21 Сәуір, 2016

«Сыр сандық»

1841 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
* Қазақ қазынасы қайрат 001 - копия– Қайрат Байбосыновтың қазақ руханиятына салған қазыналы олжасы Еліміздің мәдени өмірінде, ән өнерінде тағы бір сүйінішті, елеулі оқиға болғанын оқырман қауымға сүйіншілеп айтудың сәті түсіп тұр. Қазақтың үлкен бір қазынасы халқымыздың салқар дариядай әндері десек, жақында ғана жарыққа шыққан «Сыр сандық» атты қазақ әндерінің авторлық антологиясы ұлт руханиятын еселеп байытты, әншілік дәстүрімізге мырза бейілмен дәсерлетіп мол олжа салды. Антологияда қазақтың халық әндері, халық композиторларының және Қазақстан композиторларының әндері нотасымен, мәтінімен топтастырылып көпшілікке тұңғыш рет ұсынылып отыр. Базарлыққа барлығы 510 ән. Өз репертуарындағы осыншама жауһар дүниені үйреніп айтып, тірнектеп жинап, көздің қарашығындай сақтап, туған халқына сияпатты сый, кейінгі ұрпаққа асыл мирас ретінде жинақтап ұсынушы – жарты ғасыр бойы қазақтың ән өнерімен бірге жасасып келе жатқан дарабоз әншіміз, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты, профессор Қайрат Байбосынов. Алдыңғы күні Қазақ ұлттық өнер университетінде осынау жаңа да жақұт ән антологиясының тұсаукесер кеші өтіп, қазақтың ән классикасы, сал-серілер мұралары, сирек орындалатын әндер мен мұрағаттан табылған туындылар шырқалды. Кеш қонақтары белгілі қайраткер ағамыз Мырзатай Жолдасбеков, Мәжіліс депутаты, мәдениеттанушы Сауытбек Абдрахманов, профессор Серік Негимов бастаған зиялы қауым өкілдері бірегей жинақты жоғары бағалады. Ұлттың рухани қазынасына осындай толағай еңбекті тарту етіп қосқан ән өнеріміздің айбозымын біз әңгімеге шақырған едік. – Құрметті Қайрат Әукенұлы, академик Шапық Шөкиннің алдында 12 жасыңызда ән салғаныңыздан бастап Алаштың әніне адалдығыңыздан жазбай келесіз. Сол адалдық пен алабөтен ақ пейіліңізді тағы бір паш еткен мына 600 беттік, 77 баспа табақ, 5000 дана таралымды, айдынды антологияға қалай келдіңіз? – Дала мектебінен өріс алған халқы­мыздың ән-күйі ауызша таралып, ұрпақтан-ұрпаққа, ұстаздан шәкіртке беріліп, біздің ғасырымызға жетіп отырғаны бәрімізге мәлім. XX ғасырда қазақтың тамаша әндерін Әміре, Манарбек, Жүсіпбек, Ғарифолла, Кенен, Қосымжан аталарымыз небір зұлмат замандардан аман сақтап, кейінгі ұрпаққа қауыштырды. 1967 жылы Жүсіпбек Елебековтің шәкірті болып, содан бері өнер саласында жүргеніме маған да біраз болды. Қали Байжанов, Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиев, Жүсіпбек Елебеков, Ләззат Сүйіндікова, Дәнеш Рақышев сияқты дарындардың алдарында ән салып, батасын алып едім. Енді XXI ғасырда сол жақсылардың осы күнгі көзі, өзім де ақсақал болып қалған кезде естіген-білгенімді бойда жасырып үндемей қалу күнә болар еді. Әркімнің өз ойы, өз іздегені, өз айтары бар. Менің де азды-көпті естіген, ұстаздан үйренген, жиған-терген дүниелерім бар, кейінгіге ұсынарым осы деп, соларды сұрыптап ортаға салып отырмын. – Енді сол әндердің мән-жайынан, тарихынан шыжымдап сыр суырт­пақтасаңыз қайтеді? – Бұл антологияға менің репертуарыммен қатар, қоржынымда жүрген және түкпір-түкпірдегі орындаушылардан жи­наған әндерім еніп отыр. Әсіресе, сал Біржанның өзі қадір тұтқан Құлтуманың «Аққошқар-Сайдалы», «Он екі збот-Сі­респе», «Соқпай-соқпа», «Үш көтерме» сынды шарықтаған 17 бірдей әнінің табылып, қолданысқа қосылуы ізденісімнің жемісі, дәстүрдің жоғалмай, ел зердесінде сақталатынының айғағы десем, артық болмас. А.Жұбановтың айтуына сүйенсек, «Абай» операсындағы ариялардың көбі осы Құлтума өнерпаз атамыздың әндері екен-ау. Сонымен қатар, халық жауы атанып, репрессия құрбаны болған Тайжан Қалмағамбетовтің атақты «Сақ-сақ» әні бастаған 20 шақты әні, Ақмола облысы, Қорғалжын ауданында өмір сүрген, әйгілі «Дударай» әнін шығарған Үлебайдың әндері, Ғаббас Айтпаевтың әкесі Айт­пайдың, Нарманбеттің, Қыздарбай, Қайып Айнабековтің өлеңдеріне қаншама ән шығарған жезтаңдай әнші – тұңғыш ұстазым Игілік Омаровтың әндері топырағы суымай жатып әркімге телініп келді. Осының бәрін орын-орнына жүйелеп қою оңай болмады. 1980 жылдардан өнер зерттеушісі, композитор Илия Жақановтың жанына еріп, қаншама елге белгісіз, ұмытылған әндерді үйреніп, орындап, Қазақ радиосының алтын қорына енгізілген еді. Әнге деген жанашырлық пен ізденістің не екенін ұқтырған Ілекеңнен өмірлік нәр алдым. ERA_8558– 1981 жылы Көкшетаудағы Жө­кей көлінің жағасында Шәймұхан Омаров деген қариядан Ілия ағамыз Біржанның «Айбозым» әнін жазып алғанда мен қасында бірге болып едім. Сол «Айбозымды» да алғаш аңыратқан өзіңіз болдыңыз емес пе? – Сол үшін де Ілекеңе рахмет қой. Ал 1994 жылы өнертанушы Б.Ерзаковичтің үйінде болып, біраз әңгімелестік. Үйінің бір бөлмесіндегі қалаулы папкілердің біреуін алып айтқан сөздері әлі есімде. «Мысалы, мынау Ілияс Жансүгіровтің орындауы­нан жазып алынған он үш ән. Тек біреуінің сөзі жоқ болып, сөзін өзі шығарған. Осы папкілердің ішінде А.Байтұрсынов, Қ.Сәтбаев, С.Сейфуллин және т.б. орын­даушылардың өз ауыздарынан жазып алынған әндер бар. Ән нотасы жазылғанда парақтың жоғарғы оң жақ бұрышында әнді берген адамның аты-жөні жазылады. Кейбір музыка зерттеушілер сол жазылған жазуды көріп, авторы сол адам екен деген қате пікірде болып, көп әндер жеткізушіге телініп кетіп жүр. Мұндай бұрыштама жазу әдеті тек А.Затаевичте және менде ғана болды. Ал енді түсінбестік жағдай болған шақта мені шақыртсаң, міндетті түрде келіп, түсіндіріп беруге болады», – деп ағынан жарылды. Сол кезде қазақтың зиялылары бір адамдай жұмылып, әніміз құрып кетпесін деп, білгендерін орындап, қағаз жүзінде қалдырып еді. «Уақытың болса кез келген сәтте үйге келіп, әндерді үйрене беруіңе болады. Өйткені, мен саған сенемін. Әншілігіңді жақсы көремін» – деп шығарып салды. Әне, міне, деп жүргенімде білімпаз қария дүниеден озды. Өкініштісі, сол Б.Ерзакович жалғызілікті адам болатын. Қайтыс болғаннан кейін үйіндегі барлық мұрағаттарды белгісіз біреулер далаға шығарып тастапты. – Халқымыздың өзімен қоса әні де талай көкпарға түскен десеңізші?! – Әлбетте. Солай бытырап-шашыраған ән мұрамызды жинақтауға өлшеусіз үлес қосқан А.Затаевич, Б.Ерзакович, М.Төлебаев, А.Жұбанов, И.Жақанов, Н.Кетегенова, Т.Бекқожина сынды музыка мамандарын айту әбден орынды. Әніміз құрып кетпесін, келесі ұрпаққа жетсін деп еліміздің зиялы қауымы, ға­лым, ақын-жазушы, әнші, күйшілермен қатар қарапайым халыққа дейін бірауыз­дан үн қосты. Іздеген адам Ғылым ака­демиясындағы жиналған қорды актарып, талай дүние табатынына сенім мол. Қаншама әндер үнтаспаға түскен. Қазақ радиосының алтын қорында сақтаулы. Грампластинка, аудио таспаларының өзі қаншама де­сеңші! Солай бола тұра ән қоры әлі де толықтыруды қажет етеді. Жинақталған дүние қордаланып жата бермей, халқына оралуы керек. Сахналарда шырқалып, жиындарда айтылып өмір сүруі керек. Жыл сайын шығып жатқан «Қазақ әндері» жинақтарына көңіл толмайды. Себебі, бұрынғы қатені тағы қайталап көшіреді, ән мәтіндерінің дұрыс-бұрыстығына мән берілмейді. Қазақ әндерінің түпнұсқалық сөздері өзгеріске түскен. Әр жинақтың шығарушы, құрастырушылары өз жанынан сөз тіркестерін қосып отырған. Бұлай жалғаса берсе, асыл әндеріміздің негізінен айырылып қалуымыз мүмкін. Мына шығарылып отырған «Сыр сандық» атты антологиялық жинағымызда осы жайттардың барлығын ескеріп, шама келгенше сөз мәтіндері мен әуендерінің төл нұсқасы сақталып берілді. Әрине, бұл да әлі толықтыруды қажет етеді, оны келесі ұрпақтың еншісіне қалдырдық. – Кітап атының «Сыр сандық» деп қойылуының сыры неде? – «Сыр сандық» деп қою себебім, 1923 жылдың 22 тамызындағы Совнарком отырысында өнер зерттеуші, этнограф А.В.Затаевичке қазақ халқының әндерін жинақтап, кітап қылып бастырып шығаруға 2480 рубль алтындай қаражат бөліп, ардагер Сәкен Сейфуллин қазақтың музыка өнерін сақтап қалуға орасан зор еңбегін сіңірді. Сол еңбекке бас июім болсын дедім әрі сол бастаманың бүгінгі жалғастырушысы болып отырғанымызды паш ету ғой. 2010 жылдан бастап Қазақ ұлттық өнер университетінің «Халық әні» кафедрасында арнайы «Архивтегі әндерді жарыққа шығару» пәнін енгіздік. Осы пәннің аясында А.В.Затаевич, Б.Г.Ерзакович, М.Төлебаев, Т.Бекқожина, Н.Кетегенованың жинап құрастырған жинақтарындағы айтылмай жүрген әндерді талдап, зерттеп, болашақ халық әндерін орындаушыларға үйретіп, біртіндеп қолданысқа енгізіп келеміз. – Ән сүйегін, дәстүр өзегін үзбей әріден келе жатқан сабақтастық жайында не айтасыз? – Көптеген әндердің өлеңін мұқият қарап, ауысып, өзгертіліп кеткен сөздердің түпнұсқасын қолдан келгенше қалпына келтірдік. Сөйтіп, әннің жаңа орындалған нұсқасында дұрыс жазылуын назарда ұстадық. Марқұм Жүсіпбек Елебеков сабақ барысында әнді үйретіп қана қоймай, аштық зұлматы, репрессия кезеңдерін, сол кездерде қандай әншілер болғанын суыртпақтап айтып, Мәди, Иманжүсіп, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов өмірлерінен ақырын сыр шертіп отыратын еді. Негізі, әнші адамда өтірік қоспа болмайды. Халықтың мұрасын аялап, қылау түсірмейтін. Қай әнді қай жерде, қандай жағдайда, кімнен үйренгенін, соған қоса әннің тарихын айтып, құлағымызға құйып кетті. Менің осы сөзімді Ғарекең мен Жүсекеңнің осы күнгі шәкірттері тегіс қолдайды. Бір ән, бір шежіре болып тарала береді. Мысалы: Жарылғапбердіден Қали Байжанов үй­ренсе, Қали Байжановтан – Жүсіпбек Елебеков, Жүсіпбек Елебековтен – Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов, Қайрат Байбосыновтан – Бекболат Тілеухан, Айт­бек Нығызбаев, тағы басқалар болып жалғаса береді. Кей кезде әнге қатысы жоқ кейбір адам­дардың бір әнді шыр-пырын шығарып көкпардың лағындай жан-жақтан тартқылап жатқанына амалсыз ренжисің. Солар кеше ғана өмірден өткен ардақтыларымыздың көзі тірісінде айтса қайда қалған? Нағыз әнші-күйшілер халық мұрасына адал болады. Менің де әке-шешем өнерлі адамдар болған. Ағыл-тегіл репертуарымның ішінен бір-екеуін әкемнің әні деп айтып жүрсем, сіздер сенер едіңіздер. Бірақ өнердің алдындағы адалдық-арым оған жібермейді. Яғни, осы әндерді ұстаздардан қалай үйренсем, солай жеткізіп отырмын. Өйткені, ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, жалғасып келе жатқан алтын қазынамыздың берекесін қашырмауымыз керек. Мәселен «Қанатталды» әні Сейт­жан салдың әні деп айтылып жүр. Сейтжан сал Бабақовтардың әулетінен. Сейтжан, Қосымжан, Есімжан ағайынды әншілер, өзінің заманында, өз өңірінде «Қанатталдыны» Сейтжаннан артық шырқаған адам болмаған. Көзі көріп, құлағы естіген адамдарды кездестіргенімде: «Кешке қарай қас қарая Сейтжан ән салатын еді, арасы төрт шақырым, бес-алты шақырым отырған ауылдарға дауысы естіліп, тап жанында ән салғандай таңға шейін тыңдаушы едік» десетін. Шын мәнінде, «Қанатталды әні» Сәтмағанбет Ахметұлыныкі. Сейтжан, Қосымжан Баба­қовтар бұл әнді Сәтмағанбеттің өз аузынан үйренген. Мақсұтбек Майшекин «Қазақ әдебиеті» газетінде (1964 жылғы 20 наурыз) «Қанатталды» әні Сәтмағанбеттікі екені туралы мақала жариялады. «Қайта-қайта қылқылдап «Қанатталдыны» неге айтасың? Меңзегенің не? Совет өкіметінің қанаты талады деп отырсың ба?» деп КГБ Жүсіпбек Елебековті де біраз иттей қылып әуреге салыпты. Содан ол әннің сөзін заманға икемдеп Орынбек Беков, Мақсұтбек Майшекин жазыпты. Ал біз әуелгі бастау-бұлақты қалпына келтірдік. Қайраткер ақын Кәкімбек Салықов та Үкілі Ыбырайдың шәкірті Молдахмет Тырбиевтан Үкілі Ыбырайдың, Балуан Шолақтың көптеген әндерін үйреніп, маған жеткізді. – Бәрі дұрыс қой, ал енді, Қайреке, қазіргі дәстүрлі әншілеріміздің өзін есіктен сығалатып, шетқақпай болған­дай жайы да жасырын емес. Осыған не айтасыз? – Оның рас, эстраданың кейбір ән­шілерінің бесіктен белі шықпай жатып жұлдызға айналдырғанды көріп жүрсіңдер. Екі ән айтып, бейне-клип тү­сірсе, сол жұлдыз саналатын болыпты. Ал біздің кез келген шәкіртіміз 200 ән біледі және соның бәрін келістіріп айтады. Олар өзін қарапайым ұстайды. – Сонда дәстүрлі, домбырамен айтылатын әннің қазіргі түйткілі неде? – Халық әндерінің қадірін қашырып жатыр. Өзге емес, өзіміз қашырып жатырмыз. Батысқа, мына тұрған Ресейге ерепейсіз еліктейміз. Олардың өзі кез келген телехабарда, Зыкиналары о дүниелік болып кеткенмен, одан бергі тірі саңлақтарының бәрін құрметтеп сахнаға шығарады. Өйт­кені, кейінгі жастар көрсін, білсін, үлгі алсын дейді. Пугачева қаншама дүрілдеді, енді өз заманын бітірді. Қазір қонақ болып отырады, өнегесін береді. Біздікілер, тым болмаса солардың сондайынан үлгі алмай ма? Бізде де бір кездерде баяғы 60-70-80-ші жылдары әніміз дүркіреп шыққан. Эстрадада «Айгүл», «Дос-Мұқасан», Роза Рымбаева. Осы күнгі ұрпақ осылардан неге үлгі алмасқа? Біз болсақ, қазір, тіпті, көзі тірі Кеңес Дүйсекеевтің өзінің әнін бүлдіріп орындаймыз. Ал көзі жоққа не істемейміз?! Қисық айтамыз. Олай болмайды. Шәмші Қалдаяқовты жақсы көреміз. Сөйте тұра, тыңдасаңыз, бір әнін төрт әнші төрт түрлі айтады. Сондай классиктеріміз осылай болған­да халық әндері архивте қалғандай күй кешуде. Бір концерт болатын болса, сахнаға дәстүрлі ән айтатын бір әншіні де шығармай қойды. Баяғыша жекелеп күй де тартқызбайды. Бірде, қызық болғанда, Құрманғазының бүкіл оркестрі жиылып келіп, жарты күй ғана орындады. Соған күліп едік. Қазір ондай дүние де жоқ. Анда-санда бір ән айтқызғанға да зар болдық. 15-20 әншіні жинап: «Бәрің қосылып бір ән айтыңдар, шоу жасаңдар», дейді. Мұндай күлді-көмешке не дейсің? Бүгін біреуі, келесіде кезектесіп басқасы айтса, дәстүрлі әншілер ренжімес еді. Ешқайсысы етегінен тартып, бір-бірін күндеп отырған жоқ. Сөйтсе, халық өнеріне жол ашылар еді. – Халық әнінің киесін құрметтеп, құдіретіне бас имеуге бола ма екен? – Кеңес уақытында Өзбекәлі Жәнібеков министр кезінде Австриядағы ұлы карнавалда 40 мың адамның алдында ән айтқызғанын ұмытпаймын. Бибігүл Төлегенова мен Ермек Серкебаевтан және қазақтың би-күйінен кейін. Жарыл­ғапбердінің «Ардағын» шырқадым. Сонда 40 мың адам қыбырсыз тыңдады. Халықтың да әнсүйерлік мәдениеттілігі ғой, бір жағынан. Біздің қазақта да ән тыңдаудың сондай биік мәдениеті болатын. Біз сол рухани мәдениеттен қазір айырылып бара жатырмыз. Қазір көп өнерпаздың күнкөріс көзі – той. Тойға шақырған ағайынның өзі: «Қарағым, әлгі эстрадаң бар ма?» деп сұрайды. Дом­быраны, халық әнін керек қылмайды. Қаптап кеткен бір шалағай, шалапот балалар. Шетінен әйел рөлін кейіптеуге құмар. Осыған қалай қарның ашпас? Ал қазір дәстүрлі жақсы әншілер көп. Сыңсып тұр. Керек десеңіз, жүзінің атын атаймын. Кейінгі уақытта, тіпті, қаулап шықты. Көбі біздің шәкірттеріміз. Оларды апарып әнін тыңдап, концерт қойғызып, халықты сусындатып дәстүрлі ән өнерін өрге сүйреп жүрген атпал азаматтарымызды көре алмай, қынжылатынымыз да содан ғой. Өзім бала жасымнан әнге сусап келгенмін, сол шөлім әлі күнге дейін басылмапты. Қаншама әнді үйрендім, қоржыныма салып келемін, әлі күнге дейін жинап жүрмін. Талай әнім Қазақ радиосының алтын қорында жатыр. Соның біразы жаны ашымастықтан, басқа да себептерден өшіп қалған. Енді келіп бар әндер жоғалмасын деп, келешекте әннің дұрыс айтылуы, әуенінің сақталуы, сөзінің бұрмаланбауы үшін, келер ұрпақ талан-таражға түсірмесін деп, сазы осы, сөзі мынау деп шығарған кітабымыз, бұл. Сөз соңында айтарым, осы кітапты дайындап құрастыруда өлшеусіз септігін тигізіп, редакторлық міндетін қапысыз білгірлікпен атқарған өзімнің шәкіртім, доцент Айтбек Нығызбаевқа, менің айтуымдағы осынау әндерді арнайы нотаға түсірген Қайрат пен Нұрғаным Айтбаевтарға, пікір жазып, көп ақыл-кеңес қосқан академик Сейіт Қасқабасов пен профессор Серік Негимовке, редакция алқасының басқа да мүшелеріне, жинақтың шығуына қатысы бар тілектес жандардың бәріне үлкен алғысымды білдіремін. Бұл антологиялық еңбегім өзім қызмет етіп жүрген Қазақ ұлттық өнер университетінің, сондай-ақ, магистратура, бакалавр дәрежесіндегі арнайы білім беретін өнер ошақтарының студенттеріне, жалпы әнші қауымға түпнұсқа дереккөз, оқу құралы ретінде де көмек болады, пай­дасын тигізеді деп үміттенемін. Бұл, әрине, алғашқы қарлығаш. Әлі де қаншама ізденісті еңбектер жарық көріп, зерттеліп, ән мұрамыз саф таза қалпында тарала беретініне кәміл сенемін. – Олай болса, сіздің де «Сыр сан­дығыңыздың» халыққа, әнсүйер қа­уымға шертер сыры мол болсын. «Егемен» газетіміздің атынан ақ жол тілейміз. Әңгі­меңізге рахмет.  Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»