Шетелдіктерге қазақтың ұлтарақтай да жері сатылмайды. Мұны кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен арнайы баспасөз мәслихатында Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев қайта-қайта шегелеп айтты.
Қазақстанның ауылшаруашылық жерлері аукционға шығарылады деген соң халық арасында бірқатар түсініспеушіліктер туындап, әртүрлі әңгіменің етек алғаны мәлім. Тіпті, зиялы қауым өкілдері де қатты алаңдаушылықпен тиісті мемлекеттік органдарға бірнеше сұрақтарын жолдап та жатыр. Осы алаңдаушылық тудырған сұрақтарға тиянақты жауаптар беруге бекінген вице-министр 2003 жылы қабылданған Жер кодексін қолға ала отырып, қазақтың бір қарыс та жері бөгде елдің азаматтары мен әлі Қазақстанның азаматтығын алып үлгірмеген адамдарға сатылмайтынын тәптіштеп түсіндіріп берді. «Ауылшаруашылық мақсатындағы жер учаскелері шетелдіктердің жекеменшік құқығына берілмейді. Шетел азаматтары ауылшаруашылық мақсатындағы жерге тек уақытша жер пайдалану құқығымен 25 жыл мерзімге жалға ала алады. Ал өнеркәсiп өндiрiсiне қарасты жерлердiң әңгiмесi бөлек. Мысалы, шетелдiк инвестор зауыт салса, зауыт ғимараты мен құрылыс тұрған жер учаскесi шетелдiк азаматтiкi саналады. Яғни, шетелдiктер өнеркәсiпке арналған жерлерді сатып ала алады. Ал ауыл шаруашылығы немесе орманды жерлердi сатып ала алмайды», деп шегеледі Қ.Өскенбаев.
Мұнымен бірге, бұған дейін ауыл шаруашылығы жерлерін жалға алып келген ел азаматтарына бірқатар жеңілдіктер қарастырылғанын атап өтті. «Жер кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес жалға берілген жер учаскелерін сатып алуға жеңiлдiк шарттарын беру қарастырылады. Бұл норма қазіргі жалға алушылардың мүдделерін ескереді және оларға бұдан бұрын берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жалдау мерзімі аяқталғанға дейін белгіленген қаржыны бөліп төлеу арқылы, олардың кадастрлық құнының 50 пайыздық мөлшерінде айқындалатын жеңiлдiк бағамен жекеменшікке сатып алуға құқық береді», деген ол, Жер кодексімен мұқият танысып шығуға кеңес берді.
Баспасөз мәслихатында журналистер халықты алаңдатып отырған сұрақтарды көлденең тартты. Мысалы, мол жер телімін өз еліміздің азаматы сатып алып, оны кейіннен шетелдіктерге сатуына бола ма? – деген де сауал қойылды. «Шетелдіктер қалай айналдырса да бір миллиметр де жер сатылмайды. Ондай жағдайда тиісті органдар шара қарастырып, ол жерді мемлекет меншігіне қайтаруы да ықтимал», деген вице-министр пайдаланылмай жатқан жерлерге қатысты да айтып өтті. Ол заң бойынша бір жыл пайдаланылмай тұрған жер телімі үшін тиісті ескерту хаты жіберілетінін білдірді. Келесі жылы осы жағдай тағы қайталанса жер мемлекет меншігіне қайтарылатынын айтты.
Вице-министр жерді аукционға шығарудағы мақсат, жердің тиімді пайдаланылуын арттырудан туған шара екеніне назар аудартты. «Қазіргі күндегі зерттеулер мен тексеру жұмыстарына қарағанда, бірқатар ауыл шаруашылық жерлері дұрыс игерілмей жатыр. Соның салдарынан жердің құнары қашып, сапасы төмендеп кеткен. Егер жер жекеменшік қолында болса, ол жерді өзінің пайдасына ғана емес, ұрпақтарының да игілігі үшін талапқа сай өңдеп, аздырмай тиімді пайдалануға көшер еді деген үміт бар», деді вице-министр.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан»