Қазақта “Жұрт келгендей жиын болсын, жұмылған қолдай ұйым болсын” деген тілек мазмұндас мәтел бар. Сол секілді Елбасымыз Н.Назарбаевтың ЕҚЫҰ Саммитін Астанада ұйымдастырудағы мақсат-мүддесін қолдай отырып, біз де алқалы жиынның абыроймен өтуін тіледік.
Шүкір, Астана Саммиті жоғары деңгейде дүркіреп өтті. Әлем жұртшылығының назарына іліккен аса маңызды оқиға ретінде тек Қазақстан тарихына ғана емес, дүние жүзі тарихына енді.
Нұрсұлтан Әбішұлының кемелдігі мен көрегендігінің тағы бір жемісін көрдік: Қазақстан ЕҚЫҰ-ға табысты төрағалық етуімен қатар, он бір жыл үзілістен кейінгі халықаралық жиынды айтарлықтай етіп ұйымдастырды.
Елбасы соңғы Жолдауында: “Қазақстан ендігі жерде үйренуші емес, үйретуші елге айналуы тиіс”, деген болатын. Шын мәнісінде, Астана Саммиті Қазақстанның үйретуші елге айнала бастағанының айқын бір дәлелі болды.
Мен педагогпін. Колледж директоры А.А.Бисенбаеваның мұрындық болуымен ұжым ішінде Саммитті талқыладық. Мен болсам, өз тарапымнан “жастар бойында қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуде Астана Саммиті тағылымды тарихи оқиға болып қала бермек” деген тұрғыдағы ойыммен бөлістім. Әрбір жастың жүрегінде туған Отанына мақтаныш сезімін оятып, оны көркейтуге деген құлшыныс, ұмтылыс сынды қасиеттерді дамыта алсақ, нұр үстіне нұр. Әрі Астана Саммитіндей тың да өміршең тақырыпқа талай мәрте оралатынымызды жеткіздім.
“Ынтымақ істі бітірер” демекші, біз халықаралық деңгейдегі аса маңызды шараларды ұйымдастырып, табысты өткізе алатынымызды дәлелдей алдық.
Пиалаш СҮЙІНКИНА, Ы. Алтынсарин атындағы Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжінің оқытушысы.
Қостанай облысы.