Кеше «Думан» ойын-сауық орталығында Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан жетім балаларға арналған «Жаңажылдық достар мейрамы: менің Қазақстаным, менің болашағым» атты жаңажылдық қойылым өтті.
Балдырғандардың таңғажайып суасты әлемін өз көзіммен көрсем деген арман-тілегі Астана қаласының әкімдігі ұйымдастырған жаңажылдық қойылымда жүзеге асқандай. Елорданың балалар үйінен, кәмелеттік жасқа толмаған балаларға арналған үйден, «SOS-Киндерсдорф» балалар қалашығы мен қаланың білім мекемелерінен тоғыз бен он үш жас аралығындағы 150 жетім бала қатысқан шырша тойында – келе жатқан жаңа 2011 жыл мереке барысында кеңінен таныстырылды. Онда ұлтаралық татулық пен дінаралық келісімнің үлгілі үйіне айналған Қазақстанды барынша кең мағлұматтармен ашып көрсетті. Астана қалалық Білім басқармасының бастығы Әсима Бимендина бізбен әңгімесінде былай деді: «Биылғы жылы Президент атынан ұйымдастырылып отырған шараға ата-аналарынан айырылған балалар келіп отыр. Әрбір бала жаңа жылдан жақсылық күтеді. Сондықтан, бүгінгі бағдарлама еліміздегі береке мен бірліктің айғағы іспеттес. Балаларға ең үздік сыйлықтар дайындалды. Осымен үшінші жыл қатарынан өткізіліп отырған шара бүгінде дәстүрге айналды. Ал балалар болса оны асыға күтеді».
Балалар бұл күнгі қойылымда әр түрлі ертегі әлеміне саяхат жасаса, мерекенің басты символына айналған жасыл шырша, ақ сақалды Аяз ата мен көз тартар Ақшақар мерекеге ерекше сұлулық сыйлады. Ал сахна төрінде өткен қойылымдардан балалар ертегі кейіпкерлері, бітімі берік батырларымыз бен ойы ұшқыр шешендерімізбен жүздесті. Әдемі үйлесім таба білген сан алуан ойындар, жұмбақтар мен жаңылтпаштар, сондай-ақ мың бұралған бишілер мен күміс көмей әншілердің өнері жаңажылдық мерекенің әрін ашып қана қоймай, сәнін келтіріп, сүйкімді балақайларды ерекше тамсандырды. Бұл орайда астаналық Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театры әртістерінің қосқан үлесі ерекше.
Бұл мерекенің ең басты қуанышы – Елбасының бейнежолдау арқылы балаларды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтауы болды. Арнайы жазылған бейнетаспа арқылы ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев шыршаға жиналған балаларды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, оларға зор денсаулық, жаңа жетістіктер мен барлық армандарының орындалуын, барынша жақсы оқып, сапалы білім алып, алға қойған мақсаттарына жете берулерін тіледі. Сонымен қатар, Елбасы: «Сендер азат, жасампаз елде гүлдей жайнап, балалықтың базарлы шағын бастан кешкен бақытты ұрпақсыңдар. Мемлекет сендердің терең білім алып, бақытты болып, алаңсыз өсулерің үшін барлық жағдайды жасауда. Асыл армандарыңды шындыққа айналдыру үшін дарынды балаларға арналған мектептер ашылды. Данышпан бабамыз Абай аталарың: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген қасиеттерімен озады» деп айтқанындай, сендер барынша жақсы оқып, сапалы білім алып, туған Отанымызды шын сүйетін үлгілі істеріңмен еліміздің дамуына үлес қосатын үлкен азамат болыңдар! Талапты да талантты, батыл да алғыр, зерек те зерделі болып өсіңдер!», – деді өзінің құттықтауында.
Мерекеге қатысқан балаларға Елбасының атынан жұмсақ ойыншықтар мен ноутбуктер сыйға тартылды. Сонымен қатар, арнайы жайылған мерекелік дастарқаннан дәм татудың мүмкіндігі туды.
Жұлдыз БАЙДІЛДА.
-----------------------------------------
Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.