Кеше адамзат өркениетінің алтын бесігі саналатын өр Алтайдың өр биігінен, аңқылдаған ағайын-бауырдың жүрегінен ақжарылқап леп есті. Ұлы Абайдың, данышпан Мұхтардың елінен бастау алған бұл бастаманың барша қазақстандықтардың жүрегіне жол табатынына өз басым шығар күндей сенемін.
Жұбан ақын айтса айтқандай, қазақ «мың өліп, мың тірілген» халық. Бірақ кешегі сақ, ғұн, көк түрік, Алтын Орда, Қазақ хандығы заманында дәл бүгінгідей атағы аспандап, абыройы асқақтап көрген емес. Халқымызға осы атақ пен абыройды әперген – ұлты үшін туған ұлы қайраткер, еңсесі биік Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
Жалпы, сайлау не үшін керек? Міндетті түрде ел ішін дүрбелеңге салып, сансыз көп қағаз толтырып, әлдебір алпауыт ел, беделді халықаралық ұйымдар алдында есеп беру үшін бе, әлде ел тағдырын, халық болашағын кемел ойлы кемеңгердің қолына тапсыру үшін бе?
Әрине, данышпан Абай айтқандай, елдің екі тізгін, бір шылбырын Елбасының қолына тапсыру үшін. Бұл тұрғыдан келгенде, қазақ өз таңдауын әлдеқашан жасап қойған. Орыста: «От добра добра не ищут» деген мақал бар. Қазақтың атын да, атағын да әлемнің биігіне көтерген адамға қандай балама керек? Қашанда кесек турап, кесімді сөз сөйлейтін ақылман-академик Зейнолла Қабдоловша айтар болсақ, «Назарбаевқа балама жоқ». Мен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап, ел ішіндегі, шет елдердегі сан алуан сапарларында Елбасының қамшылар жағында жүріп, бүгінде әлдеқашан тарих төрінен орын алған аса үлкен оқиғалардың куәсі болдым. Сондықтан ел тарихындағы осы ең бір елеулі күні туған өлкеден жеткен шын пейілді үндеуге өз үнімді қосуды жөн көрдім.
Елбасының қазақ халқы алдына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Оны өз ішіміздегі де, сырт жұрттағы да небір саясаткерлер талай мәрте тамсана айтып, таңдана жазды. Мен де елі үшін туған Елбасының халқымызға жасаған өлшеусіз еңбегін осы бір тарихи күні қалың елдің есіне сала кеткім келеді.
Ең алдымен, ел тәуелсіздігін алғанда Бұхар жырауша айтсақ, «өгіздің терісі талыстай» ұлан-байтақ қазақ даласы ешбір халықаралық құжатпен ресімделмей, ашық-шашық жатқан еді. Тіпті қазақ жерінің Балқашқа дейінгі бөлігі қытай оқулықтарында қызыл империя территориясы ретінде көрсетілсе, Кеңес Одағының президенті М.Горбачев билігінің соңғы кезеңінде Қазақстанның солтүстік облыстары Ресейге тиесілі дегенді айтып, отқа май құйған болатын. Сол кезде айыр қалпақты, ала тақиялы, сеңсең бөрікті ағайындар арасында да қазақ жеріне көз аларта қарайтындар жетіп-артылатын. Міне, осындай «гордий түйінінен» де қиын мұраны кемеңгер Елбасы қисынмен шешіп, қазақ шекарасын халықаралық құжаттармен бекітіп, біржолата және мәңгілікке шегендеді.
Екіншіден, бастаманың Семей өңірінен басталуында да көп мән бар. Ұлы Абай, кемеңгер Шәкәрім, данышпан Мұхтар туған топырақта Кеңес Одағы кезінде әрқайсының қуаты Хиросима мен Нагасакиге тасталған бомбадан әлденеше рет асып түсетін 500-ге жуық ядролық жарылыс жасалып, ұлылардың жаннат бағы тозаққа айналды. Семей полигонынан қазақ көп зардап шекті, әлі де шегіп келеді. Осы ажал апанын 1991 жылдың өзінде-ақ жапқан Елбасымыз екенін Семей түгілі, күллі қазақ жұрты ешуақытта ұмытпақ емес. Н.Назарбаевтың бүкіләлемдік ядролық қарусыздануға, атом жарылыстарын тоқтату мен бейбітшілікті сақтауға қосқан осы бір теңдесі жоқ үлесі оны сол жылдардың өзінде-ақ әлемдегі батыл ойлы мемлекет басшыларының қатарына қосты.
Үшіншіден, ел тәуелсіздігін алғана, мемлекет қазынасында көк тиын да болмағаны өз алдына, Қазақстан Республикасының өз валютасы да жоқ еді. Ұлттық теңгеміздің атын да, затын да ойлап тауып, оны сыртқа сыр шығармай, алдын ала шетелде бастырып, он жеті жыл ішінде аяғынан тік тұрған валюта жасаған көреген Елбасымыз болды. Дәл қазір сіз осы жолдарды оқып отырғанда, Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры мен алтын-валюта қорында 60 миллиард АҚШ долларына жуық қаражат сақталып тұр. Осыдан он бес жыл бұрын бұл туралы армандаудың өзі де қиын еді. Ендеше, мұндай азаматты көреген демей не дерсің?!
Төртіншіден, елдің етек-жеңін жинап, ұлттық теңгені айналымға енгізген соң Назарбаев саяси реформаны мықтап қолға алды. Кеңестік дәуірден қалған ескі Конституцияны қайта-қайта жамап-жасқаудан шаршаған қазақ қоғамына тың тыныс, соны серпін қосатын жаңа Конституция ұсынды.
Айтпаса, сөздің атасы өледі. Ақиқат шындыққа жүгінер болсақ, бүгінде уақыт сынына төтеп берген Ата Заңымыздың атасы да, авторы да Елбасы. Мұны жақында Президент Кеңсесінің басшысы, Елбасының бас жылнамашысы Махмұд Қасымбеков тайға таңба басқандай-ақ жазды. Бұл Конституция тәуелсіз ұлттық заңнама жүйесіне берік іргетас болып қаланды. Заң шығарушы, атқарушы билік пен тәуелсіз сот жүйесінің негізін құрды. Президенттік биліктің іргесін бекітті. Береке-бірлік пен ынтымақтың діңгегіне айналды. Осының өзі Елбасы даналығының айқын айғағы болса керек.
Бесіншіден, Елбасымыз Ата Заңға негіздеп, ел тарихында тұңғыш рет қос палаталы кәсіби Парламент түзді. Әуелгіде осы үрдісті жатырқай қабылдаған көршілер, бүгінде жапа-тармағай өз парламенттерін Қазақстан үлгісімен қос палаталы етіп жасақтауға кірісті. Қай саясатта болмасын таразы басын тең ұстауды жөн көретін сабырлы Елбасы ұсынған қос палаталы Қазақстан Парламенті уақыттың барлық сынынан сүрінбей шығып, өзінің 15 жылдығын абыроймен атап өтті.
Алтыншыдан, тәуелсіздіктің берік қорғаны әрі қалқаны болған Қарулы Күштерді құрып, оның Жоғарғы Бас қолбасшысы тізгінін ұстады. «Сақтансаң – сақтаймын» дейді Жаратушым. Қорғалған тәуелсіздіктің ғана іргесі берік, түтіні түзу болмақ. Кешегі Әзірбайжан, Молдова, Грузия, Қырғызстандағы қанды оқиғалар осыны көрсетті. Ал біздің Тәуелсіздік жылдары бірде-бір қазақ анасы соғыста шейіт болған баласын жоқтаған жоқ. Бұл – Жоғарғы Бас қолбасшысының нағыз ел қорғаны болғандығының тағы бір бұлтартпас дәлелі.
Жетіншіден, мемлекеттілік институттарын берік орнықтырған Елбасы бүгінде «Қазақстан-2030» деген атпен әлем саясаткерлері әлдеқашан мойындаған қазақстандық жолды айқындады. Оның нәтижесін бір-ақ цифрмен түйіндер болсақ, 1995 жылғы елдің жан басына шаққандығы бар-жоғы 700 доллар шамасындағы жиынтық өсімінің мөлшері биылғы жылы 7700 долларға жетіп, 11 есеге дейін өскенін айтар едік. Әлем тарихында кейінгі 15 жыл ішінде дәл осындай қарқынмен өскен бірде-бір ел болған емес. Бұл да алысты болжаған ақылман Елбасының арқасы.
Сегізіншіден, алдағы мақсат айқындалып, міндет зорайған соң Елбасы жүрегінің түгі бар қайраткер ғана жүзеге асыра алатын ұлан-ғайыр міндет – астананы ауыстырып, ел ордасын Сарыарқаның төріне қондырды. Небәрі он үш жылдың ішінде Астана, Қытай Төрағасы Ху Цзинтао сөзімен айтсақ, «алып даладағы әсем гүл», Италия Премьер-министрі С.Берлускони теңегендей, «Азияның таңғажайыбы», Литваның Президенті Д.Грибаускайте лебізінше, «Азияның ғана емес, Еуропаның да бриллианты» атанды.
Тоғызыншыдан, өз дегенімен емес, тағдырдың жазуымен көп ұлтты елге айналған Отанымыз береке мен бірліктің мекені болды. Адамзат тарихында соғыс атаулы алуан түрлі ұлт пен дін өкілдері үстемдігі үшін өршіген. Қай кезде де рахым мен рахманды, қанағат пен сабырды серік еткен Елбасы қиыннан қиыстырып жол тауып, сан алуан ұлт өкілдерін алтын күні әркімге бірдей шуақ шашқан көк тудың астына тоғыстырды. Тәуелсіздіктің елең-алаңында Ресейдегі әсіреқызыл шовинистердің арандатуымен батыста – Водолазов, солтүстікте – Супрунюк, шығыста Васильева сияқты әпербақандар ұлтаралық жағдайды өте шиеленістіріп жіберді. Ресей де демін ішіне тартып, іштен ілік іздеді. Осындайда қазақ билігі тарапынан кеткен бір ғана оқыс қимыл орны толмас трагедияға әкелуі әбден мүмкін еді. Бірақ әрқашан ашуды сабырға жеңдіре білетін Елбасының арқасында дүрліккен топ сабасына түсіп, шектен шыққандар шетке асырылды. Ең бастысы, елдің тыныштығы сақталды. Көп ұзамай Елбасы алуан дін өкілдерінің де басын қосып, дүние тарихында қатарынан үш рет Әлемдік және дәстүрлі дін өкілдерінің съездерін өткізіп, ежелгі қазақ жерін дін жолындағы ізгі жандардың бата-шапағатына бөледі.
Оныншыдан, бар болғаны 19 жыл туған елінің даңқын асырып, айбынын асқақтатып, Еуропа төріне шағарды. Кешегі Кеңес Одағы кезінде Қазақстан Мәскеуді былай қойғанда, Украина мен Белоруссияның, тіпті Балтық бойы, Кавказ жұртының алдына түсіп көрмеген болатын. Елбасы шығарды. Күмәнсіз, қапысыз, өз абыройымен, өз беделімен шығарды. Шығарып қана қойған жоқ, қашанда бізді үйретумен келген кәрі құрлықтың басшыларын қазақ жеріне келтірді. Ақордаға еңкейте кіргізіп, құрметпен сәлем бергізді. Бұл еліміздің абыройын асырды. Елбасымен бірге халықтың рухын көтеріп, еңсесін тіктетті. Әр қазақтың жүрегіне қазақ болып туғаны үшін, Алаш жұртының азаматы болғаны үшін мақтаныш сезімін ұялатты.
Биылғы жыл әлем аспанында Қазақстанның бақ жұлдызы ерекше жанған жыл болды. Еуропаның ғана емес, мұхиттың ар жағындағы АҚШ пен Канаданы қоса қамтып, 56 мемлекеттің басын қосатын ЕҚЫҰ төрағасы болған Қазақстан керенау, кердең АҚШ-тың да төріне аяғын алшаң басып еркін қадам басты.
Астана Саммиті Қазақстанның даңқын аспанға көтерді. «Саммит» дегеннен шығады, ЕҚЫҰ-ның ең алғашқы құрылтай саммиті Финляндия Президенті Урхо Калева Кекконеннің бастамасымен 1975 жылы Хельсинкиде өтіп еді. Сол У.Кекконен қатарынан 4 рет президенттікке сайланып, фин елін 30 жылға жуық уақыт басқарды. Сол жылдары ол алақандай Финляндияны әлем таныған ең озық технологиялы елге айналдырды. Халқының атасы атанған оған елінің риза болғаны сондай, президенттік өкілдік мерзімін өз қалауымен ешбір сайлаусыз, тіпті референдумсыз-ақ, арнайы заңның күшімен тағы 5 жылға ұзартты. Осы шешімді қабылдағанда, Еуропаның ең демократиясы дамыған елдерінің қақ төбесінде отырған Финляндия ешкімге жалтақтаған жоқ. Халық өзі қалап, өзі шешті. Әшейіндегі шамшыл Еуропа ұлттық қаһарманға арналған бұл әділетті шешімге бір ауыз қарсы пікір білдірмей, үнсіз ғана келісті.
Біздің пайымымызда біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев пен Урхо Кекконеннің өмірі де, қызметі де, туған халқы алдындағы өлшеусіз қадыр-құрметі де бір-біріне өте ұқсас, тұтас ұлтқа көшелі көсем бола білген толымды тұлғалар. Тіпті Нұрсұлтан Назарбаевтың араға 35 жыл салып, Хельсинки рухын тірілтіп, ЕҚЫҰ-ның 7-саммитін барынша жарқырата, жайната өткізуінің өзі осы ұлылар ұқсастығы мен үндестігінің жарқын бір көрінісі іспеттес. Олай болса, әлемдік инновация мен дамудың көш басында тұрған фин жұртының осы үздік үрдісінен біздің де үлгі алуымыз керек.
Әманда алысты болжап, биікті межелейтін Елбасы келер жылы дүние жүзінің 57 елінің басын қосатын Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етеді. Әлем халқының бір жарым миллиардтан астам бөлігінің басын құрайтын бұл іргелі ұйымның тізгінін ұстау – Елбасының мұсылман дүниесіндегі де аса үлкен халықаралық беделінің айқын көрінісі.
Еуропа мен Азияның жүрегінде елордасы – нұрлы Астананы жайнатқан еңсесі биік Елбасы дәл қазір Батыс пен Шығыстың арасын жалғаған, жалғап қана қоймай, оның көгінде жұлдыздай жарқыраған әлем таныған ұлы қайраткерге айналды. Бұл – барша қазақстандықтар үшін ерекше мақтаныш.
Мен жақында Елбасының Францияға сапарында бірге болдым. Осыдан он бес жыл бұрын да Президентпен Парижде бірге болғам. Ол кезде біз мұнда үйрену үшін баратын едік. Биыл үйрету үшін барғандай болдық. Елисей сарайында Елбасына ерекше қошемет көрсетілді. Бүкіл келіссөз барысында, тіпті түскі ас кезінде де Николя Саркози Қытайға, Ресейге, мұсылман дүниесіне байланысты сан-алуан сұрақтар қойып, Нұрсұлтан Әбішұлынан ақыл-кеңес алып отырды. Мен дәл сол сәтте шын жүректен Елбасым үшін мақтандым, елім үшін шаттандым.
Осыдан төрт жыл бұрын мен Елбасының АҚШ-қа жасаған сапарында да қасында жүрген едім. Әуелі АҚШ-тың 41-ші Президенті Үлкен Буш өз шаңырағында құрақ ұша қарсы алды. Төрінен орын беріп, туған ұлының төсегін ұсынды. Әр әрекетті он ойланып, жүз толғанып жасайтын америкалықтар үшін өз дастарқанына шақырып, қара шаңырақтың төрінен орын ұсыну құрмет атаулының ең үлкені болып саналады.
Ертеңінде Елбасын АҚШ-тың 43-ші Президенті Кіші Буш қабылдады. Өте ыстық ықыласпен өткен кездесуде ол ашыла сөйлеп, әлемдегі ең түйткілді мәселелер бойынша Нұрсұлтан Әбішұлының ақыл-кеңестерін тыңдаумен болды. Кездесуден кейінгі журналистерге берген сұхбатында ол: «Назарбаев – өте тәжірибелі саясаткер. Оның сабырлы саясатының арқасында Қазақстан орасан зор жетістіктерге қол жеткізді. Ол – біздің Орталық Азиядағы ең сенімді стратегиялық әріптесіміз. Біз үшін АҚШ-тың негізін салушы – әкелеріміз қандай болса, оның жалғыз өзі Қазақстан үшін сондай тұлға», – деп ағынан жарылды.
АҚШ-та дәлме-дәл аударар болсақ, «мемлекеттің негізін салушы – әкелер» деген ұғым бар. Оның сапына елдің тәуелсіздігі жолындағы соғыста Бас қолбасшысы болған тұңғыш президент Джордж Вашингтон, алғашқы вице-президент, елдің 2-ші президенті Джон Адамс, алғашқы мемлекеттік хатшы, елдің 3-ші президенті, Тәуелсіздік декларациясының басты авторы Томас Джефферсон, елдің 4-ші президенті, АҚШ Конституциясының белсенді авторы Джеймс Мэдисон, ең алғашқы қаржы министрі, америкалық банк-қаржы жүйесінің авторы Александр Гамильтон, баспагер-ғалым, дипломат, тәуелсіздіктің басты идеологтарының бірі Бенджамин Франклин секілді көрнекті тұлғалар енеді. Менің бұлардың бәрін келтіріп отырған себебім: Кіші Буш біліп айтып отыр, АҚШ-тың негізін осындай алуан саланың айтулы тұлғалары қалаған. Ал Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік туралы заңының да, Конституциясының да, ішкі және сыртқы саясатының негізін де, банк-қаржы жүйесінің іргесін де өз қолымен жасап, Тұңғыш Президент – Елбасы болу бақыты бір ғана тұлғаның, қазақ халқының ұлы перзенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың маңдайына жазылыпты. Сондықтан да ол – Тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы дара тұлға.
Бүгінде біз жиі бас шұлғитын АҚШ Конституциясында 1947 жылға дейін президенттік қызметке сайлау мерзіміне еш шек қойылған емес-тін. Мұндай түзету тек 1947 жылы енгізіліп, 1951 жылдан күшіне енді. Сол себепті Франклин Рузвельт төрт мәрте президенттікке сайланып, ел тарихында өз есімін алтын әріппен жазған.
Дәл осы Рузвельттен қалған: «Президенттік басқарудың алғашқы 12 жылы ғана қиын» деген сөздің өзі-ақ көп нәрсені аңғартып тұрған жоқ па?! Кейінгі жылдары АҚШ-тың өзінде осы шектеулікті алып тастау жөнінде қызу пікірталас жүруде. Сондай пікірді қолдаушы белгілі ғалым Джон Фортьенің де жақтастары күннен-күнге арта түсуде. 2005 жылы АҚШ-тағы Өкілдер палатасының жетекшісі Стени Хойер АҚШ Конституциясында шектеу енгізген 22-толықтыруды алып тастауды ашықтан-ашық күн тәртібіне қойды және оның ұсынысы басымдыққа жетпесе де, бұл пікірді жақтаушылардың қатарын көбейте түсті.
Қазақстан – бүгін іргесі берік, ынтымағы жарасқан, экономикасы қуатты, саяси жүйесі сараланған, өз жолын, өз болашағын айқындаған, әлемдік қауымдастық алдындағы беделі биік мемлекет. Оның туған халқын замананың сан алуан сынынан аман алып шығып, биіктен биікке бастап келе жатқан, елі сүйген, елін сүйген Елбасысы бар. Ендеше, мұндай болған, толған ел ешкімге жалтақтамай, өз таңдауын өзі жасауы керек. Мұндай таңдау жасалды да! Ал бұл референдум Президент сайлауы бүгін өтсе де, 90 пайыздан астам дауысты еркін алатын Елбасына емес, Қазақ еліне керек. Бар ақиқат осында!
Күн Шығыстан көтеріледі. Сол Шығыста бар қазақтың жүрегіне жол табатын ел таңдауы жасалды. Ол – 2020 жылға дейінгі ел тағдырын Елбасының қолына тапсыру. Ел еңсесі Елбасымен биік. Ендеше, бастай беріңіз биіктен биікке қалың еліңізді, Еңсесі биік Елбасы! Біз қашанда Сізбен біргеміз, Алаш жұртының көсемі, ардақты Нұрсұлтан Әбішұлы!
Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД, Қазақстан Республикасының Мәдениет министрі.