“Нұр Отан” ХДП Ақмола облыстық филиалында “Спорт пен туризмді дамыту – мемлекеттің басым міндеті” тақырыбында дөңгелек үстел мәжілісі болып өтті. Оны Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен “Қазақстанның спорт одағы” заңды тұлғалар қоғамдық ұйымы ұйымдастырды.
– Мұндай шара республикамызда тұңғыш рет өткізіліп отыр. Жұрт көңілінен шыққан іс-шара өзге де өңірлерде ұйымдастырылып, оның қорытындысы Астанада мүдделі министрліктер мен “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының қатысуымен сарапталмақ, – деді “Қазақстанның спорт одағының” төрағасы Ерлан Жанғұлов. – Соңғы жылдары Қазақстанда спорт ғимараттары көптеп салынып, дене шынықтыру және саламатты өмір бағытындағы қозғалыс серпін алуда. Біз басқа әріптестеріміз сияқты бұл істің талап деңгейінде дамуына белсене қатыспақпыз. Мұнда еліміздің жетекші партиясы мен бұқаралық ақпарат құралдары басты тірегіміз болады деп сенеміз. Өйткені, тізе біріктіріп қимылдайтын жайлар баршылық. Мәселен, солтүстік өңір тұрғындарымен жүргізген сұрау салу шарасы шұғыл бетбұрысқа бастайтынын айтқым келеді. Сұрау салынған 1400 респонденттің 8,9 пайызы спортпен тұрақты шұғылданатынын, 10 пайызы сирек, ал 75 пайызы мүлдем айналыспайтынын мәлімдеген.
Одақ төрағасы осыған байланысты көзқарасын білдіре келіп, спорт ғимараттарын көрініп қалу мақсатымен емес, қолжетімді етіп салу керектігіне назар аударды. Элиталық ғимараттарды былай қойып, аула клубтарының абоненттік төлем ақысына тіс батпайды. Үйірмелер қызметін ұйымдастыруда, шәкірттер іріктеуде де ойланатын мәселелер жеткілікті.
Президент Н.Назарбаев биылғы Жолдауында ел тұрғындарының 30 пайызының спортпен белсенді түрде шұғылдануын міндет етіп қойды. Оның астарында қоғам дамуының маңызды алғышарттары жатқандығы белгілі. Осыған орай күн тәртібіндегі мәселе қызу талқыланып, Ақмола облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы бастығының орынбасары Владимир Светличный, облыстық мәслихат хатшысының міндетін атқарушы Галина Марченкова, облыстық білім басқармасының бастығы Марат Ыбыраев толғанысты ойларын ортаға салды.
“Нұр Отан” ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Шойкин Елбасы, партия Төрағасы Н.Назарбаев алға қойған тапсырмалардың орындалуы партиялық бақылауға алынғанын, бұл бағытта елеулі жұмыстар атқарылып жатқанын мәлімдеді. “Ауылдың дамуы – Қазақстанның дамуы” акциясының аясында толық жабдықталған 10 спорт алаңы салынды. Оның әрқайсысына жарты миллион теңге қаржы жұмсалды. Келесі жылы тағы да 21 нысан игілікке қосылады. Бірақ, мұнымен шектеліп қалуға болмайды. Облыста жақын жылдарда оның санын 40-50-ге жеткізу ниеті бар. Демек, бізде спорттың көптеген түрлерін дамытып, бұқаралық сипат алуына тиісті жағдай жасалған. Үлкен істі қарапайым қозғалыстан бастаған жөн. Жергілікті кәсіпорындар, мемлекеттік мекемелер басшыларына өз қызметкерлері арасындағы спорттық жарыстарды жиірек ұйымдастыру туралы ұсыныс жасағым келеді.
Дөңгелек үстел мәжілісіне қатысушыларға “Қазақстанның спорт одағы” қолға алған жобалар таныстырылып, журналистермен баспасөз мәслихаты өткізілді.
Бақберген АМАЛБЕК.
Ақмола облысы.