(Астана Саммиті туғызған толғаныс)
Ауылда, өзіміздің Қарасуда кішкентайымыздан бірге өскен Тоқтасын дейтін құрдасым әрі аталас туысым тұрады. Қырық жылдан аса трактор айдады. Кезінде атағы шыққан, омырауына орден де таққан. Бүгінде он баланың әкесі, пәленбай немере-шөберенің атасы. Зәуеде кездесе қалсақ, ауылдың амандығын, күнделікті тіршіліктің аужайын ғана айтады. Өзге қақ-соқпен шаруасы жоқ, құдай деген момын адам.
Сол Тоқаңның түнеугіде әдетінен озып, оқыс бір жайды сөз қылғаны бар.
– Әй, Арғынбай, мен жақында бір нәрсеге қатты қайран қалдым!.. Неге дейсің ғой. Мына телевизорда мексикалық па, бразилиялық па, әйтеуір, бір сериал жүріп жатыр екен. Соны көрейін. Бір уақытта бар ғой, әлгіден Кәрім, өзіміздің Кәрім марқұм шыға келсін!.. Ой, Алла-ай, аумайды ғой, аумайды! Дәл өзі, тек киген киімі, сөйлеген тілі басқа демесең... Кәрекең кеткелі де біраз жыл болды ғой, сағынсам керек, бір түрлі көңілім босасын келіп... Ертеңіне осындағы баласына айттым. О да көріпті, «Иә, аумаған көкем!» дейді... Содан бері жүдә жиі ойланатын болдым: осы адам біткеннің түбі бір-ау деп. Әйтпесе, өмірі ауылдан аттап шықпаған, Әтіркүлінің қасынан ешқайда ұзап кетпеген біздің Кәрекеңнің сонау жер түбіндегі Оңтүстік Америка жақтағы ұлты да белгісіз біреуге құйып қойғандай ұқсайтын не жөні бар? Айтшы, қане, сен... Бізден гөрі көбірек оқығаның бар ғой, менің әлгі ойым қисынға келе ме, жоқ па?
– Келгенде қандай, Тоқа! Әбден келеді. Өзіміздің дін ислам бойынша да солай ғой. Пенде атаулының бәрі – өте-өте алыс замандарда Алла жаратқан Адам Ата мен Хауа Ананың ұрпақтары. Осыны бір ауыз өлеңмен де айтқаным бар еді ілгеріде. Соны тыңда:
Адамзат – ақ пен сары, қара – бәрі,
Тегінде бір отбасы балалары.
Сондықтан құжатсыз-ақ ұмытпаған,
Ұлт біткен Адам Ата, Хауа Ананы!..
– Әй, мынауың жөн екен! Мына орысың да, немісің де, басқалар да Адам Атамызды білетін көрінеді ғой. Сол кісінің баласы болмаса, аузына алар ма еді?! Дұ-рес, мұның... Айтпақшы, маған берген кітабыңда тағы бір... иә, сәл шатақтау өлең де бар еді ғой... Қалай еді өзі, ә-ә...
– Мынау шығар ол:
– Ұғысса – балдан тәтті аралары,
Ұрысса – бір-бірінен жан алады.
Не деген шәлкем-шалыс жүгірмектер –
Адам мен Хауа Ананың балалары!..
– Иә, иә, осының өзі!.. Ал, енді сен маған мынаны айтшы: Сол «жүгірмектеріңнің» әлгіндей тұрақсыз, жұқсыздау мінезі өзгере ме, жоқ па?
– Е-е, Тоқа-ай... Немене, сен мені ауылға, үйіңе келгенімде мына өзіміздің Қарасудан мың-миллион есе терең, түпсіз тұңғиыққа батырғың келе ме тегі?!
Тоқтасын күліп жіберді.
– Жә, қойдық, қойдық ендеше батыр-екесі!..
...Ол жолы Тоқтасын қояйық, дегенмен қойылмайтын, отбасының, ел-жұртының ертеңіне еш уақытта енжар қарамайтын тірі пенденің көңілін әркез алаңдатар ахуал еді бұл. Әсіресе, енді-енді есі кіріп келе жатқан шағында адамзат тарихындағы ең жойқын соғыстың өзін көрмесе де оның от-жалынды лебін күллі қайғы-қасыретімен қоса бала жүрегінің лүпіл-дірілімен сезініп, санасына кейінгі қанша қуаныш-шаттықтың өзі өшіре алмастай шер ұялаған біздің ұрпақтың да. Өшіре алатындай соғыстан кейін де мына жарық жаһанда тып-тыныш, мамыра-жай заман орнап па еді? Жоқ, орнаған жоқ болатын. Қайта әлем елдері екі жақ, екі ұдай, бір-біріне алакөз, қырғи-қабақ болып алып, қит етсе бір-екі түйіншегінің өзі жапондарды жайпап кете жаздаған атом бомбысын арғы аталарымыздың қолындағы ақ сойылдай ала жүгіретіндей халде еді. Ал, ала жүгіргендей болса, Алла сыйлаған Жер дейтін құтты мекен қу медиенге айналып, Адам Ата мен Хауа Ананың ұрпақтары ұқым-тұқымымен құрып кетуі, құрымаса жарымжан, жарымес болып қалуы бек мүмкін-ді. Бақытымызға қарай сонау 70-ші жылдардың орта тұсында осыны пайымдайтын, бәлкім, амалсыздан пайымдаған ел басқарушылары табылып, Хельсинкиде бас қосқан-ды. Осы басқосу ажал аузындағы Адамның өзін алып жегелі тұрған Тажалдан аз да болса аулақтауына мүмкіндік бергендей еді-ау...
Одан бері де Темза мен Сенада, Рейн мен Дунайда, Еділ мен Жайықта да қаншама су ақты. Арада отыз бес жыл өтті. Әлемнің саяси картасына, жалпы адамзаттың болмыс-тіршілігіне, қоғамдық ой-санаға ғаламат өзгерістер ала келген отыз бес жыл... Ең бастысы – Жер шарының алтыдан бір бөлігін алып жатқан КСРО атты алып та астам империя құлады. Атомның жойқынымен емес, адамзат дамуы диалектикасының қатал заңдылықтарының алапат дүмпуінен құлады. Кремльде мың жылға да шыдар деп жасалған темір құрсау быт-шыт болып, «Социалистік лагерь» дейтіннің тоз-тозы шықты. Ал, империяның орнында оннан аса ел отау тігіп, тәуелсіздігін жариялады. Біздің қасиетті Қазақстанымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қолымен өзінің көк туын көкке көтерді!
Иә, ежелгі, ескі дүниеде жаңа дүние орнағандай болды. Бірақ халықаралық қатынастардың жаңа жүйесі қалыптасып, ауқымын кеңге жаюына қарамастан, бұл дүние де дүрбелеңсіз болмай шықты. Талайдан бері қаны сорғалаған сормаңдай Ауғанстан, баяғы «Мың бір түнімен» тәтті қиялға шомдыратын Бағдаты мен Басырасының аспанынан бомбы жауған Ирак, жанжалының ұшы-қиыры көрінбейтін палестиналық Таяу Шығыс... Бұлардан өзге ұлттар мәселесін олардың ұлы да мәңгілік мұраттарына үйлестіре шешіп тастағандай болып көрінетін КСРО орнындағы бүгінде бітеу жараға айналған Әзірбайжан-Армения арасындағы қанды қақтығыс, Молдованы Приднестровье дейтінмен жұлмалауға жұлқынған арам пиғыл, бертіндегі Грузия-Ресей арасындағы шағын соғыс, күні кешегі туысқан Қырғызстандағы жағдай...
Қиырларға жетсе де қиялдаған
Жауыздығын өзінің тыя алмаған неткен жұмбақ Адамзат!..
Жалпы, өзінің ақылына ақыры сыяр ма Адам?..
Осындай ой қамағанда сәл нәрседен ушыққан жағдайда әлемдік апат – апокалипсиске апарып соқтыруы әбден мүмкін әлгі жарақаттардың емі қайсы, жалпы оны табуда ақылға сыйымды нендей әрекеттер жасауға болады деген аса өткір сұрақтар туындауы мүлде заңды.
Президент Назарбаевтың заманаға үйлесімді, дана да икемді саясатының, орасан күш-жігер жұмсауының және әлемдік ауқымдағы биік беделінің арқасында сонау Хельсинкиден кейін дүниеге келген мейлінше гуманитарлық ұйым – ЕҚЫҰ-ның тізгіні Қазақстан қолына әлгіндей адамзаттың болашақ тағдырында маңызы орасан күрделі мәселелерімен қоса тиді. Бұл үлкен жауапкершілігімен бірге осыдан жиырма жылға да толмайтын уақыт бұрын, шынтуайтқа келгенде, отарлық жағдайда болған біздің ел үшін теңдессіз мәртебе, мақтаныш та еді. Осыны ойлап көңіл марқайғанда менің есіме елеусіздеу боп жеткен бұлттай екі эпизод түсе береді...
Жетпісінші жылдардың басында Жамбыл облыстық газетінде Әкпарбек Доспанбетов деген ағайымызбен қызметтес болдым. Жарықтық қолбасшылардың қылмысқа бергісіз қателігінен кеңес әскері қатты қырғынға ұшыраған Ржев түбіндегі қан-қасаптан құдай сақтап аман шығып, Берлинге жеткен жауынгер еді. Арагідік біздің қазбалауымызбен майдан жайынан да әңгіме қозғайтын.
– Взводымызда өңшең орыс, беларус, украиндар болатын. Қазақтан жалғыз мен. Бір жолы бурыл мұртты бір қартаң солдат: «Ты, парень, откуда попал сюда, на фронт?» деп сұрамасы бар ма. «Из Казахстана» деп жауап бердім. Анау ойланып-ойланып тұрды да басын шайқап: «А где это твой Ка-зак-стан? Какой город?» деп қайта сұрады. «Город Джамбул» дедім. «А-а, понял, Джамбул, Джамбул!.. Знаю, он добрый старик!» деп жымиды қарт солдат. Сол-ақ екен, взводтағылардың бәрі мені содан былай Джамбул деп атап кетті...
Бұл енді 70 жылдай бұрынғы жағдай ғой. Ал тіпті бертінде, 1996 жылы, онда Парламент депутатымын, АҚШ-тың Колорадо университетінде бір ай оқитын болып, Атлантты асып барғанымызда Нью-Йоркте де, Денверде де америкалықтардың көбі біздің елді мүлде білмейтіні байқалды. «Оу, тәуелсіздік алғанымызға 4-5 жылдай болды ғой. Мыналардың Қазақстанды білмейтіні надандығы ма әлде астам державалар азаматтарының кейбірінде кездесетін өркөкіректік пе?» деп назаланғаным, намыстанғаным бар-ды...
Міне, енді бұрындары талайларға жарық дүние – Жер бетінде бар-жоғы беймәлімдеу болып келген, негізінен Орталық Азияда орналасқан елімізге өзін осы заманғы өркениет ошағы санайтын тәкаппар Еуропаның ең бір беделді ұйымына басшылық жасау, жөн сілтеу мүмкіндігі берілуі, әлбетте, қай-қайсымызды да қуанышқа кенелтіп, мақтанышқа бөледі. Әйтсе де мақтаныш бар да, жауапкершілік дейтін зілмауыр салмақ және бар. Ол қалай орайластырыла еңсерілмек, әділдік пен әділетсіздіктің арпалысынан, мүдделердің жөнді-жөнсіз қақтығуынан барып шиеленіскен түйіндер қайтсе түйткілсіз шешілмек?.. Бір жылдық мерзімде жүргізілуге тиіс белсенді іс-қимылмен қатар толас таппаған он-сан ой мен толымды толғаныс Елбасымызды Астанада ЕҚЫҰ-ға мүше 56 ел басшыларының басын қосып, Саммит өткізу, сөйтіп, онда заманауи үдерістің нәтижесінде бүгінде Батысы да, Шығысы да, Солтүстігі де, Оңтүстігі де жоқ, тұтас бір-ақ әлемге айналып кеткен дүние жүзінің тағдырын, қауіпсіздігін сарапқа сала ақылдасу, қарсылықтар мен қайшылықтардың өткірлігін мүмкіндігінше жұмсартып, ортақ мәмілеге жол қарастыру, сол арқылы адамзаттың болашақ ұрпағы алдындағы парызды барынша адалдықпен өтеу қажеттігіне тіреген-ді.
Осындай асыл мақсаттардан туындаған мәртебелі шешімнің жоғары деңгейде абыроймен жүзеге асатынына әуелгі әзірде көңілде, жасыратыны жоқ, алаңдаушылық та болғаны рас. Елу бес елдің басшысы бұған қалай қарайды? Құптай ма? Елу бес елдің басшысы түгіл кейде қарапайым екі кісінің бір мәселеге пікірі екі басқа болып жататын кездер аз ба. Ал, Саммит өтетін Астана тарихы жүз жылдап – мың жылдап саналатын «мәңгілік қала» – Рим емес, Париж де, Лондон да емес, Астананың астана болғанына да он жылдан сәл-ақ асты. Бір елдің жоғары мәртебелі басшысын лайығынша күтіп алудың өзі тіпті де оңай шаруа емес. Ал елу бес мәртебелі мейманды соңына ерген жүздеген қосшыларымен қоса, оның сыртында пәлен жүз журналисті – барлығы бес мыңдай кісіні күтіп алу, жайластыру, талғамына сай ас-суын әзірлеу, өзге де күтімін келістіру, жиын өтетін Сарайда барлық жағдайды жасау... Айта көрмеңіз, ұшы-қиырсыз шаруа ғой. Оның үстіне Астана қысының ол күндері мінезі қандай болмақ? Елордамызда бұрын ешқашан мұндай ауқымды шара өткізілмегендіктен, түрліше қызметте тәжірибенің аздығы білініп қалмас па екен? Өйтіп жүрсе, «қонақ аз отырып, көп сынайды» деген, кім біледі...
Осы бір алаңдаушылық күй кешкен күндері менің есіме 1994 жылдың 6 шілдесі түсе берді. Тап сол күні Нұрсұлтан Әбішұлы Жоғарғы Кеңесте астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы ешкім күтпеген тосын мәселе қойып, әжептәуір талас-тартыспен қаулы қабылдасақ та, көпке дейін көңілден күдік сейілмеген-ді. Кейініректе барып, Астананың астаналық кейіпке шапшаң ене бастағанын көрген соң Президенттің бәрін алдын ала терең ойластыратынына және ойдағысына жетпей тынбайтындығына кәміл сенгенмін. Сол сенім Саммит жөніндегі де кейбір күмәнімді серпіп тастады. Ал Саммиттің екі күнінде де теледидар алдынан алыстамадық. Ұлы жиынды ашардағы Елбасымыздың аса терең мағыналы, тұжырымды, мейлі ол саяси немесе трансэкономикалық сипатта болсын, бұдан былайғы әлем тағдырымен тамырласқан ұсыныс-идеяларға аса бай сөздерін естіп, көңіл көншісе, Саммит отырысын жүргізудегі саясаткерлік этикеттің барша параметріне сай келетін асқан шеберлігіне тәнті болдық.
Өз көңіліме заман күллі адамзатқа ортақ болғанымен, ол осы Саммиттен кейін, ХХІ ғасырдың 10-шы жылынан бастап өз дәуірлеуіне анық бет алған қазақтың заманы болатын сияқтанады. Ал оның туын желбірете берік ұстаған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Саммиттегі әлем халықтарының қамын жеген әр лебізін естіген сайын санамда мына бір ұлы да киелі сөздер сан қайтара жаңғырықты:
«... Адамзаттың бәрін сүй, бауырым, деп,
Және хақ жолы осы деп, әділетті».
Бұл Абай сөзі, данышпан атамыздың ғаламдық ақыл-ойының жүрісі, жарқылы. Сол жарқыл Нұрсұлтан баласының да ғаламдық жолын жарқырата нұрландырып тұратындай болып көрінді маған...
Иә, жаңа заман, біздің заман Астанадан төрт мұхиттың төңірегімен ЕҚЫҰ-ның керегесін кеңейтіп жіберген Саммит декларациясы арқылы жер-жаһанға ой тастады. Ол ой бүкіл адамзатты ынтымаққа, татулыққа, әу баста өзін Алла жаратқандағы мақсатқа сай адалдықпен, әділетпен өмір сүруге, әр түрлі кейіптегі күнәһар көріністерден арылуға шақыратыны, бастайтыны күмәнсіз.
Осы орайда тағы бір жай еске түсіп отыр. 1990 жылы 3 қазанда екінші дүниежүзілік соғыстан кейін екі бөлініп қалған Германия қайта біріккен күні мен Майндағы Франкфурт түбіндегі Бад Карлсхафен дейтін шағын қалада едім. Сондағы немістердің қуанғанын көрсеңіз! Қуаныш үстінде: «Бұл Хельсинки рухының салтанаты!» дегенді олар сан қайтара салтанатпен айтып жатты. Енді әлемнің әр шалғайында әр түрлі жақсылықтар болып жатса, ол елдің: «Бұл Астана рухының салтанаты!» деп жар салатыны және күдіксіз. Ал, біз үшін бұдан асқан мол сауапты абырой бар ма?!..
Айтпақшы, құдай қаласа, жақында ауылға, өзіміздің Қарасуға бармақпын. Тоқтасын құрдасыммен бұл жолы өте бір көтеріңкі көңілмен шертісетін шығармыз әңгімені. Мүмкін оның түнеугідегі сұңғыла сұрағына жауап беріп көрермін...
Арғынбай БЕКБОСЫН, Парламенттің бұрынғы депутаты, Жамбыл облысының Құрметті азаматы.
Тараз.