• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
27 Тамыз, 2016

Шығандаған шырғалаң

389 рет
көрсетілді

Ядролық қарудың адамзатқа келтіретін қасіретін сөзбен айтып жеткізу қиын. Қазақстан әлі күнге оны өз басынан кешуде. Тек сынақ үшін ғана жарылған қарудың өзі Семей полигоны аймағының халқы мен экологиясына, өшкеніне 25 жыл болса да, әлі зардабын тигізуде. Әлем елдерінің айтулы көшбасшылары, адамзаттық ауқымдағы қайраткерлер одан жаппай құтылуды, жоюды, тым болмаса таратпауды ұсынып отырса да кейбір елдердің өркөкіректеу басшылары оны шоқпардай жасқап, өзге елдерге қыр көрсету үшін пайдаланғысы келеді. «Адамзаттың аждаһасы» атанған осы қаруға қарсы қозғалыстың басында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев белсенді әрекеттер жасап жүргенін бүкіл әлем жұртшылығы мойындап отырғанын білеміз. Бүгінгі күні Ядролық қаруды таратпау туралы жалпыға ортақ шарттан (ЯҚТЖШ) бас тартып, тіпті МАГАТЭ-нің құрамынан да шығып, оны өндіруді тоқтатпай отырған елдің бірі – Корей Халық Демократиялық Республикасы (КХДР). 1985 жылы КСРО-ның қысымымен бұл ел ЯҚТЖШ-ға қол қойған, оның алдында, 1974 жылы МАГАТЭ қатарына да өткен. Бірақ 1994 жыл­дың наурыз айында алғашқыдан, маусым айын­да соңғыдан шығып кетті. КХДР-дің ядролық-зымырандық бағ­дар­­ламасы осы елді коммунистік бағытта құрушы Ким Ир Сеннің тірі кезінде, сонау 1956 жылы қолға алынған екен. Сол жылы екі социалистік ел – КХДР мен КСРО ядро­лық бағытта ынтымақтастық туралы келі­сімге қол қойған. Алайда, КСРО мен берік одақ­тастық орнатқан КХДР ядролық қаруды өндірудің соңына көз жұмып түспей, оның қуатын бейбіт мақсатқа қол­­дануға ғана күш салған. Ал КСРО күй­ре­г­ен соң социалистік режімдер жап­­пай жабылып жатқан шақта авто­ритар­­лық құрылымды күшпен сақтап, демо­­кра­тиялық құндылықтарды талап еткен про­гресшіл үндеулерді қабылдамай, жабық күйінде қалуды жақтаған бұл ел сыртқы күш­тердің қысымынан сақтану үшін қарулануға бет алды. Соның ішінде ядро­лық қару жасаудың жолын іздей бас­тады. КСРО-мен жақсы қарым-қатынаста болған жылдарында КХДР одан 5 мега­ваттық күші бар зерттеу реакторын алған. Көптеген мамандардың айтуына қарағанда, КХДР-дің ядрошылары плутоний алуға осының негізінде қол жеткізген. 1990 жылдың маусым айында АҚШ өзінің жақын одақтасы – Оңтүстік Кореяның аумағынан тактикалық ядролық қаруын шығаратыны жөнінде шешім қабылдады. Осының орайына МАГАТЭ Солтүстік Кореяны (КХДР-ді көбінесе осылай атайды) атомдық нысандарына инспекция жасауға көндірген. Тексеріс барысында атом қуаты бейбіт жолмен пайдаланудың шегінен асып, қару жасау мүмкіндігіне жеткені анықталады. Бұл баяндамамен келіспеген КХДР ұйыммен ұзақ арбасып, ақыры 1994 жылы, жоғарыда айтқанымыздай, оның құрамынан шығып кетті. Бұл дағдарыстың тереңге кеткені сондай, сол кездегі АҚШ президенті Билл Клинтон әскери мамандарына КХДР-ге басып кірудің соғыс шығындарын есеп­теуді бұйырады. Мамандар оны алға­шын­да 61 миллиард доллар деп, артынан нақтылай келе, 100 млрд. доллардың үстіне шығатынын есептеп шығарады. Мұндай шығыннан бас тартқан Клинтон әкімшілігі мәселені келіссөз үстелінің үстіне бұруды қалаған. Ал бұл уақытта КХДР-дің бұрынғы одақтасы КСРО-ның орнындағы Ресей өт­пелі кезеңдегі өз басының қайғысымен әуре болып, кикілжіңге белсенді араласқан жоқ. Клинтонның мақсатын АҚШ-тың бұрын­ғы президенті Джимми Картер жүзе­ге асырды. Ол 1994 жылы сол кездегі КХДР басшысы Ким Ир Сенге келіп, ұзақ­қа созылған келіссөздер нәтижесінде Солтүс­тік Кореяның ядролық қару жасау бағдар­ламасын тоқтатуға қол жеткізді. Әрине, соның орайына АҚШ та КХДР-дің талабымен өзіне біршама міндеттер қабылдаған. 2001 жылы АҚШ үкіметінің басшылы­ғы­на кіші Дж.Буш келгені белгілі. Ол КХДР-мен арадағы келіссөздерге асқақтықпен қарап, АҚШ-тың мойнына алған міндеттерін орындаудан бас тартып, саяси қысымды жалғастыруды дұрыс деп санады. Бұған шамданған КХДР де қол жеткізілген келісімдерден шығып, өзінің ядролық бағдарламасын жалғастыратынын мәлімдеді. Жеке-дара қысымнан еш нәтижеге қол жеткізе алмаған АҚШ әкімшілігі енді қатарға Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея және Жапония мемлекеттерін қосып алып, алты мемлекет осы мәселе бойынша 2003-2004 жылдары үш кезеңді келіссөздер жүргізген. Алайда, бұл келіссөздер де еш нәтиже берген жоқ. КХДР өзінің ядролық қару жасау бағдарламасын жалғастырып, 2004 жылдың қыркүйек айында атом қаруына ұқсас бір қаруды сынақтан өткізгендігі белгілі болды. Ал 2005 жылдың 10 ақпанында елдің СІМ-і ядролық қару жасап алғандығы туралы ресми түрде мәлімдеді. Бұл хабар бүкіл әлемді шошытты. Әсіресе, жақын көршілері Оңтүстік Корея мен Жапония қатты түршікті. Өйт­кені, атом қолданылса алдымен зардап шегетін осылар ғой. Сондықтан, олар өздері­нің одақтасы АҚШ-ты алты жақты келіссөздерді ешқандай шарт қоймай жалғастыруға көндірді. Алайда, АҚШ-тың Оңтүстік Кореядағы елшісі Александр Вершбоу өзінің жауапсыз мәлімдемесімен мәселені күрделендіріп жіберді. Ол Солтүстік Кореядағы коммунистік жүйені «қылмысты режім» деп санауға болатынын айтқан соң Пхеньян тағы да ерін мойнына алып тулап, Сеулден АҚШ елшісін дереу қуып жіберуді үзілді-кесілді талап етті. Осы талап орындалмағандықтан қайтадан ядролық бағдарламаны қолға алып, оны іске асыруды бұрынғыдан да асқан жітілікпен жалғастыра берді. Сөйтіп, 2006 жылдың 9 қазанында 10 килотоннадай қуаты бар екінші ядролық қаруын сынақтан өткізді. Бұл оқиға бүкіл адамзаттың алаңдаушылығын туғызды. Әлемдік державалардың бәрі оны айыптаған мәлімдемелер жасады. Ешқандай мәлімдемелерге, БҰҰ-ның өзіне жасаған санкцияларына мән бермеген КХДР 2009 жылдың мамыр айында бұрынғыдан да қуатты бомбасын сынақтан өткізді. Одан кейінгі сынақ 2013 жылы болса, 5,1 балдық жер сілкінісін туғызған соңғы сынақты бұл ел 2016 жылдың қаңтар айында жасады. Бұған дейін КХДР-дің сутегі бомбасын жасауға қол жеткіздік деген мәлімдемесіне сенбегендер енді оны іс жүзінде көрді. Сонымен қатар, КХДР ядролық қаруды мыңдаған шақырымға жеткізе алатын баллистикалық зымырандарды жасауға да қол жеткізген. Оларды тіпті экспортқа да шығарып, түрлі деректер бойынша араб елдері мен Пәкістанға сатқан. 2012 жылдың аяғында орбитаға «Кванменсон» атты Жер серігін ұшырып, ғарыштық державалар клубы­на да енді. Одан кейін де осы бағыт­тағы жұмысын үдетіп, бүгінгі күні КХДР әлемдік бейбітшілікке қауіп төндіріп отырған елге айналды. КХДР режімі тарапынан күтілетін қауіп Тынық мұхиты аймағындағы елдерді осы күндері қатты дүрбелеңге салуда. Ортақ қатер тіпті Жапония мен Қытайды өзара жақындасуға мәжбүр етті. Ал Оңтүстік Кореяның президенті Пак Кын Хе Корей түбегінің азаттық алғанына 71 жыл толған салтанатта сөйлеген сөзінде елдің қауіпсіздігін сақтау үшін америкалық зымыранға қарсы қорғаныс (ЗҚҚ) жүйесін орнату қажеттігін ашық айтты. АҚШ-тық аббревиатурасы THAAD деп аталатын бұл жүйенің түбекте орнатылуына Қытай мен Ресей түбегейлі қарсы, өйткені, олар Американың аймақтағы ықпалы артып кететінінен сескенеді. Атмосферадан жоғары қабатқа шыққан зымырандарды жоя алатын бұл кешеннің радарлық қуаты да алапат. Ол Солтүстік-Шығыс Азиядағы барлық әскери қимылдарды бақылауға ала алады. Әрине, бұл Ресей мен Қытайға керек емес. Бірақ Пак Кын Хе өз елінің қауіпсіздігі үшін көршілерінің алаңдаушылығын құлаққа ілгісі келмей отыр. Бұрын ашық айтпайтын бұл мәселені ол қазір күн тәртібіне шығарды. Соңғы деректерге қарағанда, Пхеньян жылына бір атом бомбасын жасай алатын мүмкіндікке қол жеткізген. Жапонның «Киодо Цусин» ақпарат агенттігіне жазбаша берген жауабында КХДР-дің атом қуатын зерттеу институты осындай дерек айтқан. Ол барлаушылық, сараптамалық жолдармен алынған мәліметтерге де сәйкес келеді. Ендеше, оған сенбеуге әддің жоқ. Адамзатқа қауіп төндіретін осындай әрекеттерді құрықтау жолында бастама көтеруде Қазақстан алдыңғы шепте келе жатыр. Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына 25 жыл толуына арналған Астанада болатын «Ядролық қарусыз әлем» халықаралық конференциясының да діттеген міндеті осы. Оған әлем елдерімен қатар, беделді халықаралық ұйымдардан білікті өкілдер келеді деп күтілуде. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»