22 Сәуір, 2016

Бейбітшілік құсының ұясы

449 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
ұлттық музейҰлттық музейде Венгриядағы халықаралық Холокост құрбандарын еске алу күніне орай «ХХ ғасырдың ұмытылмаған тағдырлары» атты шара өтті. Ұлттық музей директорының орынбасары Жазира Күлбаева көпшілік біле бермейтін бұл күннің ерекшеліктеріне тоқтала келіп, халықтардың бір-бірінің мәдениеті мен тарихын етене танып-білуі үшін, әлемдегі бейбітшілік пен татулыққа құ­рылған мұндай шаралардың ай­тарлықтай рөл атқаратындығын айтты. – 31 мамыр еліміздегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып саналады. Ал Венгрия мемлекетінде, сол сияқты, сәуірдің 16-сы күні Хо­локост құрбандарын еске алу дәстүрге айналған. Әрине, оның бәрі де орны толмас қасіреттер. Қалай десек те бейбіт заманға ештеңе жетпейді. Әлемде ұлт араздығы, қантөгіс болмасын. Адамзат тыныштық пен өзара келісімде өмір сүрсе екен дейміз. Себебі, бұл барлығымыздың баға жетпес асыл құндылығымыз болып табылады, – деді Ж.Күлбаева. Жиынға қатысып сөз сөйлеген Венгрияның Қазақстандағы  ел­шісі Андраш Барани жазықсыз айдауға түскен еврей ұлтының Холокост қаласындағы қазіргі өмірі туралы әңгімелей келе, тарихи құрбандарды еске алу шарасын өткізуге жағдай жасаған Ұлттық музейге алғысын жеткізді. – Қазіргі уақытта Венгриядағы еврей ұлты бейбіт тірлік кешіп жатыр. Олардың жайлы өмір сүруі үшін мемлекет тарапынан барлық жағдайлар жасалған. Біз Екінші  дүниежүзілік со­ғыс жылдары еврейлердің  кө­зін жаппай жоймақ болған   на­цистердің қылмыстарын айыптаймыз әрі жазықсыз қудалауға ұшырағандарды мәңгі жадымызда сақтаймыз. Бүгінгі іс-шараны өткізуге мүмкіндік ту­ғызғандарыңыз үшін Ұлттық музей басшылығына рахмет айтамыз, – деді А.Барани. Ресей еврей конгресі музейі қорының бас қор сақтаушысы Наталья Анисина ешкімді бейжай қалдырмайтын көрме туралы ойын ортаға сала келе, Холокост оқиғасының салдарына тоқталды. – Бұған дейін аталмыш көрме Мәскеуде, Екатеринбургте, Кали­нинградта өтті. Әлбетте, мұндай қорқынышты жылдар артта қалса да ол біздің жадымызда. Талай жазықсыз жанның қаны төгілді. Оның ішінде балалар да, қарттар да бар. Олардың ұрпақтарының тағдыры не болды? Бұл – өте ауыр сұрақ. Әлемде бейбітшілік салтанат құрсын. Соғыс, бүлік болмасын, – деді Н.Анисина. Еске сала кетейік, көрмеге 30-40-жылдарғы оқиғаларға орай тағдырлары күрт өз­ге­ріс­ке ұшыраған венгрлік ғалым­дардың, жазушылардың, ак­тер­лердің, спортшылардың, му­зыканттардың өмірбаянынан хабар беретін суреттер қойылды. Қаршыға КҮЛЕН