• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
22 Ақпан, 2011

САЙЛАУ-2011

393 рет
көрсетілді

Жиын мақсаты – сайлауды талап деңгейінде ұйымдастыру және өткізу

Кеше Орталық сайлау комиссиясында Қазақстан Рес­пуб­ликасының кезектен тыс президенттік сайлауын әзірлеу және өткізу мәселелеріне арналған республикалық семинар-кеңес болып өтті. Оған Астана және Алматы қалалық, сондай-ақ облыстардағы сайлау комиссияларының төр­аға­лары мен хатшылары, Орталық сайлау комиссиясының өңір­лердегі өкілдері, еліміздегі саяси партиялардың, мүдделі мем­лекеттік органдардың өкілдері қатысты. Кандидаттардың тізімі Жиын барысында сайлау науқанын материалдық-техника­лық қамтамасыз етуге, сондай-ақ сайлау комиссиялары, жергілікті ат­қарушы органдар, үкіметтік емес ұйымдар, азаматтық қоғам институттары мен бұқаралық ақ­парат құралдары арасындағы өз­ара тиімді әрекеттестікке байла­нысты мәселелер талқыланды. Семинар-кеңесте Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауын ұйым­дас­ты­рып, өткізудегі сайлау комис­сияларының міндеттерімен, ОСК төрағасының орынбасары Владимир Фоос сайлауды өткізудің ережелері және құқықтық норма­лары­мен, ОСК-нің хат­шысы Б.Мел­дешов сайлауды өткізуді құжат­тар­мен қамтамасыз ету мәселе­лері­мен, ОСК мүшесі Татьяна Ох­ло­пкова қазақстандық және халық­аралық байқаушылар мен БАҚ өкілдерінің сайлауға қатысу тәртібі және өкілеттіктері жайы­мен, ОСК мүшесі Ләззат Сүлей­мен сайлау өткізуді ақпараттық жағынан қам­та­масыз ету, ал ОСК қаржылық ба­қылау бөлімінің меңгерушісі Маржан Мұхаметова сайлауды өткізуді қаржылық жа­ғы­нан қамтамасыз ету мәселе­ле­рімен таныстырды. Қуандық Тұрғанқұловтың атап өткеніндей, сайлау науқанын қар­жы­ландыру мәселесіне ерекше назар аударылып отыр. Үкі­мет резервінен сайлау науқанына жалпы көлемі 4 миллиард 706 миллион теңге бөлінген. Бұл 2005 жылғы президенттік сай­лауға қарасты­рыл­ған қаражаттан 1 миллиард 697 миллион теңгеге көп. Негізінен бұл инфляцияға, сондай-ақ сайлау комиссиялары қызметін қамта­ма­сыз етудегі шы­ғындардың артуына байланысты. 2009 жылы «Сайлау туралы» Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес аумақ­тық және учаскелік сайлау комиссияларының мемлекеттік қызметшілері болып табыл­май­тын мүшелеріне кемінде ең тө­мен­гі үш жалақы мөл­шерінде ең­бекақы белгіленген. Оның сыр­тында сайлау комис­сиялары мү­шелерінің барлы­ғының үстеме жұ­мысына, мереке және демалыс күндеріндегі жұмысына да ақы төлеу көзделіп отыр. Заңның бұл нормасы шығындарды 1 миллиард 681 миллион теңгеге арттырған. Ал президенттікке кандидат­тар­дың сайлауалды үгітіне бө­лі­нетін қаржы сомасы 2005 жыл­мен салыс­тырғанда 435 400 тең­геге ұлғайған. Егер 2005 жылы бір кандидаттың үгіт шараларына 5 миллион 856 мың 600 теңге бөлінген болса, би­ыл­ғы жылы бұл сома 6 миллион 294 мың тең­гені құрайды. Аталған сомаларды есептеулердің негізіне Байланыс және ақпарат министрлігі ұсын­ған мәліметтер алынған. Орталық сайлау комиссиясы­ның төрағасы сөз барысында пре­зиденттікке кандидаттарды ұсы­ну үдерісінің аяқталғанынан да хабардар етті. Оның мәлім етуінше, президенттікке 22 кандидат ұсы­нылған. Олардың 3-еуі саяси партиялардан, біреуі қоғамдық бірлестіктен, 18-і өзін-өзі ұсынған азаматтар. Ұсынылған кандидат­тардың 4-еуі әйелдер. Ел Конс­титуциясы мен «Сайлау туралы» Заңда белгіленген талаптарға сәй­кес деп табылған кандидат­тардың барлығына Орта­лық сайлау ко­мис­сиясы сайлау­шылардан қол жинау үшін қол қою парақ­тарын берді. Бұл кандидаттар 26 ақпаннан кешіктірмей қол қой­ылған парақ­тарды аумақтық сайлау комис­сия­ларына оның рас­тығын тексеру үшін табыс етулері тиіс. Ал қол қою парақтары расталған соң, кандидат Орталық сайлау комис­сия­­сының шотына 799 950 теңге кө­­леміндегі сайлау жарнасын тө­леуі қажет. Ұсы­ныл­ған кандидат­тарды тіркеу 2 нау­рыз­да  аяқталады. Төраға сондай-ақ, Орталық сай­лау комиссиясы тарапынан ат­қа­рылған жұмыстарға  және алдағы уақыттағы міндеттерге де тоқталып өтті. Қуандық Тұрған­құ­ловтың айтуынша, сайлау нау­қаны басталған кезден бері ОСК сайлау өткізуге қажетті құжат­тарды, нормативтік-құқықтық актілерді, негізгі шаралардың күн­тізбелік жоспарын дайындап, жер­гілікті жерлерге жіберген. Со­нымен қатар, сайлауға ақпарат­тық қолдау көрсетуге қатысты ақпараттық бейнероликтер дай­ын­далып, олар  қазіргі кезде рес­публикалық телеарналардан көр­сетіліп жатыр. Сайлау науқаны барысында барлығы 23 бейнеролик шығару жоспарланып отыр екен. Бұдан бөлек ол Мемлекет басшысының 2011 жылғы 4 ақ­пандағы Жарлығы бойынша  Үкі­метке кезектен тыс президенттік сайлауды ұйымдастырып, мате­риал­дық-техникалық және қар­жы­лық жағынан қамтамасыз етуге байланысты нақты тапсырма берілгендігінен де хабардар етті. Бұл мәселелерде жергілікті ат­қа­рушы органдардың көмегі аса қажет. Жиын барысында қозғалған өзекті мәселелердің қатарында сайлау үдерісін құқықтық және құжаттамалық қамтамасыз ету, сайлаушылар тізімдерін жасау, нақтылау және түзету бойынша жұмыстарды ұйымдастыру, отан­дық және халықаралық байқау­шы­лардың сайлау комиссия­лары­мен, жергілікті атқарушы органдармен, үкіметтік емес ұйым­дар­мен, азаматтық қоғам институт­та­рымен өзара әрекеттестігін қам­тамасыз ету екендігі атап өтілді. Сайлаушылардың нақты тізімдерін жасау маңызды мәселе­нің бірі екендігі жасырын емес. Бұл жерде жергілікті атқарушы органдардың барлығына ерекше жауапкершілік жүктеледі. Сон­дық­тан да учаскелік сайлау ко­миссиялары сайлаушылар тізімін сайлау тағайындалған күннен 15 күн бұрын, дәлірек айтқанда, 18 наурызға дейін  тапсырулары тиіс. Өйткені, бұл сайлаушы­лардың өздерінің тізімдегі мә­ліметтері­нің дұрыстығын тексерулері үшін қажет. Ал әкімдіктер сайлаушы­лар тізімін жасап, оларды тиісті сайлау комис­сияларына 13 нау­рызға дейін ұсынулары керек. Жиында отандық және ха­лық­аралық байқаушыларды тіркеу, олардың сайлау үдерістеріне қа­ты­суын, сондай-ақ қажетті ақ­па­раттармен қамтамасыз ету мәсе­лелеріне де назар ауда­рыл­ды. Со­нымен қатар, президенттікке кан­дидаттардың және олар­дың сенімді өкілдерінің сай­л­аушы­лармен кездесулері үшін ғи­мараттардан орын қарас­тыру, тағы басқа да мәселелер жө­нін­де әңгіме қоз­ғал­ды. Жиын кезінде Орталық сайлау комис­сия­сының мүшелеріне қатысу­шы­лар тарапынан да сұ­рақтар қойылды. Оның барлы­ғы­на ОСК басшы­лары тарапынан нақты жауаптар қайтарылды. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.