• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Ақпан, 2011

Бексұлтанбаян

690 рет
көрсетілді

Көрнектi жазушы Бексұлтан Нұр­же­кеұлы туралы әңгiменi әрiден бастамас бұрын мақала тақырыбына бiр ауыз тү­сiнiк бере кетпекшiмiн. Мақсат – қа­лам­гердiң өмiрбаяны емес, өнердегi өмi­рi­нен сыр сабақтау. Жазушының аза­мат­тық жолы оның шығармашылық жо­лы­мен бiте қайнасқан бiрлiкте екенi бел­гiлi. Ендеше, жасы жетпiске толып, оның ел-жұртына, әдебиетке сiңiрген ең­­­бегiн еске сала кетудiң сәтi түсiп тұр емес пе?! Қырғын соғыстың қарсаңында туған бiздiң буын балалық шақтың базарлы қы­зығын бастан кешпей, жыртық иiн жетiмдiктiң жоқшылығы мен бейнетiн көп көрiп жетiлген ұрпақ. Бексұлтан да сол жаралы жылдардың өкiлi. Ес бiлiп, етек жаппай жатып атасы мен әжесiнiң қасында қалып, әке-шеше мейiрiмiн көр­­мей өстi. Әлбетте, жалғыз ұлдан қал­ған тұяқ аш та, жалаңаш та болған жоқ. Жылқышы атасы Ешмұқанбет, әже­сi Бат­пан жалғыз немересiн қата­рынан кем қылмай жетiлдiрдi. Ол кiсiлер де бiрiнен соң бiрi – iле-шала қайтыс болып кеткен соң, Бексұлтанды әкесiнiң туған апайы Тоқтар қамқорлығына алды. Орта мек­тептi бiтiрдi, ауылда қалып екi жыл қара жұмысқа жегiлдi. Сосын Қазақ уни­вер­си­тетiне оқуға түсiп, ұстаздық маман­дық алып шықты. Үйлене салып, оқуын бiтiрген бойда ауылы Ақжазыққа тарт­ты. Әуелi мектепте қазақ әдебиетiнiң мұғалiмi, артынша қоғамдық жұмыста белсендiлiгiмен көзге түсiп, аудандық ком­сомол комитетiнiң бiрiншi хатшысы, кейiн оның орталық комитетiне қызмет ауыстырып, Алматыға қоныс тептi. Сөй­тiп жүрiп, қызмет қуып кеткiсi келмей, тағдырын шығармашылық салаға арнау­ды армандап, «Жалын», «Жұлдыз» жур­налдарында бөлiм басқарды. Кейiн рес­публикалық жастар баспасы «Жалында» бас сарашы, сосын директоры болды. Қа­зiр де сол қызметте. Арасында жұ­мыс­сыз қалған, «Парасат» жорналының бас сарашысы болғаны да бар. Жазу­шы­ның қысқа қайырғандағы өмiрбаяны осындай. Ал ендi әңгiме ауанын Бексұлтанның жазушылық жолына бұрып, оның қа­лам­герлiк қабiлет-қарымының сыр-си­па­тына тоқталалық. Қаламгердiң тұң­ғыш туындысы – алғашқы нұсқасы, кө­лемi қысқартылған күйiнде, сол кездегi әдеби басылымның көшбасында тұрған «Жұлдыз» жорналында жарияланған «Кү­нәлi махаббат» повесi. Осынау тұң­ғыш туындысын оқи сала әдебиетке тағы бiр талантты жас келгенiне куә бол­дық. Жазушы әдебиеттегi қайырлы қадамына алтын арқау еткен сол тақы­рыбын күнi бүгiнге дейiн жемiстi жал­ғас­тыруда. Ол қанша жазса да таусыл­майтын қандай тақырып едi дерсiз. Бексұлтанның осы «Күнәлi махаббаттан» бастау алған: «Күтумен кешкен ғұ­мыр», «Бiр өкiнiш, бiр үмiт», «Ерлi-за­йыптылар» романдары, «Бiр ғана махаббат», «Беу, қыз дәурен», «Балалықтан бiр адым» повестерi, «Жалғыздық», «Ма­хаббат мерекесi», «Қашу». «Құпия махаббат», «Кәрiс қыз», «Қырғыз ке­лiн­шек» және басқа он сан әңгiмелерi тү­гелдей әйелдер әлемiнен, ғашықтық хи­каясынан суыртпақтап сыр тартып, тол­ғақты мәселелердi түгендеген тамаша туындылар. Әде­биет сыншылары мен оқыр­ман қа­уым­ның дуалы ау­зымен ай­тылған тө­­­релi сөз түйiнiне құлақ түр­­сек: Бек­сұлтан ма­хаббат мү­сiн­шi­сi, сезiм су­­­­реткерi, әйел жа­нының жыр­шысы, яғ­ни қа­зақ әйе­лi­нiң қуа­ныш-қай­ғы­сын, мұңы мен сы­рын, са­ғынышы мен күй­зелiсiн, үмi­тi мен өкi­нiшiн – қысқасы қилы тағдырын жар­қырата жазып жүр­ген жазушы. Менiңше де осы пiкiр жазушы шығар­машы­лы­ғы­ның түпқазық түйiнi екендiгi күмәнсiз. Иә, дарыны дара қаламгердiң қазақ әйе­лiнiң тағдырын сан қырынан алып, көр­кемдiк әлемiнiң өзiн­дiк те өзгеше өрне­гiн тауып, жалық­тырмай жырлап келе жатқанына, сурет­керлiгiне сүйсiндiрiп, қа­лың оқырман қауымының көңiл қо­шын тауып, ойын қозғап, сезiмiн селдей тасытқан то­лымды туындылары, қай жанрда жазыл­ғанына қарамастан, ұлты­мыз­дың рухани қазынасына қосылған бағалы байлық. Сөйтiп, әуел бастан та­уып, таңдаған бә­сiре тақырыбы сәтiмен жалғасып, жазу­шыны абырой-атаққа бөлеуде. Бексұлтанның қай жанрдағы шығар­ма­сының да басты тақырыбы мен бас кейiпкерi тағдырлас әйелдер. Бұл жазу­шының өмiрдегi зейiн қоя зерделей зерттеген, соны соқпағын салған өнер­дегi өз өрiсi. Қилы-қилы тағдырлар таса­сынан тамаша адамдардың бейнесi жа­дыңда жатталып, көкейiңде қатталып қалатын көркем образдар көшiн түзген шымыр да шырайлы шығармалары ар­қылы есiмi елге кеңiнен танылған та­лантты жазушыны халқының сүйiктi қа­ламгерлерi санатына қосып, дәрiптеуi сол дара дарынына берiлген лайықты ба­ға болса керек. Сондай-ақ, Бексұлтан әр кездерi роман, повесть, әңгiмелер жазуын жалғас­тыра жүрiп, өзi тақырыбын тауып, оны көркемсөзде өрнектеу барысында өзiн­дiк әдеби тәсiл, әдеби мәнер, әдеби пiшiм қалыптастырған қарымды қалам­гер. Оның шығармалары оқырмандарын әсте жалаң сөзбен жалықтырып, зерде­сiз оймен зерiктiрiп, жылы жаба сал­дыр­майтын ерекше әсерлiлiгiмен, қы­зық­ты­ғымен де тартымды. Жазушы әр туын­дының табиғи қалпына жараса кете­тiн, ыңғайына лайық сөз саптаудың сара жолын табуға да шебер. Бiрде болған оқи­ғаны баяндай жөнелсе, бiрде кейiп­керлеріне көкейiңе қонымды, жаныңа жайлы әңгiме шерттiредi, ал көбiнесе жi­бектей есiлген ой желiсiне түсiрiп, қия­лыңды самғатып, сан тарау салиқалы сөз, парасатты пайымдаулар мен тұщымды тұжырымдар арқылы айызыңды қанды­рады. Жазушының қай шығармасын да әсте сыдыртып, судыратып жедел оқып шыға алмайсың. Ол туындыларды ой­ланып, аялдап, кейiпкерлерiнiң сөзде­рi­не, автордың саралауына тоқталып, көңi­лiңе тоқи оқымасаң ұтыласың. Әң­­­гiме иә роман желiсiн қуалай оқып, оқи­ғаларына – жалпы мазмұнына ғана назар аударсақ, онда ол өз шалағайлығыңның белгiсi. Жа­зушының iшкi жан дүниеңдi тербеп-те­бi­рен­­­тер, қиыннан қиыстырған сырлы ой­ла­ры­на түйсiнiп, зердеңе тоқы­саң ғана шығарманың түпкi идеясы, жа­зылу мақ­сатын түбегейлi түсiнесiң. Күр­меуi күр­делi, санаңа сәуле түсiретiн ой­лары терең туындылар терең теңiз тү­бiнен маржан тергендей, iзденiп, көркем ойларын көкейiңе қон­дырсаң ғана жан дүниеңдi жа­сантады. Жазушы өзiнiң ойда сақталар орта­лық кейiпкерлерi: «Күтумен кешкен ғұ­мырдағы» арғы бетке өтiп кеткенi иә орта жолда переселен орыстардың оғынан мерт болғаны белгiсiз, әйтеуiр, зор­лық­пен отасқан, балалы-шағалы болса да, ал­ғашқы махаббатын – әншi Әтiкенi 39 жыл зарыға тосқан Қайныкеш тағдыры. «Кү­нәлi махаббаттағы» қырғын соғыс­тың құрбаны, арманда кеткен Нұржаннан қара қағаз келiп, күйеуiнен күдерiн үзген жас келiншек Зереннiң адасулары, «Ерлi-зайыптылардағы» ақын Мұқаның жан жа­ры Үлескүл мен кейiнгi қимасы – ғашығы Әлиманың, оған қоса ерлi-байлы болып, тату тәттi ғұмыр кешiп жатқан Зе­рiп пен Ақтанның, атақты әншi Гүлбар­шын сынды қорланған келiншектiң қай­ғылы, мұңды өмiрлерi туралы қыздары Зерiптiң өтiнiшiмен жазған құпия сыр­лары – күнделiктерiн әдеби өңдеп, роман жазған жазушы кейiпкерлерiнiң образ­­­дары жадыңда жатталып қалатын тағ­дыр­лы бейнелер санатында. Бұл бас­ты­лары ғана, ал жазушының әзiрге жетi том­ға қатталған шығармаларындағы ке­йiп­керлердiң саны сансыз, тағдырлары әр­қилы, образдары оқшау-оқшау ой түй­дiретiн тұлғалар. Әр жазушының өз әдеби әлемi болуға тиiс. Ол сонда ғана суреткер, сонда ғана дарыны дара – өз қолтаңбасы қалып­тасқан қаламгер қатарында аталмақшы. Мiне, осы қасиет Бексұлтанда бар. Ол қай шы­ғар­масында да қара­пайым адам­дар­дың болмыс-бi­тi­мi, мiнез-құлқы, өзi­­мiз ғұмыр ке­шiп жат­қан қо­ға­ми ор­­таның ты­ныс-тiр­шi­лiгi, қо­рыта айт­қанда кейiп­кер­лерiн кейiптеу ар­қылы кiмнiң кiм екен­дiгiн ашып, айы­рып көр­­сетуге ай­рық­ша мән беретiн қаламгер. Бұл рет­те оның әсте әрiп­тестерiне ұқсамайтын өз ұстанымы бар. Әр кейiпкерiнiң дүние­таны­мының бiр-бiрiнен айырмашылығын сөзi, мiнезi, жүрiс-тұрысы, iс-әрекетi, қо­ғамдық құ­былыстарға көзқарасы арқылы танып-бiлесiң. Жазушы қысқа қайырым, әң­гiмелерiнде иә арналы романдарында болсын, әйтеуiр өз кейiпкерлерiнiң өмiр жолы – тағдырларын әңгiмелей отырып, оқырманын бiрде жылатып, бiрде жұба­тып, бiрде қуантып, бiрде ренжiтiп – әйтеуiр бей-жай, әрi-сәрi күй кеш­тiр­меу­дiң де кiлтiн тапқан. Қай қазақ баласының да кiр жуып, кiндiк кескен аяулы атамекенiн алабөтен қадiрлейтiнi белгiлi. Бәрiмiз де оқу-бiлiм iздеп, одан қызмет бабымен Алматыда қалып, балалы-шағалы болып, бауыр ба­сып қалсақ та ел десе елеңдеп, сағы­нып, жыл сайын бiр соғып, аунап-қунап қайт­пасақ көңiлiмiз көншiмейтiнi рас. Ал ақын-жазушы ағайындардың бұл орай­да­ғы ынта-ықыласы мүлде бөлек. Олардың бәрiнiң де тырнақалды туындыларының арқауы ата жұртқа арналатыны аян. Қыс­қасы, шығармаларының бастау көзi де сол туған жер, өскен елге деген шексiз, шынайы перзенттiк сүйiспеншiлiктен бас­­талатыны шыққан күндей шындық дей отырып, жазушы Бексұлтан Нұр­же­кеұлының шығармашылық жолы да осы­лай басталғанына бiр нақты дәлел кел­тiрейiн. Ол «Күтумен кешкен ғұмыр» ро­манына тiкелей қатысты. Алмағайып заманда ғұмыр сүрiп, ғашықтықтың таң­ғажайып сәттерiн бастарынан кешiрген, қосыла алмай арманда кеткен қос мұң­лықтың хикаясын баяндай отырып та, тапқыр талант атағы алысқа жайылған әншi Әтiкенiң өзi оралмаса да, араға қырық жыл салып, әйгiлi «Баркөрнеу» әнi – атамекенiне арналған сағынышы ба­сылмас сазы ел-жұртымен қайта та­бысқанын жазушы әй бiр тамсана, тебi­рене суреттей отырып, оның мәтiнiн еске салады. Соны оқи отырып туған жердiң құдырет күшiн түйсiне түсесiң. Осы жерде бiр оқиға есiме түсiп отыр. Ұмытпасам, 1992 жылдың көктем күн­дерiнiң бiрi болатын. Бiр сәт үй теле­фоны қоңыраулатып қоя бергенi. Тұтқа­сын көтерсем, Бексұлтан досым. Сондай кө­ңiлдi, дауысында бiр дiрiл ме, әлде қуа­ныштың қоңыр желi ме, әйтеуiр, айтуға асыққан жаңалығы барын сезе қойдым. Жасы елуге жетiп, той өткiзу қамында жүрген кезi. Ол аптыға сөйлей жөнелдi: – Әй, достым, мен бiр ән шығардым! – Қойшы-ей! Шының ба? – Рас, нанбасаң тыңдап көр. Құлақ тостым. Жайлап басталып, бiр­те-бiрте тынысын ке­ңей­тiп, әуездi қа­зақы саздың сөздерi де әуенiмен үй­лесiм та­­уып, жандүниеңдi балқытып, балбы­ра­тып жібергендей. Ән аяқталды. Бек­сұлтан: – Қалай екен? – дедi. – Әй, қой, мынау сенiң емес, халық әнi шығар. Ғажап ән екенiне талас жоқ. – Ән менiкi. Құттықтай бер.Өлеңiн де өзiм жаздым. Содан не керек, ән шынымен Бек­сұлтандiкi болып шықты. Досымыз­дың осындай жан тебiрентерлiк ән шы­ғарғанының сырын кейiн бiлдiк. Әншi Әтiкенiң өзi болмаса да әнi арқылы елге оралуын суреттеу арқылы жазушы өзiнiң кiндiк жұртына деген махаббатын да айтуды мақсат еткен. Көркем сөзбен су­реттегенi өз алдына, оны әнге қосып Бар­көрнеудiң қадыр-қасиетiн жалпақ елге жайғысы келгенi – жазушының ақ пейiлi осылай сәттi күнi сазға айналған едi. Ән мәтiнiнiң мына бiр шумағының өзi жү­регiңдi шымырлатып, небiр сезiм иiрiм­дерiне батырмай ма?! ...Баркөрнеудi барған жұрт биiк дейдi, Бұлтқа басы тұрады тиiп дейдi. Шықпаса аты жiгiттiң батырлықпен, Туған жерiн шығарар сүйiп дейдi... Аяулы атамекенге деген махаббат кiм-кiмдi де осылайша ақын атандырып жiберетiн киелi қасиетке ие екенi өтiрiк пе?! Бiз тек сол туған жердiң тектiлiгiн жа­зушы Бексұлтанның жүрегiмен сезiн­генiндей әсерленсек қой, шiркiн. Жалпы алғанда туған жердiң қадыр-қасиетiн азаматтық асқақ сезiммен, жылы жүрек­пен жанындай жақсы көрудiң әр қазақ баласы үшiн перзенттiк парыз екендiгiн жазушының «Жайлаудағы жиырма күн», «Жау жағадан алғанда», «Өзендер өрнек­теген өлке» сияқты сүйектi туындыларын оқып түйсiнемiз де, сүйсiнемiз. Қазiргi қазақ елiнiң кешегi тарихын жаңғырта жазғаны үшiн жазушы жазықты болып, жаза тартқаны да есте. «Өзендер өрнек­теген өлке» повесi дәйектi деректерге негiзделiп, жас ұрпаққа патриоттық тәр­бие беруге бағдарланса да, кеңестiк би­лiктiң қаһарына ұшырап, Бексұлтан қыз­метiнен қуылған болатын. Отанды сүю­дiң үкiлi үлгiсi саналуға тиiс озық туын­ды осылайша орынсыз жаламен орға жығылған-ды... Жалпы, жазушының туған жер, өскен елге деген жүрек лүпiлi әр сөзiнен аң­ғарылып тұрады. Белжайлаудың тау-та­сын, өзен-сайларын, қойнау-қолат­та­рын, яғни тамылжыған табиғат көрiнiстерiн көз алдыңа елестете суреттеп, сөз сап­тауы қаламгер шеберлiгiнiң шыңы десе де болғандай. Кiсiлiктi пiкiрiмiз осындай ойға жүгiндiредi. Бексұлтан қай шығармасында болма­сын, әйтеуiр ретiн тауып адалдық, адам­гершiлiк, сүйiспеншiлiк сынды адам бо­йындағы асыл қасиеттердiң қыр-сырын ашып, толғана ой бөлiсуге аса бейiл. Оқырман оны, әсiресе, «Бiр өкiнiш, бiр үмiт», «Ерлi-зайыптылар» романдарын оқыған сәтте сезiнерi сөзсiз. Мысалы, ке­зектi бiр әдеби басқосуда жаңа шығар­масы сыналып, терең ойға батқан басты кейiпкер – жазушы Шеген сөз басын осы романның жазылуына ойтүрткi болған са­уалдан бастапты. Ол бала күнгi досы Жағдаға жамандық жасаған елдесi Ел­дос­ты үйiнiң төрiне шығарып, сыйлап отырғаным не қылық, балалық шағым Бүбiштi елжiрей жиi-жиi еске алғаным адал жарым Шәзиәға опасыздығым емес пе деп өз-өзiне оқыс сұрақ қоятыны бар. Осынау көкейiнен кетпей, жанына жай­сыз тиген сұраққа жанталаса жауап iз­деген жазушы Шеген – кейiпкер табан ас­тында бiр тоқтамға келедi: дұрысы оның жауабы өз өмiрбаянынан өрiлуге тиiс. Сөйтiп, ол жаманын да, жақсысын да жасырып-жаппай, тек ағынан жары­лып жазуға белiн бекем буады. Содан жа­зу­шы Шегеннiң көптен кө­ке­йiн­де жүр­ген бала күнгi әсерлерiнiң сақтала-сақта­ла келе нағыз асыл ойларға айнал­ғанын әлдебiр түйсiк­пен iштей түйсiнiп, өткен өмiрiңдi бүгiнгi күннiң биi­гiмен салыстыра саралау үшiн оны ара-тұра бала­лық­тың адалдығымен өл­шеп қой­ға­ным жөн-ау деп ше­шедi. Осылайша шым-шытырық ой­ларға батқан Шеген өз өмiр жолын ойша шолып, сол бiр бала­лық ша­­­ғынан бастап, бү­гiнгi азамат атан­ған күнiне де­йiнгi бастан кешкен та­лай­лы тағдырын қа­ғаз бетiне түсiрiп шы­ғады. Нә­ти­же­сiнде, жанын жеген, кө­кейiн тескен сауалдардың жа­уа­бын тап­қан сы­ңайлы. Роман аяқ­талар тұста Шә­зиә Шегенге: «Егер сен менi шын жақ­сы көрсең әлi күн­ге дейiн не себептi бая­ғы бала күнгi ғашық­та­рың Бүбiштi, Сара мен Ма­ғираны ұмыт­пай жүрсiң» дейтiнi бар. Сонда өзiн мазалаған сұ­рақ­тың жауа­бын тап­қан Шеген: «Олар­ды ұмыту деген сөз – кеше кiм болғанымды ұмыту. Ба­лалы­ғым­ды, Бүбiштi, Са­ра­ны жақсы көрген жас күнiмдi сағын­байтын адам болсам, өйтiп өткенiме өкiнбесем, сенiң қа­дiрiңдi қайдан бi­лер ем?» – деп ағынан жарылады. Ал ендi «досы­ңа қиянат жасаған адаммен неге сен де жауласпайсың» деген сауалдың жа­уабын Шеген адам­­гершiлiк қасиеттi бiлудiң өнеге-үлгiсi ретiнде ұсынады. Өмiр жолында бi­реулермен кетiсетiнiң, бiреулермен та­бысатының, танысың алысыңа, алысың жақыныңа айналатыны рас қой. Адам­дардың бiр-бiрiмен кетiсiп жататынын қалай жоққа шығарамыз?! Егер де сәл бiлiп-бiлмей жасалған кемшiлiктерге мүм­­кiндiгiнше кешiрiммен қарай алса ғана олар бiр-бiрiмен бауырласып кетерi хақ. Ал татулық атты адами абзал қа­сиеттiң тетiгi – сол кешiрiмдiлiкте. Бiз бiр-бiрiмiздi кешiре алмасақ, онда елде де бiрлiк болмасы белгiлi. Ендеше, ке­шiре бiлу – ең басты елдiк қасиетiң. Ал өзiң үшiн емес, ел үшiн кешiрiмдi болу – елiң­нiң еңбегiне қосар үлесiң. Жан сы­рын ақтарған жазушы Шеген сұрақ­та­рымның жауабын оқырман ұқты ма, жоқ па, әйтеуiр өз ойымды ортаға салдым, оны жұрттың бәрiне мойындату мiндетiм емес, әркiм өз ақы­лына салып, өзiн­ше тү­йiндегені дұ­рыс шығар деген пi­кiр­мен ро­манын аяқ­таған. Тағы бiр тә­лiм­дi туынды «Ерлi-за­йыптылар» ро­ма­­ны. Бұл өзi қы­рық қат­парлы, қы­зық­ты шығарма. Ро­манның пi­шiмi де, жазылу тәсiлi де мүлде жаңаша. Оның көркем шығарма екендiгiн бiле тұрып, жанрлық жағынан философиялық трактат десек те болар-ау деймiз. Өйт­кенi, онда адамдар өмiрiнiң, қоғами тiр­шiлiктiң тоқсан мәселелерi айтылып, со­лардың қыр-сырын ашуға көп орын бе­рiлген. Негiзгi кейiпкерлер Мұқа, Iлес­күл, Зерiп, Ақтанның күнд­е­лiк­терi тарау-тарауға бөлiнген. Құпия сыр­ларының сандығын ақтара әңгiме шерткен роман кейiпкерлерi қазақы әдет-ғұрып, салт-дәстүр жөнiндегi бiлiм-бiлiк­терiн iс жүзiнде көрсете отырып, өз өмiр­лерiн – махаббат хикаяларын баяндап берген. Шығарманы түйсiнiп те, сүйсiнiп оқи­сың. Себебi, онда шертiлген сырлар сенi де бейжай қалдырмайтын, көкейiңде жүр­ген, осы қалай екен деген сұрақ­та­рыңа жауап табатындай деңгейдегi пара­сатты пайымдаулар, тұщымды тұжы­рым­дар. Жа­зушы осы романында әйел мен ер­кектiң арасындағы адал сезiмдi адам­­гершiлiктiң асыл қасиетi тұрғы­сы­нан ба­ғалау қажеттiгiн өмiрдiң өнер­дегi кө­рiнiс­терi арқылы санаңа сiңiредi. Айтқандай, бұл романды бiр есептен ой ағымына құрылған шығарма десе де болғандай. Мұндағы кейiпкерлердiң кө­ңiл-күйлерi: қуанышы мен күйзелiсi, үмiтi мен өкiнiшi, әсiресе, Әлима есiмдi ке­лiншектiң бiр сүйiнiп, бiр күйiнiп кешкен ғұмыры – жаны жаралы, көңiлi қаралы әйелдiң қиын тағдыры да оқыр­манын терең ойға батырып, рухани та­заруға оң қадам жасататын өнеге үрдiсi. Жалпы, жазушы көп мәселенiң ор­тақ бiр түйiнiн табуға аса тапқыр. Ол мы­салы, «Күнәлi махаббатта» Зерен­нiң қай­ғы­сынан көп әйелдiң басынан өт­кiзген қайғы-мұңын көрiп, көпшi­лiк­ке соның сыр-себептерiн ашып көрсетуге асық. Бұл өзi өмiр шын­дығын өнер шын­ды­ғына айналды­рудың сара жолы ғой. Ай­талық, бүгiнде ерлi-за­йып­ты­лардың ара­ла­ры суысып, ажыра­су­лары жиiлеп кеттi. Олардың бұл жараспауы, бiр-бiрiн ұғыс­­паудан туған шығыспау. Иә, оның арты ажырасу екенi белгiлi. Бала­ларын тiрi жетiмдер қатарына қосып, көңiлдерiне өшпес қаяу түсiру. Бұл болса, жанды жауратып, өкiнiштiң өр­тiнде күйдiрiп-жандырып, күйзелiс­пен күй кештiретiн жазылмас жара, қайғы-қасiрет. Ойраны шыққан от­басы­ның осындай бақытсыз­дық­қа душар болмасын ойлап, жан-жүрегiмен жарыла сезім қылын тербеген жазу­шы Бек­сұлтанның шынайы шын­дық­ты ағынан ақтарыла жазған осындай шығарма­лары, әсiресе, жас ұр­паққа са­бақ болса екен деген тiлек қо­самыз. Жазушының осынау ойлы туын­ды­ларының өнегесi өмiрлiк екенiне рия­сыз сенесiң, оның көркемдiк қуатына қоса көсемдiк көре­гендiгiне дән риза боласың. Сол бiр жастық дәуренде жү­ректерде жалын­даған ғашықтық­тың от­тай ыстық се­зiмiн сөндiрiп алмаған, оны ғұмырбақи қастерлеп өткен ерлi-зайып­тылар нағыз бақыт­ты адамдар. Жазу­шының жү­регiнде жұптаған, жұрт­шы­лық­пен бө­лiс­кен сырларының түпкi түйiнi осы. Қазақ әдебиетiнде Қазан төңкерiсi қар­саңы мен кеңес өкiметi орнаған жыл­дар, одан кейiнгi қилы кезең – арты үркiншiлiкке ұласқан ұжымдастыру нау­­қаны мен ашаршылық нәубетiнiң қа­сыретiн, ұлтымыздың бетке ұстар қай­раткер азаматтарын қынадай қырған отыз жетiнiң зұлымдықпен әдейi жа­салған зұлматының ащы шындығын шыр­қау биiкке көтерiп жазылған көр­кем шығармалар некен-саяқ. Сол бiр халық қасыретiн ашып айтудың амалын таппай, ал тәуекел еткен бiрлi-жарым қа­ламгерлер атылып, иә итжеккенге айда­лып кеткендерi де айдан анық ақиқат. Сөйтiп, көзбен көрiп, бастан кешкен­дерiн жаза алмай арманда кеткен жазу­шы­лардың кейiнгi ұрпағы да кеңестiк идеологияның – қитұрқы саясаттың құрығына iлiндi. Бертiн келе қысылып-қымтырылып, астарлап айтудан аса ал­маған кiтаптар жарияланып жатты. Әйтсе де, әлi де болса сол зұлмат заман­дағы халқымыз шеккен шексiз қайғы-қасырет жерiне жеткiзiле жазылған жоқ. Осы орайда сол олқылықтың орнын толтырған толымды туынды жазушы Нұржекеұлының «Жау жағадан алған­да» романы. Бұл айрықша бағалануға тиiс айтулы шығарма екенiн айту парыз. Әт­тең, әдебиет сыншыларының сын­дарлы сөздерiн айта алмай жүр­гендерi өкiнiштi-ақ. Тарихи дәйектi деректерге сүйене жа­зылып, Жетiсу өңiрiнде өткен алма­ғайып заманның айғақтарын ба­рын­­­ша батыл, барынша әдiл, барынша көр­кем бейнелеген бұл романды бiр ауыз сөзбен шерлi жыл­дар шежiресi десе әсте қателес­пей­мiз. Романда ел ба­сы­на түскен ауырт­пашы­лық – азаттық жо­лын­дағы азапты қан кешулер көшелi ой, көркем сөзбен тамаша баяндалған. Бұл өзi дәуренi өткен дәуiрдiң шындығын шырайын шығара тереңнен толғап, қо­ғам­дық-әлеуметтiк өмiрдiң құпия қой­нау­ларын әрiден қо­пара көрсеткен ке­зеңдiк кемел туынды. Сондықтан да, бұл романды қазақ әдебие­тiне ғана емес, сон­дай-ақ төл та­ри­хымыз­ға қо­сыл­­ған ру­хани қа­­зы­наға ба­лай­мыз. Жа­­зу­шының шы­­ғар­ма­шылық жо­лын ай­ту ба­ры­­сын­­да оған ар­на­йы тоқ­та­луы­­мыз да осы себептен. Бексұлтанның та­ғы бiр бөлiп айтар ерекшелiгi – оның күн құр­ғат­пай қо­ғам­дық-әлеу­меттiк өмi­рi­мiз­дiң соқталы мә­­селелерiне сал­мақты ой­ла­ры­мен, пай­да­лы пi­кiрле­рiмен бөлiсiп, көсемсөздiң де кө­сегесiн көгертiп жүр­гендiгi. Қай­рат­кер-қалам­гер деңгейiне көтерiл­ген да­рынды жазушы тарих, тiл, өнер, қо­ғам­дық күр­делi мәселелер жө­нiнде ма­ңыз­ды, ба­йыпты, сарабдал ой­ларын жазудан кенде емес. Әсiресе, Тә­уелсiздiк туын жаңа көтерген жас мем­ле­ке­тi­мiздiң ын­тымақ-бiрлiгiнiң берiк­тiгiн баян­ды ету арқылы, жарқын бола­шақты жақындата түсудi көздеген кө­сем­сөздерi жұрт­шы­лық жүрегiне тура жол тауып жүргендiгi күмәнсiз. Жазушының тағы бiр елге ерекше сiңiрген еңбегiн ұмытуға бола ма?! Ол туған жер тарихын тiрiлтiп, атақты Ор­бұлақ шайқасының шындығын ашып, сол оқиғаның 350 жылдығы респуб­ли­калық деңгейде атап өтiлуiне өлшеу­сiз үлес қосқандығы. Сондай-ақ, ақтаң­гер ақын Мұқағалидың жариялан­баған өлең­­­­дерiн жинап, бiрнеше жыр кi­табын, артынша 4 және 5 томдық то­лық шығар­маларын оқырман қолына ти­гiзгендiгi. Оның бер жағында ақын­ның мерей­той­ларын биiк деңгейде өт­кiзiп, оған ес­керт­кiш орнатуға да аянбай араласқан адам Бексұлтан. Осының бә­рi жазушы­ның жанқиярлық еңбегi емес деп кiм айтар?! Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi.