• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
13 Тамыз, 2016

5 жылда 5 миллион катодты мыс табағы өндірілді

325 рет
көрсетілді

Жуырда Өскемен метал­лургиялық кешенінің мыс электролизі цехы конвейерінде катодты мыстың 5 миллионыншы табағы өндірілді. Осылайша, шығысқазақстандық металлургтер «Қазмырыш» тарихының тағы бір жарқын белесі болған мыс зауытының алғашқы 5 жылдық мерейтойын лайықты қарсы алды. Мыс зауыты бес жыл бұрын «Жаңа металлургия» атты ауқымды жоба аясында іске қосылған болатын. Яғни, Өскемен қорғасын-мырыш комбинаты құрылған кезден бері, одан кейінгі «Қазмырыштың» уақытымен қоса алғанда кәсіп­орын төртінші мәрте жаңа тауарлы өнімді өндіріске шығарды. Айталық, 1947 жылы – мырыш, 1952 жылы қорғасын өндірістері іске қосылса, 1992 жылы бағалы металл өндіру қолға алынды, ал 2011 жылы мыс зауыты жұмыс істей бас­тады. Жаңа зауытта бағасы үсте­меленген өнім – M00K жоға­ры маркалы катодты мыс шы­ғарылуда. Жобаны жүзеге асырар кезеңде үздік технологияны таңдау міндеті алға қойылып, 14 елдің (Германия, Швеция, Финляндия, Бельгия, Канада, Жапония, Қытай, Ресей және басқалар), сонымен бірге, қазақстандық жетекші зауыт­тардың жұмыс тәжірибесі сараланды. Қорытындысында, мамандар экологиялық тұрғыдан қауіпсіз және заманауи Isasmelt технология­сына тоқталды. Әдетте, әлемде мұн­дай зауыт­тарды құруға 10 жыл уа­қыт жұмсалады. «Қазмырыш» зауыт құ­рылысын 3 жылда салды. Бес мыңнан астам адам бір іске жұмылдырылды. Тех­но­логияны таңдау, жобалау, есептеу, құрылыс, барлығы бір уақытта жүрді. Жұмыс істеп тұрған өндіріс бір минутқа тоқ­тамай, қысқа мерзімде эколо­гиялық таза, толығымен авто­­маттандырылған бірегей өнді­ріске айналды. Құрылысқа пай­даланылған технологиялар сол кездегідей әлі де әлем­дегі ең озығына жатады. – 5 жыл бұрын катодты мыс­тың тұңғыш табағы өн­ді­рілді. Бұл мыс зауытының ашылуы ғана емес, отандық ме­таллургияның жаңа дең­гейге шығуы, үлкен серпілісі бол­ды. Ерекше оқиға Тәуел­сіз­дігіміздің 20 жылдық мерей­тойы­мен тұспа-тұс келді. Биыл Тәуелсіздікке – 25 жыл. Шыр­қау биіктерді бағын­дырған 25 жыл. Бұл биікті бағын­дыру үшін көп күш-жігер, төзім­ділік пен білім жұмсалды. Біз бағындырған биігімізде тоқ­тап қалмауымыз керек. Ұм­тылыс жаңа жеңістерге бас­тай­ды. Мен зауыттың маңыз­ды міндет­терін шешуде ерен еңбегімен бірге үлкен жауап­кершілік пен түсіністік таныт­қан әр жұмысшыға, маманға, жетекшіге шынайы алғыс айтамын, – деді Өскемен метал­лургиялық кеше­нінің директоры, «Қазмырыш» ЖШС ме­тал­лургия бойынша атқару­шы директоры Тұрарбек Әзеке­нов. Осыдан кейін жоғары сапалы мыс өндіруде 5 жыл бойы тығыз байланыста жұмыс іс­теген компанияның үш бөлім­шесінің өкілдері конвейер нүк­тесін салтанатты түрде басты. Тұғырға мыс зауыты электролиз цехының технологы Азамат Тұс­паев, «Қазцинк-Автоматика» өнді­рістік кешені қызметінің жетек­шісі Владимир Лепехин және «Каз­цинк-Ремсервис» ЖШС сервистік қыз­метінің №8 телімінің жонушы-жөн­деушісі Аркадий Андреев көтерілді. Салтанатты сәт! Конвейерден шыққан мерейтойлық өнім тұғырға орнатылды. Қаз­мы­рыштықтар 5 миллионыншы өнімге зор қошемет көрсетті. Кон­вейерден шығып, ыстық-суығы басылмаған мерейтойлық мыс табағымен естелік суретке түсуші металлургтердің қатары қалың болды. «Казцинктех» ЖШС директоры Сергей Москаленко «5 жыл – адам өмірі тұрғысынан қарасақ, ес біліп қалған баланың жасы. Ал құрылыс жағы­нан келгенде, мәселен, біз үшін мыс зауыты баламыз іспетті. Оған бойымызда бар жақсы­лықтың бәрін бердік. Сондықтан, біздің үмітімізді ақтайды деуге болады. Мыс зауы­ты – мақтанышымыз! Біздің өнім әлем­дегі сұранысқа ие танымал өнімдердің бірі болады», деді ішкі толқынысын ірікпей. – Біз қоспасы көп күрделі ши­кі­затты өңдейміз. Дегенмен, түрлі кезеңдегі тазалау сатысы бізге М00К жоғары маркалы мыс өні­мін алуға мүмкіндік береді. Бұл мақтануға тұрарлық дүние. Көп жұмыс істелінді, алдымыз­да атқарылуы тиіс шаруа да көп. Ең бірінші әрі маңызды мақсат – жұ­мыстың қауіпсіздігі болса, екін­шісі жылына 70 мың тонна өнім өндіру қуатына жету. Бұл міндетті толығымен орын­дадық. Мыс зауытының әрі қарай тех­но­ло­гиялық үдерісті жетілдіру және өндіріс қуатын 87,5 мың тонна­ға дейін жеткізу бойынша белгілен­ген жоспарлары бар, – деді мыс зауытының директоры Дмитрий Тилиляев. «Үлбі» орталық демалыс үйінде өткен кеште «Kazzinc Holdings» ЖШС директорлар кеңесінің төр­ағасы Никола Поповичтің мыс зауыты жобасын жүзеге асы­руды «Ақыл-ой жетелеген сенім салтанаты» деуі бекер емес. Н.По­по­вич кезінде «Жаңа металлургия» жобасының бастамашысы әрі жандандырушысы болған еді. Сондай-ақ, мыс құрамды жеке шикізатты қайта өңдейтін зауыт салу туралы идеяның авторы. Идея өте ауқымды болғандықтан, бастапқыда оны жүзеге асыру мүмкін еместей көрінген. Алайда, «Қазмырыш» ұжымының алмайтын асуы жоқ екенін уақыт дәлелдеді. Төраға зауытты жобалаушылар мен салушыларға, барлық жұ­мысшыларға ризашылық білдірді. Сонымен бірге, жобаны жүзеге асыруға жанын салып еңбек еткен, дүниеден озған әріптестері – Өскемен металлургиялық кешенінің директоры болған Хамит Жақыпов пен мыс зауытының директоры қызметін атқарған Ербол Иманқұловты еске алды. Бір ерекшелігі, аталған зауыттың құрылысы әлемдік экономикалық дағдарыс кезеңінде басталды. Жобаның ауқымы мен миллиард долларға жуық қаржы құйылуы әлемдік қоғамдастықты таңғалдырған еді. Осы орайда Мем­лекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Бұл бірегей оқиға біз­дің мемлекетімізге ғана арнал­ған жоқ. Әлемнің бірде-бір елі соң­ғы жылдары өнеркәсіптік кәсіп­орын­дарды дамытуға мұндай инвестиция құйған емес» деген болатын. Бұл кеште мыс зауытының ұжымын құттықтаушылар қатары көп болды. Сергей Москаленко Дмитрий Тилиляевке зауыттың алдағы мерейтойларға табыспен жетуі үшін «5 жыл» сөзі жазылған символдық кілт сыйлады. Ал зауыт басшысы 10 миллионыншы табақтың 10 жылдыққа жетпей конвейерден шығатынына әріптестерін сендірді. Мыс зауытының 32 қызметкері «Қазмырыш» ЖШС, Өскемен металлургиялық кешені, «Қазцинк-Автоматика» өндірістік кешені, «Казцинк-Ремсервис» ЖШС, «Казцинк-Транс» ЖШС жетекшілерінің марапатына ие болды. Сондай-ақ, инженерлер мен жұмысшылар да өз лебіздерін білдірді. Мәселен, мыс балқыту цехының балқытушысы Сәлім Қабдұлашев зауыт құрылған алғашқы күннен бері еңбек етіп келеді. Әсіресе, зауытты іске қосар кезде оңай болған жоқ. Тәжірибе жинақтадық, жаңа технологияны үйрендік. Бүгінде жүріп өткен жолымызбен мақтанамыз, деді ол. Қазіргі кезде жас кәсіпорынның өз дәстүрі де қалыптасып үлгерген. Мәселен, ауысымдар арасында маңызды өндірістік көрсеткіштер бойынша жарыс ұйымдастырылады. Тоқсан қорытындысы бойынша үздік мамандар мен қызметкерлерге құрмет көрсетіледі. Қызметкерлер мыс зауытының менеджері Нараин Лал Гойал сияқты тәжірибелі шетелдік мамандардан технологиялық үдерістерді енгізуді үйренуде. «Мен мыс зауытының өзінің табысты жолын жалғастырып, таяу жылдары әлемдік мыс өндірісі жетекшілерінің біріне айналатынына сенемін», дейді шетелдік менеджер. Жас кәсіпорын болғанына қарамастан, зауыттың кішігірім жеңістері мен өз еңбек әулеттері қалыптасып үлгерді. Жуырда Рыстов (жалпы еңбек өтілі 7 жыл) және Алдиярханов (жалпы еңбек өтілі 10 жыл) әулеттері «Әулет куәлігін» алды. Мыс электролизі цехында жұмыс істей жүріп танысқан жастар Федор Малышев пен Светлана Останина көңілдері жарасып, отбасын құрды. Олардың шаңырағында 4 жасар Богдан есімді ұл өсіп келеді. Жас қызметкерлер санатындағы ауысым шебері Алина Жаныкина мен мыс электролизі цехының су ерітіндісі электролизшісі Дмитрий Герасимов «Жас металлургтер антын» қабылдады. Бұл да алдағы уақытта зауыттың өз дәстүрі болып берік орнығады. Мыс зауытының өз әнұраны бар екенін де айта кеткен ләзім. Мерейтой салтанаты металлургтердің осы жаңа әнұранымен аяқталды. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» ӨСКЕМЕН