктерді, жаңа қон­дыр­ғы­лар жұмыстарының барысын көрді. Мұндағы тиімді тәсіл бұрғылау арқылы жол, саябақтарды бұзып, қазып жатпай-ақ диаметрі 200-600 мм. болатын полиэтилен құбырлар­ды 300 метр ұзындықтан өткізе алады. Жиынға қатысқан облыстар мен Алматы, Астана қалалары әкім­дерінің орынбасарлары кәріз жүйесін тазарту, жарылған су құ­бырларын анықтау және су астында дәнекерлеу жұмыстарын жүргізетін қондырғылармен танысты. Содан кейін Ақбай-Қарасу су бөгетінің автоматтандырылған басқару жүйелерімен және ауыз суды залалсыздандыру жүйесі жұмыстарының барысын бақылау үшін Сайрам ауданы Ақсу елді мекеніндегі жаңа қондырғыларды көрді. Компьютермен басқарыла­тын, қажетті су мөлшерін кесте бой­ынша жіберіп, ақау тұстарды анық көрсететін жүйе қазақ­стан­дағы ең озық технологиялар көмегімен атқарылады. Кешкісін аудан орталығындағы мәдениет үйінде 2011-2020 жыл­дарға арналған “Ақ бұлақ” мем­ле­кеттік ауыз сумен қамтамасыз ету бағдарламасын талқылау бойынша семинар-кеңес өтті. Оны Премьер- Министрдің бірінші орынбасары Ө.Шөкеев жүргізіп отырды. “Ақ бұлақ” бағдарламасын үйлестіруші орган Экономикалық даму және сауда министрлігі болып табылады. Жиында вице-министр Қуандық Бишімбаев баяндама жасады. Республикамыздағы 7 мыңнан аса елді мекеннің 2002-2010 жыл­дарға арналған “Таза су” бағдар­ламасы бойынша 3417-і таза ауыз сумен қамта­масыз етілген. Ал 3849 елді мекеннің про­блемасын шешу “Ақ бұлақтың” еншісіне тимек. Бір сөзбен айтқанда, 944,5 млрд. теңге бөлінгелі отырған жоба қала халқын 100 пайыз, ауыл-село халқын 80 пайыз таза ауыз сумен қамти алады. Кейбір облыс басшыларының мемле­кет қаржысын талан-таражға ұшыратуда мойнына жауапкершілік алмайтын тұстары да бар екен. Су ресурстары комитетінің төрағасы Анарбек Орман тап осы мәселеге байланысты бірнеше мысалдар келтірді. Атап айтқанда, Қарағанды облысында аудан әкімдігі Төменгі Тоқырау және Жәйрем-Қаражал қалаларын сумен қамтамасыз етуде 30-дан аса жерасты ұңғымаларын пайдалануға тапсырыс берген. Алайда, құрылысты іске асыру барысында бұл ұңғымалардың жұмыс істемейтіндігі анықталды. Сонда 1 млрд. 847 млн. теңгенің желге ұшқаны ма? Жиында “Таза су” бағдарламасында кеткен кемшіліктердің бірегейі құрылыс жұмыстарының жобасы асығыс дайын­далатындығы айтылды. “Ақ бұлақ” мемлекеттік бағдарламасында мұндай салдыр-салақтыққа жол берілмейді. Семинар-кеңесте республика облыс­тарынан өкілдер мінбеге шығып, “Ақ бұлақ” мемлекеттік бағдарламасын жетілдіруге кей тұсында ескерілуге тиісті ұсыныстарын айтты. Келесі күні Үкіметтің көшпелі отырысы Оң­түстік Қазақстан облысы әкімдігінің мәжіліс залында өтті. Мәжілісті Астанадан Премьер-Министр Кәрім Мәсімов жүргізіп, бірнеше мәсе­лелер бойынша тиісті министр­ліктердің, жауапты органдардың есебін тыңдады. Үкіметтің көшпелі мәжілісінде сон­дай-ақ “Ба­тыс-Еуропа – Батыс-Қытай” ав­то­м­агистра­лы, “Бейнеу-Шымкент” газ құ­быры­на байланысты түйткілді мәселелер талқыланды. Сол күні Премьер-Министрдің бірінші орынбасарының қатысуымен Мәскеу және Минскімен Кеден одағы бойынша бейне­конференция өтті. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы.