21 Сәуір, 2016

Елбасы манифесі: БЕЙБІТ ӨМІРГЕ ҮНДЕУ

506 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

МАГАТЭ1Бұл – өте орынды бастама

logo-1Біз, Ұлттық ғылым академиясының ұжы­мы, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» мани­фесін зор ықыласпен қабыл алдық. ХХІ ғасырға аяқ басқан адамзат күрделі кезеңді бастан кешіріп отыр. Ұласпалы экономикалық дағдарыстардан әл-ауқаты әлсіреген әлемге жаңа қатер төніп тұр. Және оның ауқымы жалпы адамзаттың болашағына балта шабуы мүмкін. Ол – жаһандық соғыс қаупі. ХХ ғасыр тәжірибесі соғыс салқынының зардабы қаншалықты қасіретке толы екенін көрсетті. Миллиондаған адам саяси және экономикалық алауыздықтың құрбанына айналып, тұтас қалалар мен мемлекеттер жер бетінен жойылды. Жер дауы, шикізат үшін таластан туындаған көзқарастар қарама-қайшылығы әлем алпауыттарын бір-біріне қарсы қойып, жаппай қырып-жою қаруларының сыналуына себепші болды. Осының бәрі, сайып келгенде, адамзатпен қатар қоршаған ортаға залалын келтіріп, орны толмас шығынға ұшыратты. Осыны ескере келе, өткен ғасырдың қателігін қайталамай, әлемді зорлық-зомбылықтан азат ету үшін Мемлекет басшысының «ХХІ ғасыр: соғыссыз әлем» атты кең ауқымды бағдарламасын әзірлеу туралы бастамасын өте орынды деп санаймыз. Бұл құжат мемлекеттер арасындағы талас-тартыстарға тосқауыл болып, әлемді бейбіт өмірге бастайды деп сенеміз. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы

Жаһан келбетінің айқын бейнесі

logo-2Біз, Дүниежүзі қазақ­тары­ның қауымдастығы, Мем­лекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесімен мұқият танысып шықтық. Мұнда Елбасының «ХХІ ғасыр: соғыссыз әлем» атты кең ауқымды бағдарлама әзірлеу туралы бастамасы дер кезінде көтерілген әрі өзекті ұсыныс екенін атап өткіміз келеді. Президентіміз осынау маңызды құжатта Төртінші өнеркәсіп төңкерісінің табалдырығында тұрған әлемдегі ғылыми жаңалықтар мен жаңа буын технологияларының маңызына ерекше мән береді. Білім мен ғылымға ден қойған адамзат өз дамуының сапалы жаңа сатысына өткенін ескертеді. Алайда, халықаралық жағдайды ушықтырған соғыс вирусы алдағы жасанды интеллект төңірегіндегі жаңалықтарға кесел жұқтыруға дайын тұр. Ол әскери-өнеркәсіптік кешеннің әлеуетін арттырып, оны ойлап тапқан адамзаттың өзіне қарсы қойылған қауіпті қаруға айналуда. Мемлекет басшысы атап өткендей, соғыстың тамырына балта шабу – адамзаттың ең күрделі өркениеттік міндеті. Мемлекеттер арасындағы ешбір талас-тартыс соғыс арқылы оң шешімін таппайды. Себебі, бірде-бір соғыста жеңімпаз жоқ, онда бәрі де жеңіледі. Сондықтан, біз, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі адамзатқа ой салып, әлемді соғыс індетінен құтқарады деп сенеміз. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы

Гуманистік идеяның озық үлгісі

logo_3Біз, Қазақстан Кәсіподақ­тары федерациясының ұжымы, Мемлекет басшысының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін зор қуанышпен қабыл алдық. Бұл құжат – қазіргі қоғамның жаһандық келбетінің айқын бейнесі. Барша адам баласы ХХІ ғасырға бейбіт өмірдің жаңа белесі ретінде зор үміт артқаны шындық. Өткен ғасырдың өкінішті тәжірибесінен сабақ алған адамзат бар күш-жігерін соғыстан азат қоғам қалыптастыру үшін жұмсауға талпынды. Осы орайда, атом бомбасының ауыр зардабын тартқан мемлекет ретінде Қазақстан бірінші болып жаппай қырып-жою қаруынан бас тартып, Семей полигонын жапты. Осылайша, бейбіт өмірге ұмтылған гуманистік идеяның озық үлгісін дүниежүзіне паш етті. Алайда, азық-түлік пен шикізатқа деген ашкөздік, пайдалы қазбаларға деген қанағатсыздық мемлекеттер арасына от салып, террорлық агрессияны одан бетер өршітіп отыр. Сондықтан, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін Жер тұрғындарын тату көршілік пен бейбіт өмірге шақыратын символдық мәнге ие баршапланеталық үндеу деп санаймыз. Қазақстан Кәсіподақтарының федерациясы

Өмір қажеттілігінен туған маңызды шара

logo_4ХХІ ғасыр – бар болмысы­мен ағымдағы ғылым мен білімді тапқырлап, көнені жаңғыртып, барды жетілдіріп, барша қырынан жаңарып отыруға бағытталған ғасыр. Десек те, ол білімнің «соғыс» атты тұрпайы құрылымды жетілдіруге негізделіп, ядролық қару-жарақ шығару жолында ізгілік пен адамгершілік категорияларынан ауытқуы төрткіл дүниені қынжылтып келеді. Сансыз уайым туғызған бұл жайт бейбітшілік пен келісім, тұрақтылық пен ынтымақтастық жолындағы бағыты әлем үшін үлгі болатындай деңгейге жеткен Қазақстан үшін жырақта қалмады. Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі оған дәлел болғандай. Манифест өмір қажеттілігінен туындаған маңызды шара, Елбасы­ның тәжірибелік ойлауының нәтижесі, тіпті ірі держа­валардың өзіндік менмендігі салдарынан пайда болған талас-тартыс жағдайында лай суға құйған таза бұлақ іспеттес. Бұл орайда, Қазақстан ЖОО-ларының қауымдастығы, манифесті бүкіл жаһанды дүрліктірген халықаралық терроризмге қарсы күресте әлемдік қоғамдастықты біріктіруші қуатты құжат деп санайды. Және оның әлем көшбас­шыларының игі істеріне бастама болатынына кәміл сенеді. Себебі, адамзат қарекеті бірінші кезекте ізгілік пен бақытты өмір құруға негізделуі тиіс. Қазақстан Жоғары оқу орындарының қауымдастығы

Кім-кімге де ой салар салиқалы сөз

Лого 6Әлем біздің халқымызды жүз­ден аса ұлттың басын татулық ша­ңы­рағының астына біріктірген бейбітшілік пен жанашырлықтың жаршысы ретінде таниды. Сондай-ақ, біз – адамзатқа залалы мол атом бомбасынан бірінші болып бас тартқан мемлекетпіз. «АТОМ» жобасы, МАГАТЭ-нің қолдауымен Қазақстанда Төмен байытылған уран банкін құру – осының бәріне бастамашы болған Мемлекет басшысының келер ұрпақтың жарқын болашағы алдындағы қамқорлығын, жанашырлығын паш етеді. Енді, міне, Президентіміз соғыссыз қоғам құруға үндейтін «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесімен әлемдік қоғамдастыққа салиқалы ой салып отыр. Онда соңғы 25-30 жылда орын алған маңызды оқиғалар мен шешімдерге терең талдау жасалып, олардың адам өмірі мен қауіпсіздігіне ықпалы жан-жақты зерделенген. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының манифесі ғарыш кеңістігінде, Әлем мұхиттарының түбі мен ортақ суларында, Арктикада зиянды қару-жарақтарды сақтауға тыйым салатын жаһандық шешім қабылдау туралы ұсынысымен құнды. Бұл ретте, біз, Қазақстан композиторларының қауымдас­тығы, құжаттың маңыздылығын ескеріп, оның жаһандық соғыс вирусына тосқауыл болатынына сенеміз. Қазақстан Композиторларының қауымдастығы

Заман талабы туындатқан құжат

logo_51991 жылы Елбасының бастамасымен жабылған Семей ядролық полигоны әлем тәжірибесіндегі тарихи жағдай болды. Енді ғана егемендік алған жас мемлекет бұл әрекетімен өзінің даму бағытын жаһан алдында айқындап, тіпті, әлемдік ядролық арсеналдардың жабылуына түрткі бола білді. Ядролық қарудан азат әлем құру және халықаралық терроризм күшін әлсірету – осы қатыгез жайттар жаһан­дық жүйе күн тәртібінің басты мәселелері мен ең маңызды өркениеттік міндетке айналып отыр. Ал оның оң шешім табуы – тек бейбітшілік пен ымыралықты көздейтін, етек-жеңі жинақы жандарға берілген мүмкіндік. Бұл мақсат  – Елбасы Н.Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесіне арқау болды. Себебі, Қазақстан бейбіт әлемді қалайды, барша адамзатқа сол бейбітшілік пен тұрақтылықты тілейді. Манифест – әлемдік қоғамдастықтың Нұрсұлтан Назарбаевты көреген саясаткер ретінде қабылдауының тағы бір нық дәлелі. Құжат – адамзаттың болашақ тағдырына алаңдаушылық пен ішкі жан-тебіреніс нәтижесінде туындаған заман талабы. Генералдар кеңесі

Мәртебемізді асырған манифест

Елбасымыз ұсынған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі – қазіргі таңдағы мемлекеттер мен конфессиялар арасындағы қайшылықтарды шешуге ықпал жасайтын маңызды қадам. Адамзатты қарусыздануға шақырып, бейбітшілікке үндейтін Елбасы бастамасы Қазақстанның әлем алдында мәртебесін тағы бір мәрте арттырғаны сөзсіз. «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі – соғыстан азат қоғам құруға шақыратын қайталанбас құжат. Онда «соғыс» деген зұлматтан ешкім жеңімпаз болып шықпайтындығы, талас-тартыстарды тек бейбітшілік пен қауіпсіздік қағидаттарына негізделген келіссөздер арқылы шешу керектігі айтылған. Қырып-жоятын ядролық қарудан алғаш болып өз еркімен бас тартқан және татулық пен келісімнің мекеніне айналған Қазақстанның бастамасы БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесінің қызу қолдауына ие болып, ресми құжат мәртебесін алды. Оған әлемнің алпауыт елдері мен ядролық державалар да үн қосады деп сенеміз. Себебі, әлемде бейбітшілік пен тыныштыққа тек бірлесе отырып қана қол жеткізуге болады. Еуразиялық құқық қорғау орталығы