«Маңызсызын маңыздымен ығыстыру» демекші, еліміздегі тіл мәртебесін көтеру мақсатында қоса алатын тағы бір үлесіміз – мемлекеттік тілдің меңгерілу деңгейін SAT үлгісінде тексеру. Аталмыш емтиханның оқылым һәм жазу мен тіл бөлімдерінде көбінесе әдеби шығармалар яки ғылыми-көпшілік журналдар мақалаларынан үзінділер тапсырмаға сәйкестеліп ұсынылады. Бұл жүйе арқылы америкалықтар ағылшын тілінің сапалы да сауатты түрде берілуін қадағалап қана қоймай, ағылшын тіліндегі әдебиетпен де миллиондаған талапкерді жүздестіреді. Адамзаттың өшпес ұстазы – кітап, және оны оқуға деген, соның ішінде, әсіресе, қанға жақын, өзінің болмыс-рухындай ұлттық әдебиетті оқуға деген Қазақстан жастарының ықыласын оятудың бірден-бір жолы – асыл сөзді түсінуге үйрету. Осылайша, жас ұрпақтың бойында ақ-қараны ажырату, логикасын және мақсатқа жету қабілеттерін шыңдауға болады.
Көптеген жастардың және ғалымдардың пікірінше, «болмасаң да, ұқсап бақ» демекші, бүгінгі таңдағы маңдайалды мемлекеттердің білімге деген, білім дамуына деген көзқарастарынан бізге үлгі алу зиян емес. Еліміздегі талапкерлер үшін болашақта пайдаға асыратын сыни тұрғыдағы логикалық ойлау қабілеттерін, мемлекеттік тілді білуі және ғылымдардың патшайымы – математиканың негіздерін ескере жүруі олардың «Қазақстан-2050» Стратегиясының нағыз тірегі атануына мол септігін тигізері анық.
Болашақ – жастардың қолында, ал сол жас талапты кемел жолға бастайтын үлкен сынақтың зердесі, бәсекеге қабілетті болуы – Тәуелсіздік өрлеуінің де бір көрінісі. Ендеше, жастарды, өскелең ұрпақты жаттауға емес, ойлауға баулиық.
Бибарыс СЕЙТАҚ
АСТАНА