– Алдыңдар ма? А, алған шығарсыңдар, деп зар қағып, өрекпи сөйледі ол. – Бәріңе, анықтап айтқанда, осы төртеуіңе жеткілікті етіп әкеліп еді ғой. Төрт табақ ет, шетелдік шұжықтан тіске басары бар қымбат қоса салынған коньяк. Алған шығарсыңдар...
– Алдық, – деді кереуеті Қаймен қартпен қатар салынған Петр Серов өз төсегіне оңашалап отырып жатып. – Рақмет. Сіз берген соң біз неге алмаймыз. Түлкі құрсақ болған сорлылар қарпытып жеп, бүйірі бір шығып қалсын деп әкелдің ғой. Бәрекелді! Алмақ түгіл жеп те қойдық.
– Тағы аласыңдар, – деді Қаймен қарт есік жаққа шаншыла қараған күйі. – Бұрын да алғансыңдар, қазір де алып жатырсыңдар. Тек ризашылық білдірсеңдерші. Ас ішкен ыдыстарыңды теуіп, су ішкен құдықтарыңа түкірмесеңдер болғаны да.
– Қаймен Құмарович, – деді қашанда ақкөңіл, кішіпейіл Петр Серов ақтала сөйлеп. –Біз ондай озбыр, дөкір жандар емеспіз. Егер жұтқанын жұғым көрмейтін алаяқтар болсақ, мына қарттар үйінің күңгірт қуысына тығылар ма едік. Кім білсін. Біздің бәрінен ажырап қалған соң қырғидан қашқан торғайдай осында бұққанымыз, сол адалдығымыздан шығар...
– Түсінікті, – деді Қаймен қарт. – Түсінікті.
Сөйтті де бүркеніп жатып қалды. Петр шал да күрк-күрк жөтеліп, кереуетіне қисайды. Қалған үшеуі болса, бұлар да әңгіменің ау-жайын тез аңғарып, пайдасыз сөздің шорт тыйылғанын құп көрген сыңайда ұйқыға бас қойды.
Тағдыр дауылы әлдеқайдан қақпақылдап әкеліп, осында тоғытқан, кәрілік айқын меңдеген, әбден қажыған бес шал тірлік еткен аядай бөлмеде тағы бір таң атып келе жатты. Жарық жерге анық түскен сайын бұрыш-бұрыштағы қаракөлеңке атаулы толық сейіле бастаған. Бұрындары осы құжыраның екі жақ керегесі көсемдердің суретімен әдіптеліп, әспеттеліп тұрушы еді. Келе-келе олар өздерінің ендігі тағдыры тым баянсыз болып бара жатқанын байқаған сияқты. Әлденеге налығандай болып тұратын күйге көшкен.
Аядай бөлменің өз алдына жазылмаған заңы бар. Ол қағида бойынша мұнда біреуге біреу еш тәуелді емес. Ешкімнің қожайынсуға қақысы жоқ. Дегенмен, күні бірдің күйі, кемедегінің жаны бір. Тегінде бірі бәрі үшін, бәрі бірі үшін деген қызыл ұран дәл осы міскіндерге ойлап табылған секілді. Себебі, бұл қарттар тым ұйымшыл, бірі үшін бәрі қоғадай жапырылады да тұрады.
Марқұм Оскар Дарви кезінде осы бөлмедегілердің ішіндегі ең үлкені, кәрі шөңгесі еді. Ол мына оң қабырғадағы Карл Маркс суретінің түбінде тірлік кешті. Қайсысы ойлап тапқанын кім білсін, бірде көсемдер суреті талқыға түскен. Сөйтіп, даулы әңгіменің жалыны лап ете қалған. Үнемі жадырап, әзіліне ойнақы наз араластырып, қутыңдап жүретін Петр Серов: “Итке темірдің қажеті қанша. Бізге енді мыналардың суреті де солай болып барады. Көзін құртайық”, – деп еді, өзгелері жел шайқаған қамыстай қозғалақтап, әрі-сәрі күй кешті де қалды. Бірі тұра берсін десе, екіншісі аластайық деп ұзақ даурығысты. Ақырында бүкіл еңбегі, кісілік келбеті тарихтың терең оппасына түсіп кеткен коммунизм идолдары тұғырынан тайды.
– Жігіттер, – деген осы арада Оскар шал өзінше бір жат сырдың жібін суыртпақтағандай болып. – Сендерге айтар бір тілегім бар. Энгельсте шаруам жоқ. Ал, Маркс менің жасымнан көз таныс туысым еді. Жақсы көруші едім өзін. Өйткені екеуміз де жөйт әулетіненбіз ғой. Дей тұрсақ та ол да, мен де өзімізге тиіс дәуірде қияли болып ғұмыр кештік. Оны әрине жасырмаймыз. Айтпағым мынау: Маркс – менің көсемім. Мына өмірде қанша тірлігім қалды дейсіңдер. Бәлкім бітіп те қалған болар. Мен өлген күні Маркстің суретін мәйітіммен бірге бұл фәниден шығарып салыңдар. Сол үшін оның портреті мына қабырғада тұра берсін.
Оскар шалдың дегені болды. Маркс суреті сол ілулі қалпында қалып қойды да, қорғаушысы жоқ Энгельс, Ленин бейнелері көзден ғайып болған.
Қаймен қарт көптен сырқат еді. Жыл сайын наурыз туа басталатын сүйексіңді көне дерті биыл да алқымынан ала түскендей болған. Өңі түтігіп, қарайып кетті. Түксиген қалың қабақтың астындағы қос жанары құдық түбіндегі судай жансыз жылтырайды. Кей кезде өңі қайсы, түсі қайсы екенін де айыра алмастай күйге түседі. Бір сәт тып-тыныш, жым-жырт жүреді де, артынан бірдемесін жоғалтқандай ереуілдеп шыға келеді. Кешелері күні бойы есіне оралған бірдемені: “Алдыңдар ма?” деп зар илеуі, міне, содан...
Бүгін де қарт сандырағы сейіле қоймады. Денесінің қызуы көтеріліп, қойқабы ұстап, қағына түсті. Әйелінің атын атап, сұңқылдады. Қай жақта екенін кім білсін, әйтеуір тірі екені анық екі баласын кезек-кезек еске алып, бірде кел дегендей бері шақырып, енді бірде қош айтысып, азап отына қақталды дейсің. Түс ауа шал сандырағы қайта белең алды.
– Айғаныш әлі келген жоқ па? – деді салған жерден бөлме ішіндегілерге қитыға қарап. – Неге кешікті екен? Қимас қызық, аяулы асылым әлденеден запы көрмесе етті...
– Жаңа бір келіп кетті, – деді Петр Серов өзгелерге көзін қысып қойып. – Өзі тіптен құлпырып кетіпті.
– Ол сондай әдемі еді, – деді Қаймен албаты сөйлеп. – Әдемі болғанда қандай?! Өзі жап-жас қой, ә.
– Иә, – деді Петр міңгірлеп. – Несін айтасың, уылжып тұр.
– Ол әрқашан жап-жас, – деді шал сандырақтап. – Мен үшін мәңгі жас.
– Солай Қаймен Құмарович. – Айғанша кіріп келгенде осы бәріміз де көкке аунаған бесті аттай болып, бір сілкініп қалдық. Өйткені, ол өзімен бірге біздің де кешегі қайта оралмас қызық күндерімізді, қайта оралмас махаббатымызды еске салғандай еді. Тіпті Илья Макарович өзінің енді үйленем деп жүргенде қайық аударылып, суға кетіп өлген Ольгасын еске алып, жылап жіберді. – – Солай ғой, ә, – деп еді төсекте шалқасынан жатқан сары шал сояудай сақал-мұрты жыбырлап, күлген пішін танытты.
– Айғаныш келеді, – деді Қаймен қарт екіленіп. – Ол келмей қояды деп уайымдамаңдар. Ол қойшының қызы еді. Бір ғажабы гүлге ғашық-тын. Гүл теретін. Иә, қойын тепсеңге қаптатып жіберіп, гүл теруші еді. Қазір де мүмкін, гүл теріп, кешігіп жатқан болар...
* * *
Айғаныш – Қайменнің көзін ашып көрген, аузын ашып сүйген тұмса махаббаты. Өзге қыздарға көз салып, сөз айтса айтқан болар. Әйтсе де көкірегіне қайран гәккудей болып мәңгілікке сақталып қалған, сағыныш сазымен әлдилеп, жанарына жас болып үйірілетін шынайы ғашығы осы еді. Қаймен мен Айғаныш арасындағы ілкі махаббат хикаясын бөлме ішіндегілер де бек жақсы білетін. Сөйтсе де талай айтылып, талай тыңдалып, әбден құлақ сіңді болған сарсаң жайды тағы айта беруден Қаймен қарт еш жалықпайтын. Қайта айтқан сайын сағыныш сазына тербелгендей болып, жаны желпініп, бір рахат күй кешетін.
Қаймен тумысынан жалғыз, жалқы жігіт еді. Жастай жетімдік зардабын тартты. Ес біле бастағанда анасы, содан соң әскер қатарында жүрген әкесі дүниеден өтті. Үш жыл Ресейдің алыс аймағын шиырлап, мерзімді уақыты біткен соң туған ауылына оралған. Ет жақын ағайындарын сағалап, күнкөріс қамын күйттеген.
Жетімдік тауқыметі тым ерте басқа түскендіктен бе, жас кезінен еті тірі, пысық болып өсті. Соның арқасында оқуға түсіп, оны бітіріп те шыққан. Айналып тағы туған ауылына келіп, жұмысқа орналасты. Ол кезде комсомолдың заманы жүріп тұрған кез. Соның бірі пұшпағына іліккен Қаймен қызметте тез өсіп, ақыры аупарткомның үгіт және насихат меңгерушісі қызметіне көтерілді.
Бұл жұмысты да битін салып, әп-әйбат істеді. Қызыл саясатты ел ішіне жарнамалап насихаттауда көзге түсіп, ауызға ілікті. Қолы бос кезінде ылғи ауыл-ауылды аралап, іссапарға шығатын. Ал, көктем қой төлдету, күзгі егін жинау кезінде үй бетін көрмейтін.
Көктемнің соңғы күндері болар. Қаймен көрші ауылды аралап жүріп, бірде түс әлетінде қырдағы қойшы үйінің ауласына тақап қалған еді. Жол жиегінде ақтылы қой жайылып жатты. Араларында кіп-кішкентай, момақан пішінді, сүйкімді ақ қозылар қутың қағады. Жеңіл машина баяу жүріп келіп тоқтағанда, әудем жердегі, ағаш арасынан ақбоз ат мінген біреу шыға келіп, қарсы ұшырасқан. Мөлдіреп тұрған жап-жас қыз екен. Ылғи сыртта жүргендіктен бе, қараторы өңі тотығып, қоңырқайлана түсіпті. Әйтсе де жастық жалыны сыртқа тепкен бойжеткен бітімі қараған жанды еріксіз қызықтырғандай еді. Әңгіме ә дегеннен мал төлдету жайына ауысқан. Әкесі осы колхоздың байырғы шопаны екен.
– Сәті түссе биыл оқуға барам, – деген қыз күле сөйлеп. – Мүмкін, бағым жанып кетер.
– Біз саған көмектесеміз, – деген жігіт бірден іштарта сөйлеп. – Оқуға барар кезіңде маған кел. Мен саған комсомолдық жолдама алып берейін.
– Рақмет ағай, – деді қыз еркелей сөйлеп. – Қанша қызға жолдама алып беріп, оқуға түсіріп едіңіз?
Жігіт мүдіріп қалған. Әрі сонымен қатар өңі бір түрлі алаулап, қызарып та кетіп еді.
– Әлі ешбір қыз оқуға түспеді, – деді бұл да қуланғансып. – Өйткені жолдама сұрап келген қыз болмады. Мүмкін, алғашқысы өзің боларсың.
– Солай деңіз.
– Солай.
– Құрғақ уәде емес шығар.
– Жоқ, олай дей көрмеңіз.
– Аупарткомға барғанда танымай қалып жүрмеңіз.
– Құдай сақтасын...
Бұл жігіттің қызбен танысқандағы алғашқы сөздері еді. Осыдан соң оның Айғанышпен жүздесуі жиілеп кетті де ақыры үйленіп тынған. Қойшы қызға деген таза махаббаты көп кешеуілдемей ақ отау болып тігілген. Айдын көлде қос аққу қатар жүзгендей болған сайранды шақ еді ол бір. Ойлап тұрса, бүкіл өмірінің ең алаңсыз күндері әрі қайталанбас қызығы мол шақтары сол Айғанышпен табысқан алғашқы жылдары екен. Келіншегінің құрсағы құр жатпаған. Қаймен үш жылдың ішінде екі балаға әке болып та үлгерген. Екеуі де ұл. Алғашқысының аты – Қуаныш, кейінгісінің аты – Бақыт еді. Жас отбасы жаңа тігілген шыбықтай болып, уақыт өткен сайын құлпырып, күнге талпынып, мәуелей түскен.
Жылдар жылжи берген. Сол жылжыған жылдар аупарткомдағы Қаймен істейтін бөлмеге өз жаңалығын да әкелген. Партиялық мекеме қашанда мазасыз. Әсіресе, кадр тұрақтамайтын. Қызыл саясат басшы атаулыны тасқаяқтай ығыстырып, асықтай араластыратын. Қасындағы серіктес жігіт “Ленин” колхозына парторг болып ауысты да оның орнына Жанна есімді жас қыз келген. Ақсары өңді, аялы қой көзді, жүзіктің көзінен өткендей нағыз сылқымның өзі еді. Бекер обалы не, өзіне берілген істі тап-тұйнақтай орындайтын. Үнемі ізденіс, үйрену үстінде жүргендей сезілетін. Әу дегеннен ашық, еркін араласқан Жанна көп ұзатпай жігітті өзіне бағындырып, иіп, тұмылдырықтап алғандай болған. Таразы басы қыз жағына ауып, іс тетігі соған тіреліп тұрғандай сезілетін. Жігіттің жалқы әрі білімдар екенін бойжеткенге тән сұңғылалықпен сезінген әккі Жанна енді өзінің ішкі мақсаты үшін күресіп, мүлде басқа, тың бағытқа бет алғандай болған. Білдей бөлім меңгерушісінің алдына тор, жолына қақпан болып құрылды.
Қыз әкесі үлкен әулетті, беделді, дәрежелі кісі еді. Жаннаның меншігіндегі жеңіл мәшине соның айғағындай болатын. Қаймен іссапарға бірде арнайы берілген мекеме көлігімен шықса, бірде Жаннаның жеңіл мәшинесіне мініп шыға беретін. Жоғары техникалық білімі бар қыз автокөлік тетігін толық меңгерген майталман жүргізуші де еді.
Бірде... Тегінде не жамандық болса да өстіп бірден басталмаушы ма еді. Жігіт тағы да іссапарға шықты. Бұл жолғы бағыты Іле атырабы еді. Оншақты қызыл отауды аралап қайтқан Қаймен мен Жанна сол түнді өзен жағасында оңаша өткізіп еді. Әу баста сәл аяқ суытып, аздап дәм ауыз тиюден басталған шағын отырыс келе-келе өріс алып, ұлғая түскен. Бұл қыздың ішкі бір есебіндей еді...
... Жігіт масаң қалпынан зорға айыққандай болып, көзін ашып еді. Орнынан тұрғанда көргені: шығысты қызғылт нұрға кенеп, күн шығып келеді екен. Өзен жағасы тып-тыныш. Таңғы тыныштыққа ұйығандай болып, мөлдіреп тұр. Ағаштан ағашқа ұшып-қонып, тынымсыз сайраған құс үнінен құлақ тұнады. Жанында... Осылайша жат жүріске елітіп, сынаптай суси келе ақыры ақ некелі әйелінен ажырасып та тынып еді. Қаймен тағдыры күн санап оңып, өзгеріп бара жатты. Жыл айналмай жігіт өз әріптесімен үйленіп те алған.
* * *
Жылды жыл жетелеп, уақыт жылжып өте берген. Осы шақтар ішінде Айғаныш жол апатынан көз жұмған. Айналып келгенде Қайменнің талайына біткені осы екі ұл болып шықты. Сырттай тілеуін тілеп, мұңдас болатын. Жаннаға сездірмей барып, балаларын туған күнімен құттықтап дегендей бетінен сүйіп, мауқын басып, қапшығын қағып қайтатын... Жанна бала көтермеді. Жылдар жылжыса да ту байталдай жұмыр, бедеу қалпы бұзылмаған. Балалар үйінде өсіп жатқан екі бала әке көңіліне қуаныш ұялатқандай еді. Алайда сұңғыла Жаннаның ойламаған жерден айтқан өтінішін де жерге тастамаған.
– Қазақ бір баланы балам деп айтпаған, – деген ол бір күні жабырқап, жүдей сөйлеп. – Екі баланы жарты ұл деген. Үш баланы ғана толық місе тұтып, балам бар деген. Осы біз үшінші ұлды болсақ қайтеді?
– Мақұл, – деген ері елпең қағып. – Біреу емес, екеу болса тіпті көрім болар еді.
– Менің, – деген бедеу әйел қылымси тіл қатып. – Бала көтерер жәйім жоқ. Дәрігерлер: “Егер сен аяғың ауыр болса, өз өміріңді соған бересің де, өзің өлесің”, – дейді. Қайтеміз, қу жан тым тәтті екен. Өле салу да оңай емес.
– Сонда қалай? – деді ештеменің байыбына бара алмаған ері әйеліне шұқшия қарап. – Мен түк түсініп отырған жоқпын.
Әйел күле сөйлеген.
– Түсінбейтіндей ештемесі жоқ. Балалар үйінен бір ұл бағып аламыз...
Қаймен де езуіне күлкі үйіріліп, қауқылдай қалған.
– Енді түсіндім, түсіндім.
– Ұқсаң сол. Ол бала тегінде маған тән болады. Және оны өзім тәрбиелеймін.
– Жарайды, солай болсын...
Айналасы айға толмай Елдос есімді қаршыға көз, қызыл шырайлы жас өскін де екі ұлдың қатарына қосылған. Баланың құжаттағы толық ныспысы Егор Қазтаевич Шукшин екен. Жанна қосымша құжат әзірледі де, Елдос Қайменұлы Құмаров етіп қайта жаңғыртып алды.
Елдос өзге балалармен тез тіл табысып, үйреніп кетті. Екеуін ағалап, артынан қалмай жүгірсе, Қайменді папалап құшағына құлай кететін. Жанна мұндайда жетімсірегендей болып оқшау, жалғыз қалатын. “Қап, неге ғана қыз асырамадым? – деп пұшайман болатын.
Мезгіл озып, балалар есейген сайын аядай бөлме іші азынаған боранға толып, аласапыранды шақ молыға түскен. Әйел көпе-көрнеу балалардың арасына іріткі салды. Елдосты өз бауырына тартып, ана екеуін шетке қақты. Аш күшіктердей үзбей таласу, жаға жыртып, көз көгерту үй жеткіншектерінің дағдылы кәсібіне айналғандай еді.
Оныншы сыныпта оқып жүргенде талай бұзақылық жасап, Қайменнің күшімен түрмеден аман қалған Қуаныш әскерге шақырылып, Ауғанстан асты да, хат-хабар сап тыйылды. Жау қолынан оққа ұшыпты. Келесі жылы Бақыт әскерге алынып, сол барған жерінде, Ресейдің қиян бір түпкірінде әскери қызметке мүлдем қалып қойды. Екі аға осындай болғаннан кейін Елдос қайтіп оңа қойсын. Қылмыстан көз ашпады. Есірткіге ілікті. Соңыра сотталып тынды. “Әке, – деп еңіреп жылап еді сот үкімі шығып, өз үйіне соңғы рет бас сұғып, дәм татуға келген бала. – Сен мен үшін ештемені аямадың. Беретіннің бәрін бердің. Дегенмен мен сенің үмітіңді ақтамадым. Ақыры мынау болды....Саған екі дүниеде ризамын. Өліп кетермін, өлетін де шығармын. Егер ажалдан аман қалсам, осы жақсылығыңды түбінде бір ақтармын. Жарқ етіп алдыңнан бір шығармын”.
Елдос кеткеннен кейін дүние репеті өзгеріп сала берген. Қызыл империя ыдырап, Кеңес үкіметі құлады. Азаттықтың ақ таңы атты. Қазақ өз алдына іргелі ел болды. Өтпелі өліара шақ басталды. Жекешелендіру жүріп өтті. Сол кезде Жанна өмірден өтті. Қаймен болса бес-алты бөлмеге сыймай, жалғыздық тауқыметін тартқан. Ақыры қарттар үйіне бет алған...
...Түстен кейін сүт пісірімдей ғана ұйықтап, жаны жай тапқан Қаймен аздан соң нілдей бұзылып, қайта қағына бастаған. Денесі қызған сайын сандырағы да күшейген. Енді ол бөлме ішін кезіп, әркімге бір тиісе бастап еді.
– Маған жаны ашитын ешкім жоқ дейсіңдер ме? – деді ол өздерімен өздері отырған мұңдарларға кезек-кезек шүйлігіп. – Жоқ деп айтқан қайсыларың? – дегенде тіптен еліріп барып, қайта сабасына түсті. – Ал, айтыңдар, – деп сөзін қайта жалғады. – Сендер олай деп еш айта алмайсыңдар. Себебі, мені іздейтін жан бар. Біле білсеңдер, мен өзім зиялы, зияпатты жанмын. Ешкімге қиянат жасағаным жоқ. Екі ұлым болды. Мүмкін тағы да болар ма еді, бірақ арғысын Алла маған бүйырмады. Олай болатыны, бәрін мен өз қолыммен құрттым. Айғаныштан айырылдым. Есіл Айғаныш, – дегенде дауысы қарлығып, ентігіп қалды. Көңілі босап, бойына үрей шапты. Жылағысы келіп, көмейіне өксік тығылды. Сақалы шошаңдап, буын-буыны қалтырады.
– Абайсызда айырылдым аяулымнан, – деді қолын сермеп. – Мәңгілікке қош айтыстым. Өзім, иә, өзім бәрін ала тайдай бүлдірген. Жанна менің момындығымды пайдаланды, малданып кетті. Балаларды азғырды. Жас сезімдерге өшпенділік уын төкті. Балалар ала жылан, аш бақаның күйін кешті. Бірі өлді, екеуі тірі. Қуанышты білмеймін, Елдос түптің түбінде бір келеді. Мен үшін келеді. Демек, менің іздеушім бар. Ол – Елдос. Жасында көкелеп алдымнан шыққанда сөзінің құрбаны болып, өліп кете жаздаушы едім. Жаннаға суық болатын. Ал мен дегенде басқа еді. Сол тірі. Және ол мені сөзсіз іздеп келеді. Мені азаттыққа шығаратын сол. Ол келеді. Бұл оның мұсылмандық парызы. Мұсылман, оның ішінде қазақта қарттар үйі деген болмаған және бұдан кейін де болмайды. Сол үйдің ең соңғы құрбаны әрі ақырғы адамы менмін. Мен!
– Сол құрбандық бәрімізге де бұйырса екен, – деді тілеулес орыс шалы Петр Серов бөлмедегілердің бәрінің атынан сөйлегендей болып. – Әттең, қарттар үйін бізден кейін ешкім көрмесе, нұр үстіне нұр болар еді. Бірақ қайда ол...
– Менің құтқарушым бар, – деді өз сезіміне өзі әбден әуектеп, қызып алған Қаймен қарт. – Ол – Елдос. Ол келеді.
– Келсін, келсін, – деді орыс шалы ниеттік танытып. – Адамың болса, алып кеткенге не жетсін... Ал, бізді іздеп келетін бір ғана нәрсе бар. Ол – өлім. Соның болғанына да құдая шүкір. Егер ол болмағанда мүлдем иесіз қалар едік... Солай емес пе? – деп өз-өзінен сөйлеп дара күй кешкен Илья Макаровқа қараған. Ол бейбақ әдеттегінше ештеңемен шатағы болмай, көкке қарап, саусақтарын санап, бірдеменің есебін шығара алмай басы қатып жатыр екен. Басқалары да үнсіз.
Қаймен қарт енді сөзден қалып, таусылмас бір сарынды ыңылды айта бастаған. “Аққуы ұшып, қаз қонған, айдын көл, сені сағындым. Әкем бір күйеу болған жер, анам бір келін болған жер, Сарыарқа, сені сағындым”, дегенді мұрын ұшымен міңгірлеп айтты да, арғы жағын әуезді ырғаққа айналдырды. Күздің желіндей уілі мол, уайымды сарынға басты. Бөлме ішін жанға жайлы сағыныш табы әлдилеп еді. Қаймен қарт бір қайырмасын түгесіп кеп, қайта басынан бастап, ән нақышын жаңғырта түсті. Жалқы шумақ соны бір ырғаққа мінгесіп, қайта қанат қақты. “Әкем бір күйеу болған жер, анам бір келін болған жер, Сарыарқа, сені сағындым..”
* * *
Жаз таңы аппақ болып атып, жер беті сүт сәулеге малына бастаған шақта алыстағы ауылдың шет жағындағы көшелердің бірінде үстіне келісті пальто киген, ақ қалпақты, бойшаң келген, бірақ еңкіштеу біреу тездете басып, көне мазарды бетке алған. Қалың бейіт шетіне келгенде жүрегі тіксінгендей болып, сәл тосылып қалды. Еріксіз: “Бісмілла”, деді. Көп адаспады. Көп бейіттің орта тұсынан бояуы оңып, өше бастаған ескі шарбақтағы “Жанна Ерсанақызы Құмаркеліні” деген жазуды мүдірмей оқып шықты да, шөкелеп отыра қалып, құран сүрелерін сыдырта жөнелді.
Бұл жолаушыңыз баяғы марқұм Жанна мен Қайменнің Алматыдағы балалар үйінен асырап алған ұлы Елдос еді.
Уақыт өзгертпейтін не бар. Елдос та сол өткен заманмен бірге есейіп, адам танымастай болып өзгерген. Осы ауылдағы есірткі шеккіш топқа қосылып, үй тонап сотталғанда небәрі жиырма жаста еді. Енді міне, қырықтың қырқасына шығыпты. Сот мерзімі де әлдеқашан бітіп, үй болып, іргелі отбасына айналған. Ақтау маңына табан тіреп еді. Өскен ауылына келуді де ұмытпаған. Ауық-ауық әке-шешесін ойлап, көңілі алаң, көкірегі күпті болған күндер де өтті. “Барғанда кімге барамын? – дейтін өзіне өзі мұң шаққандай болып. – Кімім бар менің? Құмаровтар әулеті опат болған. Демек, әке де, шеше де жоқ. Кейін бір соғармын”.
Осы бір ой созыла келіп, пәлен жылдың аяғына тұсау болған. Сөйтіп жүргенде өзі отырып шыққан біреумен тосын жолығып, бар жайды білген. Жігіт Қаймен ауылының тумасы екен...
Елдос аятын бағыштап болып, бетін сипады. Өз-өзінен көңілі босап, жылап та алды. “Иманды бол, шеше, – деді көне мазардан алыстап бара жатып. – Жатқан жерің жәннатта болсын. Сенің болғаның да дәтке қуат. Егер бұл өмірде сен болмасаң, біз кімді шеше деп атап, кімнің басына аят оқыған болар едік. Мен енді тездетіп әкем Қайменді тауып алайын. Ол қарттар үйінде тұрып жатыпты. Білмедім ғой, оның сонда екенін. Егер білгенде, көкек әні басқаша айтылар еді...”
Суыт жүрісті жолаушы аздан кейін машина ішінде келе жатты.
* * *
“Сағындым сені, Сарыарқа”, деп ыңылдаған әнін тағы бір қайырып шыққан Қаймен бәйге атындай елеңдеп, жанығып алып еді.
– Менің жоқтаушым бар, – деді бұл сөзі ешкімге керек болмаса да және бір қайталап. – Ол сөзсіз келеді. Қарттар үйіндегі ең соңғы құрбандық, ақырғы қазақ менмін. Менен кейін бұл араға қазақ келмеуі тиіс.
Қарт түйсігі алдамаған екен. Кенет есік ашылып, қарттар үйінің балпанақтай семіз, тығыршықтай толық меңгерушісі – орыс келіншегі кіріп келе жатты.
– Қаймен Құмарович, – деді кірген бойда алтын тістері жарқырап, күле сөйлеген ол. – “Сарыарқаңызды” бізге айтып біттіңіз. Рақмет. Енді қалғанын еліңізге барып айтыңыз. Сүйінші! Сіз боссыз.
– А, не дейсің, қалқам? – деді темір кереуетте отырған орнынан ұшып кете жаздаған шал елпең қағып. – Сүйінші дейсің бе?
– Иә, Қаймен Құмарович, сүйінші!
– Қалағаныңды ал, ал, – деді шал қолын ербеңдетіп. – Тек хабарын айтшы...
Өзге кереуеттер де сықырлап, аһылаған үндер жиілеп кетті. Бөлме ішін құйындай аралап өткен тосын хабар отырғандарды есеңгіретіп тастағандай еді. Илья Макарович саусағын санай-санай есебінен тағы жаңылыпты. Өзге екі шал тап өздерін біреу тыста шақырып тұрғандай, қалбалақтай қалыпты. Киімдерін асығыс киіп, әлдебір жоғын іздеп, соны қапелімде таба алмай әлекке түсіп жатыр. Петр Серов болса өзінің ең жақын досымен қоштасар соңғы сәттің таянғанын сезіп, не дерін білмей сілейіп қалыпты. Көзі бозарып, жылап жіберуге шақ тұр...
– Сүйінші, Қаймен Құмарович! – деді меңгеруші әуелгі сөзін және бір пысықтап. – Сізді ұлыңыз Елдос Қайменұлы іздеп келіп тұр.
– Елдос! – деді жанары қуаныштан жарқ ете түскен шал. – Елдос...
Темір кереуетте көтерем малдай үйелеп жатқан қарт орнынан лып етіп ұшып тұрғанын өзі де сезбей қалып еді. Есікті серпи ашып, дәлізге шықты да, өзіне қарай асығыс адымдап келе жатқан ақ қалпақты, қапсағай денелі адамды көріп, ентелей басып, еңкілдеп жылаған күйі жеткен бойда оның құшағына құлай кетті...
Дәнеш АХМЕТҰЛЫ.
Алматы.