Денсаулық сақтау министрлігінде 2010 жылы Бірыңғай денсаулық сақтау жүйесін енгізудің қорытындылары және 2011 жылға арналған жаңа міндеттер жөнінде республикалық кеңес болып өтті. Аталған кеңеске Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев, Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова, республиканың денсаулық сақтау ұйымдарының басшылары қатысты.
Халықтың денсаулығын сақтауда Елбасының өзі жыл сайынғы Жолдауларында ерекше басымдық беріп келеді десек, «Жаңа онжылдық – Жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында Мемлекет басшысы елдегі денсаулық сақтауды қаржыландыруды қалыптастырудың және нәтижеге бағытталған медициналық қызметтерге ақы төлеудің нақты міндеттерін айқындап берген болатын. Сөйтіп, 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі енгізіле бастағаны өзімізге белгілі. Енді, міне, арада өткен бір жыл ішінде атқарылған істер сарапқа салынып отыр.
Басқосуда Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова сөз алып, отандық медицина қызметінің сапалық көрсеткішіне кеңінен тоқталды. Оның айтуына қарағанда, соңғы 5 жыл ішінде жеке меншік емдеу орталықтарының жаппай ашылуынан осы сала ішінде бәсекелестік қызу байқала бастапты. Өйткені, бәсекеден сапа туындайды. «Сырқаттанған адамдарды жоспарлы емдеуге жатқызу кезінде стационарды еркін таңдау құқығын қамтамасыз ету үшін республикалық және өңірлік емдеуге жатқызу бюросы құрылды. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың ІІ жартыжылдығында web технологияға негізделген жоспарлы емдеу порталы да қолға алынған. Мұндай жаңа мүмкіндіктерді пайдалану арқылы да осы саладағы бәсекелестікті арттыра аламыз», – деді министр өз сөзінде.
Жалпы алғанда, бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі елдің барлық өңірінде жоғары деңгейде атқарылып келеді екен. Бұрын тек республикалық клиникаларда ғана өткізілетін күрделі операциялардың көптеген түрлерін қазір облыс орталықтарында да жүргізуге толықтай мүмкіндік жасалған болса, кардиологиялық және кардиохирургиялық операцияларды жасауда да кәсібилік деңгейі де көтеріліпті.
Медициналық қызмет көрсету сапасын арттырумен қатар, отандық дәрі-дәрмектердің қолжетімділігін арттыру мәселелері де кеңес барысында қызу талқыланды. Сондай-ақ дәрігерлердің әлеуметтік жағдайлары, еңбекақыларының өсуі, жас мамандардың шетелдерге шығып, тәжірибе алмасуларына толық жағдай жасау, басқа елдермен тәжірибе алмасу сынды көкейкесті мәселелер де осы жиында кеңінен сөз болды.
Тұтасымен бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізу нәтижелері барлық меншік нысанындағы медициналық ұйымдар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету арқылы бәсекелестікті дамыту, сырқаттанушылардың медициналық ұйымдарды еркін таңдау құқығын сақтау жөніндегі іс-әрекеттер алдағы жылдарда да өз жалғасын таппақ.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.