Өнер • 28 Шілде, 2021
Тағы бір туындыға көзіміз түсті. Кенеп бетіне жайғасқан бейнеге жанар қадасаңыз автордың өзін көресіз. Ондағы өгей ойлардың өзі де ыстық. Бояулар сөйлейді, тек тыңдар құлақ болса. Мыңдаған шығарманың ішінде нағыз шебердің қолтаңбасы алыстан менмұндалайды. Бұл көркем картина автордың автопортреті. Ғалам ғажайыбын қылқалам ұшынан тамызған жанның жан әлемі.
Өнер • 22 Шілде, 2021
Адамның ой-өрісі шарттылықтармен қаланса, одан ұлы дүние күту бос әуре. Біз қаламгер мен суретшіні ғана шығармашыл топтың өкілі есебінді бірінші қатарға қоямыз. Негізінде, бұл тізімнің басында ғалым да, құрылысшы да, инженер де тұруы қажет. Себебі әрбір мамандық иесі өз саласының алды болу үшін қиялына иек сүйеуі міндет. Әйтпесе талғамды штампқа салу идеяны мансұқ етеді.
Өнер • 20 Шілде, 2021
Тағы бір сурет – тағы бір тағдыр. Иә, қылқалам ұшындағы құпиялы әлемнен рухани ләззат аласыз. Сонысымен жанды елітеді, көңілді масайтады. Сенбесеңіз, Салихитдин Айтбаевтың «Әпке» картинасын алып қараңызшы. Не көріп тұрсыз? Шебердің талантына бас иесіз, сосын түсініксіздікке түсесіз. Бұлыңғыр бояу ішіндегі биязы бейне.
Өнер • 02 Шілде, 2021
Біздің баһадүр бабаларымыз жауын жер жастандырмай майдан даласын босатпаған. Атқа қонса атойлап алға шығар, тақымындағы тұлпары туласа талай елдің ту-талақайын шығарар алып рухтың иесі олар. Сол алып рухтың көрінер тағы бір тұсы – көкпар ойыны. Батыр да ержүрек ерлердің майданнан бөлек сыналар сәті – сол намыс дода. Қараңызшы, жұрттың жанын рахатқа бөлейтін көне ойынның кенеп бетіндегі кескіні қаныңды қыздырады.
Өнер • 02 Шілде, 2021
Қасиетіңнен айналайын, домбыра!
Шежірелі шанағыңа талайлы тарихымды сыйғызған сен аман бол – домбыра! Ұлы даланы даңққа бөлеген сенің болмысында қазақтың наркескен намысы бар. Алп-алп басқан атандай буырқанған бабалардың мыңжылдықтан бері сенімі сен едің, серігің мен едім! Сені сол үшін де жаныма медет, рухыма сая тұтамын. Қасиетіңнің салмағын Қаратаумен өлшемесем, маған серт, қадірімді Алатауға теңгермесең, саған серт. Бағзыдан аян, нәсілі асыл елім сен дегенде көңілін көкжиекке сүңгітіп, сазыңнан жанына шипа іздеген. Қос ішегіңнен төгілген толқын сақи дүниенің тілі мен тіні болып мына құс тұмсығындай қысқа жалғанның жан жарасын жазған жоқ па?! Сен сол үшін де қымбатсың маған! Қасиетіңнен айналайын, домбыра!
Әдебиет • 17 Маусым, 2021
Қимас көздердің қарашығында...
Біздіңше ең мықты ақын – қалпағын қайда және қалай ілетінін білетін ақын. Қалғаны келесі бір әңгіменің басы ғана. Дәл қазір поэзияға пайдам тисін деп жазудың қажеті жоқ. Жүректегі жүзі жылы ойлар келесі бір жүрекке жұп болғаннан артық сәт бар ма өзі?! Әдеттегі өлеңді өмірдің өзімен тұтастырып, жүректі шымшылатып кез келген адам жаза алады. Әдеттегі өлең – жақсы өлең болуы да мүмкін, бірақ сұлудың бәрі сұлу ма? Оны да ойланыңыз. Сондықтан да шығар оның өлеңі өмірді, өмірі өлеңді еске салады. Бізді де елітетіні сол.
Елбасы • 11 Наурыз, 2021
Тәу етер тәуелсіздікке қол жеткен соң ұлттық мәдениет пен ұлан-байтақ дәстүрді тануға ұмтылыс басталды. Ұлттық дамудың семіп қалған тамырына қайта нәр құйылып, өркениеттің тәжі тұғырға қонды. Өткенді мұқият зерделемей келешектің кемелденбесін ұқтық. Мемлекетіміздің тарихи бастауларына сапар шегіп, құс қанаты талатын Ұлы даланы қорғап қалған бағзы бабаларымызға тағзым жасадық. Сол тиекті тағылымға «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы мұрындық болды. Бұл тәуекел ел мүддесін көздеген ең ұлы оқиғалар шеруіне ұласты.