• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
11 Тамыз, 2016

Қаржыны игеру қатаң бақылауда

363 рет
көрсетілді

«Нұрлы Жол» бағдарламасын жүзеге асыруға бөлінген қаржы дер кезінде және тиісті деңгейде игерілуі тиіс. Әсіресе, өңірлердегі әкімдер бұл істе айрықша жауапты болуы керек. Бұған Үкімет айрықша назар аударып отыр. Кеше Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов селекторлық режімде отырыс өткізді. Онда 2015-2019 жыл­дарға арналған «Нұрлы Жол» ин­фрақұрылымды дамыту мемле­кет­тік бағдарламасын, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын іске асыру барысы қаралды. Бағдарлама аясында тұрғын үй салу, жеке баспана құрылысына қажетті коммуникациялық инфра­құрылымды тарту, жаңа мектеп­тер мен балабақшалар тұрғы­зу және тағы басқа шаралар қарас­тырылғаны белгілі. Алайда, бүгінде жергілікті жерде қаражатты игеру жөніндегі конкурстық жұмыстар баяу жүріп жатыр. Соның салдарынан бағдарламаға бөлінген қыруар қаржы толық игерілмеген. ӘКІМДЕР УӘДЕ БЕРДІ Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Марат Құсайыновтың хабарлауынша, Ұлттық қордан «Нұр­лы Жол» бағдарламасына бөлін­ген қаражатты игеру жұ­мыс­тары баяу жүргізіліп келеді. Сол себепті қаржыны толығымен игеру үшін бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мен жергілікті әкімдіктер тиісті конкурстық рәсімдерді жылдамдатып, ақшаны уақытында игеруді қамтамасыз етуі керек. Биыл «Нұрлы Жол» бағдар­­- ламасын іске асыруға Ұлт­тық қор­дан 769,6 млрд. теңге бөлу көзде­ліп, оның ішінде нысаналы транс­ферттер түрінде 503,4 млрд. тең­ге және ұлттық холдинг­тердің об­ли­гациялық займдары арқылы 266,2 млрд. теңге бағытталды. Алайда, бүгінде барлық облыс­тарда «Нұрлы Жол» бағдарла­масының қаражаты уақтылы иге­ріл­мегені байқалып отыр. Вице-министрдің мәліметінше, қаражат­ты игермеу ШҚО-да – 86,3 пайыз, ОҚО-да – 61,7 пайыз, Қараған­ды облысында – 95,1 пайыз, Павлодар облысында – 70,7 пайыз, Қызылорда облысында – 61,3 пайыз. Отырыста бейнебайланыс арқылы сөз алған әкімдер бұл мәселені 1 қыркүйекке дейін шешуге уәде берді. ЖАУАПКЕРШІЛІК  ЖҮГІ АУЫР Қаржының тиімді әрі дер кезінде игерілуін Үкімет басшысы бақылуда ұстайтынын айтты. «Әкімдердің назарын бөлінген қаржының толық және уақтылы игерілуі мәселесіне аударамын. Бұл әкімдердің және бюджеттік бағ­дарламалар әкімшілерінің жеке­лей жауапкершілігі», деді аралық қорытындыларға баға берген, сондай-ақ, «Нұрлы Жол» бағдар­ламасы бойынша тиімділігі жеткіліксіз жұмысты атап өткен Кәрім Мәсімов. Премьер-Министр Ұлттық эко­номика министрлігіне өңірлер­де бөлінген қаржының игерілуі жағ­­дайына талдау жасап, осы мә­се­ле бойынша жетекшілік ететін әкімдер орынбасарларының жау­ап­­кер­шілігін қарастыру бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды. Сонымен қатар, «Бәйтерек» АҚ пен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-қа келісімшарт жасалған қара­жаттың игерілуін  және жоспар­ланған тұрғын үй көлемін пайда­лануға беруді қамтамасыз ету жүктелді. Астана мен Алма­ты қалаларының, облыс әкім­деріне білім беру нысандары құры­лы­сына арналған қаржының дер кезін­де және тиісті деңгейде игері­луін, сондай-ақ, оларды пайда­ла­нуға беруді қамтамасыз ету тап­­сырылды. Сонымен қатар, бюд­­жеттік бағдарламалар әкімші­лері бөлінген қаржының игерілуіне апта сайын мониторинг жүргізіп, ай сайынғы негізде атқарылған жұмыс тұрғысында Ұлттық экономика министрлігін ақпараттандыруы тиіс. КОНКУРСТЫҚ ШАРАЛАР КЕДЕРГІ БОЛМАУЫ КЕРЕК Қаржының уақтылы игеріл­меуіне қатысты мәселеге Пре­мьер-Министрдің орынбасары Д.Назарбаева да пікір білдірді. Мемлекеттік бағдарламалар аясын­дағы көптеген жұмыстар мем­лекеттік сатып алулар жағдайы­мен байланысты кеш орын­далып жататынын айтып, осы салада көрші Ресей Федера­ция­сының тәжірибесін қолдануды ұсынды. Себебі, ол жағынан ресейліктер біршама ілгері кеткен. «Бүгінде мемлекеттік сатып алулар мәселесі өзекті болып тұр. Әсіресе, мемлекетік сатып алуды өткізу мерзімін кешіктірген кезде тиісті жұмыстар тұралап жатады. Бұл – жыл сайын қайталана бе­ретін мәселе. Біз оны ылғи талқы­лап жатамыз. Осыған байла­нысты бір ұсыныс бар. Қазіргі кезде регламент пен процедура­ны қайта қарап шығу қажет. Мем­лекеттік сатып алуды өткізу­дің нақты мерзімін енгізу керек. Сосын конкурстық шаралар жа­ғынан қиындық болып жатса да, жұмыстар тоқтатыл­мауы тиіс. Сондай-ақ, мемлекет­тік бағдарламаларға жауапты әкім­шілердің жеке жауапкершілігін енгізген жөн», деді Д.Назарбаева. «Ресейде мемлекеттік тапсырыс бойынша жеңімпаз атанған кәсіпорынның банк есепшоты ашылады. Соған ақша ауда­рылады. Бірақ оны тек тапсырыс берушінің рұқсатын алған­нан кейін ғана жұмсауға болады. Осының арқасында бюджет қара­жатының жұмсалуын бақы­лап отыруға мүмкіндік бар», деді Үкі­мет басшысының орынбасары. Үкімет отырысында, сондай-ақ, Инвестициялар және даму министрi Ж.Қасымбек, Білім және ғылым вице-министрі Б.Асылова, Қаржы министрі Б.Сұлтанов және тағы басқалар сөз сөйлеп, бағдарламаның жүзеге асырылу барысы жайында өз салалары бо­йынша баяндады. ЖИЫН-ТЕРІМГЕ ЖҰМЫЛАДЫ Кешегі Үкімет отырысын­да, сондай-ақ, астық жинау жұ­мыстарына дайындық  мәселесі талқыланды. Аймақтардағы жиын-терім жайында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Қ.Айтуғанов есеп берді. Аймақ­тардағы астық жинау науқанының барысы жайлы баяндаған вице-министр 9 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстанның оңтүстік және батыс аймақтарындағы облыстарда 703,2 мың га алқаптан 1 539,3 мың тонна астық жи­нал­ған. Астық дақылдарының орташа түсімділігі бір гектардан 21,9 центнерді құрады, бұл алдыңғы жылдардағы сәйкес көрсеткіштерден 4,7 ц/га артық. Қ.Айтуғанов айтып өткендей, тамыз айының басына жалпы егіс ауданы 5,1 млн. га болатын 2 567 АӨК субъектілерінен 58,9 млрд. теңге сомаға 1 853 өтінім қаржы­ландырылды. Техника мен астық қабылдау пункттері жаппай астық жинауға және қабылдауға дайын. Вице-министрдің мәліме­тін­ше, күзгі дала жұмыстарын тиісті жүргізу мақсатында Ауыл шаруа­шылығы министрлігі егін жинау жұмыстарын ұйымдасқан түрде жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді бюджет қаражаты және ҚазАгро Ұлт­тық холдингінің қаржы инсти­тут­тарының қаражаты есебінен қаржыландыру бойынша шаралар қабылдады. Энергетика министрлігімен және Ауыл шаруашылығы министр­лігімен бірлесіп бекітіл­­ген мұнай өңдеу зауыттары үшін облыстарды бекітіп беру кес­те­сі бойынша облыстардың ауыл шаруашылығы тауарын өнді­ру­шілері үшін жоспарланған 391,6 мың тонна көлемінде дизель отынын жеткізу жүзеге асы­рылып жатыр. Өңірлердегі дизель отынының 1 литрі ауыл ша­руашылығы тауарын өндіру­шілер үшін орта есеппен 92 теңгені құрайды (жанармай стансаларында 1 литрі 108 теңге), бұл нарықтық бағадан 15 %-ға арзан. Бұдан басқа, энергетика және ауыл шаруашылығы министр­ліктерімен ағымдағы жылғы егістің астығын уақтылы кепті­ру үшін дизель отынының қосым­ша көлемімен қамтамасыз ету жөнінде мәселе пысықталуда. Мәселеге орай Үкімет басшы­сы науқанды өз деңгейінде өткі­зуді ерекше атап, министрлік пен әкімдіктерге мәселені назарда ұстауды тапсырды. «Барлығы астық жинау нау­қа­нын бақылауда ұстауы тиіс. Қажет болған жағдайда кеңес өткі­зіп, жұмыс топтарын жинап, баян­даңыздар, қазір пісіп жатқан әлеуеті зор астықты жинап, сақ­тап және тұтынушыға жеткізуі­міз керек»,  деді Премьер-Министр. К.Мәсімов Энергетика ми­нистрлігіне облыстарға дизель отынын уақтылы жеткізуді қам­тамасыз етуді және Ауыл шаруа­шылығы министрлігімен бірлесіп ағымдағы жылғы егістің астығын дер кезінде кептіруді жүргізу үшін дизель отынының қосымша көлемімен қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»