• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Ақпан, 2011

Әкім есеп берді. Ел не деді?

536 рет
көрсетілді

Мүмкіндікке  үйлесімді  міндет

Өндірісті өңірдегі жылдан жылға өрлеген өзгерістер жұртшылық көңілін өсіріп отырған құбылыс. Ұлытаудан  Баянауылға, Қорғалжыннан  Балқашқа дейінгі ұлан-байтақ аймақтың қалалары мен ауылдарының қайсысында болса да дамудың жаңа кезеңіне жарасты жасампаз істерге  көпшілік көзбе-көз куә. Қатарға қосылған өндіріс, бөбек толған балабақша, құшақ ашқан тұрғын үй бүгінгі күндегі көрікті көрініс. Облыс әкімі Серік Ахметов есебінде алға тартқандай тындырылған жұмыстар аз емес, атқарылмақтығы одан да көп. Ол туралы жан-жақты баяндалып, сөйлеушілер ой-ұсыныстарымен өрбіген әңгіме әсерлі болды. Баяндамашы әуелі әкімдердің дәстүрлі есебі ел өмірін қоғам­дық-саяси тұрғыдан демо­кра­ти­я­лан­ды­ру бағыттарын бағдар­лау­ға, халық пен билік арасындағы  ашық бай­ланыстың қалыптасуы­на, жауапкершілікті арттыруға жә­не әлеу­меттік-экономикалық тұр­ғыдан ай­мақтағы мәселелерді шешуге үлкен ықпал тигізетіндігіне тоқталып өтті. Ел қуатының тірегі сана­ла­тын өңір көшбасшылық орынға беріктігін айғақтап келеді. Бұған был­тырғы көрсеткіштер толық дәлел. Жалпы өнім көлемі облыс бойынша 1 триллион 16 миллиард теңге құрауы соған нақты дәйек. Айта кету керек, бұл мұның алдындағы  уақытпен   салыстырғандағы нәти­же­ден 5,9 пайызға артық. Өнді­ріс­тің басым  салалары, яки мәшине жасау – 6,4, химия өнеркәсібі – 1,3, резеңке және пластмасса бұйым­дарын шығару – 1,6, құрылыс индустриясы 1,5 есе өсті.   Осыған сәйкес бюджет түсімі де  молайып, тұрғындар мүддесіне бай­ланысты шара­лар ауқымын арт­тыруға мүм­кіндік  кеңейді. Атап айт­қанда, тү­сім 154,4 миллиард тең­геге жетті. Әр нәрсенің мәні  са­лыстыру арқы­лы анық байқа­латын болса, жергілікті қазына көзінің 2009 жылға қарағанда 12,1 пайызға  ұлғаюы ең алдымен әлеуметтік ма­ңызы бар салаларды дамытуға үлкен септігін тигізді. Бюджет шығыс көлемінің 58 пайызы осы салаға бағытталып, шарапатын ел іші айқын сезінді. Әкім өз сөзінде баса  айтқан­дай, өнер­кәсіпті жаңғырту өңір эко­но­ми­касының басым бағыты са­на­лады. Кезінде тоқырауға ұшыра­ған өн­дірістің алды қайтадан қал­пына келіп, қанат қомдағандары аз емес, әйтсе де уақыт талабы тал­пынысты үстеуге жетелейді. Бұл ретте үде­мелі индустриялық-инно­вациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясындағы істер  ар­қауға айналып отыр. Былтыр көп­теген инвес­ти­ция­лық жобалар енгізіліп, 17-сі елі­міз­дің индустриялизациялау картасына кірді. 9 ны­сан іске қосылып, 900-ге жуық жұ­мыс орны ашылды. Бұлар­дың қа­тарында отандық индустрияда орны бөлектері де бар. Жергілікті өндірушілердің алаң­­сыз жұмыс істеуіне орнықты  жағ­дай­дың қалыптасуы соңғы уақыт­тағы жағымды нышандардың бірі деуге болады. Төл өнімдері бірінші кезекте тұтынылатын болды. Жүйе қа­лып­тастырушы кәсіпорындарда оны алу  67 пайызға көтерілді. Ша­ғын және орта бизнестің 30 кәсіп­орнын біріктірген мәшине жасау консор­циу­мына бүгінде тапсырыс­тар күн­нен-күнге көп. Ол « Арселор Миттал Теміртау» компаниясы шах­та­­лары үшін механикаландырылған та­за­лау кешенінің қадаларын, қа­зандық пен оның жабдықтарын, шағын наубайханалар шығарады. Серік Ахметұлы облыста «Ауыз су» аймақтық бағдарламасының іске асырылуы жайлы да әңгімеледі.114 елді мекен таза сумен тұрақты қам­тамасыз  етілсе, ағымдағы жылға осы мақсат үшін бөлінген 5,4 миллиард теңге мәселені жеңілдетуге қоса септік етеді. Жұртшылықтың көңілі­нен шыққан, әлеуметтік саланың шы­райын кіргізген «Жол картасы» жоба­сы аясында атқарылған жұмыс­тар өз алдына бір төбе дерлік. Өңір­лік маңызы бар 317 шақырым авто­көлік жолы жөндеуден өткізілді. 61 ден­сау­лық сақтау нысаны көрікті қалыпқа енді. 11 спорт ошағы қайта жарқы­рады. Қалалар мен ауылдар келбеті көз тартуға айналды. Бұл бағыттағы істерді жүргізуге негізінен  жұмыстан қысқартылған, жұ­мыс­сыз жүрген жандар жұмыл­дырылып, 15 мыңнан астамы атал­ған шараға қам­тылды. 6 мыңы  бір айдан үш айға дейінгі 20-дан астам қысқа мерзімдік кәсіби қайта даярлау оқу-үйрену топтарында  қосым­ша ма­ман­­­дық мең­герді. Жалпы ал­ған­да, еңбек­ке қабі­летті адамдарды эконо­миканы өркендетуге үлес қосуға тарту  әлеу­меттік саясаттың маңыз­ды бір буы­ны екені баса айтылып, есепті мерзімде 50 мыңы жұмыспен қам­тама­сыз етілді делінді. Балабақ­ша­лар  мен мектептер, ден­­саулық сақ­тау орын­­дарын салу қарқын алды. Менің қызметімде азаматтармен қарым-қатынас ерекше орын алады.Бұл байланыс өңір тұрғындарының өмір жағдайын жақсарту жөніндегі жергілікті билік органдарының жұ­мы­сы қалай ұйымдастырылып, үй­лес­тірілуін білуге мүмкіндік береді, деді баяндамашы. Былтыр өз атына 2476 жазбаша өтініш-тілек түскенін, бұ­лар­дың барлығы мұқият қаралып, олар бойынша тиісті шаралар қол­да­нылғанын алға тартты. Әкімнің ел ішіне жиі жұмыс са­парларының  іс жағдайымен көзбе-көз танысуға және тікелей сол жерде талқылап, мүмкіндігінше шешімін табуға әсері үлкен екен. Қарқаралы және Шет аудандарындағы бұрынғы аудан орталықтары Егіндібұлақ, Ақа­дыр кенттері тұрғындарымен кездесулерде айтылған ұсыныстар бойын­ша оны дамытудың әлеумет­тік-эконо­ми­калық кешенді жоспары жасалуы соның бір мысалы. Ал іске асыры­луына ірі кәсіпорындарды тарту міндетті жеңілдетіп жүр. Өңір өміріндегі басқа да іс-шара­ларды егжей-тегжейлі баяндай келіп, облыс әкімі  алға қойылған мін­деттерді іске асыруға байла­ныс­ты қара­ған­дылықтар бел шеше­ жұ­мыс істеулері керек деп түйді.  Оның мәні еліміз тәуелсіздігінің 20 жыл­дық өрелі белесті кезеңінде әсіресе маңызды. Есептен соң жиынға қатысу­шы­лар атынан сөйлеуге ниет етушілерге  сөз кезегі тиді.  Алайда  әңгі­менің ақыл-кеңес қосу, ұсыныс-ті­лектер айту, жұрт­шы­лықты толған­дыр­ған мәселелерді ор­таға салу төңі­регінде өрбуі және қала­лар мен аудандар орталық­тарынан бейне­бай­ланыс ар­қылы сауалдардың қойылуы   жина­лыс­ты  одан сайын  қыздыра  түсті. Кезекпе-кезек микрофон алдына шығушылар тіліне тиек етілген жайлар аз болмады. Қарағандылық тұр­ғындар Әсел Диқанбаева дарынды балаларға арналып салынып  жатқан мектеп құрылысының барысын, ал Тельман Нұржанов азық-түлік баға­сы­ның өсуіне алаңдаушылығын білдіріп, оның алдын алу жөнінде қан­дай шаралар қолданылып отыр­ған­дығын  сұра­са, Асқар Баженов шах­таларда еңбек қауіпсіздігінің  сақ­талу жайына тоқ­тал­ды. Мек­тептің биыл пайда­лау­ға берілетіндігі, баға­ның жөн-жо­сықсыз қымбаттауы себебін  зерттеп,  ырықта ұстау үшін ар­нау­лы комиссия құрыл­ғандығы, кө­мір қа­бат­тарын метан га­зы­нан залал­сыз­дан­дыру және оны кә­де­ге жарату бағытындағы ізденістер жүр­гізіліп жатқандығы туралы жауаптар қай­тарылды. Жезқазғандық соғыс ардагері  Базарбай Хафизов, балқаштық инженер Александр Пак, приозерскілік  Нұ­рымбек Іштекбаев, қарқара­лылық Тү­сіпжан Мұқанов, нұралық Сейілхан Қоңырбаев сұрақтарында өз өңір­леріндегі өзекті мәселелер алға тар­тылды. Әкім айтқандай, Жезқаз­ған қа­ласы тұрғындарын таза сумен қам­тамасыз ету ісі ширатыла түседі, жыл басында  қиын жағ­дайға тап болған Приозерскінің бұ­дан былай қарай қыстан қысыл­мауына барлық  мүмкін­дік туғызы­ла­ды, Қарағанды – Есенкелді – Щер­баков – Киевка бағы­тындағы жол  толық жөнделеді, ақын Қасым Аманжоловқа Қара­ған­дыда  ескерткіш орнатылады. Басқа­лар да сауал­дарына нақты жауап ал­ды. Ай­тыл­ған тілек­тер­дің орын­далуы ба­қылауда ұсталуы үшін тиісті мекемелер басшыларына тап­сырма берілді. Облыс әкімінің есеп беру жиы­нына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инс­пекторы Сапархан Омаров, сенаторлар Серік Ақылбай, Юрий Кубайчук қатысты. Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды облысы.

Уақыт  көшіне ілесе білейік

Иә, қазір, тіршіліктің тынымсыздығы сон­дай, уақытпен жарысып келе жатқан­дай­мыз. Был­тырғы, биылғы сары аяздар­дың беті қай­тып, ақпан әзірге жылы қа­бақ таны­тып тұр. Шалғай ауыл-аудан­дар­дан таңнан тұрып ертелетіп жеткен жұрт­шылық та жа­дыраңқы. Олар облыс әкімі Бақытжан Са­ғынтаевтың есеп беру кездесуіне жиналуда. Көпшіліктің жадыраңқы болатындай жөн­дері бар, биылғы жазда «үлкен әкім» аудан әкімдеріне үлгі көр­сетіп, облыстағы 412 ауыл­дың 335 ауылын ара­лап, ауыз су, жол жағ­дайы, қазақстандық телехабарлар көр­сету, дәрі-дәрмек, мектептер мәсе­лесін өз көзі­мен көріп, ауылдықтармен кездесіп қайт­қан болатын. Нәтижелері де жаман емес. Ауыл ақсақалдары ырза болып «үлкен әкім» деп ат қойған Бақытжан Сағын­таевтың са­пар­лары әлі жалғасатын бола­ды. Қазір ауыл­дар сандық телехабарлар арқылы өз елі­міз­дің арналарын көруде, 185 ауылда дәрі­ха­на­лар ашылса, өткен жыл­ғы есепте сөз болған Ертіс ауданын­дағы, Иса ақын ауылында жаңа мектеп ашылды, енді 870 шақырым ауыл жолдарын жөндеу үшін 6,5 млрд. теңге қаржы қажет. Облысты шулатқан Жолқұдық ауылын­да шық­қан сібір жарасы мал ауруы да келмеске кетті. Енді ауыл әкімдерінің малға, жайы­лым­ға деген сақтық шаралары күшейтілсе болғаны. Қазір, кейбір артта қалған шағын ауыл­дарды ірілерімен біріктіру мәселесі қа­ра­луда. Бірінші кезеңде 700 отбасын об­лыс орталығына, Ақсу, Екібастұз қала­лары­на көшіріп, жалдамалы үй құрылысы және оны жеңілдікпен беру сияқты жөн-жобалар қарастырылмақ. Міне, біз осылай қашанда уақыт өзгерістеріне тәуелдіміз. – Елбасының биылғы Жолдауынан әр­бір қазақстандық қамқорлық сезініп, еңсесі көте­ріл­ді. Өйткені, осы құжатта жоспар­лан­ған бар­лық іс-шаралар еліміздің эконо­ми­калық әлеуе­тін арттырып, халықтың игілігін молай­туға, қо­ғам тыныштығын сақтауға ба­ғыт­талған. Әри­не, бұл алдағы үлкен жұ­мыс­қа жігер беріп, қол­дау болатыны сөзсіз. Бір ай бойы облыстағы бар­лық деңгейдегі әкімдер халық алдында есеп­терін берді. Бұл – Елбасының жергілікті басшыларға жүктеген тікелей тап­сыр­масы. Ха­лықтың әл-ауқатына, тұрғын­дар­дың тұрмысы­на бағыт­талған игі бастама. Об­лыста атқарыл­ған шаруалар мен алды­мызға қойып отырған мақ­сат­тар туралы өздеріңізбен ой бөлісу қа­шан­да өзекті. Өткен жылы жос­парланған біраз істерді жүзеге асырдық. Орта және шағын кәсіп­керлікті қолдауға, иннова­ция­л­ық, ин­дус­триялық, әсіресе, әлеу­меттік салаларды да­мытуға күш-жі­герімізді салдық, – деді облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев. Облыстың өткен жылғы әлеуметтік-эко­но­микалық дамуының қорытындысы эконо­ми­ка­ның өсу қарқыны мен әлеу­мет­т­ік көр­сет­кіш­тер­дің сақталғанын көр­сет­ті. Ең бас­тысы, еліміз бойынша 2014 жыл­ға дейін іске асы­ры­ла­тын 294 ин­вестициялық жоба­ның көлемі 1 трил­лион теңгені құрайтын болса, оның 103 жобасын біздің өңір ұсы­нып отыр, деп жал­ғады сөзін өңір басшысы. Бұл бола­шақ ар­найы экономикалық аймақ­тың аума­ғын­да іске асырылады. Облыста эконо­ми­калық ай­мақ құру туралы ұсыныс билік тарапынан да қолдау тапты. Біздің өн­ді­рісті өңір еліміз өңірлері арасындағы ин­дустриялық-инновациялық даму көрсеткіш­тері бойынша бірінші орынға шық­ты. Өткен жылы ин­дус­трияландыру кар­тасындағы 67 жобаның 30-ы 102 млрд. теңге көлемінде іске асты. Биыл жылына 250 мың тонна алюминий шыға­ра­тын электролиз зауы­ты­ның екінші кезегі іске қосылды. Сондай-ақ, Ақсу ферроқорытпа зауы­тында 350 мың тонна агломерат шыға­ратын агломерациялық фаб­рика, Екібас­тұз­дағы «Қазақстан вагон құ­ры­лысы компа­ния­сы» серіктестігі жүк ва­гон­­дарын шы­ға­ру жә­не облыс орталығын­дағы «Каустик» АҚ-ын­да хлор мен каус­тикалық со­даны мем­бран­дық тәсілде өндіру және «Қаз­энерго­кабель» АҚ-ында алюминий соз­басы негізінде қағаз орамалдар мен май­лық­тар, пласти­калық полиэтилен құбыр­ларын шығару ісі жолға қойылды. Облыс­тың жал­пы өңірлік өнім өндіру көлемі 33 пайызға өссе, негізгі капи­талдағы инвестиция 9 пайызға ұлғайды. Б.Сағынтаев өңірде атқарылған басқа ба­ғыттардағы оңды жұмыстар туралы да жан-жақты айтып өтті. Сонымен қатар, жұмысы жүр­меген аудандарға да арнайы тоқталды. Мә­селен, Қашыр, Баянауыл, Шарбақты және Лебяжі аудандарында бірде-бір жоба іске аспаса, биылғы жылға Ақтоғай, Успен, Ертіс және Қа­шыр аудандарынан жаңа жобалар жө­нінде әзір­ге ұсыныстар түспепті. Аудан­дар­дың бірқа­тары өңір экономикасын өркен­детуге ұмтылудың орнына, орталықтан бө­лінетін ақшаға иек артып алғандай. Бір атап көрсетерлігі сол, елге жеткен жақсылықтың бірі – «Жол картасы» бағдарламасының арқасында өңірдегі жұмыс­сыз­дық деңгейі 6,4 пайыздан 5,3 пайызға дейін төмендепті. Осы жобаның аясында 28 мектеп, 16 емхана, 41 әлеуметтік-мәдени нысан, 100 шақырымнан аса жол жөнделген. «Балапан» бағдарламасы аясында облыста биылғы жылы 9877 бала балабақшаға барса, 14 балабақша қай­та қалпына келтірілген, аудан, ауыл, қала­ларда 100-ден аса шағын орталық ашылған. – Басты мәселе ауылдық жерлерде мұ­ға­лім мен дәрігердің жетіспеушілігі бо­лып отыр. Бүгінгі күні 200-ден аса мұға­лім, соншама дәрі­гер қажет. Өткен жылы, мысалы, 519 жас мұға­лім Ертіс, Баян­ауыл, Қашыр, Железин, Май және Шар­бақ­ты аудандарына келді, бұл жолды әрі қарай жалғастыра беретін бола­мыз, – деді облыс әкімі. Дәрігерлер демекші, об­лыс­та ту­бер­­кулездің деңгейі 13 пайызға, онкологиялық аурулар көлемі 2 пайызға, сәбилер өлімі 28 пайызға, аналар өлімі 2,5 есеге төмендепті. Бұл салада көңіл өсірер басқа да жақсылықтар бар екен. Бұл күндері тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы да сәтті аяқталды. Бағдар­ла­маны іске асыру барысында об­лы­ста 290 мың шаршы метр тұрғын үй са­лын­ды, бұл – 3473 пәтер осыншама от­ба­сына қуаныш әкел­ді деген сөз. Соңғы жылдары мемлекеттік бағ­дар­ла­мамен коммуналдық тұрғын үйлер мен ипоте­калық тұрғын үй­лер де пайдалануға берілген. Бұдан бас­қа, бағдар­лама бойынша облыстың кәсіп­орын­дары та­ра­пынан тұрғын үйлер салынған. Мы­са­лы, «Қазақстан Алюминийі» АҚ 128 пә­тер­лі екі тұрғын үй, Ақсу ферро­қорытпа зауы­ты 61 пәтерлі екі тұрғын үй құ­ры­лысын қолға алды. «Павлодарэнергия» кә­сіпорны да өзінің қызметкерлері үшін үй са­лып берді. Бұл жұмысқа «Еуразиялық энер­ге­ти­ка­лық корпорациясы» да қосылып, бұрын­ғы жатақ­хананы пәтер етіп қайта жөндеу жұмыс­тарын жүргізіп жатса, пәтер кілттері мамыр айында тапсырылады. Соны­мен қатар «Қа­зақ­стан темір жолы» АҚ пен «Павлодар мұ­най химия» зауыты да өзінің жұмыс­шы­лары үшін тұрғын үй салуды бастап кеткен. – Біз осындай игі істерді құптаймыз және облыстың басқа да кәсіпорындарын бастамаға қатысуға шақырамыз, – деді облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев. Бұл күндері өңір тұрғындарын азық-тү­лікпен қамтамасыз ету және маусым ара­лы­ғында көкөністерге бағаның құбылуын бол­дырмау үшін көкөніс өнімдерінің тұрақ­тылық қоры қалыптастырылды. Барлығы облыс бойынша сақтауға 20 мың тонна картоп пен көкөніс салынды. Шаруа қожа­лық­тары өнім­дерін «Рахмет» көтерме-бөлшек сау­да базары­на тікелей жеткізуді жүзеге асыр­ды. Жалпы сыйымдылығы 15 мың тонна болатын 3 көкөніс қоймасының құры­лысы жүруде. Индустрияландыру картасын іске асы­ру шеңберінде 50 млрд. теңгені игертетін 12 жоба күтіп тұр, деп жалғады сө­зін өңір басшысы. Үдемелі индус­трия­лық-иннова­ция­лық даму бағдарламасын жал­ғастыру – алда тұрған негізгі міндет­тердің бірі. Өңірді индустрияландыру жө­нін­дегі жос­парды іске асыру үшін үлкен жұмыс жүр­гізу қажет. Ал ол орта буын техни­калық мамандарсыз мүмкін емес. Сондықтан биылғы оқу жы­лында колледждерде мемлекеттік тапсы­рыс бойынша оқыту 20 пайызға артады. Бірақ көптеген техни­ка­лық колледждер мен лицейлер мамандар­ды экономиканың қажетті­лігі­нен бөлек даярлауды жалғастыруда. Бұл дұрыс емес. Жастар өңірдің қазіргі және болашақтағы қажеттіліктері зерделеніп ба­рып оқытыл­ғаны жөн және де колледждер мен лицей­лердің түлектері қазіргі кәсіп­орындарда жұмыс істей алулары керек. Тұрғын үй коммуналдық шаруашы­лықты жаңғырту бағдарламасы әзірленуде екен. Өңір­дегі тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лық жүйесін жаңғырту жоспар­ларын толы­ғы­мен қарап шықтық. Өзгеріс­тер қажет-ақ. Биыл­ғы жылы 3 қала бойын­ша 1,5 миллиард теңгеге 10 инвестициялық жобаны іске асыру жоспар­ланды. Сонымен қатар, ауыз су мәсе­лесінің туындауына орай, өңірде «Ақ бұлақ» бағдар­ла­ма­сы іске асырылуда. Биыл­ғы жылы респуб­ли­калық бюджеттен 735 мил­лион теңге бөлі­ніп, 10 ауыл мен Екібас­тұз қаласының су құбыр­лары жөнделеді. Был­тыр Беловод және Май топтық су құ­быр­ларын қайта жаңарту жұ­мыс­тары басталды. Сөйтіп, 2014 жылы Ертіс ауда­нының 22 ауылы, Май ауданының 17 ауылы са­па­лы ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады. – Міне, жылдың қорытындысы осын­дай, – деді облыс әкімі Бақытжан Сағын­таев. – Ал­ды­мызда үлкен міндеттер тұр. Уақыттың жыл­дамдығына ілесе білуіміз керек. Жалпы, еліміз өсіп-өркендеу жыл­дам­дығын бәсеңсіт­кен жоқ. Алдағы кезеңде де белгіленген бар­лық міндеттерді бірлесіп абыроймен орындайық. Облыс әкімінің есебінен кейін осы кездесуді көптен күтіп жүр едік дегендей, залдың әр жеріне қойылған дауыс көтер­гішке жақындаған ауыл-қаладан жеткен жұртшылық сан алуан сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алып жатты. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар облысы.

Ізденіс пен ұмтылыс

Қай саладағы жұмысты да ілгері жылжыту үшін ілкімді ізденіс қажет десек, бұл, әсіресе, әр деңгейдегі әкімдердің жұмысынан көрініс табуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, Атырау өңірінің экономикасын даму қарқынынан жаңылдырмау үшін, ел тәуелсіздік алғанға дейін жақсы тұрмысты өңі түгілі түсінде көрмеген тұрғындардың әлеуметтік ахуалын жақсарту үшін ізденіс пен ұмтылысқа толы нендей істер атқарылды?

Әкімнің халық алдындағы есебі де осы төңіректе өрбіді.

ІЗДЕНІС ІЛГЕРІ БАСТАЙДЫ. Атыраулықтар өткен жылға өкпе артпайды. Себебі – сан алуан. Біріншіден, еліміздің бар өңірі секілді дағ­дарыстың салқыны сезілмеді. Екіншіден, өңір экономикасы дағдылы қар­қынынан жаңылмай, әр салада ілгерілеу байқалды. Әсіресе, әлеуметтің әлеуетін арттыратын бірнеше жоба іске асты. Бұл туралы облыс әкімі Бергей Рысқалиевтің өңір жұртшылығы алдындағы кезекті есебінде кеңінен айтылды. Әкімнің баяндауынша, Аты­рау экономикасының негізгі тұтқасы саналатын өнеркәсіп саласында 3 триллион 150 миллиард теңгенің өнімі өн­діріліп, алдыңғы жылғы көрсеткіштен 2,2 есеге артқан. Бұл саладағы басты басымдық мұнай-газ өнеркәсібінің үлесінде екені дау тудырмайды. Бір ғасырдан астам мерзімнен бері «қара алтын» өндіруді үздіксіз жалғастырған мұнайшылар 30 миллион тоннадан артық мұнай мен 13,6 миллиард текше метр газды ел игілігіне жаратты. Экономиканың ырғақты дамуына негізгі капиталға салынған 1 триллион 148 миллиард теңге көлеміндегі ин­вестицияның оң әсер еткені жасырын емес. Осының ықпалы болуы керек, бұрынғыдай емес, өңірде өңдеу өнер­кәсібі қарқынды дами бастады. Осы айтқанымызға дәлел болатындай деректер бар. Былтыр өңірде еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енгізілген жоба­лардың жетеуі іске асырылды. Бұл жобалардың жалпы құны 31 миллиард теңгеден асады. Соның ішінде бір реттік шприцтер мен жеңіл панельді құры­лыс материалын шығаратын зауыт­тар­дың ашылуын өңір үшін жаңа да таң­сық жобалар деуге болады. Атырауда экономиканың басым ба­ғыттарын өркендетумен бірге, әлеу­мет­тік салаға да барынша көңіл аударылып отыр. Облыс әкімі Бергей Рысқалиевтің айтуынша, осы кезге дейін әбден тозы­ғы жеткен ғимараттарда амал­сыздың күнін кешкендей болған медицина сала­сында тың серпіліс байқалады. Махамбет, Қызылқоға, Исатай, Құр­ман­ғазы, Мақат аудандарында бір ауы­сымда 250 адамды қабылдайтын емханалар салын­ды. Жылыой ауданында 75 орындық және Махамбет ауданында 100 орындық өкпе ауруына қарсы емдеу диспансерлері пайдалануға берілді. Ел келешегі үшін денсаулық сақтау мен білім беруді жетілдірумен бірге, тұрғындардың жақсы тұрмысын қалып­тастыру үшін назар аударатын өзге жәйттер бар. Мәселен, іргесінен газ тасы­малдау құбыры өтіп жатқан ауыл­дардың әлі күнге мал тезегін жағып отырғанын көзге елестетіп көріңізші? Оның үстіне Атырау 112 жылдан бері «қара алтын» өндіріп келсе ше? Ауыл­дардағы аналар шелек-шелек күл шыға­рып, қауғалап су тасып жүруі ақылға сыйымды болар ма еді? Әрине, бір жыл­да оңайлықпен іске асатындай жеңіл шаруа да емес. Дегенмен, бұл да еңсерілетін шаруа екендігіне дәлел боларлық игі істер атқарылды дей ала­мыз. Былтыр Қызылқоға, Исатай, Құр­манғазы аудандарының 32 елді мекеніне газ желілері жеткізіліп, әр отбасының шаңырағында «көгілдір отын» алауы жанды. Сол секілді 40 су тазарту қон­дыр­ғысы орнатылып, 1300 шақырым­нан асатын су құбырлары жүргізілді. Қазір өңір тұрғындарының 95 пайызы табиғи газды, 99 пайызы таза ауыз суды тұтынып отыр. Әр ауылға, әр көшеге маңдай тірейтін жолдар жөнделмей, тұрғындар көңілі жай таппайды. Сондықтан осы бағытта да ауыз толтырып айтарлық жақсы істер бар. Және олар жалғасады. Мақат ауданындағы экологиясы нашарлап, тұрмысы қиындаған Комсомол, Қошқар, Бекбике ауылдарынан 211 отбасы жаңа мекендерге көшірілді. ЖАҚСЫЛЫҚҚА БАСТАР ҰМТЫЛЫС. Өңір жұртшылығы биылғы жыл­дан да үлкен үміт күтеді. Өйткені, Аты­рауда биылғы жылы да атқары­латын, тұр­ғындар тұрмысын бүгін­гі­ден де жақ­сарта түсетін қыруар шаруа бар. Осы орай­да облыс әкімі Б.Рыс­қалиев бар­ша­ны толғандыратын мына бір проб­леманы жұртшылық назарына ұсынды. Бұл – жұмыссыздық мәселесі. Өт­кен жылы Аджип ҚКО жүргізіп жат­қан «Болашақ» зауытынан 11 607 адам жұмыстан босаған еді. Бұлардың ара­сында атыраулықтар да, өзге өңірдің тұрғындары да бар. Әрине, құрылыс нысанындағы жұмыстардың аяқ­талуы­на байланысты. Бұл мәселе­нің түйінін тарқату үкіметтік деңгейде қаралды. Премьер-Министрдің өкімі­мен арнайы жұмысшы тобы құрылып, шетелдік компания басшыларының қа­тысуымен кеңес те өткен. Нәти­жесінде жұмыс­тан босағандардың 80 пайызы жұмыс­қа ор­на­ластырылып, қазір 20 пайызы ғана жәр­демақы алуға мәжбүр. Мемлекет бұ­­­ларға амалсыз жәрдемақы тө­леуді қолға алса, енді биыл тағы да 11 350 адам­ның жұмыстан босайтыны күтілуде. – Оларды жаңа инвестициялық жобаларға орналастыруды жоспарлап отырмыз, –деді облыс әкімі. Бұл біздің қатаң бақылауымызда. Әкімнің есеп беруіне жиналғандар арасынан жарыссөзге шыққандар өңір­дегі әлеуметтік-экономикалық өсімге оң пікір білдірді. «Теңізшевройл», Ад­жип ҚКО басшылары өз компа­ния­ларында қазақстандық жұмысшылар құқығын, экологиялық талаптарды сақ­тауға көңіл бөлінгеніне тоқталды.

Сауалы мен жауабы

Ахмет ҚАРАҒҰЛОВ,  балық шаруашылығының ардагері: – Баяндамада барлық сала қамтылды. Тоған шаруашылығының келешегі туралы  не дейсіз? Облыс әкімі: Бұл – бүгінгі көкейкесті мәселенің бірі. Бірақ алдымен Жайықтың проблемасын шешу қажет. Жыл санап облыста су ресурстары азайып келеді. Өзекті жайды ең жоғары деңгейге дейін көтердік. Соның нәтижесінде өткен жылы Қазақстан мен Ресей арасында бірнеше кездесу ұйымдастырылды. Мемлекет­аралық комиссия құрылды. Жайықтың ең төменгі бөлігінде орналасқан біздің облыс үшін өзен суының азайып кетуі – үлкен қиындық. Каналдарды да аршып суға тол­тыруымыз керек. Алдымен, облыстағы өзендер мен көлдерді суға толтырып алайық. Содан соң тоған шаруашылығына шындап кірісеміз. Залдан түскен сауал: – Студенттерге оқу ақысын төлеу жалғаса ма? Облыс әкімі: – Алдыңғы жылы әлемдік қаржы дағдарысына бай­ланысты екі мыңның үстіндегі атыраулық жастарға жәрдем жасалды. Олардың бірқатары осындағы, кейбірі өзге облыстардағы оқу орындарында оқитын еді. Ата-аналары қызметте қиындыққа ұшырап, жалақыларын уақытында алмаған соң ұл-қыздарының оқуларын жалғастыруына мүмкіндік болмады. Міне, сол кезде біз бірінші болып жастарға көмек қолын создық. Енді дағдарыстан кейінгі өрлеуді ойлау керек. Бірақ әлі де қиындық бар екендігін ескеріп, депутаттармен ақылдасып, тағы да бір мың шамасындағы жасқа оқу ақысын төлеуге жәрдем жаса­мақпыз. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.