21 Сәуір, 2016

Соғыс вирусынан сақтанатын уақыт

376 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
* Сырт көз – сыншы 0006Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың таяуда Вашингтонда өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммит шеңберінде таратқан «Әлем. XXI ғасыр» атты манифесі шетелдік сарапшылардың назарына бірден ілікті. Мемлекет басшысы онда күллі әлем жұртшылығын жаңа жаһандық соғыстың тұтанып кетуінен сақтандырды. Себебі, қазір соғыс вирусы алдағы жасанды интеллект төңірегіндегі жаңалықтарға жұғуға дайын тұр. Халықтың қолындағы 1 миллиардтан астам бірлік атыс қаруы күн сайын әлемде мыңдаған адамның қаза табуына себепкер болып отыр. Манифесте таратылып айтылған осы тұжырымдарға тоқталған сарапшылар құжаттың дер кезінде көтерілген ұсыныстарды алға тартып отырғанына айрықша мән беруде. Дэниел ВИТТ, АҚШ салық және инвестиция жөніндегі халықаралық орталығының президенті: – Құрама Штаттардағы сарапшылар қазір Қазақ­станда қабылданған 5 инс­титуционалдық рефор­маны жүзеге асыруға ар­нал­ған «100 нақты қадам» және «Нұрлы Жол» бағ­­дар­ла­ма­сына да назар аудара бас­тады. АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің, мем­ле­кет­­тік депар­таменті мен Сауда министрлігінің өкілдері, ал­дыңғы қатарлы талдау орталықтарының мамандары аталмыш жобалардың жүзеге асырылу барысына барлау жасап, ел экономикасының даму бағдарымен кеңінен танысуда. Осыған арналған бір жиынды Қазақстанның елшілігі АҚШ-та ұйымдастырып, соған қатысу мүмкіндігіне ие болдық. Менің соңғы жылдары байқағаным, Қазақ елінің басшылығы әрдайым өзінің алдына алуан түрлі маңызды мақсаттар қоя біледі. Айталық, «100 нақты қадам» – осы мақсатқа жету жолын­дағы нақты жоспар. Ол республиканың ұдайы дамып оты­руына үлкен қозғаушы күш бола алады. Осыған орай Қазақ­стан Президенті бағдарламаларды жүзеге асыруға барлық мүм­кіндік бар екенін әрдайым айтып отырады. Біз сондай сенімді Қазақстан өкілдерімен кездескенде де сезіндік. Осы жиында ел экономикасының даму бағытымен танысу мүмкіндігіне де қол жеткіздік. Мұның барлығы біз үшін өте маңызды нәрсе.  Андрей МАМЫКИН, Еуропа парламентінің депутаты: – Айтатыны жоқ, Нұрсұлтан Назарбаев қа­шан­ғы дәстүріндей бұл жолы да саяси ой көшінің алдыңғы легінен көрінді. Ол Еуропа элитасы сапынан бірде-бір саясаткердің айтуға қабілетсіздік таныт­қан тұжырымын жеткізді. Рас, бізде қазір өткір проблемалар өте көп. Бір жағынан терактілердің лаңы алаңдатып отырса, екінші жағынан экономикалық қиындықтарға себеп болып тұрған дағдарыстың құрсауы қысып барады. Мұның арғы жағында өз үйлері мен отандарын тастап, үргіншілікке түскен босқындардың орасан зор нөпірі күтпеген қиындықтарға тап келтіріп жатыр. Жанға жайлы жаңа мекен іздеп, алға қарай таласа-тармаса ұмтылған мигранттар тасқыны жолындағыларының бәрін жайпап келеді. Біз бұлардың бірде-бірін екі-үш күннің ішінде шешіп тастай алмаймыз. Ал бұдан бір жыл бұрын Еуропарламенттегілер үшін осының бәрі оңай шеше салатын мәселелер сияқты болып көрініп еді. Міне, сондықтан да Қазақстан Президентінің АҚШ-та айтқан сөзіндегі ойлар мен ұсыныстарын біз басшылыққа алуға тиістіміз. Бұл сөздердің өзектілігінде ешбір күмән жоқ. Тап сол себептен біз Назарбаевтың сол манифесі арқылы жеткізген тұжырымдарынан дәйектеме алуға мәжбүр болып отырмыз. Шынында да, әлемді ядролық қарудан азат ету жолындағы күресте Нұрсұлтан Назарбаевтың жасап жүрген еңбегі өте зор. Ол құр сөздің емес, нақты істің адамы екенін баяғыда танытқан. Күллі әлемге сергек те көреген басшы ретінде белгілі болып келе жатқан Қазақстан Президентінің бастамасы әлі күнге дейін өз өзектілігін жойған жоқ. Дэрил Кимбалл, АҚШ қарулануды бақылау қауым­дас­тығының директоры: – Біз Қазақстанды ядро­лық қарулануға және оның таралуына қар­сы ұс­танымы үшін көшбас­шы деп білеміз. Қазақстан – әлемнің ал­пауыт елдеріндегі ядролық поли­­­­гондардың жабылып, жойқын қарудың қасіретін тоқ­­татуға батыл қадам жа­са­­ған бірінші мемлекет. Қазақ­­­стан Президенті ядролық қарусыз әлем құру, ғаламдағы ядро­­лық қауіптің қысымын қысқарту саласында халықаралық қауым­дастықтың күш-жігерін үйлестіру маңызды екенін өз бас­­та­мал­ары арқылы танытып берді. Ол бұл ұсыныстардың шын мә­нін­де де өзекті нәрсе екеніне жұрттың көзін жеткізе білді. Вашингтондағы Қауіпсіздік Кеңесіндегілер осы жолы да Нұрсұлтан Назарбаевты үлкен қошеметпен қарсы алды. Ол саммитте барлық мемлекет басшыларына арнап манифест қабылдауы арқылы күллі әлемге үндеу таратты. Ядролық қарулануды доғару, оның терроршыларға таралып кетуіне жол бермеу, әлемге қауіп төндірмеу сынды үндеуі барша жұртшылыққа терең ой салды. Сіздер бірінші болып ядролық сынақ полигонын жаптыңыздар. Сіздерге қарап, АҚШ 1991-1992 жылдары ядролық қаруды сынауды тоқтату актісін қабылдады. Осылайша жалпыға бірдей ядролық сынақ жүргізуге тыйым салу келісімі дайындалды. Бұлардың бәрінің маңызы орасан зор. Қазақстанның сол кездерден қолға алынған бастамасы әлемде талай елдің басшысын ойландырып тастады. Қазір сол бағытты ұстанып жатқандар да баршылық. Міне, осының өзі аз жеңіс емес. Юрий АНДРЕЕВ, Беларусь Халық жиыны жанындағы ТМД Парламентаралық Ассамблеясының өкілі: – Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған құжат – бейбіт күнгі болашақ кепілі. Қазіргі таңда әлемде болып жатқан түрлі қақтығыстар мен қай­шылықтар кезінде ядро­­лық қауіпсіздікке қол жет­кізу­дің маңызы аса зор. Бұл орайда, Семей полигонын жауып, ядролық қарудан ерікті түрде бас тартқан Қазақ­стан­­ның әлемдік деңгейде дәл осындай бастама көтеруге толық құқы бар. Ал аталған құжатта Қазақстан Президенті ірі ұйымдарды біріге жұмыс жасауға шақырады. Қазірде бұл бастама БҰҰ-ның ресми құжатына айналды. Халықаралық сарапшылар манифесті зерттеп-зерделеуде. Бұл құжаттың артында біздің ұрпағымыз бен ғаламның болашағы тұр. Чжэ НАМ КО, Оңтүстік Корея Сыртқы істер министрлігі жанындағы ұлттық дипломатиялық академияның профессоры: – Қазақстан Республи­ка­сы­ның Президенті «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі барлық ядро­лық державалар үшін үлгі тұтар­лық қадам. Қазақ елінің лидері бұл қадамға рес­пуб­лика тәуелсіздік алған алғашқы кезеңнен бастады. Сол жылдары Нұрсұлтан Назарбаев Семей полигонын жабу арқылы әлем­дегі IV ядролық держава мәртебесінен бас тартқанын әрі бей­біт өмір сүруді қалайтын ел құратынын көрсетті. Енді Жер шарындағы басқа елдер осы Қазақстаннан үлгі алса жарар еді. Мен ұзаққа бармай-ақ, оны Корей түбегіндегі екі елдің бірі – Корей Халық-Демократиялық Республикасынан бастайын. Соңғы жылдары бұл елдің әртүрлі ядролық сынақтар жасап, аймақты дүрліктіріп келе жатқаны жасырын емес. Егер Пхеньян ядролық сынақтарды тоқтатып, ядролық қарудан толығымен бас тартса, Оңтүстік және Солтүстік Корея арасында ынтымақтастық орнатылуы мүмкін. Қазір осыған байланысты бірқатар қадамдар жасалып та жатыр. Қазір біз осы тұрғыда Қазақстанмен бірге жұмыс жүргізіп, Солтүстік Кореяның ядролық қарудан бас тартуына ықпал етпекшіміз. Менің берік сенімімше, Қазақстан Президентінің манифесі әлемде бейбітшіліктің тұрақты орнауына зор септігін тигізуі тиіс. Бұл – өте бір дер кезінде қабылданып отырған құжат. Адамзат баласына ендігі жерде өзара жанжалдаса берудің қажеті жоқ. Ол – өте қауіпті нәрсе. Онсыз да әупіріммен тұрған тыныштықтың нәзік пердесін жұлып тастау тым қиын емес. Нұрсұлтан Назарбаев осыны терең түсініп, басқа жұрттарды ақылға шақырып отыр. Ван ШИАНЖУ, Қытай Мемлекеттік кеңесі жанындағы Еуразия әлеуметтік дамуы институтының профессоры: – БҰҰ-ның Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың манифесін өзінің ресми құжаты ретінде қабылдауы бұл мәлімде­менің салмағы қаншалықты зор екенін анық байқатып отыр. Халықаралық қоғам­дас­тық Қазақстанның бұл бастамасын барынша тиімді де пайдалы ұсыныс деп таныды. Өзінің бұл мәселедегі позициясынан ешбір ауытқымай келе жатқан Қазақстан кезекті мәрте аса маңызды қадам жасады. Қазақ елі соғыссыз әлем құру жөніндегі бағытына беріктігін танытып, өзінің осы мақсаттағы маңызды жұмыстарын жалғастырып келеді. Мен 1986 жылдың сәуірінде Чернобыльде орын алған оқиғаларды өз көзіммен көрген адаммын. Сол апаттың салдарынан қаншама адам зардап шекті. Оның зардаптарын әлі күнге дейін тартып келе жатқандар да аз емес. Осы ретте ядролық қауіпсіздік мәселесі қазір жер бетіндегі кез келген ел үшін аса маңызды проблема болып қалыптасқанын айта кетуіміз керек. Оның қауіп-қатері төнбейтін мемлекет жоқ. Міне, осындай зобалаңның туып кетпеуін алдын ала ойластырған Қазақстан мемлекетінің басшысы тағы да адамзат баласын сақтандырып отыр. Қазақ елі Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығының арқасында өзінің әлемдегі бейбітшілік орнатуға үлес қосу жөніндегі миссиясын барынша адал да таза орындап келеді. Сергей ПАЛАГИН, Беларусь сыртқы саясат және қауіпсіздік орталығының басшысы: – Біз Қазақстан Прези­дентінің манифесін өте жоғары бағалаймыз. Қазіргі әлем ретсіз қантөгіс пен жан­жалдан, зорлық пен зом­былықтың алуан түрінен, террорлық тірліктер мен экстремистік әрекеттерден әбден шаршап бітті. Осы орайда, Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» деп аталатын манифесінде бұлт арасынан жарқ ете түскен сәуледей әсер етті. Естіге ой салдырып, ақыл қондыратын сол құжатта көрсетілген бейбітшілік пен тыныштық қағидаларын бүгінгі басшылар жан-жақты зерделеп ұғынуы тиіс. Онсыз болмайды. Енді шегінуге жер қалған жоқ. Ядролық қару болашақ үшін өте қауіпті екендігі айтпаса да түсінікті. Қазақстан көтеріп отырған мәселе өте орынды. Бүгінде жер бетін бір сәтте бірнеше мәрте жойып жіберуге жетерлік қару бар. Сондықтан, ядролық қару лаңкестердің қолына түспей тұрғанда, құтылғанымыз әбден орынды болар еді. Шетел бұқаралық ақпарат құралдары материалдарының негізінде дайындалды