25 Желтоқсан, 2010

Айтматовты еске алды

641 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Асқар таулардай алып талан­ты­мен ерте танылып, 32 жа­сын­да КСРО-ның бас марапаты Ле­нин­дік сыйлыққа ие болған, төрт­­күл дү­ниеге түркі жұр­ты­ның ұлы екенін көрсеткен Шың­ғыс Айтматов өмірден оз­ға­лы да екі жарым жыл­дан асыпты. Бірақ оның ар­тын­да қалған рухани мұрасы жа­зу­шының мәңгілік өмірінің жал­ға­сы екенін таны­тып отыр десек, қыр­ғыздың ұлы тұлғасын еске алу кеші Президенттік мәдениет ор­талығында өтті. Оған ұйытқы болған Қазақ­стан халқы Ассам­блея­сы, Астана қаласының әкім­­ді­гі және атал­мыш орталық еді. Алғашқы сөзді орталық ди­­ректоры, көрнекті ғалым Мыр­­за­тай Жолдасбеков алып, Шың­ғыс­­ты қазақтың еңбек­те­ген бала­сы­нан бастап, еңкейген қар­тына дейін бағалағанын, қа­зір­де ба­ға­лап келе жатқанын айта келіп, «Екі өркеші түйенің, екі емшегі бие­нің» деп Кенен Әзірбаев айт­қандай, екі елдің алыптары Мұх­тар Әуезов пен Шыңғыс Айт­ма­товтың ара­сын­дағы алтын арқау ешқашан үзі­ліп көрген емес. Мұхаңнан кейін оны Шыңғыс жалғастырды. Ен­ді Шыңғыстан кейін біз ілгері апаруға бел байлап отырмыз. Мен Тәуелсіздіктен кейін қыр­ғыз еліне барған бір сапарымда: «Бізді тау бөлсе бөлсін, жау бөл­месін» деп едім. Сол сөзім сөз. Ұлылар ұлт таң­да­майды, жұрт та таңдамайды. Олар бүкіл адам­затқа ортақ. Ендеше, Айтматов та қазақ пен қырғыздың тел­қоңыры деп білеміз, деді. Елордадағы Айтматовты еске алу кешіне қырғыз ағайындар­дан бір топ өкіл келіпті. Со­лар­дың ішінде айтматовтанушы ға­лым, Қырғыз Ұлттық ғылым ака­­де­миясының академигі Аб­дыл­дажан Ақматалиев өз сө­зін­де бүгінгі сүйі­ніп айтар сөзім, қазақ бауыр­лар Айтматовты ардақ тұтып жа­тыр. Күйі­не­ті­нім, 30 жылға таяу пікірлес бол­ған қаламгерден көз жазып қал­дық. Бірақ, Шыңғыс ағаның ар­тын­да сөзі қалды. Екінші өмірі бас­талды, соған тәубе деймін. Қазақ пен қырғызды қазір кеден бөліп тұрғанмен, жүрегіміз бү­тін, тілегіміз бір. Қазақтың ұлы­лары болмаса қырғыздың рухани дүниесі бүгінгі биікке жетер ме еді, жетпес пе еді. Бұлай де­уім­нің себебі бар. Шоқан Уәли­ханов «Манасты» қағазға түсі­ріп, мәңгі өлмейтін тұғырға қон­дыр­ды. Бұл жырды КСРО за­ма­нын­дағы «білгіштер» көк­пар­ға тарт­пақ болғанда Мұхтар Омар­ханұлы білімдарлықпен ара­шалап қалды. Шымыр шы­ғар­маларын, құйма талантын ерте аңғарған сол Мұхтар аға та­ғы бір қырынан кө­рініп, Шың­­ғысты шырқау биікке кө­терді. Сөйтіп, ХХ ғасырда Мұх­тар Әуезовтен кейін түркі дү­ние­сінде түлеп ұшқан түлек Айт­­матов айдай әлемге та­ныл­ды, деген ол Айтматов іліміне өткен ға­сырдың 70-ші жыл­дарынан бастап ат ізін салға­нын, оның шы­ғармашылығы ту­ралы 20-дан аса кітап жаз­ғанын, Айтматов клу­бын аш­қанын, ар­ты­нан Айт­матов ака­демиясын құр­ға­нын алға тарты. «Осы тірлігің қалай болар екен, керек пе, керек емес пе?» деп ұлы жа­зу­шы кішілік таныт­қанда, «Бұл сізге емес, бізге, кейінгі ұрпаққа қа­жет», дегенін жеткізді. Жел­тоқ­­сан көте­рілісі­нен кейін Ал­ма­­тыға келген бір са­парында Шың­­ғыс Айтматов, Мұс­тай Кә­рім, Давид Кугультинов, Олжас Сү­лейменов және тағы басқа қаламгерлерді Колбин қабыл­дап, жылтыр сөзді төк­кенде Айт­­­матов қасқайып қа­рап, сіз қазақ балаларына көп залал кел­тір­­ді­ңіз, депті. Осын­дай естеліктерді айта келіп, академик Шың­­­ғыс Айтматов ту­ра­лы төрт­күл дүние ақындары жаз­ған өлең­дерді 700 бет­тік кітап етіп шы­ғар­ғанын, ол кісінің: «Ұлы­лар­ды анда-санда бір еске алып отырмаса, олар да ұмы­ты­лып қа­лады», «Күн са­йын адам болу өте қиын, олай болу үшін таза болуың керек» деген қа­натты сөз­дерін еске түсіріп, оның шы­ғармалары 120 тілге ау­дарылып, 180 миллион та­ра­лым­мен оқыр­ман­ға жеткеніне дә­йек­тер келтірді. Қазақ өнерінің қазіргі ара­мыз­да жүрген санаулы саңлақ­та­рының бірі Асанәлі Әшімов Мұхтар Әуе­зовтың «Еңлік-Кебек» пье­са­сын­дағы Абыздың: «Ал­данар жоқ, арман көп, Кәрің қалай күн көрер! Жарастық жоқ, жалын жоқ, Жарым қайтып күн көрер! Барары жоқ, байлау жоқ, Елім қайтіп күн көрер! Бәріңнің де нәрің жоқ, Елім қайтіп күн көрер!» деп басталатын сөзінен үзінді оқығанда Абыздың ор­нын­да Айтматов айтып тұр­ған­дай әсер қалдырды. Кеште Айтматов әспеттеген әндер орындалып, мәдениет ор­та­­­­­лығының ұлттық дәстүрлер теа­трының әртістері қаламгердің «Ақ кеме» туындысынан көрі­ністер көрсетті. Сүлеймен МӘМЕТ.