25 Желтоқсан, 2010

Қажылық сапар

2974 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін
Мұсылманның бесінші парызы – қажылықтың барлық рәсімдерін өтеп, ихрамнан шығудың алдында тақыр­латып алғызған шашымыз біршама өсіп қалғанымен, таңғы сағат төрттер шамасында Әл-Харам мешітінің аза­ны құлағыма жеткендей болып, ұй­қым­нан оянып кететінім бар. Кейде түсімде сан мыңдаған адамдармен бірге жалаң­аяқ, жалаңбас қалпымда Қағбаны ай­налып жүргендей болсам, кейде Сафа мен Мәруаның арасында, жан ұшы­рып жүрген Ажар анамыз­дай, ая­ғымның қаншалықты талға­ны­на қа­ра­мастан, жасыл белгілер аралы­ғында жүгіріп келе жатқандай көрі­немін. Қай кезде де бойым сергіп, қуанып оянамын. Мұсылманшылықтың ең бір қа­сиетті шарты қай парызыңды өтесең де, оның Жаратушы Иеміз тара­пынан қабыл етілуін күтетінің болса керек. Парыздарыңды күн сайын адал ат­қара жүріп, мұсыл­ман­шы­лық­ты ұста­нуың да, Исламға шы­найы берілген­дігің мен оны қорғауға әзір тұруың да өмір бойы күтуің арқылы жүзеге асады екен ғой. Қа­жылыққа аттанып бара жатқан ауқатты екі төресіне ілесе кеткен шаруа адамының қажылығы қабыл болғандығы жөніндегі әдемі тәм­сілдегідей Алла тағаладан ниеті­міз­ді қабыл етуін өтінгеніміз жөн болар. Алланың қолдауымен осы жылдың 31 қазаны күні ұшаққа отырып,  Ыстамбұлға бет түзедік. Жолаушылардың саны 150, бәрі де бір ғана ақ ниетпен қажылық бо­рышын өтеуге кетіп барады. Атақты түрік шаһарына аман-есен келген соң Сұлтан Ахметтің көк мешітінде құлшылық жаса­дық. Сосын Ыстамбұлды автобуспен ара­ладық, жан-жағы теңіз, көз тартқан көрікті тарихи орындары  бәрімізге ұнады. Осын­дайда атажұртты тастап көшкен түрік бауырларымыздың Еуропаның бір шетінен орын теуіп, Мекке мен Мәдинаға жо­лымызды жақындата түскеніне шүкіршілік еткендейсің. Әлде бұл «Түрік әуе желісі» компаниясы ұшақтарының жаңалығынан, немесе түрік ұшқыштарының Мәдина әуе­жайын жете білуінен болар, әйтеуір Мә­динаға біздің ұшақтардан гөрі түрік ұшақ­тарының кіруі оңай екен.  Кім білсін, енді бірер жылдан соң Астана мен Алматыдан көтерілген біздің ұшақтар Мәдинаны бетке ала жатар. Қалай болғанда да, 1 қара­шаның таңғы алакеуімінде Мәдинада болдық, Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) мешітіне жақын маңдағы еңсесі биік қонақүйге орналастық. Осы арада аспан астын жаңғыртып, азан да шақырылды. Адамзаттың сұлтаны Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қасиетті мешітінде таң намазын жамағатпен бірге оқыдық. Зәмзәм суымен шөлімізді бастық. Бірден айта кетелік, жоғарыда аталған Ажар анамыздың адамдар көрінбес пе екен деп, екі төбенің ара­сында зыр жүгіруі, осы кезде шырылдап жер тепкілеп жылаған болашақ пайғамба­рымыз Исмаилдің (ғ.с.) өркенділік тарап, өмір жалғасқан өкшесінің астынан су шыққанда естілген аян осы «зәмзәм» сөзі (құммен қорша) екен. Мұсылман арасында жиі кездесетін есімнің (қазақшасы Смайыл ғой) біздің қажылық тобымызда да болғанын, бір Смайылдың баласы мен немересі қажылық сапарына қатысқанын, өздері парыздарын өтеп болған соң екеуі әкесі мен атасының құрметіне бәдәл қажылық жасағанын айта кетелік. Барша мұсылман үшін қастерлі екі қаладағы қасиетті екі мешітте (Саудия Королін «қа­сиетті қос мешіттің қызметшісі» деп те айтады) ғана қанша ішсең де емін-еркін қойылатын зәмзәм суын қазіргі кезде қажылыққа барған әр адамға 10 литрлік ыдыспен беруге рұқсат етілетін болыпты. Біз Мәдинада 4-5 күн түнедік, мұндағы қасиет тұтып, бару керек болған орындар­дың барлығына бардық. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дінсіздерге қарсы соғыста жаралан­ған Ухуд тауында болдық. Бізді бастап барған жолбасшыларымыз «осында жетпіс сахаба шейіт болған, ішінде Хамза батыр да бар» деді. Атақты батырдың аты атал­ғанда біздің көңіліміз босады. Бір байқал­ған жәйт, осы батырларға ескерткіш тас қойылмаған, қорғанның сыртын қоршап қойыпты. Жалғыз осы жерде ғана емес, Мекке мен Мәдинадан бірде-бір тас мүсін, ескерткіш көрген жоқпыз. Бізді айрықша толқытқан орын – Пай­ғам­барымыздың (с.ғ.с.) жатқан жері, мұн­да ұлы жанның өзі және сүйікті ізбасар­лары  – Әбубәкір мен Омар қатар жатыр. Жанынан өткен тізбек-тізбек мол нөпір дұғасын айтып, құлшылығын жасап, бір Ал­лаға сыйынып, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтып, егіліп-елжіреп, кейбіреулер көздерін сүртіп, қамығып барады. Иә, өмірінде бірде-бір рет теріс мінез та­ныт­паған, жан баласын ренжітпеген, дү­ние-мүлікке қызықпаған ғажайып жан туралы Құран кәрімде өте нанымды ай­тылған: «Мұхаммед әмин – сенімді Мұхам­мед деп бала жастан толық сенім артқан, өмірінде еш өтірік айтпаған, биязы мінезді, сондай-ақ ешкімнен оқымаған бола тұра, даналықтың ең  кемеліне ие екенін жақсы біледі» («Мүмин» сүресі, 69-аят). Өмірінде жалған сөйлемеу – кез келген парасатты жанның ізгі тілегі ғой. Пай­ғамбарымызға (с.ғ.с.) Алланың берген ке­меңгерлігін ешкім де жоққа шығара ал­май­ды. Оны көзі тірісінде-ақ досы да, дұш­паны да мойындаған. Қасиетті мешіт­тің ішіндегі қасиетті орынға дейін жетуге үш әрекетіміздің соңғысында ғана мүмкін­дік болды. Бұл орынға қажылыққа келген топтардың ұйымдаса баруы дегенді көрме­дік. Әркім өз қалауына қарай барып, зиярат етіп жатты. Өз тобымыздағы пысық­тар­дың біріміз деп жүрсек, онымыз бекер екен. Біз Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жатқан орынға жеткенде «Ансар Круиз» қажылық компаниясының көк желетін киген, біреулері Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) жатқан жердің дәл қабырғасы түбінде, енді біреулері ол үлкен намаздар кезінде имандық атқарған орынның дәл алдында намаз оқуда екен. Алматы қаласынан келген Еркінбек Молдахметов жас жағынан өзіміз қатарлы болғанымен, Жамбыл облысынан келген, бұрын ортаңқол басшылық қыз­мет­терде болған Маматай Несіпбаев жетпістерді алқымдап қалған кісі. Солардың артынан тұрып, біз де намаз оқыдық. Мұхаммед (с.ғ.с.) жайлы Американың оқымысты академигі Майкл Х.Харт «100 ұлы адам» атты кітабында Пайғамбары­мызды (с.ғ.с.) ең бірінші ұлы адам деп та­ниды. Академик оған мынадай анықтама береді: «Христиандардың саны мұсылман­дардан екі есе көп. Сол себепті Мұхам­мед­тің (с.ғ.с.) бұл кітапта Исадан (ғ.с.) бұрын жазылғаны оғаш көрінуі мүмкін. Бірақ мұның екі себебі бар: біріншісі – Иса (ғ.с.) христиан дінінің негізін және философия­сы­ның негізін қалағанына қарамастан, Мұхаммед (с.ғ.с.) Исаға (ғ.с.) қарағанда маңыз­ды рөл атқарған. Мұхаммед (ғ.с.) Ислам теологиясының негізін қалаушы, ол ең бірінші болып иманды адамдар саны­ның көбеюіне ықпал етті, адамдарға ислам негіздерімен өмір сүруді үйретті. Оған қоса ол қасиетті кітап Құран кәрімді Алладан жеткізуші» (Москва. Изд. «Вече» 1992 ж. стр. 28). Бұл өмірде Алла жолына қызмет істеп, қаншама пайғамбарлар өтті, солардың ішіндегі ең ардақтысы – Мұхаммед (с.ғ.с.) екені анық. Осы себепті оған Алланың сүйікті құлы, әрі ардақты пайғамбары деп иман келтіреміз. Мәдинада кісі мол, қасыңдағы адамнан сәл көз жазып қалсаң – адасасың. Бір-бірі­мізді таппай, іздеген кездеріміз де болды. Соған қарамай, қажылар тиісті рәсімдерін өтеді. «Ансар Круиз» қажылық компания­сында апаларымыз бен әпкелеріміздің, замандастарымыз бен қарындастарымыз­дың көп болғаны айрықша қуантқан. Себебі, қандай істер де аналардан бастау алып жатса, оның тұрақты болатыны сөзсіз. Оның үстіне Индонезия, Малайзия, Түркия, Нигерия және басқа елдерден келген топтардың кем дегенде тең жартысы әйелдер екенін көзбен көрдік. Біздің қазақ әйелдерінің де имандылық жолына бет бұруы бүкіл қоғамды сауықтыра түсетіні сөзсіз деп ойлаймын. Қазір де жастары 70-тен асып кеткен Тараз қаласынан келген Пәтима Шыналиева мен Тәжікүл Жақып­бекова, Шымкент қаласынан келген Ханбибі Әліпова мен қажылық парызын жетінші рет өтеген Бараш Төлешова, Қоста­най қаласынан келген ұлты татар Адиба Гатеевна Гатина мен Қантай Бөпежанова, астаналық Дәметкен Молдыбаева мен өс­ке­мендік Нұрлыхан Берекбосынова, қара­ған­дылық Қалтай Атажанова мен Гүлбану Нүркенова есіме түссе, жүрегім жылып сала береді. Біздің қажылық сапарымыздың ойдағыдай әрі көңілді өтуі де осы апаларымыздың арқасы болса керек. Біз 5 қараша күні жұма намазын оқы­ған соң Мәдинадан Меккеге қарай автобуспен жолға шықтық. Сапарға шықпас бұрын, бәріміз де ихрам кидік. Бұл қажы­лықтың басты бір шарты болғандықтан, ер азаматтар үшін біршама қиындығы да бар оны мінсіз атқаруға тырыстық. Автобусқа мініп-түскенде, демалып отыр­ғанда әшейін­де ашық-шашық жүретін басымыз ыңғайсыз жағдайларға да тап  болып жат­тық. Кейін ғой, жаңа түскен келіндей болып, етегімізді қымтап жүруге үйрен­геніміз. Екі қаланың арасындағы жол өте жақсы, теп-тегіс, жері тау-тас, құм-шағыл. Ағаш-орман байқалмайды, сарқырап ағып жатқан өзен көрмедік. Алайда құт-береке тұнған, ырысы шалқыған Мәдинаға да, әсіресе, Меккеге халықтың ықыласы орасан. Дүниенің бар түкпір-түкпірінен тоғы­тылып келіп жатқан халықта қисап жоқ. Бәрі де Алладан медет тілеп келіп жатады. Сонау Марокко, Косово, Күрдістан, Ау­ғанстан, Түркіменстан, Қырғызстан, Бангладеш, Қытай, Корея, Үндістан, Иран, Ирак, т.б. елдерді атауға болар еді. Қажылық парызын өтеу үшін әлемнің барлық бұрышынан келген халықтар бір-бірімен тілдесе алмаса да, бірін-бірі түсін­бесе де, намазды бір-ақ тілде оқығандық­тан болар, бір-біріне мейіріммен, ықылас­пен, жылы шыраймен қарайды. Аяғын қағып, жайнамазын басып, иықпен итеріп, қолдағысын абайсызда қағып түсіріп жіберсеңіз де – ләм деп ренжімейді, қабақ та шытпайды. Қайта күлімсіреп қарайды. Құран кәрімдегі: «Шын мәнінде мүміндер бауырлас қой» деген сөздің шындығына көзіңіз жеткендей болады. Мәдина мен Меккеде жүргенде түр-түсі ақтар мен аққұбаны да, қаралар мен қараторыны да, қоңырлар мен сарыны да көрудей-ақ көрдік. Көбісі киімдеріне қай елден келгендерін жазып қояды, ал жазба­ғандарына өзіңнің Қазақстаннан келгенің­ді айтсаң, қай елден екенін бірден жеткізеді. Біздің ұғымда қажылыққа бару өмір­дегі бір белес сияқты қабылданатыны анық. Ал Меккеге қадам басқан басқа халықтардың көбі – жастар, бойжеткендер мен бозбалалар. Бізге жұрттың айтуынша, бұл болашақ отау иелері, осында келіп, құдіреттің көрінісінен тәлім-тәрбие алмақ, өмірдің ішкі терең сырларына бойлап, көп дүниеге көңіл аудармақ, адалдықтың, пәк­тіктің, нағыз тұрақты ақ некенің түп негізі Ислам дінінде екеніне көздерін жеткізбек. Міне, осындай үлкен жолдан өткен өрім­дей жастардың үй құрағанда отбасы тұ­рақ­ты болып, баянды да бақытты ғұмыр кешеді екен. Өзіміз қатарлы атыраулық Күләш Сү­теновамен, оралдық Күләш Дәулетовамен, астаналық Бақыт Қажыбаевамен, өскемен­дік Нұрбану Уәлиевамен, қостанайлық Сайым Садақбаевпен, Сабыржан Ахметовпен, шымкенттік Құрасбек Сауытбе­ков­пен сөйлескенімізде, өздерінің үлкен парызды өтеуге қазір дайын екендіктерін, енді бірі жағдайдың жаңадан келгенін айтып жатты. Мұның екеуі де жөн шығар. Ал осы парызды өтеуге жастай дайын­дауға болмас па еді. Өз тобымыздағы алды 30-ға жетпеген, арты  кәмелетке жаңа тол­ған Ғалымжан Матов пен Еркебұлан және Сырым Исабаевтарға, Дәулет Мұха­меджан мен Олжас Қайратұлына қарап, біздің жастарымыздың да мұсылманшы­лық парызға деген ықылас-ниеттері дұрыс екеніне көз жеткізгендей болдық. Ал ақтөбелік Бейбіт Қапанова мен астаналық Жамал Аяпова, Оңтүстік Қазақстанның Ор­дабасы ауданынан келген Күмісбек Ай­мырза әйелдердің 50 жасқа толғанда, еркектердің 60-ты алқымдағанда қажы­лыққа барғанын жөн санайды. Мекке мен Мәдина жайлы, қажылық жайлы Мәшhүр Жүсіп Көпейұлына сөз берсек, ол қажыға қазақтан ертеде кімдер­дің барып қайтқаны жайлы мол мәлімет ұсынады: «Біздің бұл қазақ естіген жерде Уақ Нүркен байдан бұрын қажыға барған кісі жоқ, ол кісі тоқал қатынымен кетіп, Семей қаласы, Аякөз, Піскек, Тоқпақ, Ал­маты, Әулиеата, Тәшкент, Бұқар жолымен төрт жыл жүріп, аман-есен барып келген» (Орталық ғылыми кітапхана, папка №1645). Мәшhүр Жүсіп Көпейұлы қажылыққа тағы кімдердің барғанын да тізбелеп ай­тып шығады: «Сол Нүркеннен соң қажыға Күлік Самай сопы мен Баян қаласынан дуан аузы алғаш  ашылғанда, указ болған Байжан хазірет екеуі кетіп, екеуі де сол жақта өлген. Бұлардан соң үшінші қажыға барған кісілер: тобықты Құнанбай, Айдабол Қишыл, Қыстаубай, Малай, Жәдігер­лерден – Егізек, Жанайдар батыр», – дейді де, бұдан әрі қарай сөзін түйіндеп, қорыта айтады: «Орта жүзден жиырма кісі барып­ты. Кіші жүзден табандаған жүз кісі барып­ты. Жүз жиырма кісі болып, арасын айырмай тізе қосып, қол ұстасып жүрген соң және өздері де көзге түсерлік әр тап­тың қасқа-жайсаңы көрген таңырқарлық болыпты. Қазақ байғұстың салпиған тыма­ғы­ның құлағын, сүйретілген тонының етегін, саптама етігінің қонышын, аңқиған аузын көрген соң, көрген қызығып, сұқта­на бастайды ғой. Ноғай дәлилі мен сарт дәлилі таласыпты, сонан соң Мекке басты­ғын «Шәриф» дейді екен де, Мәдина бастығын «Шейх» дейді екен. Олар алдына алдырып сұрапты: – Сіздер мәскеулік боласыздар ма, жоқ бұхартіл боласыздар ма? – деп. Сонда Қа­жы басы Құнанбай екен, ол кісі сөйлепті: – Біз мәскеу-сәскеуіңді білмейміз. Бұ­хар­тіл-сухартіліңді де білмейміз. Сары­арқа деген жерде бетімен қаздай қалқып, үйректей жүзіп, өніп-өскен «Қазақ» деген жұрт боламыз, – депті. Қазақ деген жұрт болады екен деп тарих ақтарып, шежіре қаратып таба ал­мапты. Біреу айтыпты: – Бұл табылса, Бағдат Шәрифте Имам Ағзам кітапханасы бар. Сонан табылар депті». Сол кездегі көкірегі ояу, көңілі сәулелі бабаларымыз өздерінің кім екенін таныту үшін әрі қарай ерінбей-жалықпай ізденіпті: «Бұлар ортасынан кіші жүз Досжан халфені жіберіпті, барғандар: «Табылды, қазақ деген жұрт Әнес ибн Мәліктен өр­біген екен» деп, нұсқа көшіріп алып келіп, сонан бұл жүз жиырма кісі ортасынан расход шығарып, «қазақ тәкиесі» деген тәкие салдырып, Құнанбай атына жаздырыпты» десе, біз бұған шәк-шүбә келтірмейміз. Ойламаған жерден, қарашаның он бірі күні Меккенің өзінде елші Қайрат Лама­шә­ріппен кездесу өтті. Мұнда ол қажылық парызын өтеп жүрген адамдарды құттық­тай келіп, 2011 жылы Қазақстанның Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық ететінін түсіндіріп жатты. Бұдан кейін бірнеше шешендер сөз алды. Бұрынғы кезде бұлай топталып келу бізде жоқ еді, Алла­ның рахымы, егемендік алғанымыздың арқасы, содан кейін Президентіміз Нұр­сұл­тан Назарбаевқа алғысымыз мол деп айтып жатты сондағы сөйлегендер. Қажылық парызды өтеу үлкен жауапкершілік жүктейтіні белгілі. Ал енді сол парызды атқару үшін барынша жағдай жасау жауапкершілігі одан еш кем еместігін «Ансар Круиз» қажылық компаниясының, оның президенті Нұржамал Тащанова мен көмекшілерінің жұмыстарын жан-жақты бағалай келіп түсінгендейміз. Бару-қайту жолымызда төрт рет ұшаққа, алыс бағыт­тарға қатынайтын автобустарға екі рет отыр­ғанымызды, олардың белгіленген уа­қыт­та қозғалуын айтпағанның өзінде, рәсімдерді атқару орындарына жеткізетін автобустарымыздың дер кезінде берілуі де айрықша маңызды екен. Миллиондаған адамдар үшін Арафат тауына Құрбан айт­тың алдындағы күні бару керектігін, сол баршасы үшін шайтандарға тас ату айттың үш күнінде атқарылатынын ескерсек, сол құжынаған адамдар мен қаптаған автобус­тар­дың ішінен компаниямызға тиесілі автобусты келтірту тіпті де оңай болмады. Ал енді қонақүйлерде 150 адамға тамақ әзірленуі мен берілуін ұйымдастыру ша­руаның ең қиыны боп шықты. Осылардың бәрін де Нұржамал Тащанова мен оның көмекшілері мінсіз атқарды. Ал енді миллиондар Арафатқа қарай ағылғанда көлік қатынасы барып тұрған машақатқа айна­лып, Меккеден ыстық тамақ алғызу мүм­кін болмай қалды. Нұржамал бастықтың шын ашуын сонда көрдік. Сол ашуымен Саудияның Қажылық жөніндегі министр­лігінің тиісті бөлімшелерінде болып, көлік те тапты, Меккеден ыстық тамақ та жеткізді. Басқа топтар күні бойы су ғана ішіп жүргенде, «Ансар Круиз» ыстық тамақ ішіп отырдық. Бір қарағанда қаталдау көрінетін Нұр­жа­мал апай шын мәнінде ақжарқын адам. Бұл іспен айналысуына не себеп болғанын алдымен сұрағанбыз. – 2008 жылдан бері қажылыққа ниет еткен адамдарды әкеліп жүрмін. Биыл үшін­ші жыл болды, жиырма жылдай Ал­ланың сынағында болдым, балам ауырып, барма­ған жерім, баспаған тауым қалмады, ақыры бір Жаратқанның жарылқауымен, менің құлыным Еркін ел қатарына қо­сылды. Адам баласы білімі болғанымен, дін­нен хабарсыз болса, істеген ісінің бәрі бекер. Ислам діні сүйіспеншілікке, махаббат­қа толы. Абай айтқан ғой: Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті, Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп Және хақ жолы осы деп әділетті. Иә, ислам діні – әділеттің ақ жолы, адам баласының тура жолы, тазалық, мейірім, шапағат, қанағат, кішіпейілділік, сүйіс­пеншілікке үндейді. Қажылыққа келген адамды қажылығын өтеп қайтқан соң танымай қалуыңыз ғажап емес. Ауылдан келген көптеген бауырларымыз осында жүріп, көп нәрсеге көзі жетеді. Көптеген жұмбақ дүниенің сыры ашылғандай бола­ды. Өмірдің мәні қоқыр-соқыр дүниені жинауда емес, иманды кемелдендіруде, кісілікті, кішілікті сақтауда, ар-ұжданын беріктеуде екенін терең сезінеді. Қажылыққа келетін әйелдер саны көбейіп келеді, біздегі 150 адамның 54-і әйелдер. Аналарға айта­рым, олар от басында бақытты бол­сын, бала-шағасы аман болсын, Алла таға­ла тілеген тілегін қабыл қылсын, аналар бақыт­ты болса ұрпағымыз жақсы азамат болып өседі, келешекте Отанын, қоғамын қорғай­тын жақсы азаматтар өмірге келеді, –  деді. Компанияның тағы да бір басшысы Бақыт Құрманбаев деген азамат. Ол өзі басқарып жүрген қажылардың материал­дық жағынан да, моральдық жағынан да сау-саламаттықта болуын қадағалайды, тындырымды, іскер жігіт. Осы қажылыққа келген бірнеше адаммен сөйлестік, Жанкенхан Абылайұлы, Ал­маты қаласында тұрады. Жүрек және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты ди­рек­торының орынбасары, ішкі бөліп шығару бездері ауруларының маманы, медицина ғылымдарының докторы, профессор. Осы ғалым бауырымыз Мекке мен Мә­динада болып, мұсылманшылықтың бесінші парызы – қажылықты өтеуді төрт жыл бойы армандапты. Біз жасының ұлғайғанына қарамай, қа­жырлылық танытқан, 1946 жылы Ақмола облысы, Қорғалжын ауданында дүниеге келген Ыдырысов Сауғабай қажыны ықыласпен атар едік. Ол кісі: «Осыншама ғажап дүниені нәсіп еткен бір Аллаға шын жаныммен беріліп, ризамын», деп жүрді. Кімге болса да баладай сенетін Астана қаласының тұрғыны Ақдән Бабағұл, кеңес өкіметінің кезінде әкесі мен шешесі бес уақыт намаз, отыз күн оразасын тастама­ған тақуа жандар болғанын мейіріммен еске алды. Сол ата-анасының қолы жетпеген, оларға арман болған қажылықты өте­геніне бір Аллаға шүкіршілік етеді. Біздің арамызда бірнеше дәрігер бол­ды. Солардың бірі – Жеңіс Үсен Алматы қаласының тұрғыны, салиқалы жігіт, өзі кәсіпкер, қажылыққа зайыбын ерте келген. Арамызда әр ұлттың өкілдері болды, олар бөлінбей-жарылмай, бізбен бірге жүр­­ді, әсіресе, чешен ұлтының үш-төрт аза­маты құлшылық жолында ізгілік та­нытты. Осылардың арасында Өскемен қа­ла­сында адвокат болып қызмет атқаратын Сатар Тургаев, он бес жыл бойы Мекке мен Мәдинаға баруды аңсап, қажы болуды армандағанын өте бір қуанышты сезіммен еске алды. Жетпіс жас және одан үлкендерді қарт деп санасақ, біздің топта ондай адамдар 68 екен. Солардың екеуінің жүрегі ептеп сыр бергендей болған. Ал дені Құдай қуат беріп, парыздарын адал атқарды. Сексенге келіп қалған Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Ақтерек ауылының тұрғыны Тұрғанбек Сеңгіров барлық парызын өз аяғымен жүріп атқарды. Ал жетпістен асқан Қантай Амангелдиеваны баласы арбамен алып жүргенімен, үлкен кісі еш қи­на­лыс білдірген жоқ. Бірі 74-те, бірі 73-тегі ерлі-зайыпты Мұқан мен Майра Қырба­қовтар барынша жадырап, рух­танып жүрді. Қажылық аяқталған күні бір топ қазақстандықты, Америкадан екі адамды, Ресейден 2 адамды шейх доктор Омар Салих қабылдады. Өзі Жидда қаласынан келіп, қазақстандықтарды қажылық парызын өтеуімен құттықтап, биыл 180 мемлекеттен 6 миллиондай мұсылман келгенін айт­ты. Қонақүйдің жетіспеушілігін және сани­тарлық жағдайдың қиын екенін ескертіп, бұл жағдайды жақсартуға Сауд Ара­биясы Корольдігі қолға алып жатқан іс-шаралар жөнінде айтып өтті. Ол ғалым екенін, жоғары оқу орындарында дәріс бергенін, қазір медицина жоғары оқу орны мен теледидар саласына басшылық жасай­тынын айтты. Қажылыққа келемін деуші­лер­дің саны көбейгенін атап өтті. Ислам дініне деген көзқарастың өзгергеніне және орталық халықаралық теледидардан араб елінің мәдениетін, оқу орындарын және ғылыми жетістіктерін күнделікті көрсетіп отырғанын тілге тиек етті. Шейх Омар Салих қажылық кезінде қандай қиындықтар кездескенін сұрап, оларды шешу жолда­рын талқылады. Қазақстаннан қажылыққа, умраға келушілердің жылдан жылға көбейіп келе жатқанын атап өтті. Біз ол кісіге жылы қабылдап, ықылас көрсеткеніне шын жүрегімізден алғысымызды айттық. Еліміздегі тәуелсіздіктің және мұсыл­ман дініне бетбұрушылықтың арқасында, мұсылмандар діни басқармасының үздік­сіз жұмысы нәтижесінде қазіргі таңда республикамыздың түкпір-түкпірінде ме­шіт­тердің саны көбейе түсуде. Бірқатар мешіттерде араб тілін, араб жазуын білгісі келетін талапкерлерге есік ашық. Олардың жас шамасына, ұлтына қарамайды, тегін сабақ жүргізіледі, тіпті сауатын одан әрі көтерем деушілер болса, оларға да жақсы мүмкіндік жасалған. Кейінгі жылдардың жақсы жаңалықтарының бірі – «Асыл арна» телеарнасы дер едік. Бұл әрине, ис­лам­ның ақ жолына арналған әдемі дүние. Біздер, жоғарыда айтқандай, 31 қазан күні аттанып, 21 қарашада Алматыға аман-есен, төрт көзіміз түгел оралдық. Адам айтса нанғысыз Құдіреттің күшін сезіндік, жанымыз жарқырап, көңіліміз тазарып келді. Алла қажылығымызды қабыл еткей! Сәрсенбі ДӘУІТҰЛЫ.