25 Желтоқсан, 2010

Астана Саммиті әлем тарихына жазылды

4281 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Әлем алдында біртұтас ел, ын­ты­мағы берік халық екендігімізді тағы бір көрсете білдік. Тарихы мол, келешегі зор мемлекет ретінде Қазақстан үлкен ұйым­шылдықпен аса маңызды саяси оқиғаны атқарып шықты. Өйткені, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Саммиті – мемле­кет бас­шыларының дүние­ жүзін­дегі маңызды кездесуі. Мемлекеттің бас­­шылары, көп­теген халықаралық ұйым­­дар мен бірлес­тіктердің жетекшілері, танымал саясаткерлер елорда­мыз­дың төрінде бас қо­сып, ғаламдық проб­ле­маларды талқыға салғаны – айрықша тарихи оқиға. Осыдан 11 жыл бұрын Түркияның Ыстамбұл қаласында ЕҚЫҰ Саммиті өтті. Яғни, ол басқосу өткен ғасырдың, екінші мыңжылдықтың соңында болды. Әлемде беделі зор халықаралық ұйым­ның осындай маңызды басқосуы бұған дейін Азияда болған емес. Бұл жерде Түркияның 97 пайыз жері Азияда жат­қанымен, Ыстамбұл қаласының Еуропада орналасқанын айта кеткен жөн. Өткен ғасырдың соңына дейін бірқатар елдер қарулануға ден қойды, кейбір елдердің бір-біріне «Ол маған соғыс ашып жібермей ме?» деген  күдігі басылмай келген еді. Ал бүгінгі заман қауіп-қатерді төндіруді емес, әр түрлі апаттардан бірлесе отырып қорғануға ұмтылыс жасауды талап етуде. Астана Саммиті жаңа, ХХІ ғасырда өткенінің өзі – елеулі жаңалық. Адамзат баласы үшінші мың­жылдыққа аяқ басты. Білім мен ғылым­ның, рухани байлықтың жетістіктерімен күш сына­сатын кезең келді. Соғы­сумен емес, спорттық жарыстармен ашық сайысқа түсетін ғасыр басталды. Осыны ұғына білген мемлекеттер, көре­гендік сая­сатын жүргізген басшылары өркениет жолында жасампаз жетістіктерге қол жеткізетіні анық. Сондай жолмен келе жатқан елдің бірі – Қазақстан! Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі үлкен Саммитпен жалғасын тапты. Астана Саммитінде күн тәртібіне шы­ғарылған мәселелер, ортақ пікірге келіп, қабылданған шешімдер ЕҚЫҰ-ның алда­ғы қызметіне ғана емес, дүние­ жүзінің келешектегі дамуына әсер ететіні сөзсіз. Астана Саммитінде жылдар бойы ЕҚЫҰ шеңберінде қордаланған проблемалар мен қарама-қайшылықтарға дұрыс талдау жасалды, маңызды мәселелер тал­қыға түсті. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан На­зарбаев Астана Саммитінің ашы­луын­да әлем алдындағы аса үлкен жауапкершілікті сезіне тұрып, байырғы қазақ жерінде, Қазақстанның елордасы – Астанада, Еуразияның жүрегінде, мыңжылдықтар бойы адамзат тарихын жасаған ұлы ха­лықтардың диалогы басталғанын жария етті. Елбасы Самитте ұсынылып отыр­ған Астана декла­рациясы мен іс-жос­пар­ларының жоба­лары Ұйымның бар­лық мүшелері тара­пынан қолдау та­ба­тынына сенетінін айта келіп: «Бұл біздің халық­тарымыздың қауіпсіздігі мен гүл­дену ісіне қосылған үлкен ұлы үдеріс болар еді. Алып Еуразия құрлығын «Сенім. Дәстүр. Ашық­тық және Төзімділік» сын­ды жал­пы құн­дылықтарға негізделген ор­тақ ке­ңіс­тікке айналдыру өз қолы­мызда. Біздің Саммиттің тарихи маңызы мен ат­қарар жүгі де осында деп білемін», – деді. Осы Саммитте ЕҚЫҰ-ның бірінші өлшемі аясында әлем қауіпсіздігіне баса назар аударылды. Сенім мен қауіпсіздік шараларын нығайту, жаппай қырып-жоя­тын қару-жарақтар таратуды ауыз­дық­тау, терроризмге, ұйымдасқан қыл­мысқа, адам саудасы мен есірткінің заңсыз айналымына қарсы бірлесе кү­ресу мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар ЕҚЫҰ-ның экономи­калық-экологиялық себетінің басым­дықтары қаралды. Соңғы жылдары та­би­ғаттың тосын мінез көрсетуімен бірге, адам қолымен жасалған экологиялық апаттар да аз емес екені белгілі. Арал проблемасы да қозғалды. Көптеген елдің бас­шылары ЕҚЫҰ-ның үшін­ші өлшемі негізінде адам құқықтары мен негізгі бостан­дық­тарын қор­ғау, гумани­тар­лық қолдау мә­се­лелерін сөз етті. Бізге дейін осы ха­лықаралық ұйымды бас­қар­ған елдер мұндай Сам­митті өткізе алған жоқ. Оның әр түрлі себептері болған шығар, алайда, бар­лық мүше мемле­кет­тер­дің қолдауына ие бо­лып, Саммит өткізу – аса жауапты міндет, абы­рой­лы миссия. ЕҚЫҰ Саммитінің өз дәрежесінде өтуіне әрбір азамат атсалысты. Осы орайда аталмыш форумға дейін және одан кейін Парламент депутаттары да Қазақстанның ішкі және сыртқы сая­саттағы ұстанымдары туралы шетел пар­ламентшілерімен кездесу өткізгенде және БАҚ өкілдеріне берген сұхбат­тарында үнемі айтып келеді. Айта кету керек, қазір Қазақстанға кел­гісі келетін шетелдік саясаткерлер де, саяхатшылар да өте көп. Әсіресе, соң­ғы жылдары еліміз туралы көбірек білу үшін арнайы сапармен келген аза­мат­тар­ды жиі кездестіріп жүрміз. Ас­танаға келген шетелдік әріптес­тері­міз­бен жүздес­кенімізде, олар Қазақ­стан­ның әлемдік қо­ғамдас­тықтағы беделі, халықаралық мә­се­ле­лер­ді шешудегі рөлі жайлы, ел Пре­з­иденті Н.Назар­баевтың саяси маңызы зор баста­малары жөнінде шын пейілдерімен оң пікірлерін айтады. Сондай ізгі ниеттес азаматтар өз елдеріне барған кезде де, Қазақ­стан туралы дұрыс пікірді тарататы­нына кәміл сенеміз. Өйткені, олар еліміз туралы басқа біреуден естіген жоқ, жаңа заман­ға лайықты да­мып келе жат­қан мем­лекетті өз көз­дері­мен көр­ді, азамат­тарымен пікір ал­масты. Қазақ еліне деген сенімі қалып­тасты. Мұ­ның бар­лығы мемле­кетіміздің ай­бы­­нын асырып, игі істерін әйгі­леп, атағын алысқа жеткізе түсері сөзсіз. Қазір еліміздің тұрғын­дары­мен тілдесе қалсам, әр аза­мат Астанадағы ЕҚЫҰ Саммитінің ойдағыдай өткенін, ма­ңызды құжат – Астана Декла­рация­сы­ның қа­былданғанын мақтаныш­пен айтады. Осы орайда еліміздегі өндіріс орын­дарында, әр түрлі ұжымдар мен ұйым­дарда, денсаулық сақтау мекемелерінде, жоғары, орта арнаулы оқу орын­дарын­да, мектептерде Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі және Астанада өткен ЕҚЫҰ Саммитінің тарихи маңызды­лығын түсіндіру бағытында үгіт-наси­хат жұмыстарының жүргізілгені дұрыс деп есептеймін. Әр түрлі деңгейдегі көр­мелер ұйымдастырылса, мәдени іс-шаралар мен байқаулар өткізуге де болар еді. Өркениет жолына бастаған мем­­лекетіміздің азаматтары саналы, өз за­ма­нының озық ойлы азаматтары бо­луы қажет деп есептеймін! Өйткені, ЕҚЫҰ-ның Саммиті Қазақстанда енді 50 жылдан кейін болуы мүмкін. Қазір тарихи құжаттарда, келісім-шарттар сөз болғанда «Варшава шарты», «Женева шешімі» деп жиі айтылып жүр. Сол сияқты келешекте «Астанада қабыл­данған Декларация», «Астанада қол жеткізілген ЕҚЫҰ Саммитінің шешімі» деп айтылатыны анық. Оған сілтеме жаса­ғанда қысқаша «Астана Саммиті», «Астана келісімі» деп атайтыны жа­сырын емес. Бүгінгі таңда әлемнің алпауыт елдері тарапынан Қазақстанның геосаяси орналасуының өзіне үлкен мән берілуде. Еуразияның нақ ортасында жатқан еліміз Батыс пен Шығыстың арасын­дағы саяси-рухани және сауда-экономи­калық қарым-қатынасты жалғастырушы алтын көпір екені анық. Келешекте авто­көлік­пен, поезбен және ұшақпен та­сы­мал­данатын жүктердің басым бөлігі Қазақ­стан арқылы өтетін болады. Осы орайда қазір «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізінің жобасы жүзеге асырылуда. Сол секілді Қытай­мен шекарадан кіретін темір жол еліміз­дің нақ ортасымен жүріп өтіп, Маңғыс­тау өңірі арқылы Иранға қа­рай шығып кететін болады. Осы жобалар­дың халық­аралық маңы­зы айрықша. Соны­мен қатар, бір­қатар қала­лардағы әуежай­лар алып ұшақтар­ды тоқтаусыз қа­был­дай­тындай жағдайға келтірілуі қажет. Сол кезде мұхит үс­тіндегі айналма жолдармен ұшып жүрген бірқатар елдердің ұшақ­тары Қазақ елінің әуе жолын жал­ға алып, ақы төлейтін бо­лады, Ас­тана, Алматы, Қарағанды, Ақтө­бе, Орал, Қос­та­най және басқа қа­лалардағы әуе­жай­ларға қонып, жа­нар май құйып, әрі қарай ұша­тыны анық. Ол үшін біздің әуе­жайлар халықаралық та­лаптарға сәй­кес қызмет көрсете білуі керек. Саммит өткен соң еліміздің сала басшыларының қатысуымен өткізген қорытынды кеңесте Мем­лекет басшысы Нұрсұлтан На­зар­баев барша қазақстан­дық­тарға өз құттықтауын жолдады. Ел­басы бұл мыңжылдықтың ал­ғашқы Саммиті ғана емес, мың жылда бір рет болатын оқиға екенін баса айтты. «Мен беделді ұйым Астана Сам­миті­нің жемісті өтуімен баршаңызды құт­тықтаймын! Біз бірін-бірі жылдар бойы көрмей келген ел басшы­ларының басын қосып, мәмілеге келтірдік. Еуропа мен Азия ұғы­мын біріктіріп, қауіпсіз­діктің кеңіс­тігін кеңейттік. Ұзаққа созылған ортақ келісімнен кейін, тарихи Астана Декларациясын қабылдап, Ұйымды жаңа белеске көтердік!», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Еліміздің тәуелсіздік алғанына биыл 19 жыл. Тарих үшін бұл бір сәттік оқиға секілді. Осы қысқа мерзімде мемлекетіміз орасан зор жетістіктерге жетіп, әлем елдері алдында беделге ие бол­ғаны – Қазақ­стан Президенті Нұр­сұлтан На­зар­баев­тың дана­лығы, сұңғыла саясаткер екендігі. Ел­дің де, Елбасымыздың да игі бастама­лары әлемдік қоғамдас­тық­та қолдауға ие болып келеді. ТМД елдері ішінен Қазақстанның бірінші болып ЕҚЫҰ-ға төраға­лық еткені – халқымыз үшін үлкен абырой. ЕҚЫҰ-ға жетекшілік еткеніміз және Астана Саммитін жоғары деңгейде өткізгеніміз тек қана Қазақ­стан тарихында жа­зылып қалмайды, бұл оқиға әлем­дік шежіреде мәңгілікке жазы­лып қалатыны анық. Бауыржан СМАЙЫЛОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты.