Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына байланысты Білім және ғылым министрлігі “Ұлттық сараптау орталығы” акционерлік қоғамымен бірге Елбасының 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығымен бекітілген “Қазақстан Республикасында 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарына” сәйкес “Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының” жобасын жасады.
Осы жобаның негізгі бағыттарын түсіндіру мақсатында Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен бірқатар кәсіби мамандармен жасақталған сарапшы топ құрылған. Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласындағы №2 кәсіптік лицейдің директоры Еркін Сатқанбаев аталған сарапшы топтың мүшесі.
Біз жақында Еркін Тұрниязұлына жолығып, сауалдарымызға жауап алған едік.
– Еркін Тұрниязұлы, сіздің ойыңызша, 2011-2020 жылдарға арналған білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жасауға не себеп болды? Біздің білуімізше, “Қазақстан Республикасындағы техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2008-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы” әлі де өзінің көкейкестілігін жоғалтқан жоқ қой.
– Иә, сіз өте дұрыс сұрақ қойып отырсыз және оған бір жағынан өзіңіз жауап та беріп отырсыз. Сіз айтып отырған бағдарлама ол таза техникалық және кәсіптік білім берудің 2008-2012 жылдарға арналған даму бағдарламасы. Ол бағдарлама да Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарына сәйкес орындалады. Ал бүгінгі ұсынылып отырған жоба ол Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы Қазақстан халқына арналған Жолдауында айтылған “Оқу ұйымдарының толыққанды әрекет ету үшін, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында Үкіметке тиісті заң жобасын жасап, Парламентке енгізуді тапсырамын” деп айтқан тапсырмасына байланысты жасалған “Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы”. Бұл бағдарламаға сәйкес Қазақстанда 2020 жылға қарай білім беру жүйесінің барлық деңгейлері – мектепке дейінгі біліммен жоғары білімге дейін түбегейлі жаңғыртылатын болады.
Білім берудің әрбір денгейінде білім алу, сондай-ақ кәсіби біліктілікті арттыру, адамның бүкіл өмір бойы тұрақты түрде жаңа білім мен дағдыларды алу мүмкіндіктері ұсынылады.
Бұл бағдарлама екі кезеңде іске асырылады:
Атап айтқанда, бірінші кезеңде 2011 – 2015 жылдар жекелеген бағыттар бойынша білім беруді дамытудың модельдерін әзірлеумен, оларды сынақтан өткізумен, сондай-ақ ауқымды қайта құрулар жүргізу көзделіп, нәтижесінде 2015 жылға дейін өтпелі кезең аяқталады. Қазақстанның білім беру жүйесі құрылымы, мазмұны, басқару тетіктері мен қаржыландыру дамыған елдер моделіне сәйкес келетін болады.
Сондай-ақ, екінші кезеңде 2016 – 2020 жылдар құрал-жабдықтарды сатып алуды, инвестицияларды көздейтін іс-шараларды жүзеге асыруға бағытталады. Бағдарламаның білім беру жүйесін дамыту міндеттерін шешуге бағытталған іс-шараларын әдістемелік, кадрлық ақпараттық қамтамасыз етуге басымдық беріледі.
Әрбір кезеңде жылдар бойынша Бағдарламаның іске асырылуын және бағдарламаның, іс-шаралардың білім беру жүйесінің, жай-күйіне әсерін сипаттайтын көрсеткіштерді өзгерту жоспарланған. Нәтижесінде, 2020 жылға дейін білім беру жүйесі жоғары білім сапасы мен халықаралық индикаторлармен расталған адами капиталдық даму деңгейінде нәтиже беретін болады. Осының барлығы Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі даму жоспарына сай жасалынып отырған жұмыстар.
– Ереке, сіз кәсіптік білім беру саласының маманысыз, осы бағдарлама кәсіптік білім беру саласына не береді?
– Сұрағыңыз өте орынды. Қазақстан Республикасы Президентінің үстіміздегі жылғы Қазақстан халқына арналған Жолдауында кәсіптік және техникалық білім беру туралы “Кәсіптік және техникалық білім кәсіптік стандарттарға негізделіп, міндетті түрде экономиканың талаптарымен тығыз байланысты болуы қажет” деп айтқан болатын. Соған байланысты осы бағдарламада техникалық және кәсіптік білім беру туралы тарауда, осы саладағы кейбір кемішіліктерді ескере отырып оның шешу жолдарын қарастырған .
Атап айтқанда, мамандарға қойылатын ескірген біліктілік талаптары бойынша кадрларды даярлау мазмұны индустрия және жұмыс берушілер сұраныстарын қанағаттандыра алмайды. Қолданыстағы инфрақұрылым және материалдық-техникалық жарақтандыру техникалық және кәсіптік білім жүйесінде сұранысқа ие кадрлар даярлауды қамтамасыз ете алмайды.
Инженер-педагогикалық қызметкерлердің мәртебесінің төмен болуы жоғары білікті кадрларды тартуға мүмкіндік бермейді.
Қаржыландыру көлемінің төмендігі мен тиімсіз басқару сақталып отыр.
Осы мәселелерді ескере отырып бағдарламаны әзірлеушілер Бағдарламаның басты мақсаттарын анықтаған. Ол: қаржыландыруды жетілдіру. Білім беру жүйесін жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз ету. Ол үшін мемлекеттік қолдауды күшейту және педагогикалық жұмыскерлердің еңбегін ынталандыру.
Білім беру саясатының барлық субъектілерінің рөлін және олардың өзара байланысын арттыру. Индустриялық-инновациялық даму талаптарына сәйкес техникалық және кәсіптік білім жүйесін жетілдіру сияқты міндеттерді көздейді.
– Дұрыс екен. Осы жерден бір сұрақ туады. Бағдарлама қарапайым халыққа не ұсынады?
– Қарапайым халықтың бұл бағдарламадан ұтары көп. Ол үшін негізгі бағыттарды айта кеткені жөн болар.
Біріншіден: 2013 жылдан бастап мектепке дейінгі және орта білім берудің педагог қызметкерлеріне біліктілік санаты үшін төленетін қосымша ақшаның мөлшері арттырылатын болады.
Педагог қызметкерлердің орташа жалақысы 2015 жылы экономикадағы орташа республиканың жалақысының деңгейіне жеткізіледі.
2016 жылдан бастап азаматтық қызметшілер лауазымдарының тізіміне өзгерістер енгізу арқылы өндірістік оқыту шеберлерінің жалақыларын арттыру қарастырылады.
Қазіргі қосымша ақылар мен үстеме ақылардың мөлшері қайта қаралады. Жыл сайынғы еңбек демалысына берілетін сауықтыру жәрдемақысы бір лауазымдық жалақыдан екі лауазымдық жалақыға көбейеді.
Жылдар бойы еңбегі үшін зейнеткерлікке шығу мүмкіндігі қарастырылады.
Мемлекеттік бюджеттен және жұмыс берушілер қаражаттарымен төлемдерді қоса қаржыландыру бөлігінде зейнетақы қорын қалыптастыру тетігі жетілдіріледі.
Екіншіден: Білім беру менеджменті енгізіледі. Ол үшін: білім берудің басқару жүйесін жетілдіру; білім беруді дамытудың мониторинг жүйесін жетілдіру; электронды оқыту; қажетті нормативтік негізді құру; қажетті инфроқұрылымды құру; оқу процесін автоматтандыру.
Халыққа тұрақты, тұрғылықты, жоғары төлемді жұмыс орындары ашылады. Кіші және орта бизнесті дамыту арқылы жеке кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіншілік туындайды. Әр жеке тұлға әлеуметтік жағынан толық қорғалуы, отандық және шетелдік компанияларға жұмысқа еркін орналасуына кепілдік жасалады.
Жастарға өзінің тұрақты мекен-жайында білім алу арқылы, жол төлемақысы қысқартылып, жалдамалы пәтер ақысы тоқтатылады. Әсіресе, бұл мәселе ауылда тұратын жастарға қатысты. Сондықтан өзінің саналы таңдауымен техникалық және кәсіптік білім алуға жастардың қызығушылығы артады деп ойлаймыз.
Міне, осы аталған мәселелердің барлығы бұл бағдарламада қамтылып, халыққа білім беруде халықаралық стандарттарға сай қызмет көрсетуге мүмкіндік туғызылады.
– Әңгімеңізге рахмет. Бағдарламаның өрісі кең болып, жастарымыздың кәсіптік білім алуына барынша жағдай жасасын деп тілейік.
Әңгімелескен Бақтияр ТАЙЖАН.