Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Жалпы тіл білімі және аударма теориясы кафедрасымен бірлесіп, «Жалпы тіл білімі және түркі тілдерінің өзекті мәселелері» атты ғылыми-теориялық конференция өткізді. Конференцияда Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Бауыржан Омаров қысқаша сөз сөйлеп, министрліктің түркі әлемін зерттеп, насихаттау мақсатында көптеген маңызды шаралар ұйымдастыруды қолға алып отырғандығын айтты.
Ғылыми кеңес залында өткен бұл алқалы жиында Парламент Сенатының депутаты Ә.Ахметов, Президенттік мәдениет орталығының директоры М.Жолдасбеков сынды тіл жанашырлары, сондай-ақ Англия, Қырғызстан, Ресей, Башқұртстан, Татарстан және Түркия елдерінен келген бірқатар ғалымдар баяндама жасап, қазіргі тіл білімі мен түркітанудағы өзекті мәселелерді талқылады.
Пленарлық мәжілісте негізгі әңгіме арқауына айналған мәселелердің бірі – қазақ әрпінің кириллицадан латын әліпбиіне көшуі болды десек, бұл мәселені де көп кешіктіре бермей қолға алу қажеттігі осы жиында кеңінен сөз болды.
Конференция жұмысы одан әрі салыстырмалы және типологиялық тіл білімінің мәселелері және Көне түрік ескерткіштерінің зерттелуі тақырыбында секциялық жұмыстармен жалғасты.
Жұлдыз БАЙДІЛДА.